Шуақты шаңырақ жайлы бір үзік сыр
Ұлы Абай атамыз: «Әрбір ғұламаның басқан ізінде бір-бір медресе жатқандай» деп жазған екен. Қалай дәлме-дәл, дөп басып айтқан десеңізші.
Шынтуайтында, игі жақсылар мен жайсаңдардың әрқайсысы бүгінгі және келер ұрпақ үшін бір-бір мектеп іспеттес. Мұндай азаматтармен сапарлас не дәмдес болып, өзіңе ғұмырлық азық боларлық ғибратты әңгімелерін ұйып тыңдар болсаңыз, ғұламалардан дәріс алғандай күй кешеріңіз ақиқат. Менің бұлай пайымдауыма «Аралдың шамшырағы» атанған айтулы азамат Арапхан Сұлтановпен бірге отырып, ашық-жарқын әңгіме дүкенін ашқанда көз жеткізгенмін.
«Қосағыңмен қоса ағар» деп атам қазақ айтқандай, биыл Арапхан мен құдай қосқан қосағы Күлпаршын екеуі де 75 жасқа келді. Қос бәйтерек жайқала өсіп, өркен жайып, ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қондырып, немере-шөберелерінің қызықтарына кенеліп отырғанынан асқан бақ бар ма, сірә?!
Мен Арапханмен сонау 1990 жылдан бері сыйлас та сырлас болып келемін. Атамыз қазақтың «Кісі елінде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» деген аталы сөзі бар. Айтса айтқандай, Арекең туған топырағы Аралдан қоныс аудармай қырық жылдан астам уақыт қызмет етіп, ел алғысын арқалады. Оның ерекше бір жаратылысы өз әулеті, болмаса ағайын-туысы үшін ғана емес, жалпы жұртшылықпен етене араласып, елдің ақылшысы, арқасүйер ағасы болып жүрген азамат.
Арекеңнің әкесі Оспан күн-түн көз ілмей, көк теңіз төскейіндегі ақбас толқындармен арпалысып өмір кешкен балықшы болса, анасы Балкенже – ұл-қызын, қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай өсіріп, қияға қанат қақтырған асыл ана болған. Оспанның ер баласы болмаған көрінеді.
Қара шаңырағын шайқалтпауды мұрат тұтқан Осекең үлкен қызы Бибіләтипаның баласы Арапханды бауырына басады. Бұл – 1947 жылы Арал теңізінің ақбас толқындары ұрғылап жататын Көкарал жиегіне қоныс тепкен Ауан ауылында болған оқиға. Заманында ауылдық кеңестің хатшысы, тұтынушылар кооперациясының төрайымы қызметтерін атқарған Бибіләтипа әкесі Осекеңе баласын жөргегімен беріп тұрып: «Әке жолынан жаза баспай жүрерсің, айналайын» деп құлағына тіл қатып, көзіне жас алыпты.
Көнекөз қариялардың айтуынша, Оспан әке баласына «Арабтардың ханы болсын, болмаса қара қылды қақ жарар хандар тәрізді ақ жолдан адаспай ел-халқына емірене жүріп қалтқысыз қызмет етсін. Теңіз жағалауын «кәпірлер» жаулап келеді, ал балам мұсылмандық жолдан жаза баспасын» деген ниетпен Арапхан деп ат қойып, айдар таққан екен.
– Өмір деген осы ғой, – дейді Арекең әңгіме үстінде, – менің балалық бал дәуренім өкінішті жылдармен тұспа-тұс келіпті. Қылшылдаған 41 жасында Бибіләтипа апамның мәңгілік сапарға мезгілсіз аттанып кеткенін білмеймін. Ал, бары-жоғы үш жасымда Балкенже анамнан айырылсам, есімді енді-енді жиып келе жатқан тоғыз жасымда Оспан әкемнен айырылып қалдым. Алланың маңдайға жазғаны шығар, ерте есейдім. Шүкір, ата-ана жолынан жаза баспай жүріп келемін…
Иә, бүгінде 75 жасқа шыққан Арапхан әке аманатын арқалап, ел-халқы үшін қалтқысыз қызмет етіп, аңқылдай сөйлеп, жарқылдай күліп жүріп келеді…
Арапханның жаратылысы жайлы айтар ойымыз орнықты, сөзіміз салмақты болуы үшін оның өнегелі өмірдерегіне сәл-пәл шегініс жасалық. Арал қаласынан 300 шақырымға жуық шалғай жатқан Ауан ауылындағы №22 орта мектебінен дәріс алған ол еңбек жолын Арал балық комбинатында қара жұмысшы болудан бастады. 1966 жылы кезінде аты дүркіреп тұрған Алматыдағы Қазақ политехникалық институтының энергетика факультетіне оқуға қабылданып, 1971 жылы инженер-электрик мамандығын алып шығады.
Аталған оқу орнын бітірісімен Украинаның Карпат баурайында Отан алдындағы әскери борышын өтеп қайтады. Оның 40 жыл бойғы электр жүйесі саласындағы еңбек жолы 1972 жылы Арал аудандық электр жүйесінде қатардағы электромонтерлықтан бастау алады. Бертін келе, қосалқы станцияларда жөндеу жөніндегі инженер болған ол араға бар-жоғы бес жыл салып, «Қызылорда электр жүйесін тарату» АҚ-ға қарасты Арал аудандық электр жүйесі мекемесінің бастығы қызметіне тағайындалды. Бір таңғаларлығы, осы мекеменің бас инженері, болмаса мекеме бастығының орынбасары бола тұра олар емес, басшылық қызметке Арапханның тағайындалуына қалайша қайран қалмасқа. Оның бұлайша қызметтік өсуіне сол кездегі ұстаздары Махамбетжан Жәрімбетов, Убайдулла Әнесов пен партия, кеңес органдары басшыларының үлкен сенім артқандықтарының септігі тиген болар. Олар жас маманның іскерлігін танып, өсіруде жаза баспапты. Арапхан осы салаға қалай басшылыққа келді, солай өсу мен өрлеу жолына түсті. Бастапқыда аудан аумағындағы жоғары кернеулі электр желілерінің барлығы 113 шақырымды құраса, үш-төрт жылда желі ұзындығы 550 шақырымға жеткізілген. Аудан орталығынан шалғай жатып, қараңғылықта қамалып отырған елді мекендерге электр желілері тартылып, майшамнан құтылған ауыл тұрғындары қуаныш құшағына кенелген. Сондайда Арапханның күн-түн көз ілмей, жүздеген шақырымдарға созылған электр желілерін жағалап, бөренелерді жастық қылып жатқан кезі де болды.
Шалғайдағы ауылдарға электр желілерін жеткізуде оның атқарған жұмыстары ұшан-теңіз. Қараңыз, 1986-1991 жылдары кейбірі қарапайым майшам жағып отырған Қосаман, Атанши, Жіңішкеқұм, Бірлестік, Ақеспе, Ақбасты, Құланды, Ақшатау, Қосбелгі, Тастүбек елді мекендері орталық электр желілеріне қосылады. Сондай-ақ, «Көкарал» бөгеті мен «Ақлақ» тоспасына электр желісін тарту ерлікпен пара-пар тірлік болған. Аудан халқы Арапханның басшылығымен 1984 жылы Арал аудандық электр жүйесінің жаңа өндірістік-жөндеу базасының салынуын бүгінге дейін «жыр» ғып айтумен жүр. Кезінде табиғат апатымен бүлінген Жіңішкеқұм, Жаңақұрылыс, Ақбасты, Құланды елді мекендерінің электр желілері қалпына келтірілді. Ал, Арал қаласын электр жарығымен абаттандыруда атқарылған жұмыстар игілікке айналды. Арекең басшылықта болған жылдары облыс бойынша кәсіби жарыста аудан энергетиктері тоғыз мәрте жеңімпаз атанған.
Арапхан – тумысы бөлек тұлға, адамгершілігі мол айтулы азамат. Оның ақылы мен парасаты, қарапайымдылығы мен қайырымдылығы көпті тәнті етеді. Сөз орайы келгенде Арекеңнің осындай бітім-болмысына куә болар мына бір жайды айта кетейік.
Аудандық мәслихат депутаттарының кезекті бір сайлауында Арекеңмен кездескенім бар. Сонда оған:
– Ареке, аудан халқының сізге деген сенімі зор, демек тағы да халық қалаулысы болмақ ойың бар шығар? – дедім.
Өзіне тән жылы жымиысымен айнала отырған азаматтарға көз салып:
– Міне, жайсаң жандар – жастар отыр ғой. Ендігі кезек осылардыкі. Жасымыз келсе де біздер «мен… мен…» деп кеудемсоқтықпен жүре береміз бе? Бұл – бір. Екіншіден, бүгінде базбір депутаттар халықтың қалауымен емес, билік басындағылардың нұсқауымен сайланып кетеді. Мен мұны қаламаймын, – деген-ді.
Арапханның осы бір ұстанымы еліміздің келешегі – жастардың болашаққа деген қанатын қомдап берсе, екіншіден, «өзім-өзім» дей бермей, келешек ұрпаққа жол беру кез келгеннің қолынан келмесі ақиқат.
Ол үш мәрте халқының аманатын арқалап, аудандық мәслихат депутаты болып сайланды. Сайлаушылардың ұсыныс-пікірлері мен өтініш-талаптарын орындап, ел-халыққа қалтқысыз қызмет етті.
Атам қазақ: «Аттың жақсысын қазанат, адамның жақсысын азамат» дейді. Осындай азаматтың елге сіңірген өлшеусіз еңбегі еленбей қалған емес. Арекең 1991 жылы Бүкілодақтық кәсіподақтар сыйлығының лауреаты атанса, 2007 жылы «Қазақстан Республикасының еңбегі сіңген энергетигі» атағын иеленді. Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 10 жылдығына байланысты Елбасының «Алғыс хатымен», ҚР Энергетика министрлігінің «Құрмет грамотасымен» марапатталды. Облыс әкімдігі мен облыстық мәслихаттың «Құрмет грамотасын» алды, «Арал ауданының құрметті азаматы» атанды. Азаматтың кеудесіндегі ондаған еңбек пен мерекелік медальдар – табандылығының жемісі.
Арапханның мұндай жан әлемі жарық, жүрегі жомарт, үлкен-кішіге шашар шуағы мол азамат болып қалыптасуына оның Құдай қосқан қосағы, медицина саласының жоғары білімді маманы Күлпаршын жеңгеміздің үлесі өз алдына бір төбе.
Иә, Күлпаршын Дәріқұлованың да осы жасқа жеткенше жүрген жолы мен атқарған шаруасы менмұндалайды. Арал қаласындағы №14 орыс орта мектебінен дәріс алған ол Украинаның Винница қаласындағы медициналық институтқа оқуға қабылданады. Еңбек жолын Қызылорда облыстық ауруханасында балалар дәрігері болудан бастайды. Онан кейін Арал қалалық балалар емханасына педиатор-дәрігер болып барып, 35 жыл бойы осы салада қалтқысыз қызмет етеді. Күлекеңнің балалар денсаулығын қорғаудағы өлшеусіз еңбегі елеусіз қалған жоқ. Облыстық, республикалық деңгейдегі марапаттарды иеленді.
– Адам өзінің өмір баспалдағының белгілі бір сатысына көтерілгенде тіршілік атаулыдан бір сәт демін басып, өткеніне көз жіберіп, жүрген жолына қарайлайды емес пе?! Қазір отбасы, ошақ қасында шаңырақтың түтінін түтетіп, бақытын тілеп отырмын. Ал, Арекең болса жұмыссыз жүре алмайды. «Шаршап жүрсің ғой, қойсаңшы» десем, «жо-жоқ, қайта жұмыс ширатады, ауырып қаламын» дейді. Рас шығар. Зейнет демалысында жүрсе де күн құрғатпай әріптес інілеріне ақыл-кеңес беруден жалыққан емес.
Шуақты шаңырақ иелерінің үлкендері Байдрахман – мұнайшы, Мариям – инженер-экономист болса, Жеңіскүл – заңгер. Екі бірдей мамандықты иеленген ұлдары Аян заң саласында қызмет етсе, кенже қыздары Сая ана жолын қуған, ақ халатты абзал жан.
Олардың ұяға қонған ұлдары мен қияға қонған қыздарының бітім-болмыстарын көріп, «Әке көрген оқ жонар, ана көрген тон пішер» деген аталы сөзге иланасың.
…Әне, таласа да жарыса жүгірген қос бүлдіршіннің бірі атасының, екіншісі әжесінің мойнына асыла кетті. Үшіншісі, төртіншісі де қалысар емес.
«Бала өскенше, немере өлгенше» деген ғой, қос бәйтерек немерелерін көлеңкелеріне алып, құшырлана құшақтап, шөпілдете сүйіп жатыр, сүйіп жатыр…
Еркін ӘБІЛ,
жазушы-журналист
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<