«Салбұрын» – жоталы жоба

7133

0

«Білім алудың тамыры ащы, бірақ жемісі тәтті» деген екен адамзаттың бірінші ұстазы Аристотель. Сол айтқандай, білім мен өнер біздің болашағымыздың жарқын болуына бірден-бір кепіл. Білімдінің көкейінен шыққан ұлағатты ой, нақыл, қанатты сөздер ертеңге мұра болып қалады. Ал бұл жолда жас ұрпақтың тұлға болып қалыптасуына мектеп қабырғасынан бастап ықпал еткеніміз абзал. Осы бағытта мұғалім Базарбай Дүйсенбаевтың «Салбұрын» жобасын мысалға келтірмей кету мүмкін емес. 

Әңгімені тереңнен тартсақ, әр адам өмірінің соңына дейін өз болмысын қалыптастырумен өтеді. Оның да түрлі кезеңдері бар, тікелей білім мен тәжірибеге қатысты. Мектеп табалдырығын аттаған бала бұл кезеңді тәлім алудан бастайды. Егер бала құндылықтарды бойына жиып, ойын біліммен толықтырса, ұлттық қана емес, жалпыадамзаттық дағдыларға бейім болмақ. Өз кезегінде ол келешек ғұмырында құстай еркін болатыны анық. Һәкім Абайдың «атаның емес, адамның баласы бол» дейтіні – осы. Өз өмірінің көшбасшысы бола алған жан жұртының да, елінің де көшін дұрыс бағытқа бұра алады.

Бұл жайттарды сөз етуіміз себепсіз емес. Біз айтқалы отырған «Салбұрын» жобасы мектепте сабақтан тыс уақытта үйірме түрінде өтеді. Десек те, бағыты айқын, ер баланың бойына берер тәлімі ерен. Қазақ ежелден тәрбиеге қатты ден қойған. Ой-пікірін қалыптастырып, ұлттық құндылықтарды қастерлеуді һәм дәріптеуді мақсат тұтты. Осы жолда мұраны жалғаушы ер балалардың орны ерекше. Аталған жоба ежелгі жолды қайта жаңғыртуды мақсат етеді. Сол арқылы өскелең ұрпақтың тәрбиесін һәм білімін толықтыруды көздейді.

Жобаның зер салар тағы бір маңызды тұсы – пәнаралық байланысты қамтуы. Әсіресе қазақ тілі мен әдебиеті, тарих секілді пәндерді басымырақ тілге тиек етіп, балалардың білімін толықтырады, яғни, баланы ұлттық және адамзат тәжірибесі негізінде субъективті һәм объективті жаңа идеяларға бағыттайды. Расын айтқанда бұл күні сабақтан тыс уақытта ер баланың тәрбиесінде жауапкершілік жеткіліксіз. Осы өзектілігі үшін «Салбұрын» тектес жобаларды одан әрі дамытпасақ, саябырсып қалар жөн жоқ.

Автордың мақсатына көңіл бөлсек, бала бойында білімнен бастау алатын адамгершілік пен батылдық, ой мен еңбекқорлық, ұлттық болмыс секілді құндылықтарды ұштастыруға басымдық берген. Қоғамда біз атаған құндылықтардың жұтап жататын да кезі бар. Әлеуметтік желі мен көзқарастардың келіспеушілігі белең алған заманда «Салбұрын» тәрізді жобалардың іске асуы – заңдылық. Бастысы, мақсат пен ниет айқын, тек ізгі істің жалғасы табыла бергені жөн.

Жалпы, жоба оқушыға тек білім беруді мақсат тұтпай, таным процестері мен өмірлік дағдыларды тез ұғынуға септеседі. Отбасын қадірлеу, отансүйгіштік тәрізді ізгі қасиеттер жастай психологиялық даярлау арқылы бойға сіңеді. Педагогиканың мәні осы тұста анық аңғарылады. Баланы құндылықтар негізінде тәрбиелеу шығармашылық қабілетті де арттыратыны даусыз. Қазір қоғамда көп айтылып жүрген жаңашылдық, ғылымға бейімді болып, жаңалықтар ашу сияқты жайттар тікелей баланың шығармашылық потенциалына байланысты.

«Салбұрын» жобасының негізгі бөлімдеріне көз жүгіртіп отырып, ойға түйіп іліп алар көп дүниенің барын байқадық. Ілкідегі қазақтың батырының, биінің, ақын мен жырауының қанатты сөздерін ұтымды пайдаланып, айтар ойын балаға мейлінше түсінікті етіп жеткізеді. «Ізгілік – адам даналығының бастауы» атты тарауының өзі бізді ұзақ ойландырды. Һәкім Абайдың «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» деген тағылымын ерекше насихаттайды. Шынында да осы бастан балаға әркімді бөліп- жармай, әділеттілік тұрғысынан қарауға үйреткен абзал. Осындай бейтарап көзқарас арқылы жас ұрпақ шыншыл, ақиқатқа бас ұрғыш келеді.   

Баланың дүниетанымы отбасы, өскен ортасы мен жиған тәлімі, біліміне байланысты қалыптасады. Тұлға атану көптеген дағдылардың бір арнаға тоғысуы арқылы ғана жүзеге аспақ. Бала тәрбиесінде біртұтас жол қалыптастыру оңай шаруа емес. Бұл істе ұлттық ауқымнан бөлек, ғаламдық тәжірибелерді ескерген абзал. Сансыз идеялардың бірігуі қажет. Ал біз сөз еткен «Салбұрын» бағдарламасын соның бір көрінісі ретінде алып қарасақ болады. Автордың еңбегін бағалай отырып, жобаның сәтті жүзеге асуын, ауқымы кеңейе түскенін құптайтынымды жеткізгіміз келеді.

Мадияр ТӨЛЕУОВ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<