Қазалы ауданындағы Сарыбұлақ ауылына барған сайын ақсақалдарға сәлем беріп, ата-бабаларымыз жатқан бейіттерге барып, зиярат жасап келгеннен кейін Тәуелсіздік саябағына соғамын. Онда ерлікке тағзым ететін арнайы орын бар.
Осы орынның төріне Ұлы Отан соғысына қатысқандардың есімі жазылған ескерткіш тақта мен еңселі монумент орнатылған. Монументтің ұшар басындағы Жеңістің белгісі – Қызыл жұлдыз алыстан асқақтап көрінеді, майдангерлердің жеңісін паш етеді.
Ауылдан шыққан Ұлы Жеңіс жауынгерлері Әбдіқадыр Адаев, Бердәлі Алдажаров, Махамбетқайыр Дәріқожаев, Ысти Елдезеров, Әбдіраш Оспанов, Бердеш Досболов, Жетпіс Төлегенов, Мұса Сайынов, Серікбай Мыңжасаров, Тәтенбай Орманов, Қасым Қаражанов, Мырзалы Рахметов, Пішән Ысқақовтың есімдері жазылған осы ерлік тақтасы мен Жеңіс монументі жанына майдангерлердің ұрпақтары, ауылдың бар үлкен-кішісі жиі келіп тағзым етеді, аруақтарға арнап дұға-тілектерін оқиды.
Ел қорғау, жер қорғау – атадан балаға жалғасып келе жатқан жауынгерлік дәстүр, ерлік өнегесі, ұрпақтар сабақтастығы. Біздің бабаларымыз ат үстінен түспей, атамекен жерімізді білектің күшімен, найзаның ұшымен қорғап, ұрпақтарына аманат етіп қалдырды. Аталарымыз, әкелеріміз Ұлы Отан соғысының майданында қасық қаны қалғанша шайқасып елді қорғады, жеңіс туын желбіретті, кең байтақ еліне, Еуропаның көптеген мемлекеттеріне бейбіт өмір орнатты. Сол үшін де жыл сайын Ұлы Жеңіс мерекесі жер жүзі бойынша кеңінен аталып өтіледі, ерлікке тағзым етіледі.
Ұлы Отан соғысына Кеңес Одағының құрамында болған барлық елдердің азаматтары қатысты, соғыс зардабы әр отбасын шарпып өтті. Қазіргі әрбір шаңырақтағы әулеттің үлкендерінің ішінен соғысқа қатыспағаны кемде кем. Соғыстың зұлмат жылдары бірі майдан шебінде, бірі тыл еңбеккері ретінде жеңіс үшін қан мен тер төкті, Ұлы Жеңістің қуанышын бірге тойлады.
Жыл сайын Ұлы Отан соғысында қаза тапқандарды еске алу, олардың есімдерін құрметтеу – Сарыбұлақ ауылының да игілікті шараларының бірі. Отан қорғаушылар күні мен Жеңіс мерекесі қарсаңында ауылдағы №78 орта мектептің ұстаздары мен оқушыларының қатысуымен мерекелік кештер, салтанатты шаралар ұйымдастырылып, Отан, туған жер, ерлік тақырыбындағы әндер шырқалады.
Ауыл әкімі Руслан Жаңабаев, байырғы ұстаз, қадірменді қария Сражадин Шамұратов, мектеп директоры Гүлдәурен Жүргенова, ауыл клубының меңгерушісі Серік Кәмалиденов, кітапханашы Ұлжан Қарымсақова және басқа да ауылдың белсенді мұғалімдерінің, жанашыр жандардың атсалысумен өтетін осындай игілікті істер жұртшылық көңілінен ұдайы шығып келеді. Ауылда қандай да бір сауапты іс ұйымдастырылса, ағайын-жұрт болып, бір отбасындай атсалысатындары көңіл қуантады. Туған жерін, ауылын жан жүрегімен сүйетін азаматтар нағыз патриоттар десек, артық айтқандық емес.
Майдангерлердің ұрпақтары мен ауыл азаматтары ішінен Шаттық Адаев, Бейімбет Ысқақов, Әзи Қарасайұлы, Орақ Махамбетқайырұлы, Тасқынбай Исалдаев және басқалар еске алу шараларына, ас беру кезінде өтетін ат жарыстарына, айтулы мерекелер кезінде бәйге аттарын қосып, игі істердің ұйтқысы болып жүр.
Ұлы Отан соғысының жаңғырығы алыстай түскенімен, Отан үшін от кешкен майдангерлердің ерлігі асқақтай береді. Әлемге бейбітшілік әкелген Ұлы Жеңіс жауынгерлері ешқашан ұмытылмайды.
Иә, атадан әке ұрпақ өсті, әке ұрпақ балаларын тәрбиеледі. Енді олардың балалары өз немерелерін тәуелсіз еліміздің ертеңін қалайтын ұрпақтар етіп өсіріп жатыр. Ескерткіш тақтаға қашап жазылғандай: «Ер есімі – ел есінде!». Ерлікке тағзым еткен ұрпақтардың өнегелі істері арқылы ел қорғау, жауынгерлік дәстүрі осылай жалғасады.
…Сонау алыстағы Қызылқұм ішінен, Қуаң бойындағы кішкентай ғана ауылдан майданға аттанған он үш ердің бірен-сараны ғана аман-есен туған жерге оралды. Қалғандары соғыста ерлікпен қаза тапты. «Орнында бар оңалар» дегендей бәрінің дерлік артында ұрпақ қалды. Өсіп-жетілді. Шүкір дейміз!
Ұлы Жеңіс жауынгерлерін ұрпақтары ұлықтаған мерекелер ұзағынан болғай!
Сәдуақас ЖҰБАТОВ
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<