Сәдуақас Баймаханов кім болған?

2277

0

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың өкімімен 2020 жылы «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау» мәселелері бойынша мемлекеттік комиссия құрылып, жұмыстар жүргізіліп жатыр. Комиссия солақай саясаттан озбырлық берген қазақстандықтарға қатысты тарихи әділдікті қалпына келтіруі тиіс. Толық ақталмай, саяси баға берілмеген тұлғалардың бірі, қоғам және мемлекет қайраткері – Сәдуақас Баймаханов.

Сәдуақас Баймаханов жайлы бірді-екілі шағын мақалалар жазыл­ғанымен, толық зерттеу болған емес. Сәдуақас Баймаханов туралы қайта жазуыма Тараздағы журналист-жазушы, бүгінде облыстық архив­тың  директоры Көсемәлі Сәттібай­ұлының хаты себепкер болды.

Көсемәлінің зерттеуінде Сә­дуақас Баймахановтың «Халық жауы» аталуы, тергеу материалдары, тергеушіге берген Сәдуақас Бай­махановтың жауабы қатталған екен. Сондай-ақ, оны кімдер ұстады, отбасының сол тұстағы жағдайы, тағы басқа деректерді қамтып жазған. Оның ішінде біз білмейтін жағдайаттар газет мақаласында орын алған. Біраз жылдардан бері, Сәдуақас Баймахановты зер­деле­генмен, менің қолыма қыл­мыстық іс-қағазы түсе қойған жоқ еді. Мына мақала менің ол жайлы кеңінен жазуыма жол сілтеді. Кө­семәлі ініме көптен-көп рақмет.

«Халық жауы» атанып, жа­зық­сыздан-жазықсыз атылып кеткен, Темірбек (Темірше) Қараұлы Жүр­генов пен алғашқы философ­тардың бірі Ілияс Жүсіпұлы Қабыловтарды зерттеп, кітап шығардым. Сондықтан бұл тақырып маған жақсы таныс.

С.Баймаханов жайлы 2008 жылы шыққан «Жалағаш жері – жыр кені» атты кітаптың мұқабасына жеті адамның бірі ретінде Сәдуақастың суреті және ол туралы мақаламды енгізген болатынмын, кейіннен баспасөзде жарияладым. Алайда, мақалаға үн қосып, бұл біздің әкеміз, атамыз деген жан болмады. Менің С.Баймаханов хақында зерт­теуімді жалғастыруымның се­бебі оның өмірбаянында туған же­рім Аламесек болысының №5 ауылы, 1903 жылы туғанмын деуі еді. Аламесек жері мен туған ауылға жақын. Кезінде үлкен базар болған. 20 балалық интернаты бар мектеп болған жер. 1925-1930 жылдары Аламесек атты аудан болған. Оған қазіргі Жалағаш, бұ­рынғы Тереңөзек аудандарының бі­раз ауылдары қараған болатын.

Сонымен, шежірелерімді қайта қарап отырсам 1990-1991 жылдары ұстазым Қытайы Бегімованың ма­ған берген шежіресі арасынан Баймахан, Сәдуақас есімдері шыға келді. Содан шұқшия қарап, Ала­месек, Қаракөл-Қуаңдария, Қостам болыстарында тұрған рулар­ды анық­тап, солардың бүгінгі ұрпақ­тарын саралап қарағанымда, өз басым жетік білетін Жәрімбет руының шежіресінен таптым. Сөйтсем, араласып жүрген, Қытайы Бегімова, Мұздан Шотықов олардың бүгінгі ұрпақтары Ғалия Бетайқызы, Жа­ғыпар Нұржановтардан қайта сұра­ғанымда, олар Сәдуақас Баймаханов біздің атамыз дегені. Бұл кісілер 2008 жылдан бері менің зерттеу мақалаларымды оқымаған болып шықты. Олардың көмегімен Омар Самаевтың немере-шөберелерін та­уып, сөйлесіп, аздаған деректер алдым.

Қоғам және мемлекет қайраткері Сәдуақас Баймаханов тергеуші руын сұрағанда «Жүргеновпен бір руданбыз – Шөмекейміз» деп жауап берген екен. Сәдуақас Баймаханов өз жауабында Т.Жүргеновпен жа­қын туыс екенін жасырған. Оқыр­мандарға түсінікті болуы үшін, Т.Жүргеновтің, Сәдуақас Бай­ма­ха­новтың ататек шежіресін қатар беруді жөн көрдім. Жәрімбет бидің Әлен атты баласынан: Қуаң, Байсал, тағы бірнеше бала тарайды, Қуаңнан Жүрген, Тұрған. Жүргеннен – Қара (Сырлыбай), одан Темірбек Жүргенов. Байсалдан – Дастанбай – одан Баймахан – одан Сәдуақас, одан Алмас тарайды. Қарап отырсақ, Т.Жүргенов пен С.Баймахановтың туыстық арасы 4-5 ата.

Сәдуақас Баймахановтың тергеу­шінің сұрағына: «Қызылқұм мен Қарақұмдағы шаруалар көтерілісіне туыстарым қатысқан емес, бауырым қой бағып, әкем ағаш тасып, балық аулаумен күн көрген» деп жазады. Тікелей өзінің туғандары қатыспағанымен, Т.Жүргеновтің 2 туған ағасы «Қарақұм көтерілісіне», алыстау ағайындары Қызылқұмдағы (Қарақтағы Т.Д.)Ақмырза ишан көтерілісіне белсене қатысқан мер­гендер. Көзі қарақты азамат бола тұра, бұл жайында Сәдуақас Бай­махановтың білмеуі мүмкін емес. Өзін олардан алыстатып жауап бер­гені аңғарылады.

1928-1930 жылдары тұтқынға алынып, жер аударылған адамдардың ісінде оларды «Аламесек» болы­сының №3, 5 ауылдарында тұрды деп жазады. Бұрынғы Перов­ский уезінің құрамында болған «Қаракөл-Қуаңдария», Қостам болыс­тары­ның тұрғындары 1920-1924 жыл­дарда Аламесек болыстығына бі­­рік­­тірілген. Жоғарыдағы 2 бо­лыс­­тың адамдарының бүгінгі ұр­пақтары Аққыр, Жаңаталап, Т.Жүр­генов (Мақпалкөл), Мәдениет ауыл­дарында тұрады. 1903 жылы ашылған Аламесектегі мектеп учи­лищесінде әр жылдарда Т.Жүр­генов пен Сәдуақас Баймахановтар оқыған. Оларға белгілі ұстаз Досмұхамбет Букин, «учитель Омар» атанған Самаевтар сабақ берген.

С.Баймаханов өзінің өмірбаянын­да Аламесек болысының №5 ауылында туғанмын деп жазған. Алайда, анық әкесі мен ағалары Қостам болысында туғаны, №16 ауылында Баймахан мен үлкен ағасы Сыдықтың колхозшы болғаны айтылады. Дұрысы осы болар. Мен де осы №16 ауылға қарасты Жаңаталап колхозында 1943 жылы туғанмын. Осы аймақтың кәрі-жасын, көзі қарақты адамдарын жақсы білемін.

1920 жылдың 20-24 наурыз айында РКП (б) Өлкелік комитетінің шешімімен Перовскі уезінде Ре­волюциялық Комитеттің, болыстық комитеттерінің төрағалары, мүше­лері тағайындалған. Уезге 24 бо­лыстық қараған. 1924 жылғы архив дерегінде Қаракөл-Қуаңдария бо­лы­сында – 845, Қостам болысында 2004 адам тіркелген екен. Осы 2 болысқа қараған тұрғындардың басым көпшілігі Шөмекей руының, Сарыбай, Сарғасқа руларының адам­дары болды.

С.Баймахановтың жауапта айтқа­нындай, Дастанбай ұрпақтары сі­ңірі шыққан кедей емес, орташа тұрмысы болған кісілер. Өте кедей адамдардың балалары қалайша Ала­­месек, Ақмешіт, тіпті Ташкент асып, халық ағарту училищесінде оқиды? С.Баймахановтың тергеушілерге бер­ген жауабының біразында шын­дықтан алшақтау жауап бергенін байқаймыз. Өйткені, Сәдуақастың атасы Самаев Иман Қаракөл-Қуаңдария болысындағы №7 ауыл ауылнайы (1897-1901), оның інісі «учитель Омар» атанған Самаев.

1897-1902 жылдарда Қаракөл-Қуаң­дария болысын Мырзабек Сәт­баев, 1902 жылдарда Құланбай Қалданов, Телжан Аймұратов, Ержан Сәтбаев, Боранбай Алшанов, т.б. басқарған. Ал Қостам болысын Үмбет, Сәмбет Тілегеновтер бас­қарса, 1920-1924 жылдарда Қаракөл-Қуаңдария болысын – Самрат Қалданов, Қостам болысын Жүсіп Үргенішбаев, кейіннен Жолшара Талдыбаев, Төремұрат Қанасыловтар кеңестік болыстар. Ал, мен осы екі болыстыққа орынбасар, хатшы болған Мырзатай Досымов, Ес Жал­дығараевтарды көрген едім.

Сәдуақас Баймаханов 1914 жы­лы Аламесекте, кейіннен Ақме­шітте (уездік басқарма Т.Д.) кө­шіруші қызметін атқарады. 1919-1920 жылдары Ташкенттегі қазақ ағарту училищесінде (Казинпрос) оқып, білім алады. 1919 жылдың 1 шілдесінде Қазақ балаларын оқы­татын училищенің бөлімшесі, қазан айында училище қазақ ағарту институт (Казинпрос) болып, қайта аталады. Мұнда қазақ зиялылары – Иса Тоқтыбаев, Қоңырқожа Қожықов тағы басқалар сабақ берген. Екінші негізгі класты ол Ташкент қаласында 17 жасында оқыған. Осында оқып жүріп Ташкентте шығатын қазақ басылымдарына әртүрлі тақырыпта мақалалар жазады. Әсіресе, жастар жайлы, уездердегі оқу-ағарту жұ­мыстары, ондағы тәрбие туралы «Ақжол», «Жас қайрат» газеттерінде бірнеше мақалалары жарияланған. 1924 жылы Рахат Төлешұлымен бірге С.Баймаханов Ақмешіттегі оқу жайын жаза келіп, оқуға тартылуға тиісті 63 баланың мектепте оқымай жүргенін сынаған.

С.Баймаханов 1921-1924 жыл­дары Қырғыз (қазақ) бю­росы­ның мүшелігіне сайланып, әрі бөлімді басқарған. «Жас қайрат» газетінің (кейін журнал болған Т.Д.) редакторы болып, көптеген жастардың көзін ашып оқу-ағартуға айрықша мән береді. Ташкент орталық жастар одағында, халық-ағарту комиссариатында бөлім мең­герушісі, 1924-1926 жылдары Сырдария ауылшаруашылық техни­кумының (Ташкент қаласындағы) директоры, 1926-1927 жылдар ара­лығында Қызылорда уездік-қа­ла­лық партия комитетінде үгіт-насихат, ұйымдастыру бөлімдерінде меңгерушілік қызметін атқарған, білікті ұйымдастырушы да болды.

Оны 1927 жылдың маусым айында Таштөбе уездік комитетінде (Сарыағашта), 1928 жылы Адзат округтік партия комитетінің насихат-үгіт (форт Александровскийде), 1928 жылдың желтоқсан айында Петропавловскіде губерниялық ко­митетте бөлім меңгерушісінің орынбасары, «Кеңес ауылы» га­зетінің редакторы, 1932-1933 жыл­дары Орта Азия мақта ғылыми-зерттеу институтында сектор мең­герушісі, 1933-1937 жылдар ара­лығында Қазақстан халық-ағарту комиссарының орынбасары, 1937 жылы мамыр мен қараша айында Мирзоян қаласындағы (Тараз қа­ласы) Мирзоян аудандық партия комитетінің хатшысы болып, өсіп, кемелденіп, толысқан шағында «Халық жауы» деп айып тағылып, сол 1937 жылдың 9 қазаны күні тұтқынға алынады. Ал 1938 жылдың 27 ақпанында атылған. 1958 жылдың қазан айында ақталып, партиялық стажы қалпына келтірілген.

С.Баймаханов – өзінің 35 жыл­дық өмірінде қазақ жастарының оқып, білім алуына айтарлықтай үлес қос­қан қайраткер. Оның 1924 жылғы «Ақжол» газетінің № 2, 3, 4 сандарында «Жастар қосымша білім тілейді, оны кім ескеру керек?» деген мақаласында оқу-ағарту жұмысындағы кемшіліктерді атай отырып, одан шығар жолды көрсетеді. Ол 1920 жылдан бастап Ташкентте шығып тұрған газет, журналдарға мақалалар жазып отыр­ған. Ал 1933-1937 жылдар ара­лығында «Социалды Қазақстан», «Қызыл Қазақстан», «Лениншіл жас», тағы басқа да басылымдарда ма­қалалары жарияланған.

Ал енді С.Баймахановтың туыс­тарына келсек, әкесі Баймахан 1927 жылы қайтыс болған. Ол Тоқсанбай ахун қорымына жерленген болу керек. Ағасы Сыдық 1900 жылы туған, 1939 жылы майданға алы­нып, 1942 жылы хабарсыз кет­кен. Інісі Өмірзақ 1912 жылы ту­ған. Жаңаталапта колхозшы, ке­йіннен Алматы қаласында көлік жүр­гізуші болып жұмыс істеген. 1942 жылы Қармақшы аудандық әскери комиссариатынан майданға алынады. Бұл да 1943 жылдан ха­барсыз кеткен.

Сәдуақас Баймаханов ұсталып, қамалғанда отбасында 5 адам болған. Архивтегі жазбада 5 адамның бірі – әйелі (мұғалім), ұлы мектеп оқушысы, інісі шопыр, немере інісі (РабФак, КазГу-де студент), немере қарындасы оқушы екені жазылған. Сол ұйысқан отбасының бар-жоғы бүгінде белгісіздеу. Дегенмен, інісі мен ағасының 1941-1945 жылдардағы соғыста хабарсыз кеткенін, РабФакта оқыған немере інісінің Омардың баласы Әшірбек (Әшімбек), болмаса Құлмахан баласы Маханбетжан болар деп топшылаймын. Махан­бетжан ұрпақтары Ташкент төңі­регінде тұрса, Омар ұрпақтары Та­раз, Қызылорда қалаларында тұрып жатыр.

Сәдуақас Баймахановтың 1928 жылы туған баласы Алмас 1979-1980 жылдарда Алматыда қайтыс болса керек. Артында бір қызы қалған деседі.

Ендігі міндет қоғам және мем­лекет қайраткері болған, жазықсыз жазаланған Сәдуақас Баймахановтың өмір жолын халқына жеткізіп қана қоймай, оның есімін ұлықтау, ол туралы түрлі игілікті, ізгілікті шараларды туған жері мен қызмет атқарған қалаларында аталып өткі­зілсе нұр үстіне нұр болмақ. Ол – құрметтеуге лайық тұлға.

Тынышбек ДАЙРАБАЙ,

зерттеуші, жазушы,

«Құрмет» орденінің иегері

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<