Шаңырақтың шырақшысы

9955

0

Қамшының сабындай қысқа өмірінде жоғары қызмет атқармаса да, ел арасында абырой-беделі биік, ырыс-берекесі артық адамдар болады. Олар адал еңбегімен өсіп-өніп, бәйтеректей бұтақ жайып, биіктейді. Сондай көптің адамы бола білген Балтабай Ибраев десек, оның шаңырағында құт-берекенің шырақшысына айналған Жұмагүл Беркенова апамыз екені анық. Біз ұрпақ тәрбиесі мен іскерлікті ұштастырған анамен тілдесіп, шаңырақтың шаттығы неде екенін білдік.

– Отбасының берекелі болуы өзара сыйластыққа, қанағат пен ауызбіршілікке байланысты. Кешірімді бола білгеннен кішірейіп қалмайсың. Көптің тілеуін алған да жақсы. Балтекең көпшіл, кішіпейіл еді. Адамдарды танысын-танымасын көмектескісі келіп тұратын, – деп әңгімесін бастады кейіпкеріміз. 

Аққұба, бидай өңді, ажарын әлі бере қоймаған ананың жүзінен жылылық еседі. Әжімдері бетіне жарасымдылық беріп тұр. Бейнетті өткен кезеңнің де ізі бар. Ойланып барып, сөз саптайды.

Байырғы Ұлы Жібек жолының ХІХ ғасырдағы жаңғырған түрі – «Орынбор-Ташкент» теміржолы десек, Қызылорда қаласы – тораптағы іргелі станцияның бірі. Ал осы тоғыз жолдың бойындағы маңызды бекеттің бірі – Бірқазан. Жұмагүл апамыздың кіндігі сонда кесілді. Әкесі Шерәлі Беркенов оқыған-тоқығаны мол, өз заманының зиялысы болды. Ақкөл, Қызыл ту мектебінде мұғалім, Сырдария ауданы Ленин атындағы білім ордасында табысты еңбек етіп, марапат-мақтауларды аз алмады. Жас ұрпаққа тәлімді тәрбие, саналы білім сіңіріп, қызының білім алуын ерекше бақылап, үміт артады.

Апамыз Бірқазандағы 8 жылдық білім ордасын бітіргеннен кейін, Қызылорда қаласындағы 1-Май мектебінде оқуын жалғастырады. Жоғары білім алуға мүмкіндігі болды, алайда 10 айлық курста кітапхана ісі бойынша білімін шыңдап, еңбекке ерте араласып кетеді. Тасбөгет кентіндегі аудандық кітапханада кітапханашы, сосын №18 балабақшасында тәрбиешінің көмекшісі, №49 балабақшада балалардың ас-тағамына жауапты болады.

ОТБАСЫМ – ОТАНЫМ

1979 жылы Балтабай Ибраевпен отау көтереді. Баланың адал болуы да, адам болуы да отбасындағы тәрбиеге байланысты емес пе? Жұмагүл апамыз ұлттық құндылықты ардақтайтын, бәсекеге түсе алатын биік, өрелі, терең білімді ұрпақ қалыптастыруға мән береді. Үлкенді құрметтеп, өз жолынан жаңылмауға тырысады. Атасы Сүлейменнің бар жағдайын жасайды.

– Атам Сібір мен Орта Азияны қосатын Түрксіб теміржолында еңбек етеді. Ақпан революциясы мен Қазан төңкерісін көріп, қатысады. Ұлы Отан соғысының бел ортасында болып, ХХ ғасырдың қасіретті жолынан өтіп, тауқыметті бір адамдай тартады. Соғыстан кейін шаңырақ көтеріп, 60 жасқа келгенінде тұңғышы Балтабайды қолына алып, қуанады. Ондай кісіні қалайша құрметтеп, қадірлемейсіз?! – деді ол.

Атасына қатысты ма, әлде басқа бір оқиға есіне түсті ме, терең ойға берілді. Бірнеше минутқа созылған үнсіздікті бұзып:

– 1980 жылы тұңғышым Бағлангүлді өмірге әкелдім. Есімін өзі қойды. Аллаға шүкіршілік айтып, «Жұмагүлім келгенде үйіме сән келді, Бағлангүлім келгенде көмейіме ән келді» деп көптен сүйінші сұрады. Арада бір жыл өткенде екінші қызым Шолпан туды. Бір күні далаға шықсам, атам өз-өзіне күбірлеп: «Құдай-ау, шаңырағым иесіз қала ма? О, Алла ұрпақ жалғастығын нәсіп ет!» деп отыр екен. Әрине, әр әке ұрпағы жалғасты, баянды болғанын қалайды. Осыны түсініп, естігенімді ішімде сақтадым. Жаратушы атамның дұғасын қабыл етті-ау, Ерболатым да, Нұрболатым да баянды ұрпағымен мақтана алады. Бағлангүлім де, Шолпаным да бір әулеттің келіні атанып, ұрпақ тәрбиесіне мән беріп отыр, – деп өткенді еске алды.

Сүлеймен атамыздың дұға-тілегі қабыл болғаны да, бүгінде Балтабай ағамыздың шаңырағына шаттық орнап, ұл-қыздары өсіп-өніп, өз ортасында абырой-беделге ие. Мұның бәрі жақсы адамдардың жақсы өмір салтын құра білгенінің нәтижесінен болар.

– Атам «Балтабайым дария ғой!» деп баласының адамдық, адалдық қасиетіне сүйсініп отыратын. Рас, Балтекеңнің жүріс-тұрысында, қимыл-қозғалысында, аңқылдай сөйлеп, саңқылдай күлгенінде ағыл-тегіл адамшылық ақтарылып-төгіліп жататын. Ол көптің адамы, жолдың адамы болды. Үлкен жолда жаяу жүрген адамға міндетті түрде тоқтап, барар жеріне жеткізіп тастайтын. Бұл – оның айнымас дағдысы. Бәрінен бұрын, қонақжай еді. Үйге кісі келсе балаша мәз-майрам болатын. ХХ ғасырдың 90 жылдары балалардың жәрдемақысына қараған кездері де қонақ күтіп, кең болды, – деп ерінің қасиетін сөзге қосты.

Балтабай ағамыз балаларын еңбекке ерте баулып, отбасылық кәсіпті бастап, ісін жүйелеп, береке дарытады. Біз әңгіме ауанын осы бағытқа бұрдық.

КӘСІП ТҮБІ – НӘСІП

– 90 жылдардың басында айлап жалақы алмай, тоқырау болды емес пе? Өтпелі кезең, өлара шақта талай адам саудаға бет бұрып, кәсіптен нәсіп іздеді. Біз де солай істедік. Қаладағы Жаңа базардан орын алып, Бішкек, Ташкент асып, азын-аулақ киім-кешек әкелемін. Үстіне тиын-тебен қосып, саудаға қоямыз. Елде ақша тапшы. Көбісі қарызға жаздырып алады, болмаса өзге заттарға ауыстыруды сұрайды. Қашанда тұтынушының талабы орынды. Келісіп, береміз. Бірде сауда жақсы, бірде көңіл толмайды. Сөйтіп күндер өтіп, уақыт зырғып жүре берді. Бір күні отағасы «Жұмагүл-ау, жұрт көліктің темір-терсегінен табыс табуда. Соған шыққан қалай болады?!» деді. Әйел үшін қалай болады, қолымнан келе ме, келмей ме деп жүз ойландым. Ақыры бел буып, сауданың жаңа бағытына кірістім. Балтабай өзі токарьлық станокты меңгерген, көптің өтініші бойынша көлікті ашып-шашып, жөндей беретін. Сондықтан білгенін үйретті. Мен жазып аламын, жаттап аламын, әйтеуір клиент алдында ешнерсе білмейтіндей тұрмауға тырыстым, – деп кәсіпке қалай келгенін айтты апамыз.

Не керек, қай іске де жауапты қарайтын Жұмагүл апамыз техника тілін меңгеріп, кәсіпті дөңгелентіп кетеді. Ара-тұра екі ұлы Ерболат пен Нұрболат қолғабыс етеді. Сөйтіп отбасылық бизнестің іргесін қалайды. Қазір шағын дүңгіршіктен басталған іс өрлеп, жеке сауда орны болып құрылып, тұрақты табыстың көзіне айналды.

– Балаларыма үнемі саудада адал болыңдар. Бір аттың тізгіні өзіме тиді екен деп, қалғандарын құр тақым қалдыруға құмар болмаңдар. Ел тілегі, жұрт қамы бір-бірімізге көзіміз дұрыс болғанда ғана түгенделеді. Өйткені біз халықтың арқасында өсіп-өніп отырмыз. Әкелерің секілді көпке қарасып, садақа-зекеттеріңді беріп тұрыңдар деп айтып отырамын, – дейді апамыз.

ҚҰНДЫ ҚАСИЕТ

– Қонақ келсе құт келеді. Біздің үйге береке-ырыс отағасының қонақжайлылығынан деп ойлаймын. Көптің адамы, істің азаматы болған Балтекең кеткелі әр аптаның бейсенбісі жеті шелпек пісіріп, көрші-қолаңға таратуды ұмытқан емеспін. Мейлі Қызылорда, мейлі Астанада жүрсем де иіс шығарып, Құран оқуды әдетке айналдырдым. Келіндеріме қандай қауырт іс болса да жұма күні кір жумауға кеңес беремін. Бүгінде Ерболатым отбасылық кәсіпті жалғастырып отырса, Нұрболатым да кәсіптің көзін тауып, көпке қамқор болып жүр, – деп ағынан жарылды.

Балтабай ағамыздың талабынан тағылым алып, жастайынан қой бағып, есік алдындағы аядай жерге дән тастап, одан өнім жинап, еңбекке ерте араласқан азаматтар бәсекеге қабілетті болып, өмірден өз орнын тапты. Ерболат «Авто-Лидер» ЖШС-ның ісін іргелетіп, әлеуметтік белсенділік танытып келеді. Ал Нұрболат «Орда Автодор» ЖШС директоры, меценат азамат ретінде белгілі. Қоғамдық жұмыстарға да белсенді араласып, кезінде қалалық, бүгінде облыстық мәслихат депутаты ретінде сайлаушылардың аманатына адалдық танытып жүр. Кенже қызы Маржан да кәсіптің тетігін ұстап, өз шаруасын өз күшімен дөңгелентуде.

– Адам ұрпағымен бақытты. Ерболаттың Қыдырәлі, Айбар, Айсұлтан есімді ұлдары бар. Ал Нұрболаттың Әлихан, Иманғали және Балжан есімді ұл-қызы өсіп келеді. Әрқайсысының атасына өзіндік ұқсастығы бар. Соған шүкір етемін! – дейді тілеуқор ана.

Қазір ел түлеп, тілек түгенделген кезең емес пе?! Өтпеліден арылып, өміршеңді орнықтыру үшін де адамға жоспарлы жұмыс, тынымсыз еңбек, бәрінен бұрын, адалдық, адамгершілік қасиет керек. Міне, Балтабай Ибраев ұл-қыздарына осыны тәлім етті. Бүгінде анамыз Жұмагүл де осы қағидадан айнымай, әркез балаларының жадына зерделі сөз айтуды ұмытпайды.

P.S. Адам мен адамзаттың арманы ешқашан аласармақшы емес. Сондай ұлы мұрат, асқақ арман құруды тәлім еткен Балтабай ағамыздың шаңырағы береке-бірліктің мызғымас ордасына айналды. Жұмагүл апамызбен сұхбат барысында санамызға осындай ой келді.

Нұрлат БАЙГЕНЖЕ

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<