Суреткер серті семсердей

2050

0

Әріден ойлайтын атам қазақ қалай тауып айтқан?! «Отыз тістен  шыққан сөз отыз рулы елге тарайды» деген қанатты қағида ұлыны да, бұланы да тырп еткізбей уақыт уәжімен тосылдырады. Ауыздан шықты не, қағазға түсті не, тыңдаушы мен оқырманның тұтынуына түскесін, шындық шылбырын бас асаулықпен жер ойғылап қаншама мөңкісең де, үзе алмайсың. Тізгін басқада, амал жоқ, қақпайлауға көнуге тура келеді.  Сөйткендейін, жоқ жерден жайшылықта қалам ұшын туралап та, жанамалап та жолата алмайтын атақты жазушы Әбдіжәмил Нұрпейісов ағамыз туралы толғаныс толқынында қол-аяқты тырбаңдатып құлаш ұрудың сәті түсті. Алыстағы жиеніне қолтаңбасын қондырған «Әбе» атты эсселер жинағы әлдеқалай қолыма іліккенін айтсайшы!

Кітап «Нұрлы әлем» баспасынан жарық көрген. Құрастырғандар – Сейдахмет Құттықадам мен Жанат Жұмадінқызы. Редакция алқасына топтасқан танымал жиырма  тұлғаның қаржылай, рухани белкөтермесіне бәрекелді дейсің. Салмақты дүние екендігін алдымен алақан сезінді. Сусылдатып парақтауға көнбеді. Сахарадағы аруана табанын күн күйдірген көш-керуендей ауыр жылжисың.

Сумаң сұрақты сұхбаттар шалғынын баудай түсірген шабыт шалғысының имек ұшынан от шашқан қуат білектен емес, тілден күш алады. Үшбу хаттар терезе түбіне қонақтаған қағылез құстардай дыбысы өзіне ғана жеткенін мәз тұтатындай әсер қалдырады. Сыр ашар арнау сөздер жалғыз кілтті құлып секілді, ашылуынан жабылуы жылдам. Кең тынысты толғаулар  ғана шын шебердің сыры мен шеріне қанықтырады. Бірде асау өзен ағысындай, бірде сарқырама селіндей ой иірімі бұрмақұлақ жасап, жан сақтауыңа мұрша бермей малтықтырып әкетеді…

Кітапты құрастырушылардың алғысөзінен әрі қарай өрілетін мазмұндық жүйе  «Отбасы», «Еуропалықтар былай дейді», «Ресейліктер не дейді?», «Ордалы ойды отандастар айтады», «Әбенің сөзі» деп аталатын бөлімдерден тұрады. Мың дана кімге жетеді, кімнің қолына түседі? Секемшіл суреткердің халық ықыласына ығыланып, кейінгілердің өзі туралы сөз нәрінен сусындау қолқасын аяқасты етпеуі – көптен күткен мүмкіндік.

Бүгін себеп табылса, ертең апыр-топыр той-томалақ жасайтын әсіреқызыл әдетке  аға буын  құштар емес. Соның ішінде Әбдіжәмил ағаның бала кезгі ауыл үзбенін, майдандағы ботқаны, жалпы ошақты пір тұтқан көзқарасы мұндай қолдан жасалған әпуайын қошеметті қабылдамайды. Көзі тірісінде туған өлкесінде Беларан шыңына тұғыртас орнатуы – сол дабыра-даңғазадан аулақ, рухани тыныштықты аңсағандықтан.

***

Жинақтың ғұмырнамалық сипаты оқырман қауымды біраз оқшау дерекке қанықтырады. Башқұрт әдебиетінің алыбы Мұстай Кәрім бұрын-соңды айтыла бермеген өмір суретін алға тосады. Осыдан сексен жеті жыл бұрынғы қазан айының екінші онкүндігі. Атырап ақ көрпе оранған. Аралдың «Кушка» мүйісіндегі қоңыр үйлі «Үшкөң» ауылы. Кешелері өрістен қайтпай қалған өгізше бүгін қасқыр талаған күйі қан-жоса болса да, егесінің босағасына жетуге өлермендене ұмтылып келеді. Қар бетінде жіңішке қызыл жолақ тастап барады. Атқораға маңдайын соға-моға өкіре құлады.

Осы сәтте бәкене тамның қамыс қабырғасын қақ жара дүние есігін ашқан нәресте шырылынан құлақ тұнды. Әлдінің әлсізге ауыз салуы ана толғағымен қатарласа қоюынан әлдеқалай  кіп алған әулет  әжесі Перизат қаралай күйзеліп, теңселіп кетті. «Қарағымның жаны тез жараланғыш болмаса игі еді?!» деп қорқасоқтады.

Мұстай аға замандасы Әбдіжәмилдің  терең әжім айғыздаған, қал торлаған жүзіне тесіле отырып, башқұрттың көне жырындағы  үндес жолдарды іштей бекерге ыңылдамаған шығар.

– Мен розаны үзгенде,

Қиылған жерінен қан тамар!

Бұл не? Күрестен көз ашпаған ұрпақтың наласы ма, әлде таланттар талайында маңдай кіржитер әділетсіздік пен қысастықтың қылаң беруі табиғи шарттылық па?! Қалай дегенде, таусылмас рухани арпалыстың жөні бөлек.

Жазушыға екі бірдей қарауылдан тасалауға еш мүмкіндік жоқ. Ар қарауылы адамгершілігіңді бақыласа, қалам қарауылы ой өрнегін  сөзбен қырнауда көз алдауға жол бермейді. Шығармашылық мәресіне сөз айыбын өтемей беттей алмайсың. Әбдіжәмил ағаның баспада терулі тұрған «Қан мен терді» қайтып алып, жыл бойы қалам қамшысын үйіріп, қарадүрсін, қосаметкей сөз орамдарын түре қуғаны оңай шаруа болып па?!

Нұрпейісовтің бейнетқорлығы азаптан ғажап шығаратын шығармашылық ләззатқа ұштасып қана тыным табады. Оның қай туындысында болмасын менмұндалайтын ерекшелік адам демі, табиғат демі, заман демі, сөз демімен біте қайнасқан өмір мен түйсік суреттерінен қол бұлғайды. Суыған шай маңдай жіпсітпейтіні, ірімшік-құртсыз тіл дәмі кірмейтіні, қазы-қарта, өркешсіз қазан иісі тәбет оятпайтыны тәрізді қазақи ұстаным ұлт жазушысының шығармашылық эталонына  айналғанда ғана өзгелердің өзеуреуі сап тыйылады. Танымалдық осы арнадан бастау алады.

***

Біздің бұл оқырмандық әсерімізді грузиялық қаламдасы Т. Мамаладзе де қуаттайды. Ол Әбдіжәмилдің уақытты ұстау, кейіпкер тағдырына халықтық сипат беру, стильге ұсталығына, өзі бейнелейтін өңірді өте жақсы білетініне ерекше тәнті. Түбі бір тілекшіміз Шыңғыс Айтматов: «Татымды прозасына баяғыдан ғашықпын. Одан көп үйрендім» деп хош көргенін риясыз паш етеді.

«Түсі игіден түңілме» дегендейін, тегі мықтының осал болуға қақысы да жоқ. Алғысөздегі өмірбаяндық сілтемеден ат үркетіндей. Жетінші атасы тарихта орныққан Тайқожа батыр болса, одан тараған Арғынбай би, Сламбай бай, Нұрпейіс болыс тізбегі айдай әлемді аузына қаратқан Әбдіжәмил ағаның мәшһүрлігімен қалай әдемі ұштасады?!

Солай болуында тылсым әмірі жатқандай. Әкесі Кәрім балық та, аң-құс та аулаған, ауылдағы әкім-қаралардың бірі еді. Ол бауырлары Нәжім, Қалимен бірге соғысқа аттанғанда, мына шеттен сұрапыл сапарға  Әбдіжәмил де қамтылды. Үш боздақ оққа ұшты. Аман қалғаны – Әбдіжәмил. Анау арғы бабалардан берменгі қандағы қасиет жинақталып, бір басына шоғырланғанын Әбе аға сезінбейді дейсіз бе? Тектілік тұнбасы оған ақыл дариясынан сөз жақұтын тынбай теруді нәсіп етіпті.

***

Жинақтың өнебойынан жазушы табиғаты қылаң береді. Фотолар сұрыптауының өзі нанымдылық пен қарапайымдылық нышанын алға тартады. Хат мәтіндеріндегі шымбайға батар сөздер де шынайылық шырағын жағады. Жақсыатты көрінуді жақтырмайтын қаламгер өзі туралы шекені шыңқ еткізер тура пікірлерді тіпті де көлегейлемейді.

Жазушының жеке архивінде әкесі Кәрімнің майдан даласынан жолдаған қызыл жалау мен қызыл жұлдыз айшықталған үшкіл хаттары бойтұмардай сақтаулы. Біз тоқталып отырған жинақтағы жәдігер қолтаңба әке бейнесіндей көзге оттай басылады. 1944 жылдың 15 наурызында жолдаған хатында жар дегенде жалғызы Әбдіжәмилді ынтыға шексіз сүю ұшқыны алаулайды. «Сенің жаныңа жамандық бермесін деп тілеймін» деп бораған оқ арасында қан майданның екінші бір пұшпағында қар жамылып, мұз жастанған ұлына үздіге тіл қатады. Арада 36 күн өткенде, 1944 жылдың 21 сәуірінде артиллерист Кәрім Нұрпейісов Тернополь түбінде ерлікпен қаза табады. Әлгі соңғы хат Әбдіжәмил ағаның қолына қай жерде, қандай жағдайда, қашан табысталғаны өзіне ғана аян.

«Әбе» жинағына 12 хат енген. Сәбит Мұқановтың бір хаты қолмен жазылған, екіншісі машинкаға басылған. 1959 жылы Литвада жатып Әбдіжәмилге реніш білдіреді. «Бақытжан ұстап жүрген сары ала қамшымен өлердей соғам» деп өзімсінеді. «Ғабитке ауыр сөз айттың. Дұрыстың бәрі жақсы бола бермейді» деп тосылтады.  1963 жылы Алматыдан жолдаған хатында «Социалистік Қазақстандағы» өзіне қатысты сын  мақалаға тулап жүргенін ескертеді. «Курляндиядан» басталған қамқорлығын да еске салады. «Енесі тепкен құлынның еті ауырмас» деген ақылға да ойысады. Жазып жатқан «Мөлдір махаббат» романына ықыласы кеткенін «Итаяқтың Жүсібі деген шебердің өзі тіккен етігіне сүйсінгеніндей, менің де қымбат дүниемнің бірі осы шығарма болар», – деп ақтарылады.

Қабырғаны қақыратып сөкпейді. Кетәріден гөрі іш тартуы басым. Әдебиеттегі талас қай кезде де көркемдік үшін тіл қыздырған ғой.  Хат тілінің де өз табиғаты бар. Бұл жағынан келгенде Сәбит Мұқанов сынды дарабоздың қаламы жорға жүрісінен жаңылмай, тайпалтады да отырады. Хаттың жолжазба күнделік сипаты тартымды. Көнбесе де келісім іздейтіндей.

Ал, Әбдіжәмил Нұрпейісовтің мерзімі көрсетілмеген жауап хатында суықтық қылаң береді. «Социалистік Қазақстанда» жарияланған Сәбеңнің сын материалында Әбдіжәмил шығармашылығынан гөрі, «дандайсып кетті, пікір тыңдамайды» деген сарындағы жеке басына шүйлігу оны ашындырған. Кейінгі он-он бес жылдағы ірілі-кішілі бірде-бір шығармасын қатал қазы көңілмен талдамай жүріп, піл табанына салып, таптап кетпек болғанына қатты қынжылыс білдіреді. «Әділ болу – аяу емес» деген төте көзқарасын да нықтай кетеді. Тургеневтің «Өз бойындағы өнерін шын сүйетін, кәрілікке амалсыз мойынұсына бастаған әрбір үлкен жазушы ертеңгі күнгі өзінің орнын басатын мұрагерін тапса, қандай қуанар еді?!» деген пікірін көлденең тартып, Сәбит сияқты ата қаламгердің қазақ әдебиетіндегі дүркірей шыққан талантты жас шоғырды көзге ілмеуіне наз айтады.

Бұлай сөйлеуінің жаны бар. Жазушы жауапкершілігіне келгенде, Нұрпейісовтің шоқтығы биік. Азапқа толы абырой қай шығармасына да тән. Әуелгідегі етженді «Курляндия» кейін араға бірталай жыл салып үштен біріне жұқарып, барынша өңделіп «Күткен күн» деген атпен оқырманның жаңа толқынымен қауышты.

«Қан мен тер» Әбдіжәмилді қаттырақ қамшылады. Студенттік ортаның әдеби бірлестігі отырысында да осы туынды жөнінде қызу талқылау болады. Әбіш Кекілбаев жасаған баяндама кеулеп отырып, шұрайлы шығарманың шатырын солқылдатқандай дауылды  пікірлерді жосылтады. Әсілі, шығармада құндылық болғаннан кейін тартыс туындайды.

Сонда Әбекең миығынан күліп: «Көне күпінің битіндей жабылдыңдар ғой» деп сүйсіне қызарақтайды. Әбіштің баяндамасын аз уақытқа сұрап алып, оннан астам ескертпесінің астын сызып мақұл көреді. Сәбеңе хатта осы жағдайдың астары ашылады. «Маған олар әлі тым адал, тым аңқау болғандықтан ойына келгенін беті-жүзіңе қарамай ашық айтып салатын» дей келіп інілерінің жанашыр пікірін аяққа жармасу деп қабылдамай, озғанды шалғайдан тартып, төмендегіні төбеден нұқып қою, бетіне бір жанды қаратпау тәрізді жарамсыз мінез ағаның даналығына кереғар екенін өткірлейді.

Әдебиетке де, қоғамға да «Біз жанбасақ!» деп жалаулатып, алаулатып келген Зейнолла Қабдолов хаты Әуезовпен қимай қоштасу сәтіне қанықтырады. «Өзің жоқта Мұхаңнан айырылдық, жетім қалдық. Өзіміз Мұхаңды Мәскеуге шығарып салған аэропортта ардагеріміздің орнына табыт қабылдадық. Естен тандық, зар жыладық, бірақ сенбедік. Ұйқыдағы ұлы жан шалқалап, қабірге түсіп бара жатты…» деп егіледі.

«Шіркін!» дейсің осындайда, Зейнолла аға айтқандайын, жақыны мен досынан, құрметтісі мен қимасынан айырылған әрбір пенде «көңілдің жайлауынан ел көшкендей» болатынын тірлікте ескере бермей,  қаза қасыңа келгенде барып аһ ұрып дағдаратынымыз неліктен? Бүгін бар, ертең жоқ өмірде ұрысқаннан гөрі ұғысқан, ғайбат отына күймей, сүріндірмей, сүйкенбей, қызғаныш пен кекшілдіктен аулақ жүрсек деп қашанғы аузымыз тозады? «Болар елдің баласы бірін-бірі батыр дейді!» деген қазақ мәтелін хан үкіміндей пір тұтсақ, қанекей! Даттаудан да, ақтаудан да аулақ жүрсекші!

***

Еуропалықтар хаты елжіреп төгілмейді. Нақпа-нақ, тақ-тұқ сөз орамдарынан сезім сөлін күту қиын. Франциядан хабарласқан  Ги Дарбуа «Күйреумен» танысқан соң, алғашқы екі томды оқуға ынтызар екенін айтады. Букинистік дүкендерден  таба алмағанын, мүмкін болса бірнеше аптаға оқи тұруға «Ымырт» пен «Сергелдеңді» жіберуін өтініп, қолқа салады. Германиядағы таныс-біліс Леонгарт Кошут «Соңғы парыздың» ешкім  сілкілей алмайтын тамаша шығарма болатынына кәміл сенім артады. Франциялық Лили Дени бір хатында қазақ-орыс сөздігін сұратса, екіншісінде «Сергелдеңді» аудару ниетін, үшінші хатта «Ымырттың» қазақша нұсқасына көз салғысы келетінін аңғартады.

Әбдіжәмил ағаның Лилиге жауап хатынан мақтаныш самалы еседі. Француз тілінде шыққан кітабы туралы «Ән салғым, секіргім келеді. Жас балаша мәз болдым!» деп ағынан жарылады. Өзінің екінші кітабы қолжазбасының 4-5 жыл сейфте жатқанын, қолға алуға жүрексінетінін дос көңілмен бөліседі.

Француздың белгілі сыншысы Луи Арагон Нұрпейісовтің «Ымырт» романын Әуезовтің «Абай», Гетенің «Вильгельм Майстер» романдарымен бір сөреге қатар қояды. Неміс әдебиетшісі Гудрун  Циглер экологиялық проблеманы «Сең» тәрізді қабырғалы туындыға айналдыруда Нұрпейісовтің Валентин Распутин мен Шыңғыс Айтматов тәрізді танымалдыққа жеткенін даралайды.

Әбдіжәмил Нұрпейісов жөнінде ресейлік жазушы, сыншылар пікірі салиқалы. Борис Панкин «Соңғы парызға» жанрлық тұрғыда роман-миф, роман-метафора деген анықтама береді. Нұрпейісовтің «Одиссеясы» деген атау да аузына түседі. «Қан мен терді» М.Шолоховтың «Тынық Доны», А.Толстойдың «Азапты сапарда» романдарымен бір деңгейде таниды. 

Лев Анинский Әбдіжәмилдің  кейінгі кейіпкерлерінің табиғаты этнопсихологиялық астарға негізделгенін артықшылық санайды. Николай Анастасьев Әбдіжәмилдің Германияда немістің зиялы қауымын философ Кант  туралы әрдайым төбемізден төніп тұрған жұлдызды аспан мен адамгершілік заңы тұтастығы аясындағы тосын толғамымен таңырқатқанын қызына әңгімелейді. Шығыссыз Батыс жоқ екендігіне сол жолы бұрынғыдан бетер көзіміз жетті деп түйіндейді.

Әбдіжәмил Нұрпейісов және оның әлемдік әдеби пейзаж аясындағы кітаптары жайлы арнайы дүние  жазуға «Соңғы парыздың» қозғаушы болғандығын  іштарта баяндайды. Өзі аударған «Соңғы парыз» туралы Анатолий Ким бұл шығарманы әлеуметтік-философиялық роман деп  түсінеді. Ертегідегі гректер трагедиясынан ұқсастық табады.

Павел Васинский жазушының шығармашылық тынымсыздығын: «Ол әлемді  құс сияқты шарлап жүр. Бүгін – Мәскеуде, ертең – Парижде, арғы күні таулы Индияда. Бұл – шекара ұғымынан  тыс адам» деп тамсанады. Георгий Пряхин Әбдіжәмилдің ұлттық бояуы анық интеллектуалдық ерекшелігін жоғары қояды. «Ақылды өзгеге күледі, данышпан өзін әурелейді. Ақылды ойлағанын айтады, данышпан өзінен не тыңдағысы келетінін айтады» деген қанатты баламадан Әбдіжәмил бейнесін көреді.

***

Отандастар пайымы парасаттан аспайды, шығандап таспайды. Әсіре сөзден де, бәсіре сөзден де кіп алатын кірпияз қаламгердің қай жағынан шығып қаламыз деген секем тізгінді тежей бергенге ұқсайды. Қалтай Мұхамеджанов «Қан мен тердей» ғұмырлы туындыны қайта шимайлаған Әбдіжәмилдің жансебілдігіне жағасын ұстайды. Нұрлан Оразалин шығарманың әр жолына барын салатын сөз ұстасы санайды. Асанәлі Әшімов әулиеге, Смағұл Елубаев қызғыш құсқа, Дмитрий Снегин адам жанын емдеушіге теңейді. Виктор Бадиков психолог деп ұғады. Сағат Әшімбаев Ақбаланы Анна Каренина, Катерина типіндегі оқшау бейнелер қатарына жатқызады. Ақселеу Сейдімбеков жазушы назарынан небір сұрқылтай оқиғалардың да қағыс қалмайтынын кейіпкер болмысынан табады. Мұрат Әуезов «Соңғы парызды» ХХ ғасыр әдебиетінің айрықша туындысы биігіне  көтереді.

Сейдахмет Құттықадам жазушының шығармашылық дәлізіне бастайды. Майдандағы толаста Толстойдың жұлымы шыққан «Соғыс және бейбітшілігін» аңтарыла парақтаған Әбдіжәмилге дананың демі қонғандай түйсік тінін тарқатады. «Курляндияға» Эмил Золяның «Тас-талқан» романы ықпалы болғандығына иек арта «Қан мен тер» Томас Манның «Сиқырлы тау» романымен рухтас туынды деген топшылауымен бөліседі. Терең мазмұнды сөз орамдарынан дәстүрлі жапон жырларымен үндестік көреді. Нұрлан Ерімбетов «Соңғы парыздағы» Жәдігер, Әзім, Мұқан бейнелерінің өмірдегі прототипін бүгінгі белсенділер арасынан ұшырастырады. 

Әбдіжәмилмен жақын араласқандар ішінде үшеудің  тілі үшкірлеу. Үзеңгі дос Герольд Бельгер ол туралы күнделік жазбаларының өзі бір томға жүк боларын аңдатады. Мінездемесі мірдің оғындай. «Соққыға қалқаны дайын, теңіз тұздап, аптабы пісіріп, жел-құзы шыңдаған. Мығым. Кез келген қимылы есептеулі. Асықпайды. Ұтысы – ұтымдылығында. Зерек. Көреген. Қазымыр. Сімер» деп түстейді. Төрегелді Шармановтың  жұмсақ қошеметі қаламгердің әңгімешілдігін, ғақлия көмбесі екендігін, таласта мергендей  дәл көздейтінін салыстыра келіп, оны уақыттан әлдеқайда озған  адам тұрпатында қабылдайды. Бигелді Ғабдуллин жазушы пошымынан сыр іздейді. «Кереқарыс маңдай. Жанары өткір. Паң. Еркін. Қалаған адамын шынтағынан не қолынан ұстайды. Көңілді сәттерде ішкі нұры бетке тебеді. Жасы ұлғайған сайын ізгіленіп, шырайлана түседі. Қазіргіше киінеді. Тұтынуы тазайын» деген нышандар – Әбдіжәмил портретінің тұрмыстық штрихтары.

Жинақта еркін пікір білдірген екеу – Әбенің жерлестері. Алғы шепте жолыққан қандыкөйлек замандасы Жансұлтан Жансүгіров естелігі ұрыс даласындағы қаталдықтан туындаған қорлықты бүкпесіз баяндайды. «Взвод командирі сержант жас қазақ баласын теуіп жатты. Окоп қазып діңкелеген жауынгер босалаңдығын әдейі жанаярлыққа балап, балағаттап та қояды». Жансұлтан дереу араша түсіп, окоп қазуына көмектесіп  тығырықтан алып шығады. Әбдіжәмилдің сауаты жететінін дәлелдеп, саяси жетекшілер дайындайтын әскери-саяси училищеге бес жолдаманың біріне іліктіреді. Қолынан да, тілінен де келетін сол  етітірілік бүгіндері Әбдіжәмил ағамен қоңсы  қонған. Шығанақ қолтығындағы қатарлас балықшы үйдің бірінде Әбдіжәмил, екіншісінде Сансызбай Құттыбаев өмірге келген. Інілік еркелікпен ағасын аспанмен тілдескен Беларанға теңеп, ағыс айналған басаттан өлеңдете тілек толқындатады.

***

Әбдіжәмил Нұрпейісовтің әр жылдарғы халықаралық, отандық жиындарда сөйлеген сөзі, түрлі басылымдарға берген сұхбаттарынан іріктелген толғамдар кітаптың соңғы бөлімінде «Әбенің сөзі» деген топтама құрайды. Париждің әдеби мінбесінен Абай мен Әуезовті ұлы қазақ, ұлт рухын адамзаттық ауқымға деңгейлестіруші қайталанбас тұлға дәрежесінде дәріптейді. Сәбит Мұқановты шыңдарды бағындырған альпинистше елестетеді. Қазақ әдебиетінің алыптар шоғырындағы Сәкен, Ілияс, Бейімбет бастаған сөз өнері тыңына түрен салған үздік үштік жалғасы Мұхтар, Сәбит, Ғабит шығармашылығының қалыптасудан дамуға жол тартқан бөлекше белес екендігін мәлімдейді. Тахауи Ахтановтың ой еркіндігі, шығармашылық шалымдылығы лайықты бағаланбағандығын жорықтас серігі тұрғысынан мұңая әңгімелейді.   

Жас буын өкілі Асқар Сүлейменовтің  жалындап тұрған  сыншылдығы, эрудициясы, шығармаларындағы ішкі иірім, ағыстар жайлы шуақты пікірін Чеховтың «Саусақтарың сынғанша жазып қалыңдар!» дейтін өсиет  аманатымен көмкереді. Көне дәуірдің көмескіленген аңыздары мен бабалар даналығына тұнып тұрған тарих қойнауына сұғына, алыс пен бүгіннің қабысу қиылысынан сыр селдеткен Әбіш Кекілбаевтың көркемдік  жаңашылдығына тәнті болады.

Балкар ақыны Қайсын Кулиевтің  халықшыл, қауымшыл қасиетіне қатты қызығады. Мұстай Кәрімнің таланты мен даңқы таразы басын теңселтіп көрмегеніне сүйсінісін ерекшелеп, «Әр адам бір сәт те естен шығармауы тиіс. Бұл жалғанда ең бірінші де, ең соңғы да емессің!» деген зауалды сауалды әмбеге арнайды.

Орыс жазушысы Юрий Казаковпен шығармашылық ынтымағын айрықша қастерлейді. Оның «Арктур – қуғыншы ит» атты тамаша әңгімесін оқу бойына,  шығармашылық үндестікке ынтызар болады. Орыс әдебиетіндегі лирикалық проза үрдісін түрлендіре тірілткен Казаков  Әбдіжәмилдің «Қан мен терін» орыс тілді оқырмандарға құндылығын асырып, құлпыртып жеткізген. «Романның қазақ тіліндегі нұсқасын қанша өңдесеңіз де, орыс тіліндегі үлгісіне қол тигізуші болмаңыз!» деген зілді талап Нұрпейісовті екі күн бойы қозғалмастан жазу столына таңып, нәтижесінде Төлеу мен Қалаудың анасы толғамы туралы тұтастай тарау өмірге келген. Сөзге аса ұста Казаковтың аңғарымпаздығы соншалық, романдағы «Мұржадан қою түтін шалқиды» деген мәтінге шұқшиып, «қыста аязды күндегі түтін сұйық және ақшыл болады!» деп тұқыртқаны естен кетер ме?!

Георгий Пряхин жадымызға салған бір шәлкем-шалыс сәт  еркісіз езу тартқызады. Нұрпейісовтің бас асаулығы Казаковтан кем соққан ба?! Бірде өзара әңгімеде екеуі  Шолоховқа қатысты сөзге келіп қалады. Бұл жақтайды, ол дау айтады. Мәскеудің шет жағындағы Юраның үйінен Әбдіжәмил шыға жөнеледі. Түн ортасында бейуақта көшеде  татуласып, басқа тақырыпты қаузайды. Әлі күнге «Қайдасың, Юра!» деп егіле еске салатын Әбе адал досқа құрмет ілтипаты ретінде оның «Түн» атты жинағын өз қаражатына кітап етіп шығарып, соңғы сөзін жазған.

***

Әбдіжәмил ағаның туған жерін қаншалықты тәу етіп, пір тұтатыны, елге барса алдына қалқан тұтатын Рүстем Айтжанов ақсақал мен қадір тұтар інісі Елеу Көшербаевтың азаматтық болмысын арқау еткен естелік парағынан самал желдей еседі.  Баяғы тұлғалар туралы «…Сор астында тұншығып жатқан туған жердің балшық-батпағын ұзын қоныш резеңке етікпен толарсақтан кешіп жүріп, жаппай жұмыла қимылдап жатқан  жұртқа ұйтқы болғанда, сонда, ол пақырлар отбасының күнделікті жан бағысы емес, өзінің жеке басының қамы емес, бүкіл ұлттың, күллі қоғамның тұтас игілігі ырысына бола жанын жалдап, қан сорпасы шығатын еді-ау!…»

Монолог типіндегі осы тектес  торығу сарыны Арал жайлы құлазыған көңіл пернесінен мұңды әуен шертеді. «Шүкір, шүкір ғой! Қан базарға айналған қала анау! Қазандай қайнап жатыр. Сол қазандай қайнаған қалада, сеңдей соқтығысқан ығы-жығы, абыр-сабыр, у-дудың арасында әлдекімді іздегендей екі көзің алақтап сен тұрасың. Кәрі жанарыңды сығырайтып әркімге бір қарайсың. Бірақ, танымайсың. Былайырақ ойланасың. Өзгерген кім? Бұлар ма? Мен бе?  Заман ба?  Әлде жылы жаққа ұшарда үйірінен адасып қалған қаздай, қатарының бәрі кеткен кәрі көңіл не болса соған құсаланып, ар жағы құрғыр ит өлгендей ұлып  тұра ма?»…

Әбдіжәмил әлемі биіктік пен тереңдік арақатынасынан тұрады. «Ауыз-екі әңгімесін, жол-жөнекей пікірін тыңдаудың өзі ғанибет» дейді аралас-құралас болғандар. Жазба сөзінің қуаты қандай екенін оқырман жақсы  біледі. Көркем шығарманың иесі – кейіпкер. Автордың  сөз қуған сәтіндегі жан құбылысы көп жағдайда басқа бір  тікелей өз көзқарасын елші қылған мақаласынан, түйдек  толғамынан жалт етіп көз аулайды.

Біз тоқталып отырған, хал-қадарымызша көпшілікке насихат жасаған «Әбе» кітабындағы сырт әсерді жазушының ішкі иірімі асау толқынның өзін жұтып алғандай шапшаңдықпен қақпақылдай жөнеледі. Ол қандай мінбеден болмасын ірі сөйлейді. Әлбетте, ірі сөз ірі ойдан туындайды. Өзін ұлтының бір бөлшегі ғана емес, алға бастыратын маңызды тегершіктерінің бірі ретінде жауапкершілік жүгіне арқа тосады. Әлемдік жиындарда «Менің халқым!» деп ел атынан өкілдік алады. «Мен даланың ұлымын!» дегенді бастырмалатып, жержүзілік  ендікке қазақы кеңдікті балама етеді. «Ұл парызы» деген тіркеске күш бітіре, туған жер, Отанға шексіз берілгендік туын желбірете, жас балаша желкілдей жөнеледі.  «Тура биде туған жоқ»  дегеннен танбайтын өрлігімен пендешілік атаулыға қоңсы қонбасын Шәкәрімнің «Бір Толстойдың өзі Исламның жүз сопысынан да шыншыл» деп келетін уәжімен бедерлейді.

«…Қазір мен жас кезімде ұзақ ұйқыға кетіп, қартайған шағымда қайта оянған жандай сезінемін» деп  басталған ширыққан ой кеңестік дәуірге шегініс жасатады. Деректері дір еткізеді. Коллективтендірудегі қысастық  ашаршылыққа ұласқанда бір-жар жыл ішінде 3 миллион  қазақтың  жан тапсырғаны, қуғын-сүргін кезінде қаншама адам, алғыр азаматтар жер аударылып атылғаны, соғыс жарты миллиондай қазақты жалмағаны жанарыңа жас үйірілтеді. «Өмір бойы отандастарымның өлімін көрумен келемін» деп налиды. Тыңды игеру деген желеумен Қазақстанға 3 миллион адам басқа жақтан әкелінді. Империялық саясат ұлтты нығайтуды  ойлаған жоқ. Әйтпесе бір кездері Ресейге, Өзбекстанға, Қарақалпақстанға, Түркменияға далбасалап кеткен 2 миллион қазақты өз еліне қайта қоныстандырар еді ғой?!

Қан қыздырған таласта ол бетің бар, жүзің бар демей,  турасына басады. Тайраңдаған казактардың тоқсаныншы жылдар басында Орал, Шығыс Қазақстан, Қостанай жағын Ресейге телігісі келгенін, сондайлардың қолтығына су бүріккен Солженициннің «Көшпенділердің табыны бір өткен жер Қазақстандікі бола бере ме?» деген солақай сілтемесін қақырата соққылайды. Волга жағалауынан Тарын су қоймасына, Әмудариядан Ертіске дейін сан рет шиырлап, алаңсыз жайлағанын,  1595-1846 жылдар аралығында ұлы князь Федордан І Николайға дейін қазақ иеленушілермен келіссөз жүргізгенін, 1895 жылғы энциклопедияда Оралда 79, Ақмолада 73, Семейде 90 пайыз қазақтар тұрғанын көлденең тартады. Қазақ шекарасын алыс замандарда құдық пен жайлау құрағанын да тілге тиек етеді. Саны аз, жері мол  ұлттың атамирас жері – күллі Азияның кілті мен қақпасы дегенді де сыналай кетеді.

***

Әбдіжәмил аға қазақ болмысы туралы жеріне жеткізе нығарлайды. Мынау жалған дүниеде құдайы қонақ ұғымын мәңгі бақилық ұстаным тұтқан қазақ ғана. Өзінен артылмақ түгіл, жетпей тұрса да діліне, тіліне, ұлтына қарамастан әлсіз босқындарға қалай болысты десеңізші! Арғы жағына өрлесе, қылыштың жүзімен біте қоймайтын еларалық күңкілді тілдің күшімен  жедел шешкен мыңжылдық билер  институты  еріксіз тосылдырады.

Қазақ халқының философиялық ойлау, поэтикалық сөйлеу жүйесіне кім таңырқамаған?! Осы ерекшелікті ескергісі келмейтіндерді адам құқын ұлт құқығына қарсы қоюдан, өзгенің  құндылығын  кемсітуден сақтандыра келіп, «қайырсыз, қуанышсыз, сенімсіздікпен, жек көрумен өткізген әрбір күн кешірімсіз!» деген адамзаттық айып артады. Бұл пікірін «Адам ғылыми-техникалық тасқынға өзінің мазасыз  арынан басқа нені қарсы қоя  алады?» деп және үстемелейді. Одан әрі тереңдете түсіп, «Табиғатты экономикадан, ұлттық рухтан бөлмеу керек. Осыған енді тілді қосыңыз!» деп таразы басын теңселтіп жіберетін экологиялық апаттың өлшеп болмас қасіретіне  алаңдайды. Ежелгі египеттіктердің су жолын бөгеуді кісі өлтіргенмен пара-пар санайтынын қаһарлана  еске салады.

Қазағым деп аузы тозған қаламгер Омбы сапарында ашыла сыр шертеді. Осыдан ғасырға жуық уақыт бұрын Еуропа мәдениеті үлгісінде қалыптасқан қазақтың ұлы ұлдары ел болашағы жайлы еркін ойды маздатқан Омбы қаласының қашанда жүрекке жақын, көзге ыстық екеніне құрметпен бас иеді. Мұндағы жүз мыңға жуық қандастарға жазушының жазу столында жұмбақ үмітпен, салтанатты сәтпен бетпе-бет қалатыны сияқты бауырмалдық, сағыныш сәлемін жолдайды. Оқырмандық әсер оның тұңғыш астанамыз Орынбор турасындағы көңіл түкпіріндегі жұптаулы ойларына да ортақтаспақ бұйымтайын айтып қалғысы бар.

Шамалаған шығарсыз, Нұрпейісовтің қалам ұшында сөздің лебі, парыздың жүгі ойнақ салады. Оқысаң да, тыңдасаң да тамсанасың. Қайраткерлік ойлармен санасасың. Алыстан арбасып, жақыннан жанасып көңілдің көкдөненіне қамшыны басады. Кеңістік шахмат тақтасындай шектеулі емес, мат қоя алмайсың, алайда мезгілі жеткен дат айтасың!

Әбдіжәмил аға Памирдегі «И» деген көне тілі сақталған күйкентай халықты бекерге мысалға алмайды. Цивилизацияның сүйреуіне келіңкіремей жатқан ауыл проблемасы өзегін өртейді. «Ондағылардың өмірі күнде, жылда күрес. Ауыр тіршілік. Меңдеген ауру. Жұтаңданған жер. Оларда жекешелендіретін дәнеңе жоқ. Ауыл көкпарға тартқан серке тәрізді. Таланттар да, бүкіл мықтылар да ауылдан шыққан. Анау ығып жүрген жұмыссыздарды алдан не күтеді? Ауыл бізді кешіре ме екен?!» Ол бұл ащы запырандай шындықты 2002 жылы «Литературная газетада» жариялады. Бүгінгі күні бетбұрысқа қарап қозғау салудың ықпалын бажайлағандаймыз.

***

«Әбе» жинағы Әбдіжәмил сынды әдебиет алыбының бар шынын түгін қалдырмай түптеп берген. Майдангер талапкердің мүйізі қарағайдай ақын-жазушыларды айран-асыр қалдырып, тұңғыш романы «Курляндиямен» Жамбыл атындағы сыйлықты қанжығаға байлағаны, сірә да атар таңның арайындай заңды белес екен. «Қан мен тер» трилогиясының бір ғана орыс тілінде 6 млн данамен тарағаны – керемет көрсеткіш. Заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтің «Қан мен тердің» бірінші кітабын оқығанда: «Қазақ тілінде мұндай шығармалардың көрінгені, демек, біздің әдебиеттің болашағы бар» деп көңілі толуында үлкен сенім жатыр. «Қан мен тер» тәрізді «Соңғы парыз» да 35 тілге аударылған. Нұрпейісовтің хас шеберді талмай іздеген шыдамын қараңыз. Талантты жазушы һәм публицист Юрий Казаковты 7 жыл, Анатолий Кимді 14 жыл күткенін көрегендік демей көріңіз. Аудармашылар да автор табиғатын дәл таныған. Казаков «Іші әндетіп тұрады» десе, Ким «Ол – ақын, мифтік тұлға» деп аспандатады.

Күзгі шық пен қысқы қырауға ұқсайтын өмір өрнектері еріксіз езу тартқызып, сырттай сүйсінтеді де. Мәскеудегі әдебиет институтын бітіріп, Алматыға оралған Әбдіжәмил баспана таппай дағдарғанда, досы Зейнолла Қабдоловты сағалайды. Оларда тоғыз, бұларда үш, барлығы – 12 жан подвалдың бір бөлігінде қалай сыйысты десеңізші?! «Кішкентай терезеден адамдардың етігі мен бәтеңкесі көрінетін» деп жазады  Әбдіжәмил аға. Бигелді Ғабдуллин жазушының қолжазбаға тәуліктің үштен екісін арнайтынын, телекамера алдында қарауылға іліккен қояндай тырп етпей қатып қалатынын қызықтыра әңгімелейді. Осы жинақтан оның жаз айында жазуға құлықты еместігін де білдік…

Қырандар қалғымайды, қалжырауы ғана мүмкін. Сол тәрізді Әбдіжәмил Нұрпейісовтің топшысы алдымен өзіне батады. Кеңес дәуірінің соңғы сағаты соққанда жауар бұлттай түнеріп, бүкіл наградасын қоқыс жәшігіне атып ұрады. Халық жазушысы деген атақты да суқаны сүймейтіндей. Оған салса «Әлемдік әдебиет кітапханасының» 200 томдығын  әзірлеуге қатысқаны үшін алған грамотасы әлдеқайда жақынырақ. Ел болашағына қатысты мақаланы оқымағаны үшін бір әкімге «Ендеше, Сіз Отан патриоты емессіз!» деп тарпа бас салуы жұртым дейтін жауынгер жазушының намыс найзағайындай болмысын паш етеді. Сексен жастың мерей нүктесін Ақтөбе түбіндегі көл жағасында табиғаттан нәр ала отырып көңіл парағына түсірген қаламгердің жастық шақ шарпуына елтігені риясыз. Қанаттас досы Мұстай Кәрімнің 85 жылдық салтанатында төбе көрсетуге Уфаға 800 шақырым дала жолымен туралатуы қайсарлық емей немене?!

Кітаптың алғы сөзінде айшықталған «Қан мен терді» ғасыр басындағы сергелдең, «Курляндияны» ғасыр ортасындағы сұрапыл, «Соңғы парызды» ғасыр соңындағы сүргін деген жүйелеуді әділ сөз көреміз. Әлқиссамыздың басында жиенге берген жазушы қолтаңбасына иек артып едік. Сол тілек сұңғыла суреткердің кейінгі ұрпаққа аманаты да секілді. «Зиядин! Баяғыдай бір жұртта ірге ажырамай, үнемі бірге өмір кешетін заман жоқ. Қыр тағысындай әркім әр қияда тірлік кешіп жатыр ғой. Сендер де «сақалы шығып, жаз болып» барасыңдар. Қай қияда жүрсең де аман жүр. Ата-анаңа қуаныш, халқыңа мақтаныш азамат болардай  жұртқа ығың  бар жігіт болғайсың!» Біз де «Жығылсаң нардан жығыл!» дегендей, тау тұлғаның шығармашылық баурайынан гүл тергендей сыр бүктік.

Р.s. Қазақстанның Еңбек Ері, дүниежүзіне танымал жазушы Әбдіжәміл Нұрпейісовтің 7 томдық әдеби мұрасы оқырман қауымды айрықша елең еткізді. Аталған дүниенің 4-томында  жинақталған зерттеулер арасында аралдық қаламгер Жаңабай Кемалдың «Суреткер серті семсердей» атты мақаласы көзге оттай басылады. Мұндай шығармашылық сәттілік екінің біріне бұйыра бермейді. Демек, журналистика жүйрігінің әдеби процесті бағамдауы көптомдықты құрастырушыларды тәнті еткені даусыз.

Жаңабай КЕМАЛ,

Халықаралық «Дарабоз» әдеби бәйгесінің жүлдегері

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<