«Періштелер білім жолына түскен адамға қанатын жаяды, көктер мен жердегілер ол үшін дұға жасайды. Білім – қараңғыдағы нұр. Білім иесі – түнгі уақыттағы айдың барлық жарықтан артық тұратыны секілді, басқа адамдардан соншалықты ерекшеленеді», дейді ислам тәмсілі. Ғалымға, ғылым жолына түскен адамға, ұрпақ тәрбиелеп, білім үйреткен ұстазға бұдан артық құрмет жоқ шығар, сірә?! Осындай құрметке лайық жанның бірі қазақ тіл білімінде өзіндік орны бар ғалым-ұстаз, филология ғылымдарының докторы, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің профессоры Жеңіс Сәдуақасұлы биыл 75 жасқа толып отыр.
Жеңіс Сәдуақасұлы – қазақ өнері мен ғылымына талай талантты сыйлаған киелі Аралдың перзенті. «Сағыныш сазды сырларым» атты ғұмырнамалық кітабында «Анамның айтуынша, Ұлы Отан соғысы аяқталған жылдың соңғы айларының бірінде «Ұялы» аталатын Арал ауданына қарайтын балықшылар ұжымшарының «Жалпақ» деп аталатын бір бөлімшесінде қыста дүниеге келіппін» дейді өзі. Осы ұядай «Ұялыдан» шыққан ұл бүгінде ұлт ғылымына еңбегін сіңірді, ұрпақ тәрбиелеп, ұлағатты ұстаз атанды. Жүздеген, бәлкім, мыңдаған шәкірттері, әріптестері Жеңіс ағаны құрмет тұтады, қадірлейді.
Абыройға бөленіп, қадір-құрметке лайық өмір сүру кім-кімнің де адами арман-мақсаты болса керек. Бірақ осы ең қымбат байлыққа барлығымыздың бірдей қолымыз жете бермейді. Өйткені көптің көңілі, өзіңе деген қадір-құрмет пен сыйластық – сатып алуға, сұрап алуға болмайтын байлық. Азаматтық бітім-болмысынан, кісілік келбетінен, ғалымдық-ұстаздық ұстынынан, ізгілік пен иман ұялаған жан-жүрегінен болса керек Жеңіс аға бұл жағынан көп адамнан бай. «Өзі ізгі жан – ізгілікті бағалар, Адамшылық ізгілікпен қаланар» деп Жүсіп Баласағұн айтқан көркем мінез, сәулелі ғұмыр иесі.
1964 жылы орта мектепті бітіре салып, оқушы партасын мұғалім үстеліне айырбастап, сегізжылдық мектепте «бала мұғалім» атанады. Тиянақтылықтың, өз ісіне деген жауапкершілік пен сүйіспеншіліктің, білімге деген құштарлық пен білім үйретуге деген ынта-жігердің нәтижесінде аз ғана уақытта шәкірттерінің сүйікті ұстазына айналады. Үш жылдай мектеп мұғалімі болып қызмет атқарған соң нағыз ұстаздық жолға түсуді мақсат еткен балаң жігіт арманын арқалап Қызылордаға, Н.Гоголь атындағы педагогика институтына келіп түседі. Аз да болса мектепте жұмыс істеген тәжірибелі студент институт қабырғасында білім нәрімен сусындап қана қоймай, ғылыми ізденістерге апаратын алғашқы сатылардан өтті. Тумысынан өнерді серік еткен ол институттың қоғамдық өміріне белсене араласты, көркемөнерпаздар үйірмесінің белді мүшесі болды.
1971 жылы филология факультетінің қазақ тілі мен әдебиеті мамандығын үздік бітіріп, мектепке жолдама алды. 1979 жылға дейін Қызылорда қаласындағы орта мектептерде мұғалім, директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметтерін атқарды. 1979 жылдың қыркүйегінен бастап өзі білім алған пединституттың педагогика және психология кафедрасына оқытушы болып келді. 1979-1989 жылдары «Бастауыш оқытудың педагогикасы мен әдістемесі» кафедрасының оқытушысы, аға оқытушысы, меңгерушісі қызметтерін атқарды.
Жеңіс Сәдуақасұлының ғылым көкжиегіне талпынып, бет бұруы да осы жылдар еншісінде. 1988 жылы филология ғылымдарының докторы, профессор М.Томановтың жетекшілігімен Тіл білімі институты жанындағы диссертациялық кеңесте «Қазақ тіліндегі етістіктің жақ категориясы» тақырыбында кандидаттық диссертация қорғады. 1989 жылдан бастап қазақ тілі кафедрасының аға оқытушысы, доценті, кафедра меңгерушісі қызметтерін атқарды. Қазір қазақ тілі мен әдебиеті және журналистика кафедрасының профессоры.
Шын ғылым – ізденімпаздық пен мақсаткерлікті керек ететін киелі дүние. Кез келгенге «жалын ұстата бермейтіні» де сондықтан болса керек. Ғылымда өз бағыты, өз ұстанымы бар Жеңіс Сәдуақасұлы 1997 жылы «Қазақ тіліндегі бір құрамды сөйлемдердің құрылымдық типтері» тақырыбында докторлық диссертациясын қорғап, ғылыми ортада өзін танытты, ғалым ретінде мойындатты. Тіл біліміндегі өзекті мәселелерді сөз еткен 100-ден астам ғылыми мақала, 6 монография, бірнеше оқу құралын жазды.
Ғылым мен өнер әу бастан егіз жаратылса керек. Ал ұстаздық ше? Ұстаздық та – өнер! Үшеуі де нәзік сезімталдықты, байқағыштықты, ой тереңдігі мен қиял жүйріктігін қажет етеді. Осы қасиеттердің барлығы біз таныған Жеңіс ағаның бойынан табылады. Қазақтың қара домбырасы – жан серігі. Күмбірлете күй тартқанда жан-жүрегіңді тебірентеді. Домбыраның шанағынан төгілген күй тыңдаушысын бірде мұңға батырса, бірде шабыттандырады, шалқыған қуаныш сыйлайды. Бұл өнердің құдіреті, сол құдіретті жеткізе алған орындаушының асқан шеберлігінде болса керек. «Сағыныш сазды сырларымда»: «…Тағы бір пайдам, жас кезімнен осы уақытқа дейін өміріме серік болып келе жатқан өнерім – домбыра тартуды біршама жетік үйренуім болды» деп өнердегі ұстаздары туралы өзі айтқандай, күйшілік те тынбай ізденудің, үйренудің нәтижесі.
Қазақтың халық әндері мен Абайдың ән мұраларын нақышына келтіре орындайды. Бірнеше аспапта: баян, мандолина, балалайкада еркін ойнайды. Студент кезімізде ағайдың скрипка тартқанын көріп таңқалғанымыз бар. Көбінесе кәсіби музыканттар ғана тартатын осы ысқыш аспаптың құлақ күйін келтіріп, сызылта әуен орындағаны біз үшін таңсық көрінген еді.
Тағы да өзінің естелік кітабын парақтайық: «Ал менің өз әкем Сәдуақас ағаштан түйін түйетін шебер кісі еді. Бір ғана балға, балта, ара, сүргі және қашаумен үйдің есік-терезелерін, сандық, кебеже, ағаш кереует, басқа да мүліктерді жасай беретін. Онымен қоса, саптама етік, табаны ағаш шегемен шегеленген мәсі, небір бас киім түрлерін: құлақшын, бөрік, тақиялар тігетін…». Ата көрген оқ жонар! Жеңіс ағаның тағы бір қыры әкеден қалған осы өнерді ұстап қалуында. Үйіндегі ағаш жиһаздардың көпшілігі өз қолынан шыққан. Бүгінге дейін қолынан балғасы мен балтасы, сүргісі мен қашауы түспейді! Мүмкін, өзінің осы бір сүйікті ісімен айналыса отырып, сонау алыста қалған балалық шағын аңсап еске алар?! Білте шамның жарығымен бірі мәсі, бірі іс тігіп отырған әке мен ана көз алдына келер, бәлкім?! Әлде, бүгінге дейін көңіл түкпірінен кетпейтін, іздесе де таба алмайтын, «ауылымның жұрты да жоқ деп» аузынан тастамайтын «Ұялысын» сағынар ма екен?!
Ұстаздық – жан-жүректің жылылығы. Өзінің саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнап, сан буын өскінге білім сәулесін түсіріп, көкірегіне болашаққа деген үміт отын жаққан Жеңіс Сәдуақасұлы бүгінде мерейлі, мәртебелі 75-тің биігін бағындырып отыр. Сәулелі ғұмырыңыз ұзақ болсын, ұстаз-аға!
Ғабит ТҰЯҚБАЕВ,
Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті,
қазақ тілі мен әдебиеті және журналистика
кафедрасының меңгерушісі, филология
ғылымдарының кандидаты
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<