Сәрке батыр

1997

0

XVII-XVIII ғасырлардағы ­ұлт-азаттық қозғалысында қолбасшы болған Өмірқұлұлы Сәрке батыр – күллі қазақ халқына ортақ тұлға. «Ақтабан шұбырынды» атанған қазақ халқына келген нґубетті басынан өткеріп, әдепкі күннен бастап жаумен айқасқа түскен баһадүр бабамыз өмірінің соңына дейін қаруын қолынан тастамаған.


Батырдың әкесі Өмірқұл байдың малы Шыршыққа келіп құлағанда өзеннің суы бір сәтке тартылып қалады екен. Заманында, әз Тәуке хан ордасы «Күлтөбе» деген жерге тұрақтаған-ды. Қисапсыз көп жылқысынан Әз Тәуке ханның әскеріне ат даярланатын.
Ол кісінің Құлшық, Қареке, Қараман және Сәмеке деген балалары болған. Алайда елді қорғайтын бала сұрап, құдайға құлшылық етіп, Арыстан баб әулиеге барған. Онан кейін Мүсірәлі сопы Әзиз әулиеге: «Шүкір, малсыз емеспін, жансыз емеспін, ел қорғайтын жерге, елге ие болатын ұл болса» деп, әуелі Алладан, сосын өзіңнен қоштау бола ма деп келдім» дейді. Сонда Мүсірәлі әулие: «Алладан сұрадым, Алла тілегімді берді. Көш бастайтын Қарқара қыз берді, жауға қарсы қол бастайтын Сәрке атты ұл берді» депті.


Шыршықтан бері Сыр бойына көшкен аңыз әңгіме желісі бойынша Сыр өңірінде Сәрке дүниеге келіп, әкесі ұлан-асыр той жасаған екен. Баланың мінезі күн өткен сайын өзгеріп, күрделене түседі. Киелі аңның жүрегіне жерігі қанып, нәр алған анадан туған бала жеті жаста көзге түсіп, он екі ұрыс тәсілін меңгерген. Жайдақ атқа қарғып мініп, жүгенсіз шауып кете беретін болған.
Уақыт өте келе, батырдың көріпкел әулиелігі де байқала бастайды. 16 жасында нағашыларына барып, бір-екі жұмадан кейін келсе, қаруланған қалмақтар малын айдап кетіпті. Дария бойындағы бір түбекте қалған жылқыларының ішіндегі нағашылары ырымдап бәсіреге берген шұбар құнанын алдырып, ерттеп мінеді. Көп жылқының ізімен қуып отырып, жетінші күні ерулеп отырған қалмақтардың үстінен түседі. Жау жалғыз келген жас балаға онша назар аудармай, тамақтарын жеп отыра береді. Осы сәтті пайдаланып, көп жылқыны елге қарай айдай жөнелген.


Шамамен 1720-1730 жылдары қалмақ бектері Жоршын мен Тайшы бастаған 35 мыңдық қол шегінген қазақты өкшелеп, қазіргі Жезқазған өңіріндегі Білеуті, Бұланты өзендерінен өтіп, Қарақұмның Ұлы құмындағы жықпыл-жықпылға дендеп кіреді. Қазақ қолын басқарып келе жатқан Әбілхайыр ханның қалмақты құмға енгізу арманы еді. Кеңес жүргізе отырып, оң шешімге келеді.


Әбілхайыр хан бұйырады: «Сәрке батыр, мына қалың қалмақты он екі күн осы жерден жылжытпайсың. Құдай қалап, амандықта болсам, мен де жетермін» дейді. Сонда батыр: «Хан, он екі күнің ұзақ қой, біздің жаназамызды шығарып кет» дейді. Хан Әбілхайыр осы жерде жеті мың адамның жаназасын тірілей шығартады.


Батыр өзі тосқауылда қалған Шилі деген жерде қалмақтың сілесін қатырып, қаша ұрысқа салып, құмға обықтырып, орағыта тиеді. Бірден көп әскер жұмсауға мүмкіндігі жоқ төбе-төбеге тығып, жеңіске жетіп, әбден мейманасы тасыған қалмақты тобақазығына таяйды. Қазақтың шексіз көп әскеріне жолықтық деп құмға кіріп, арандап қалғандарын Жоршын мен Тайшы кештеу сезеді. Құмдағы әскеріне Бұланты, Білеуті өзендеріне қарай шегінуге бұйрық береді. Сәрке батырдың әскербасы батырлары жаудың алдын орап, еркін шегінуіне мүмкіндік бермейді. Осылай күні-түні жүргізілген соғыс­та он екі күн өтеді. Қалмақтар қырғынға ұшырап, содан кейін бұл жер «Қалмаққырылған» деп аталып кетіпті.


Қазақтың да қатары сиреп, күнбе-күн, сағат сайын әлсірей бастайды. Арада он бес күн өтеді. Жау жағы бас-көзге қарамай шегініп, Бұланты өзенінің жағасындағы биік төбенің басынан Жоршын мен Тайшы майдан даласына қарап тұрып батырдың соғыс өнеріне, ат төбеліндей қазақтың қалмаққа бөрідей тиіп жүргеніне таңдай қағады. Сонда қалмақ қолбасшысы: «Сәркеге қарсы келер ешкім қалмады, қайтсек те оның көзін құртуымыз керек» деп, бір топ мергенін қалың қамыс арасына жасырып, келуін тосады. Бұл – қалмақтармен болған он жетінші күнгі шайқас еді. Сәрке жарықтық ақырғы шабуылына шығып, қалмақтың қалың әскерін бұза-жара Сары төбенің басындағы қалмақ бектеріне тура салады. Төбе басында тұрған Жоршынның қақ жүрегінен көк сүңгіні қадап үлгерген батырды қалың қамыстың артына жасырынған қалмақтың арнайы жасақ мергендері арқа тұсынан атып, мойын омыртқасына тигізеді. Кейін Бұланты өзеніндегі Сары төбе «Сәркенің сары төбесі» делініп, басына ақ тас қойылады.


Он жетінші күнгі айқас кезінде Әбіл­хайыр хан да қалың қолмен жеткен еді. Батырдың серіктерінен санау­лы адам тірі қалады. Әбілхайыр хан жетісімен қарсы келуге батылы жетпей, ту сыртынан оқ атқан жауды жарға жығып, қынадай қырады.


Сәркенің жағдайы күннен-күнге нашарлай беріп, айналасындағы сарбаздар қатты қайғырып, қамығып тұрып, «Уа, батыр, бізді кімге тастап барасыз?» деп қоштасқанда, бар күшін жиып, сабырлы үнмен айналасына көз тастап: «Бар сарбазды Жүзжасарға, ал Жүзжасарды бір Аллаға тапсырып барамын» деген екен. «Кемеңгерге кеңесші керек» дегендей, әрдайым Жүзжасармен ақылдасып отыратын болған. Мешін жылының шілде айында Сәрке батыр Қарақұмның «Сәрке Ақшиінде» 44 жасында дүниеден өтті. Ми қайнаған ыстықта дене бұзылмау үшін, киізге орап, сыртын терімен қаптап, қыл арқанмен ауа өтпестей етіп ораған дейді. «Ақшиде» аманаттап жерлеп, күзде Жүзжасар би мен Бәйтен батыр бастаған азаматтар бабамыздың денесін Қорқыт баба зиратына апарып жерлегенде дене сол қалпында сақталған екен дейді. Бүгінде Қорқыт баба қорымында Сәрке батырмен бірге оның баласы Ағайдар, немересі Байқадам мен шөбересі Сейіл батырлар мәңгілік мекен тапқан.


Нұрсұлтан ҚАЗБЕКОВ,


журналист.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<