Шешеннің тілі, семсердің жүзі

2324

0

Шиелі өңіріндегі көне дґуірлердің алтын қазығындай болған «Оқшы ата» әулиелер кешені кеше мен бүгіннің арасындағы асқақ тұлғасын аласартпай бағзы замандардың үнін құлаққа жеткізіп тұр.


«Оқшы ата» қорымы – сырт қарағанда шағын аумақты алып жатқанымен, Орта Азиядағы аса қасиетті орындардың бірі. Кезінде қорымның айналасындағы құрылыстардың ізі мен күйдірілген кірпіштердің қалдықтарына шыны салып қараған шығыстанушы-археолог Каллаур бұл жерді үлкен қаланың орны деп болжам жасаған.


Ал, түрколог-ғалым Ә.Қоңы­рат­баев «Оқшы атаның» Қожа Ахмет Ясауи мовзолейінен бұрын салынған пантеон екенін, көптеген хандар мен батырлардың осы жерге қойылғанын айтады. Жердің қыртысымен сөйлесетін ғалым болжамы зерттеушілерді он ғасыр кейін шегінуге шақырады. Шынында да, бұл жер өткен өрке­ниеттен сыр шертетін қазынаны кеудесіне көміп жатқан шығар, оны рухани жаңғыру жолына түскен білімді ұрпақ дәлелдейтініне сенім мол.


«Оқшы ата» қорымында халқымыздың жүрегінен орын алған талай әулие кісілердің зираты жатыр. Асан ата, Ғайып ата, Кітап ата, Қабыл ата, Қыш ата, Есабыз әулие, Бала би, Дос­бол би – есімдері ел жадына өшпес­тей болып жазылған бір-бір тұлға.


Досбол Қорлыбайұлының тарихы өте күрделі. Әкесі Қорлыбай жас кезінде тағдыр тәлкегімен Арқаға барып тұрақтаған, Досбол сол жақта шамамен 1815 жылдары өмірге келген.
Би жайындағы бір деректерде оны Қостанай атырабындағы Орта жүздің Момын деген атасынан, енді бірде Сыр бойындағы қыпшақтар арасынан шыққан деген мәліметтер беріледі.

Дұрысы, Досболдың аталары сырбойылық, өзі Арқада туған, атақты Ыбырай Алтынсариннің атасы Балқожа биден ат мініп, бата алған. Кейін ер жеткен соң атажұртына оралған.
Досболды кейде «Досбол би» десе, кейде «Досбол шешен» дейді.


Шешен дегенде бұл ұғым бізге алқалы жиындарда ағыл-тегіл сөйлеп, барша тыңдаушысын мүлгітіп тұрған сөзуар түсінігін елестетеді, би ұғымы болса заңдық, билік күші бар адам тұлғасы арқылы көрінеді. Осы екі ұғымды біріктіретін, екі болмысты жақындастыратын қалып – шешендік өнері.


Шын мәнінде Досбол – билік еткен кісі, 1808-1864 жылдары Сыр бойына әмірін жүргізген Қоқан хандығының жергілікті жерден сайланған датқаларының бірі. Датқалық құрамында әрқайсысында үш мыңнан көп адам тұратын 40-45 ауыл болған. Осының өзі де Досболдың қолында қаншалық билік құзыры болғанын көрсетеді. Алайда, Досбол датқа көбіне хандықтың бектеріне бойұсына бермеген, олардың алым-салық заңдарын орындамаған, шешендік тілмен уәж айтып, бетін қайырып отырған. Мұндай оқиғаларды ел аузында сақталған әңгімелер сайрап айтып береді.


Досбол би ердің құнын екі ауыз сөзбен шешкен, ел мен елді бітістіріп, әділдігімен, тап­қырлығымен, шешендігімен халық арасында зор беделге ие болған адам. «Бәрінен сөз бастау қиын, тауып айтсаң – мереке қылады, таппай айтсаң – келеке қылады» деген аталы сөзді берік ұстанған. Ешқашан сөз қадірін түсірмей, ағайынның сөзге тоқтау керектігін, бірліктің, берекелі тірліктің ­бастауы тілде жатқанын насихаттап кеткен. Осыны өзінің өмірінде де талай көрсеткен.


«Назбедеу мен қазанат,


Шабына түртсең теппейді.


Нәсілі жақсы азамат,


Шамдандырсаң сөкпейді.


Негізгі жаман арамза,


Сен дегенді кектейді.

Іс түскенде басыңа,


Тумаң қалар қасыңда,


Туысқанға ешкім жетпейді», – деп Әжібай би мен Торғай датқаныбір ауыз өлеңмен татуластыруы Досболдың шешендік қуатын, ақындық дарынын анық аңғартады.

Осындай дарынын, дара болмысын елдің ынтымағы мен кемел келешегі үшін сарп еткен тұлғаның ғұмырдариясы аз сөзге сыятын дүние емес, әрине.


Халқымыз шешен-билерді аса құрмет тұтып, оларды өміріне өнеге еткен. «Бас кеспек болса да, тіл кес­пек жоқ» деп дәріптеген. «Би бол, би болмасаң, би түсетін үй бол» деп дәрежелеген. «Би болмас белін жалпақ буғанменен, ағармас асылы арам жуғанменен» деп үлгілеген.


Ен даланы емін-еркін жайлаған қазақтың басына талай зұлматты төндіріп, ұлт тамырын біржола қиып тастағысы келген үстем саясат ата-баба аманатын көз қарашығындай сақтаған Алаш жұртының асқақ рухын төмендете алмады. Коммунистік, атеистік өктемдікке қарамастан өткен ғасырдың 60-жылдарында діні мен ділін мансұқ етпеген зиялы азаматтар әулиелерге кірпіштен кесене орнатты.

Қамкесегі мүжілген кейбірін қайта жаңалады. Ата-баба аруағына деген халық құрметі еліміздің тәуелсіздік алуымен бірге қайта өрледі. 1997 жылы «Оқшы ата» қорымында әулие­лер рухына арналып 20 мың адам қатысқан ас берілді. Ал 2017 жылы Досбол датқа кесенесі қайта жаңғыртылды.


Досбол Қорлыбайұлының өмірі би, шешен деген атпен танылып, ғұмыры ұрпаққа мирас болған өшпес өнегесі арқылы ғасырдан ғасырға жалғаса бермек.


Р.ДҮЙСЕНҰЛЫ

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<