Мыңдаған мұғалім бар, бірақ оның ішінде шәкіртке білімімен ғана емес, бар болмысымен үлгі болатын ұстаздар санаулы десек, ешкімнің таласы жоқ шығар? Сондай санаулы ұстаздың бірі Жалағаш ауданының тумасы, бүкіл саналы ғұмырын білім саласына арнаған Жақсылық Жылқышиев еді. Жалпы Жақсылық ағайдың түр-тұлғасы, табиғи болмысы есіміне сай болатын. Дәлірек айтсақ, ол кісінің қоғамдағы орны, елге еткен қызметі, білім дәрежесі мен қайраткерлігі қанша биік болса да, қарапайымдылық қасиеті содан жоғары тұратын.
Биыл ұлағатты ұстаздың туғанына 90 жыл толады. Өзі өмірден өткенімен ол кісінің еткен еңбегі елінің есінде сақталып қалды.
Жақсылық ағай үлкенге де, кішіге де ілтипатпен қарайтын. Кездесе қалсаң, берген сәлеміңді бар ықыласымен қабыл алып, уақыт бөліп, амандық-саулығыңды сұрайтын. Ал егер жұмыс барысында көмегіне жүгінсеңіз, ақыл-кеңесін аямайтын. Әрдайым әділдік жағында болатын. Көңілінен шықпаса, кез келген адамның қателігін бүкпесіз бетіне айтатын, лауазымына, дәрежесіне қарамайтын. Осындай жоғары адамгершілігімен ұстаздардың арасында беделі биік болды. Зейнетке шықса да бала тәрбиелеу ісіне араласып, аудан оқушыларын математикаға баулып, олимпиадаға дайындау ісіне көп еңбегін сіңірді. Бұл күнде аудан орталығындағы З.Жарқынбаев атындағы №202 мектеп-лицейде Жақсылық Жылқышиев атындағы математика кабинеті бар. Заманауи көрнекі құралдармен жабдықталған кабинетте бүгінгі жас өрендер білім алуда.
Иә, мамандығы жағынан ол кісі математика пәнінің оқытушысы, жәй оқытушы емес, ең мықты мұғалім болатын. Өз мамандығына барынша берілген адам еді. Сондықтан болар, біз білетін Жақсылық ағай көп жылғы еңбек жолында басшылық қызметке немесе атақ-мансапқа қызыққан емес. Есесіне осындай ұстаздан білім алған шәкірттерінің басым көпшілігі жоғары лауазымдарды иеленіп, беделді, абыройлы қызметтерімен көпке танылды. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының, облыстық және аудандық мәслихат депутаттары қатарында, мемлекеттік органдарда халыққа қызмет етті. Олардың бірі Жалағаш ауданының Құрметті азаматы, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Садық Әлиев ұстазы туралы былайша толғанады:
– Жақсылық ағамыз Жалағаш ауданының орталығындағы орта мектепке математика пәнінен мұғалім болып келген оқу жылында біз 9-сыныптың оқушысы болатынбыз. Ағайымыздың сабақ бере бастаған алғашқы күнінен бастап, оның оқушыларға сабақ беруінде өзге мұғалімдерге ұқсамайтын өзіндік ерекшелігі барын байқадық. Біріншіден, сабағында ешкім жалықпайды, керісінше, жаңа тақырыпты өту кезінде оқушылардың белсенділігі өте жоғары болатын. Өйткені, әрбір сабақ барысында математикалық теңдеулер мен формулаларды нақты өмірдегі мысалдармен байланыстыра отырып түсіндіретін. Сондықтан ол кісінің сабағында бұрынғыдан шығарылмай қалатын есептер, дәлелденбей қалатын теоремалар, қорытындыланбайтын теңдеулер, формулалар болмайтын. Аптаның бірнеше күні бойы жаңа сабақты түсіндіріп, тек соңғы күндері балалардың алған білімін тексеретін. Кейде сыныптағы оқушылардың жалыға бастағанын байқаса, сабақты қоя салып, емін-еркін сөйлесіп, күлдіре отырып, сергітіп алатын, – дейді.
Бүгінде мемлекет және қоғам қайраткері Қожахмет Баймаханов ұлағатты ұстаз туралы естелігінде былай деп жазған екен: «…Жәкең – өзінің бүкіл саналы ғұмырын халқымыздың рухани өмірін өркендетуге, білім саласын дамытуға, мектеп қабырғасында мықты шәкірттер тәрбиелеуге арнаған ұлағатты ұстаз, абыз азамат. Осы тұста сөз зергері Ғ.Мүсіреповтің жаны таза, жақсы адамдар жөнінде айтқан мына бір сөзі еріксіз ойға оралады. «Тұла бойы тазалықтан ғана, бауырмалдықтан ғана, айнымас, бұлжымас мейірімділіктен ғана жаралғандай жан еді» деген тұжырымы тұп-тура Жәкеңе арнап айтылғандай.
Алланың нұрындай, көктемнің ақ жауынындай елге, жұртқа пайдасы көп тиген аға еді. Төрге шықса төбедей, төбеге шықса төредей, жақын мен алысты бірдей тең көрген, елінің жігері, қоғамның тірегі бола білді. Өзіме ұстаз бола білген Жәкең жарық дүниеден кеткенше, басынан бағы таймаған адам деп білемін».
Жақсылық ағаның тағы бір қасиеті – хоббиі десек те болады, өмірлік тәжірибесінен ойына түйген афоризмдері бар болатын. Оның ішінде қазақтың нақыл сөздері, мақал-мәтелдері, сондай-ақ, орыс мақалдарынан аударған дәйексөздер көп кездесетін. Одан бөлек, өзінің де әртүрлі жайттарға қатысты ой-пайымын екі ауыз сөзге сыйғызып, мейлінше астарлап, тұспалдап, мақал-мәтелмен жеткізетін. Сондай-ақ, өмірге қажет болар деген көне сөздер мен көркем естеліктерді ыждағаттап жинап жүретін. Осындай ойлы дүниелерін ара-тұра аудандық газетке де жариялап тұрушы еді. Айталық, білікті де тәжірибелі ұстаздың бала тәрбиесіне, жалпы оқыту методикасына арналған бірнеше мақалалары республикалық, облыстық, аудандық газеттерде жарық көрді.
Жылқышиев Жақсылық Ишанбекұлы 1931 жылы Жалағаш ауданы «Иіркөл» ауылында туған. Ел тарихындағы естен кетпес ауыр кезең – екінші дүниежүзілік соғыс басталғанда ол он жастағы бала болатын. Елді мекендегі «Иіркөл» мектебінде оқи жүріп, сабақтан бос уақытында өзі құралпы жасөспірімдермен бірге колхоз жұмыстарына қолғабыс ететін. Осылайша бейнетпен белдері қатайып, ат арқасына мінер азамат жасына жеткенде соғыс бітіп, ел іргесіне тыныштық орнады. Жастайынан білімге құштар Жақсылық Жылқышиев 1949 жылы С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің математика факультетіне 1949 жылы оқуға түсіп, оны 1954 жылы бітіреді.
Еңбек жолын Алматы облысындағы Сакко Вансетти атындағы мектепте ұзтаздық етуден бастаған ол кісі туған жерге келіп, өз мамандығы бойынша Мақпалкөл, М.Шәменов ауылындағы орта мектептерде, кент орталығында №31 орта мектепте ұстаздық қызмет етті. Сонымен қатар, №201 орта мектеп директорының орынбасары, қазіргі Бұқарбай батыр ауылындағы №33 орта мектептің директоры, аудандық білім бөлімінің әдістеме кабинетінің меңгерушісі қызметтерін абыроймен атқарған.
Ғылымдардың «атасы» саналатын математика пәні бойынша ұстаздың атқарған еңбегі ұшан-теңіз! Ол еңбегі үшін лайықты бағасын да алды. «Қазақ ССР-нің халық ағарту ісінің озық қызметкері», Қазақстан Коммунистік партиясы Қызылорда облыстық комитетінің, Қызылорда облысы Халық ағарту ісі бөлімінің Құрмет грамоталарымен, «Еңбек ардагері» медалімен және көптеген мерекелік медальдармен марапатталған. Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен «Ерен еңбегі үшін» медалін иеленді. Жалағаш аудандық мәслихатының шешімімен «Жалағаш ауданының Құрметті азаматы» атанды.
Жақсылық Ишанбекұлының жұбайы Керимова Халипа – апайымыз да 40 жыл өмірін ұстаздыққа арнаған жан. Жалағаш ауданындағы №123 орта мектепте бастауыш сынып мұғалімі болды. Жылы шырайлы, жан дүниесі тап-таза, ізеті мен инабаты бөлек Халипа апайдың түр-тұлғасы адами асыл қасиеттің, ақыл-парасат пен ұстамдылықтың үлгісіндей көрінеді. Өмір жолында, еңбек жолында қатар жүрген қос ұстаз 8 бала өсіріп, тәрбиелеп, немере- шөберенің қызығын көрді. Қазіргі таңда балалары әр салада абыройлы қызмет атқарып жүр.
Халқымызда «Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді» деген керемет сөз бар. Осы сөздің мән-мағынасы да Жақсылық ағай сынды жайсаң жандардың өмірлік өнегесін, бітім-болмысы мен ақыл-парасатын айқындай түседі.
Ғазиза ӘБІЛДА,
«Сыр бойы».
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<