Шахан болыс

1254

0

Қазыналы қарт Қаратаудың Ақүйік, Ынтымақ өзендері бастау алатын шыңдарының етегін ала көсілген саздарында Қоңыраттың «Алты ата» аталып кеткен руларының ішіндегі Алтый мен Қырғызәлі аталары ежелден қоныс тепкен. Осы Ынтымақ өзенінің бойындағы Мұңсызбай бұлағында кеңес үкіметі құрылғанша болыс болып Түркістан өңіріне, қала берді бүкіл Орта жүзге сөзін өткізе алған игі жақсылардың бірі Көбелдесұлы Шахан атты елге сыйлы кісі болған.

Менің көп жыл қызметтесім, ұстазым болған Шахан болыстың туған ағасы Көбелдесұлы Бибасардың немересі Сапарбаев Сәдірбай аға былайша әңгімелейтін:

– «Болыс сайлауы ешқашан талас-тартыссыз, сайлау тізгінін ұстаған оязға адам салып, пара берілмей өтпеген. Осы шаралардың барлығы жасалғанымен, сәл ғана себеппен соңғы сәтте қарсылас жақ жол тауып кететін жағдайлар да кездесіп қалады екен. Шахан атаны көптеп-көмектеп болыстыққа ұсынған соң, осындай жол кесер кездейсоқтықты болдырмаудың жайын қарастырған Көбелдестің төрт баласы Атығай, Майбасар, Бибасар мен Шахан болыстық тізгінін қолға алудың жолын оңаша ақылдасады.

Ертеректе кеңес үкіметі орнамай тұрған кезде Асан болысқа исі қазақтың үш жүзінің басын қосып арнайы ас берілгені белгілі. Осы жиында «Үш жүздің игі жақсыларының басын қосатын мұндай дәрежедегі келесі асты енді кім бере алады?» деген сауал қойылғанда «Келесі асты бір берсе, Шахан байдың әулеті беруі мүмкін» деген пікір айтылыпты. Бұл әңгіме жайдан-жай айтылмаған болуы керек, себебі ас беру оңай шаруа емес.. Талап жасаған адамның байлығы жеткенмен атағы мен абырой-беделі сай болмауы мүмкін. «Шахан әкем сол кезде байлығымен қатар шалымды іскерлігімен ағайын арасындағы дау-дамайды тапқырлықпен шеше алатын алғырлық қабілетін көрсетіп, ел аузына ілігіп қалған кезі екен. Аузы дуалы ақсақалдар болыстыққа лайықты азамат деп есепке алып қойған сыңайлы. Алайда арада он шақты жыл өтпей-ақ, ол болыстыққа сайланғаннан кейін заман аламан-тасыр болып, патшалық билік құлап, кеңес өкіметі орнайды. Ас бермек тұрмақ, өзі қуғынға ұшырап, көрші республикаға жер ауа көшіп жан сақтадық. Тағдырдың тәлкегімен туған жерінен тыста, 1933 жылы 93 жасында Жиделі-Байсында көз жұмды. Аласапыран заманда көші-қонмен жүріп Шахан атамның өзіне де ас беруге шамамыз келмеді» деген Шаханұлы Ілияс атам. Болысқа 1991 жылы Қазақстанның басты қалаларынан, көрші Өзбекстан, Қырғызстаннан қонақтар шақырып, Қызылорда облысы көлеміндегі елді жинап ат шаптырып, бәйге өткізіп үлкен ас берілді.

Осы орайда атамыздың ақыл-парасатымен қатар, алдағыны болжай алатын көріпкелдік қасиеті жайлы елдің есінде қалған бірер хикаятты айтудың реті келген секілді. Туыс болып келетін Жүсіп деген ағайынының екі ұлы мал табуға ниет етіп, өзеннің суын пайдалануға қолайлы жеріне егін егеді. Бірде жолы түсіп Шахан болыс нөкерлерімен сол жерден өтіп бара жатады. Егін егіп жүрген жігіттер болысты танып, алдынан шығып сәлем беріп, шәй ішіп кетуін сұрайды. Екі жігіттің құр қара шәй болса да, дәм татуға шақырған ниетіне риза болған ол жігіттерге алғыс білдіріп, батасын беріп тұрып, «Сыбағамды күзде келіп жеймін, сонда қоңыр қозыны сойып берерсің» дейді. Тігерге тұяғы жоқ жігіттер «Атамыз қоңыр қозы туралы әзілдеп айтқан шығар» деп қала береді. Шахан болыстың батасының септігі тиген жігіттердің еңбегі жанып, егіні бітік болады. Еккен тарысы мен қауын-қарбызын жайлаудағы малының басы бар туыстарына таратқан жігіттер ағайындарының берген қозы-лақтарын жинап, күзге қарай едәуір малдың басын құрап алады. Еңбектері жанып, төккен терінің өтеуі қайтып, көңілдері жайланады. Адал еңбекпен тапқан малын бағып отырған жігіттердің қосына бір күні жолдастарымен Шахан болыс келе қалады. «Қоңыр қозымды әкеліп сой» дегенді айта келеді. Көктемде берген батасын ұмытып кеткен жігіттер аң-таң болады. Бұрын мән беріп түстемеген де екен, жиналған малдың ішінде тығындай болып семірген қоңыр қозының жүргенін көріп, екі жігіт те, жолдастары да атаның көріпкелдігіне таңғалады. Қоңыр қозыны ұстап әкелген екі жігіт болыстан бата сұрап, қозыны сойып беріпті. Осы оқиғадан кейін екі жігіттің ісі оңға басып, көп ұзамай дәулетті кісілердің қатарына қосылыпты.

Шахан ата тарыққан ағайынға өзінің малынан сауып ішуге сиыр, мініске деп жылқы, үнемге деп уақ мал бөліп беріп, ағайынды қиындықтан құтқарып отыратынын, көмек сұраған адамның көңілін ешуақытта қалдырмайтынын көнекөз қариялар айтып отыратын. Малын пайдаланған ағайындары есін жиған соң, өздері біліп қайтармаса, бергенін қайтып сұрамайды да екен.

Жаңақорған өңіріндегі мал ұстаған қазақтың осы кезге дейін жалғасын тауып келе жатқан жыл мезгілдеріне сәйкес көшіп-қону үрдісі бар. Жаз айларында Қаратаудың шөбі шүйгін, малға жайлы саздарын, суы кәусар бұлақтардың басын жайлау етсе, күзге қарай тау етегіндегі күзеуге түсіп, малды ұрықтандыру ісімен айналысады. Қараша айының соңын ала Сыр бойындағы қыстауларға көшкен малға тоғай ішіндегі қалың бұта қыстың алай-дүлей суырсынында әрі ықтасын, әрі талғажау болады. Ерте көктемдегі мал төлдеу науқанын өткізетін, көктеуге көшкенше малдың қоңын сақтайтын да – осы Сыр бойының құнарлы шөбі мен дәні жем болатын жантағы. Осы дәстүрлі көш-қон кезінде Шахан атамыз асқан есепшілдік көрсетіп, әсіресе көктемде малды мұзды бұзатын қызыл су жүрердің алдында ғана Сырдариядан өткізуді әдетке айналдырыпты. Мұның мәнісі тоғайдың қалың шөбіне малды соңғы сағаттарға дейін тойындыру болса керек. Өйткені, ерте көктемде тау бөктерінде шөп жетіле қоймайтыны белгілі. Бір жылы осындай есеппен малын Сырдариядан мұз арқылы өткізіп жатқан Шахан байдың көшіне дарияның арғы бетінде тұратын бір ағайын кездесіп қалады. Мұздан малдың соңы өтіп жатқанын байқаған атамыз әлгі кісі де атымен дариядан өтпек болады. Мұны дарияның қарсы бетінде тұрып байқаған атамыз әлгі атты кісіге «Суға кетесің мұзға түспе, қазір қызыл су жүреді» деп дауыстайды. Әлгі кісі ескертуді құлағына ілмей, не қылар дейсің деген болуы керек, атымен мұзға түсіп кетеді. Сол кезде есебі дәл келіп, айтқанындай қызыл су жүріп, мұздың беті шарт-шұрт жарылып, сызат түсе бастайды. Мал тегіс өтіп болысымен, қас-қағым сәтте мұз бұзылып, дарияның шетіне жақындап қалған әлгі кісі атымен бірге ыдыраған мұздан сырғанап суға қарық болады. Шахан атаның айқайымен арқан тастаған жігіттерінің шалымдылығының арқасында әлгі кісі аман қалғанымен аты суға кетеді.

Ол кісі жөнінде ел жадында қалған осы секілді тәлім аларлық естеліктер баршылық.

Болыс өзінің қайтыс болатын күні мен сағатын көзімен көргендей дәл болжап, жаназасын кім шығаратынына дейін айтып кетіпті. Жоғарыда айтқанымыздай, 1933 жылы қайтыс болардың алдында елде жағдай түзелді деген хабарды естіп, көштің басын елге қарай бұрып, өзімен бірге жүрген ағайындарды бастап көшіп келе жатады. Атығайдың ұлы Есенбек қасиетті Меккеге қажылық сапарға барып, Есенбек әжі атанған кісі екен. Олар Шаханнан елге көшеміз деген хабар барғанда үй-ішімен Самарқан қаласы жағында болыпты. Көш Жиделі-Байсын деген жерге келгенде көш басшысы Махамбет ұлын қасына шақырған Шахан өзінің ертеңіне түс қайта жарық дүниемен қоштасатынын айтып көшті тоқтатып, жүкті жығып үйлерді тігуді тапсырады. Бұған онша сене қоймаса да, қарт әкесіне қарсы келуді жөн көрмеген Махамбет жақын маңдағы ауылдан молда шақыртуға рұқсат сұрайды. Сонда «Ештеңеге алаң болма, бөтен молданың қажеті жоқ, менің жаназамды Есенбек әжінің өзі шығарады» дейді. Әкесінің бұл әңгімесіне күмәнмен қарайды, себебі Махаңның есебі бойынша Есенбек әжі бұл тұстан кемінде үш күншілік жерде. Алайда, барлығы да болжағандай болып, ертеңіне сәскеден бастап Шахан ата бірнеше рет, «Есенбек әжі көрінбей ме?» деп сұрап жатыпты. Өзі айтқанындай күткен адамы түс кезінде сәлем беріп, кіріп келіпті. Дер кезінде келген Есенбек әжі Шахан атаның жаназасын шығарып, өз қолымен арулап қойған екен. «Көріпкелдігі болмаса өзінің қайтыс болатын күні мен сағатын, үш күншілік жерде жүрген Есенбек әжінің келетінін қайдан біледі, ол кісі тегін адам емес, әулие адам болған» дегенді Махамбет әкем бұл дүниеден өткенше айтып кетті деп отыратын Керімбек.

Шахан ата туралы ел аузында жүрген осы секілді әңгімелерді бір жүйеге түсіріп, зерделеу ұрпағының алдағы уақытта атқарар игілікті істерінің бірі болуға тиісті.    

Ұрпақтары да атасының абыройына дақ түсірмей, еліміздің өсіп-өркендеуі үшін өз үлесін қосып келеді. Қазіргі үлкендердің бірі Шаханұлы Ілиястың Әйпенінің жұбайы Аманкүл апа Ұзынатада Шахан атаға ескерткіш белгі қоюды қолға алды.

Болыстың Ынтымақ өңіріндегі дүйім жұртты қамқорлығына алып, жетімін жылатпай, жесірін қаңғыртпаған адамгершілігі мол болғанын Жаңақорған ауданы елді мекендерінде тұратын жасы үлкен кісілер аңыз етіп айтып отырады.

Сондықтан ел арасынан шыққан, халық құрметіне бөленген Шахан Көбелдесұлына ескерткіш белгі қою – құптарлық іс. 

Ахмет ЕСІРКЕПОВ,

ардагер-ұстаз

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<