Сыр өңірінің денсаулық сақтау саласында соңында өзіндік қолтаңба қалдырған құрметті азаматтардың бірі Мұхтар Бейiсұлы екеніне ешкімнің таласы бола қоймас. Ол өз дәрігерлік жолын медицинаның аса күрделі де жауапты тармағы – ана мен бала денсаулығын қорғаудан бастады. Кейін саланың басқа бөлігінде де өзінің бірегей тұлға екенін ісімен көрсете білді.
М.Бейісұлы 1949 жылы Арал ауданы Шөмiшкөл елді мекенінде дүние есігін ашты. 1967 жылы Арал қаласындағы Т.Шевченко атындағы орта мектепті бітірді. Еңбекке ерте араласып, «Қызылорда құрылыс тресі» мекемесiнiң Аралдағы бөлiмшесiнде столяр-ағаш ұстасы болды. Мектепті жаңа бітірген жас баланың өзіне тапсырылған жұмысқа ыждағаттылығы және құрылысқа қабілетті болар, ұжымда өзін кәнігі ұста ретінде таныта білді. Кеңестік армия қатарына шақырылып, екі жыл ел қорғау ісіне араласты. Белоруссияның атақты «Брест» қамалында, кейiн Чехословакия елiнде әскери борышын абыроймен атқарды. 1970-1976 жылдары Ақтөбе мемлекеттiк медицина институтының педиатрия факультетiнде оқып, туған жеріне жоғары білімді бала дәрігері болып оралды. Қызылорда облыстық ауруханасында педиатриядан бiр жылдық интернатурадан өтті.
Бойындағы адамдарды ұйымдастыра білу қабілетін байқаған денсаулық сақтау басшысы оны 1977 жылы Қармақшы ауданының бас бала дәрігерi етіп тағайындады. 1979-1982 жылдары Қызылорда қалалық бiрiккен балалар ауруханасында лор дәрiгерi болып еңбек етті.
Мен 1982 жылы мамыр айында облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы болып жұмысқа кірістім. Облыс көлемінде бала өлімін азайту күн тәртібіне қойылды. Міне, осы кезде Мұхтарды облыстық денсаулық сақтау бөліміне инспекторлыққа ауыстырып, кейін облыстық бас бала дәрігерлігіне тағайындалды. Әрине, бала денсаулығын қорғау саласы ең бір жауапты қызметтердің бірі болатын. Бала шетінеуін төмендету жолдарын іздестіру, оны облыс көлемінде жүзеге асыруды қадағалау Мұхтар Бейісұлына жүктелді. Сол кезде облыстың бас бала дәрігері лауазымын тағайындауда да сынақ жүргізуді ҚР Денсаулық сақтау министрінің өзі атқарғанын еске салсақ жеткілікті. Ол тағайындау сынағынан мүдірмей өтіп, ауыр саланың бар ауыртпалығын көтере білді. Облыс көлеміндегі педиатрлардың басын қосып, яғни Базарбай Атабаев, Серікбай Тұрсынбаев, Мұхтар Бейісов болып, бірге облыс көлеміндегі бала өлімін азайту мақсатында қызу жұмыс істелді. Аудандарды аралап, облыс орталығында балалар жан сақтау бөлімдерін ашып, маман даярлап, аудан орталықтарына жұмысқа жіберілді. Сөйтіп, қыстағы өкпе, жаздағы іш ауруларынан балаларды аман алып қалу жолдары белгіленіп, осы жұмыстарды қадағалауда Мұхтар белсенділігі және білімін көрсетті. Облыс көлемінде штаб құрылып, бала өліміне қарсы жоспар құрылып, үлкен жұмыс басталды. Осы жұмыстардың басында Мұхтар ұйымдастырушылығын танытты. Сөйтіп, аурудың беті қайтып, балалар өлімі облыс көлемінде азая бастады.
Барлық аудандарды басқарма басшысымен және басқа әріптестерімен бірге аралап, балаларға көрсетілетін анестезиологиялық-реанимациялық көмектің негізін қалауға атсалысты. Ол балалар аурушаңдығы мен шетiнеу көрсеткiштерiнiң жақсаруына, облыс көлемінде нәрестелерге арналған микропедиатриялық көмектің аяққа тұруына ықпал етіп, сәби өлiмі көрсеткішінің екi есе азаюына қол жеткiздi. Оның тiкелей араласуымен облыста алғаш рет Халықаралық ЮНИСЕФ бағдарламалары енгiзiлдi. Бағдарламаның қала, аудан, тіпті ауыл медицинасында жүзеге асуын тікелей қадағалап, үйлестірушілердің көмегімен жергілікті мамандар даярлады. Арнайы оқыту орталығын ашты. Халықаралық «Бөбек» қорымен тығыз байланыс орнатты.
Мұхтар облыс көлемінде осындай көптеген ұйымдастыру жұмыстарын бастап, елге белгілі азамат болды. Оның ұйымдастырушылық қабілеті тағы да ескеріліп, 1992 жылы қалалық біріккен балалар ауруханасының бас дәрігері етіп тағайындадым. Сөйтіп, Мұхтар Бейісов 1992-1999 жылдары Қызылорда қалалық бiрiккен балалар ауруханасының бас дәрiгерi қызметін атқарды. Осы мерзімде аурухананың материалдық-техникалық базасы анағұрлым нығайды. Еліміз егемендікті енді алған қиын-қыстау, медицина қызметкерлерінің жалақысы бірде бар, бірде жоқ кезде ұжымды шашыратпай, бала денсаулығын қорғау ісіне жұмылдыра білді. Аты қалалық болғанымен, облыстағы балаларға маманданған медициналық көмек көрсететін жалғыз аурухананың қаланың әр жерінде шашырай орналасқан бөлімшелер жұмысын үйлестіру оңай шаруа емес еді. Дегенмен, осы кездің өзінде бөлiмшелер санын 3-тен 12-ге дейiн көбейтті. Облыс дәрігерлерінің білімін арттыру үшін Алматы дәрігерлер білімін жетілдіру институтынан білікті дәрігер-ұстаздар шақырып, педиатрлардың алысқа шабылмай, Қызылорда қаласында кәсіби шеберлігін шыңдауына барынша жағдай жасады.
1997 жылы аурухана жанынан педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы облыстық бөлiмiнің ашылуын қамтамасыз етті. Сөйтіп, бірнеше жас дәрігер өз практикалық жұмысында жүріп-ақ ғылыммен етене айналысуға мүмкіндік алды. 1998 жылы республика бала дәрiгерлерiнiң басын қосқан «Экология және балалар» атты аймақтық ғылыми-практикалық конференцияның Қызылорда қаласында аурухана базасында өткізілуін ұйымдастырды. Конференция жоғары деңгейде өтті. Оған арналып ғылыми мақалалар жинағы шықты.
1999-2000 жылдары Тасбөгет кентiндегi №4 қалалық емхана бас дәрiгерi болды, қалалық денсаулық сақтау бөлiмiн басқарды. Бір айта кетерлігі, №4 емханада бас дәрiгер болған кезінде тозығы жеткен ескі емхананың жаңа ғимаратқа көшуін жүзеге асырды. 2000-2003 жылдары облыстық наркология диспансерінің бас дәрiгерлiгі қызметінде дәрiгерлер саны 65-тен 101-ге дейiн, дәрiгерлердiң және мейiрбикелердiң санаттық дәреже иелену көрсеткіші анағұрлым өсуiне мүмкіндіктер жасады. Мекеме қолданысындағы медициналық құжаттар түгелдей қазақ тiлiне көшiрiлдi. Диспансердің жаңа ғимараты – бұрынғы облыстық аурухананың ескі орны болатын. Жаңа орталыққа көшуді жоспарлаған аурухана жөндеу жұмыстарын көрмейтіні белгілі. Мұхтар Бейісұлы оны наркологиялық емдеу мекемесіне лайықтап, қайта жөндеуден өткізді. Құрылыс-жөндеу жұмыстарына да бас дәрігермін деп қарап тұрмай, араласып кететін. Қызметкерлерді жеңіл құрылыс жұмыстарына өзі үйретті. Арухана ауласын адам танымастай абаттандырып, әсем гүлдерге және жасыл желекке орады. Диспансерде наркологиялық көмектi заман талабына сай ұйымдастыру үшiн физиотерапевтiк, функционалдық диагностика, психотерапевтiк және сыр шашпай (анонимдiк) емдеу кабинеттерi ашылды. Жаңа бөлімшелер – балалар және жасөспірімдер наркологиялық бөлімшесі және оңалту (реабилитациялық) бөлімшесі ашылды. Жас нарколог дәрігерлер ғылыммен айналыса бастады.
Емделушiлердiң бос уақытын тиімді пайдалануы және спортпен айналысуы үшін екi жазғы спорт алаңы, сондай-ақ жаңылып, өмірдің талқысына түскен науқастарды имандылыққа баулу мақсатында намаз оқу бөлмесi ашылды.
2004-2014 жылдары №2 қалалық емхананың бас дәрiгерi болған кезінде де қала орталығынан тысқары өмір сүрген қала тұрғындарының лайықты медициналық қызмет алуына барынша жағдай жасады. Жаңа кабинеттер ашып, ұжым бірлігі арта түсті. Жаңа емхана құрылысын жүргізу бойынша бастама көтерді. Ол құрметті еңбек демалысына шыққан кезінде де қол қусырып қарап отырмады. Қызылорда облысы медицина қызметкерлерiнiң облыстық қоғамдық бiрлестiгiн құрып, төраға болды. Бірлестіктің «Сыр медицинасы» газетiн шығарып, медицина қызметкерлерін ынталандыру мақсатында «Сыр медицинасының үздігі» медалін тағайындап, лайықтыларды марапаттады.
Оның қажырлы еңбегі ескеріліп, КСРО және Қазақстан Республикасының «Денсаулық сақтау iсiнiң үздiгi» төсбелгілерімен марапатталды. ҚР педиатрларының ІІ-ІV съездерiне делегат болып қатысты. ІІ-съезде Қызылорда облысының педиатрия саласының сол кездегi өзектi мәселелерiн көтерiп, жақсарту жолдарын баяндады. Бiрнеше рет Президиум мүшесi болды. 1986 жылы Мәскеу қаласында өткен педиатрлардың бүкiлодақтық ХІІ съезiне де делегат болып қатысты. Облыс медицинасына қосқан үлесі үшiн «Ерен еңбегі үшін» медалімен, ҚР Президентiнiң және облыс әкiмiнің бiрнеше алғыс хаттарымен, сонымен қатар «Пирогов», «Гиппократ» және Қызылорда қаласының мерейтойлық төсбелгілермен марапатталды.
Әрине, оның осыншама еңбек жолында еш кедергі болмады деп айта алмас едік. Тумысынан тура, жалтақтауды білмейтін Мұхтар Бейісұлы қарапайым жандардың мұң-мұқтажына бейжай қарамай тірлік етті. Басшылардың кейбіріне әділдік іздеген тірліктері жақпады, біршама уақыт жұмыссыздықты да басынан кешірді. Дегенмен, оның бойындағы қажымас қайрат пен озық ой елге қызмет етер тұстарда қайта маздап жанды. Оның дәрігерлігіне қоса құрылыс саласының кәнігі маман ретіндегі бітірген көптеген шаруалары көрген жанды тәнті етеді. Өзінің бұл қабілетін басқарған ауруханаларда көрсете білді. Қай кезде болса да, Мұхаң таза жұмыс атқарып, елдің құрметіне бөленген жан болды. Иә, Мұхтар нағыз таза азамат, дәрігер-педиатр болып қызмет істеп, елге көп көмегін тигізді.
Баулыған шәкірттері ауданның бас педиатры, аурухана бас дәрігері, денсаулық сақтау басқармасы басшысы да болды. Мұхтар Бейісұлына Қармақшы ауданының тумасы, дәрігер Үрмия Қожахметқызымен отау құрып, 2 ұл және 1 қыз тәрбиелеп өсіріп, олардан өнген 8 немересiнің де қызығын көруге тағдыр жазды. Үрмия екеуі құрған дәрігерлік «Жанар» орталығы кеңейтіліп, облыс халқына медициналық қызмет көрсетуде. Бүгінде оның өзі негізін қалаған «Сыр медицинасы» бірлестігі және газеті жұмысын жалғастыруда.
Мұхтар Бейісұлының облыс медицина саласында өшпестей ізі қалды. Оны Қызылорда халқы және медицина саласы үлкен құрметпен еске алады.
Ернияз ОМАРОВ,
Республикаға еңбегі сіңген
дәрігер, ғылым кандидаты,
Сырдария ауданы және Қызылорда облысының
құрметті азаматы.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<