Қызылордада Сейілбек Шаухамановтың ескерткіш мүсіні ашылды

1739

0

Білім күні Қызылордадағы білім-инновация лицей-интернатында мемлекет және қоғам қайраткері Сейілбек Шаухамановтың ескерткіш мүсіні ашылды. Салтанатты рәсімге облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова және марқұмның жары Жұпаркүл Сматова қатысты.

«Жақсыдан сөз, жасампаздан із қалады» дейді халық даналығы. Қазақ ежелден «Еліңде кімің бар, жақсың кім еді?» деп жөн сұрасқанда ауызға алдымен халыққа етене жақын, артына сөз ермеген абыройлы азаматтар оралушы еді. Сейілбек Шаухаманов – соңында өлмес мұра, өшпес із қалдырған осындай тарлан тұлғалардың бірі де бірегейі. Еңбек жолын қатардағы инженерліктен бастаған ол облыс әкімі қызметіне дейін көтерілді. Ең қиын кезеңде билікті тізгіндеген басшы біліктілігінің арқасында түйткілді мәселелерді шеше білді. Жұмыссыздықпен күресуді қолға алып, ауыл шаруашылығы саласын дамытуға сүбелі үлес қосты.

Жиында алдымен Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаевтың үкіметтік жеделхаты оқылды. «Қасиетті Сыр өңірінде өмірге келіп, еліміздің жарқын болашағы жолында қажырлы қызмет еткен тарихи тұлға Сейілбек Шаухамановтың тұғыртасының орнатылуы өскелең ұрпақ үшін үлгі-өнеге. Мемлекет және қоғам қайраткері тәуелсіздіктің елең-алаң жылдарында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал саясатын іске асыру жолында ерекше еңбек сіңірді. Өңірдің әлеуметтік-экономикалық, рухани дамуына күш-жігерін салды. Ғибратты ғұмыр үлгісін көрсеткен тарихи тұлғаның тұғыртасы құтты болсын!», – делінген онда.

Аймақ басшысы айтулы азаматтың өңірді өндірісті-аграрлы аймаққа айналдырудағы үлесін атап өтті.

– Сейілбек ағамыз басшылық жасаған уақытта елді дауға қалдырмай, нарықтың дауылы мен жауынына барынша ұрындырмай алып шықты. Таудың ойлы-қырлы жолымен шопандарды аралап, Сырдың құм басқан соқпағында малшылардың жағдайын жасап, күздеуге көшсе, сонда барып, көктеуде отырса, басында жүрді. Қой төлдесе, бірге болып, қырықтығында тірлікті қадағалап, тыным таппады. Кейін мұнай өндіріліп, түбегейлі жаңа өндіріс игеріле бастады. Сейілбек Шаухаманұлы қай дүниеге де ақыл-парасаттылығы тұрғысынан қарап, әрбір істе ұлттың ұпайын түгендеді, – деді облыс әкімі.

Ол салт-дәстүр, дін мен діл, тіл, басқа да асыл құндылықтарымыздың сақталуына, жас ұрпақтың тәлім-тәрбие алуына мән берді. Елді үнемі бірлік пен ынтымақта өмір сүруге үндеді. Сейілбек Шаухамановтың «Алтын алма, ақыл ал», «Бақытыңды бағалай біл», «Ер қанаты», «Иесі кім бұл елдің, киесі кім бұл жердің?», «Парыз бен парасат» атты кітаптарынан данышпандық пен көрегендік белгілерін көреміз.

Еселі еңбектің арқасында ол халықтың құрмет-қошеметіне бөленді. Өмірінің соңына дейін қоғамдық өмірге белсене араласып, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы қызметін атқарды. Сыр елінің абызы мемлекеттік орден-медальдар, Хорезм (Өзбекстан) қаласының, Қызылорда, Алматы облыстарының, бірқатар ауданның «Құрметті азаматы», Жаңақорған ауданының «Ғасыр адамы» атағын иеленді.

Қалың қазақ барда абзал азаматтың есімі ұмытылмайды. Қайта уақыт өткен сайын тұлғалық қасиеті тұғырлана, болмыс-бітімі биіктей түседі. Ағаның жұбайлық өмірдегі айнымас адал серігі, аяулы жары Жұпаркүл Сматова тұлға ескерткішінің тұғырға қонуы жастар үшін үлгі екенін айта келе, Сыр жұртшылығына алғыс білдірді.

Сондай-ақ осы күні білім ошағында қайраткердің өнегелі өмір жолынан сыр шертетін тарихи-қоғамдық музей ашылды. Қонақтар төрт бөліктен тұратын музей экспозициясындағы жәдігерлерді тамашалады.

Назерке САНИЯЗОВА,

«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<