Құрметке лайық мамандыққа саналы ғұмырын арнаған Қазақстанның құрметті құрылысшысы Жанәбіл Нұрқыш бүгінде сексеннің бесеуіне келіп отыр.
Ол Сырдария ауданының Бірқазан бекетінде туған. Қызылорда гидромелиоративті техникумының, Бүкілодақтық инженерлік-құрылыс институтының түлегі. Оқу бітірген соң жолдамамен Оңтүстік Қазақстан (қазіргі Түркістан) облысына барып, еңбек жолын Сайрам аудандық су шаруашылығы басқармасында техник-мелиоратор болып бастады. Үшжылдық әскери борышын өтеп келіп, Қызылорда құрылыс тресіне жұмысқа орналасты. Әуелі жұмысшы, кейін құрылыс шебері болды. «Қызылордасельстрой» тресінде (бертін келе «Агропромстрой») шебер, прораб, құрылыс учаскелерінің бастығы қызметтерін атқарды. Треске қарасты темір-бетон зауытына инженер болып ауысып, кейін басшылық тізгінді қолға алды.
Жанәбіл аға он жылдан астам уақытын Қазалы жерінде өткізді. «Қызылордасельстрой-16» тресінің осындағы №1604 жылжымалы-механикаландырылған колоннасына жетекшілік жасады.
– 1968-1981 жылдар аралығында аудан орталығында әртүрлі әлеуметтік нысандар салуға атсалыстық. Олардың қатарында 400 орындық «Юбилейный» кинотеатры, 120 орындық аурухана, аудандық кеңес атқару комитетінің ғимараты, аудандық баспахана, 1100 орындық мектеп, тұрғын үйлер бар. Ауылдық жерлердегі құрылыс нысандарында да қолтаңбамыз қалды. Карл Маркс (қазіргі Бекарыстан би) атындағы совхозда 640 орындық мектеп, Қазалықой совхозында наубайхана, 20 орындық монша, Жаңақұрылыс, Өркендеу елді мекендерінде тұрғын үйлер салып, халық игілігіне бердік, – дейді құрышқолды құрылысшы.
Кейіпкеріміз өз саласының шебері, білікті басшы болумен қатар, аудандық кеңес депутаты және партия комитетінің пленум мүшесі ретінде де саяси жұмыстарға араласты.
Одан кейін әр жылдары «Қызылордасельстрой» тресіне қарасты өндірістік-технологиялық жинақтау басқармасының бастығы, «Агропромстрой» бірлестігінің бас диспетчері, «Прогресс» керамзит-бетон зауыты директорының орынбасары, «Агропромстрой» тресіне қарасты «АТЖ и К» ЖШС директоры қызметтерін атқарды. Оның жетекшілігімен құрылысшылар 1996-2001 жылдар аралығында Қызылорда қаласында орналасқан Ғ.Мұратбаев атындағы орталық стадионды абаттандыруға үлес қосты.
Сыр өңірінің өсіп-өркендеуінде, жаңарып-жайнай түсуінде сала өкілдерінің табанды еңбегі, маңдай тері бар екені жасырын емес. Елдегі, аймақтағы кез келген нысанда, ғимаратта құрылысшы алақанының ізі қалады. Олар әркез «мынау – мен салған мектеп», «мынау – мен тұрғызған үй» деп мақтанышпен айта жүреді.
Құрметті мамандық тұғырынан көрінген Жанәбіл аға 1994 жылы зейнеткерлікке шықты. Алайда, әбден еңбекке араласып үйренген ол қол қусырып үйде отыра алмады. «Мұнайқұрылыс» серіктестігі директорының орынбасары болды. «Ай-Дан инвест» ЖШС-на қарасты темір-бетон зауытын басқарды.
Кейіпкеріміздің ел дамуы жолында атқарған еселі жұмысы елеусіз қалған емес. Облыс әкімінің алғыс хатының, облыстың Құрмет грамотасының, бірнеше медальдің иегері. Соның ішінде 2010 жылы омырауына таққан «Қазақстанның құрметті құрылысшысы» атағы ыстық көрінеді. Өйткені бұл көпжылғы еңбегінің өтеуіндей.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<