ҮРЕЙДІ ЖЕҢГЕН ҮМІТ

423

0

Адамзат тарихындағы ең зілді де зұлматты соғыстың артта қалғанына биыл 73 жыл толып отыр. Жеңіс күні – қайыспас қайсарлықтың, табандылық пен батылдықтың, өз Отанына деген шексіз сүйіспеншіліктің үлгісіне айналған абырой мен даңқтың мерекесі. Сондықтан майдангер қарттардың ерен ерлігі тарих бетінде алтын әріппен айшықталып қалды.
Ел басына күн туған сын сағатта Отан қорғауға аттанған өрімдей жастың бірі Сейітхан Шілдебаев еді. Ол 1925 жылы Шиелі ауданы, Сұлутөбе ауылында, қара­пайым отбасында дүниеге келді.1943 жылы екінші дүниежүзілік соғысқа аттанғанда он сегіз жаста болатын. Жас та болса жанары отты, жүрегі жалынды жігіт туған елін жаудан азат етуге белін бекем буынды. Майдан даласында сан мәрте ажалмен бетпе-бет келсе де, олардың бойында үрейден гөрі үміт басым еді. Жеңіске деген жігер әрдайым алға жетеледі. Белорус майданында болған қиян-кескі ұрыстан аман өтіп, одан кейін Витебск, Смоленск, Бобруйск қалаларын азат етуге атсалысты. Осы шайқастарда басынан және аяқтан жараланды. Тула қаласында 2 ай госпитальда емделіп, соғысқа қайта кетті.
1945 жыл. Сұрапыл соғыс Ұлы Жеңіспен аяқталды. Жауынгерлердің жүрегін қуаныш билеп, туған жерге деген сағыныш сыздатқандай. Отбасы, ата-анасымен хат-хабар алысқан соң көңілдері біршама жайланғандай болды.
Соғыстан кейін де бір жарым жыл әскерде болды. Елге келіп, еңбекке араласады. Соғыс салдарынан азып-тозған ауылды қалпына келтіруге өз үлесін қосты. Сол 1947 жылы «Гидромет» мекемесіне  жұмысқа орналасқан ол осы салада қырық жылға таяу абыройлы еңбек етіп, 1985 жылы зейнетке шықты. Ұзақ жыл ауа райын зерттейтін аға бақылаушы  қызметін атқарып, біраз жетістіктерге жетті.
Ол – «Қызыл Жұлдыз», Отан соғы­сының І, ІІІ дәрежелі ордендерімен, «Германияны жеңгені үшін» және «Украинаны азат еткені үшін» медаль­дары мен Сталиннің арнайы «Алғыс хатына» ие болған ардагер. Әр жыл сайын айтулы Жеңіс мерекесіне орай мерекелік медальдармен марапатталды. Ел тәуелсіздік алғаннан кейін мемлекет тарапынан соғыс ардагеріне құрмет көрсетіліп, жаңа баспана берілді. Бүгінде Сейітхан ата сол құтты қонысында тұрып жатыр.
Кейіпкеріміз 1950 жылы отбасын құрды. Жұбайы – Дәмеш екеуі 5 ұл, 2 қыз тәрбиелеп өсірді. Алайда, 1972 жылы ақсақалдың жұбайы дүниеден өтті. «Орнында бар оңалар» деген, бүгінде ақсақал ұрпақтарының ұлағатына бөленіп, немере-шөберенің шаттығына кенеліп отыр. Балаларын құтты орнына қондырған ардагер бейбіт күн мен берекелі тұрмысына тәубе дейді.
– Мемлекеттің жасап жатқан қамқор­лығына рахмет. Ең бастысы – елдің тыныштығы. Осындай аспанымыз ашық, тәуелсіздігі тұғырлы елімді көрген менде арман жоқ,-дейді қарт майдангер.
Кешегі майдангерлер – бүгінгі арда­герлер. Осынау асқақ рухты асыл жандардың адами болмысы арада қанша жылдар өтсе де, сол тұғырдан табылады. Олардың өшпес ерлігі елге мұра, ұрпаққа ұран. Сондықтан «Ұлы Жеңіс» ұғымының әркез бағасы биік. Еңселі ер азаматтардың барлығы майданға аттанғанда, елдегі шаруаға еге болып, азаматтардың амандығы үшін аянбай тер төккен аналардың еңбегі де ерлікке пара-пар. Бірінің асыл жары, бірінің аяулы перзенті Отан қорғауға аттанғанда, олардың ошағының отын өшірмей, ұрпағын өсіріп, үмітін жалғады. Тылдағы толассыз тірліктің тізгінін ұстады. Міне, Ұлы Жеңіске жету жолында ел-жұрт осындай табандылық пен батылдықтың  үлгісін танытты.
Бүгінде тоқсан үш жастағы Сейітхан атайдың көкірегінде бәрі сайрап тұр. Кейде ойға шомған сәтінде осының барлығы көз алдынан көлбеп өтеді. Алайда сол бір қиын-қыстау күндердің ауыр естелігін жас құрақтай желкілдеп өсіп келе жатқан немере-шөбересінің бақытты күлкісі сейілтіп жібереді. Кешегі қару асынып, қан майданға аттанған жауынгердің арманы да осы емес пе еді?! Тәубе!
Ғазиза ӘБІЛДА,
«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<