Жеңіс бізге оңайлықпен келмегені белгілі. Осы Жеңісті, осы ұлы қуанышты жақындатуға миллиондаған қандыкөйлек қаруластарымен бірге жерлесіміз Зейнетулла Орналиев қомақты үлес қосты. Оны кеше редакцияға келген ардагердің ұлы Әмірхан аға айтып берді. Әйгілі Хасан көлі маңындағы шайқасты бастан өткерген соғыс ардагері туған елге 1946 жылы оралып, бейбіт өмірде де қоғамдық тәртіпті сақтау саласында ұзақ жыл жемісті еңбек етіпті.
Зейнетулла Орналиев қазақ тарихындағы қасіретті жыл 1916-да туып, он бес жасында, яғни 1931 жылы Ташкент қаласына оқуға кетеді. Елге келгеннен кейін Қазалы қаласында ағарту саласында мұғалім болып жұмыс істей бастайды. 1937 жылы аудандық әскери коммисариат арқылы Қызыл Армия қатарына шақырылып, Қиыр Шығыстағы Хасан көлінде болған шайқасқа қатысады. Хасан көліндегі екі апталық соғыста Қызыл Армия мен империялық Жапония арасында қиянкескі шайқас болды. Кеңес Одағы жапондықтарға күйрете соққы берді. Ол 1939 жылдың соңына дейін осы жерде әскери қызметте болған.
Жалпылама шолу жасасақ, 1938 жылы 3 шілдеде Жапон басшылығы кеңес шекарасының Посьетск телімінің маңына 3 жаяу әскер дивизия, механикаландырылған бригада, атты әскер полкі, 3 пулемет батальон және 70 ұшақ топтастырды. 29 шілдеде жапонның 2 ротасы шекарашылар бекінген Безымянный төбешігіне шабуыл жасайды. Күші басым жапондықтар 31 шілдеде тактикалық маңызы бар Безымянный мен Заозерная төбешіктерін басып алды. Қиыр Шығыс округінің қолбасшысы, маршал В.Блюхер КСРО аумағына баса көктеп кірген жапондықтарға қарсы соққы беру үшін 2 дивизия, 1 механикаландырылған дивизия бөлді. 9 тамызда Кеңес аумағы жапон басқыншыларынан толық тазартылды.
Жауынгер З.Орналиевтің әскери қызметі 1940 жылдың басынан бастап Ташкент қаласындағы еңбекпен түзету лагерінде жалғасты. Осы жерде 1941 жылдың қазан айына дейін жұмыс атқарды. Мінсіз қызмет атқарған комсомол мүшесі коммунистік партия қатарына өтеді. Ел шетіне жау тигенде ол Өзбекстанда әскери қызметте болатын.
Ұлы Отан соғысына Ташкент облысы, Шыршық қаласынан шақырылып, Сталинград майданына жіберіледі. 1942 жылдың 30 қарашасы күні Сталинград маңындағы ол Цибенко деревнясында болған сұрапыл шайқаста қолындағы 45 мм артиллериялық қондырғысымен жаудың 1 пулемет және 1 минометін жойып, кеңес жаяу әскерінің шабуылына жол ашады. Әскери басшылық ертесіне ержүрек жауынгердің кеудесіне алғашқы «Ерлігі үшін» медалін тақты. Кейін «Сталинградты қорғағаны үшін» медалімен марапатталды.
1944 жылдың көктемінде Украинаның Васильевский ауданына қарасты Латовнаның маңындағы шайқаста зеңбірегімен жаудың 1 минометін және 30-ға жуық солдаты мен офицерін жойғаны үшін «Ерлігі үшін» медалімен екінші мәрте марапатталған. Сол жылы Ковалевка селосынан шыққан жауды қадағалап отырып, зеңбіректен оқ жаудырып әскери жүк тиелген машиналарды және 30-дан астам солдат пен офицерді жойғаны үшін тағы да «Ерлігі үшін» медаліне ұсынылады.
Жеңіске жақын қалғанда Венгрия жеріндегі Секешфехервар қаласының Имре ауданының солтүстік және солтүстік-батыс беткейінің қорғаныс шебін бұзуда көрсеткен ерлік іс-қимылы оның қайтпас қайсар солдат екенін көрсетті. Бұл жолы қазақ жауынгері дұшпанның 2 пулемет нүктесін, 1 бақылау пунктін және 20 солдат пен офицерінің көзін жойған. Сол жылдың 11 қаңтарында Замель ауданында жаудың жаяу әскері мен танкілерінің шабуылына тойтарыс беру кезінде өміріне төнген қауіпке қарамастан зеңбіректен оқ жаудырып, фашистердің 1 танк пен пулеметімен қоса 25 солдат-офицерін жер жастандырады.
Аға сержант З.Орналиев көрсеткен ерлігі және соғыс кезінде қарамағындағы жауынгерлерге басшылық жасағаны үшін 1945 жылы мемлекеттік награда – «Қызыл жұлдыз» орденімен марапатталды. Жалпы, «Қызыл Жұлдыз» ордені соғыс кезінде командирдің тапсырған нақты бұйрығын толық орындағаны үшін беріледі. Сол жылы желтоқсан айында ол «Будапешт қаласын алғаны үшін» медалін омырауына тағыпты.
Туған елге аман-есен оралған жеңіс жауынгері 1946-1947 жылдары Қазалы ауданының Микоян колхозында насихатшы (агитатор) болып жұмыс істеді. Бейбіт өмірде қоғамдық тәртіп сақтау саласында көп жыл еңбек етіп, 1947-1970 жылдары Жосалы темір жол бекетінде милиционер қызметін атқарды. Ұзақ жылғы жемісті еңбегі үшін бірнеше рет мемлекет тарапынан алғысқа ие болды.
Соғыс ардагері З.Орналиев зейнетке 1970 жылы шықса да, қол қусырып отырмай, ауданның қоғамдық жұмыстарына белсене араласады. Зайыбы Айбарша Есетқызы екеуі жеткізген жеті баласынан тараған ұрпақтары өсіп-өніп, бүгінде түрлі салада еңбек етіп жүр.
Д.АЙБОЛАТҰЛЫ





