«Снайпер»

5186

0

«Басымыздағы нығметтердің қызығы оны достарымызбен бөліскенде арта түседі» дейді Аристотель. Жанқожа батыр ауылында тұратын Ақылбек Ерішов деген досым бар. Сонау бозбала шағымызда екеуміздің басымыздан өткерген оқиғаны оқырман назарына ұсынсам.

Бала кезімде үйде су жаңа он екінші калибрлі, дара ауыз мылтық болды. Кеңшарда шофер болып жұмыс істейтін үлкен ағам Өмірбек аңшылыққа құмар еді. Өзге әріптестерімен бірге «Қарақұм» беткейіндегі малшылардың қыстауына жаз бойы шөп тасиды. Машинасының кабинасына мылтығын салып жүретін. Оның атып әкелген киік, қоян, қырғауыл, басқа да құстардың етінен талай дәм таттық.

Өмекең қорғасынды балқытып қолдан бытыра құйғанда, патронға өлшеммен дәрі салып, тығындап оқтаған кездерінде жанынан шықпаушы едім. Ақкөңіл ағатайым, арасында менің асық, сақаларыма да қорғасын құйып беріп, мәз қылып қоятын. Кейде маған мылтықты тазалап қою бақыты бұйырады.

О, бұл сәтте өзімді дүниедегі ең мықты адамдай сезінем. Әкемнің үлкен қалпағын басыма киіп, белімді бес жұлдызы жарқыраған әскери белдікпен қынай буып, иығыма ұзын ұңғылы мылтықты іліп, айнаның алдына барамын.

Жарқыраған айнадан мойны қылдырықтай, мұрны қоқиған, ұзынтұра, шашын бәкімен жалтырата қырғызған, әлжуаз қара бала қарап тұрғанда көңілім ортайып-ақ қалады. Мен болсам, жұдырығы тоқпақтай, бұлшық еттері білемденген, кең иықты «Ұзын карабин», «Қырғи көз» атағымен қас дұшпандарының, гурондардың зәре-құтын қашырған атақты мергенді көргім-ақ келеді. Бұл адамның белгілі жазушы Фенимор Купердің «Могиканның соңғы тұяғы» атты кітабындағы үндістердің, делаварлар тайпасының сагоморы (көсемі) Чингачкуктың досы, ақ жүзді батыр аңшы екенін көпшілік пайымдап отырған шығар. Бірақ… Кітаптағы кейіпкердей сом тұлғалы болудың ауылы алыс екенін білгенде, бір күрсініп алып, ағам қолдан жасап берген штанганы құлшына көтеріп, темір тұрбаға ілінген құм толтырған қапшықты құшырлана ұрғыштауға кірісем.

Бірде ағам жолға шыққанда мылтығын үйге қалдырып кетіпті. Мұндай қуанбаспын… Әке-шешем жұмыста, бауырларым мектептегі іс-шараға кеткен, үйде жалғыз өзім. Ақылбек досыма қоңырау шалдым. Ол да кідірмей жетіп келді. Мылтықты иығымызға іліп, оқшантайды (патронтаж) белімізге байлап, етіктің қонышына ағамның қанжарын салып (аң-құс атып алсақ, бауыздауға керек болар дегеніміз ғой) екеуміз аңға шықтық. Күн шайдай ашық. Әне-міне дегенше «Қандыөзекке» де жеттік. Мылтықты кезене ұстаған досым алда, мен соңына еріп келемін. Жолымыз болды. Дәл аяғымыздың астынан лақтай қоян тұра қашты. Ақылбек те шалт екен. Гүрс еткізіп, басып салды. Ой, жарайсың! Қоян құлады ма дейсіз бе? Қайдағы?! Қоянның орнына досым жарқабақтың ішіне домалап түсті. Аузы қанға толып, жағын ұстап зарлап жатыр. Өзі маған «ат, ат» дегендей ымдайды. Мұны көріп тұрып мылтыққа қайдан жоларсың? Қулыққа көшкен мен қолымдағы мылтық емес, бейне рогатка тәрізді «оқ жетпейді» деп сылтауратамын. «Бақсам, бақа екен» демекші, мәнісін кейін білдім. Ақылбектің де мылтықты алғаш рет атуы екен.

Қоянды көргенде мылтықты иығына тақап, қатты қысып ұстауды ұмытып кетіпті. Атылған кезде кейін серпілген дүмі шықшытынан соғып, сұлатып түсіріпті. Ал оңбаған қоян болса, қыр асып, қарасын батырды. Тісі жартылай сынған Ақылбек досымды «қоянды атып алмасақ та, зәресін бір ұшырдық» деп жұбатып жатырмын. Біздің алғашқы аңшылығымыз осылай аяқталды. Сонан кейін мен Ақылбек досымды «снайпер» деп атап кеттім.

Арада жылдар өтті. Антон Семенович Макаренконың «Отбасы – адам өмірінің тамаша жақтары жүзеге асатын, адамның ең басты шаттығы болып саналатын балалардың өсіп, өмір сүретін орны» деген сөзі бар. Қазіргі таңда Ақылбек пен жан жары Алма ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қондырып, немере, жиен сүйіп отырған үлкен әулеттің тірегі.

«Елге сіңірген еңбек жақсы. Еңбекті елеген ел жақсы» демекші Алма жуырда құрметті еңбек демалысына шықты. «Көрінген таудың алыстығы жоқ». Ақылбектің де бейнетінің зейнетін татар шағы алыс емес.

Жұмабек ТАБЫНБАЕВ,

«Сыр бойы».

Қазалы ауданы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<