Табиғаттанушы деген бар. Әдебиеттанушы деген де бар. Арыдағы Мұхамеджан Қаратаев сынды Сыр тумаларын айтпағанда, қазір де олар ортамызда жүр. Қызылорданың өзіндегі Қорқыт ата университетінде филология ғылымдарының докторы Бағдат Кәрібозұлы, Рақымжан Тұрысбек сияқты белгілі әдебиеттанушылар қызмет етеді.
Қызылордада тағы бір «танушы» бар. Таланттанушы. Бұл – жаңа бағыт. Әлі де сирек құбылыс. Аз ғана адамдардың бойында бар қабілет. Өзі мамандық, сала ретінде енді қалыптасып жатыр. Соны қалыптастырғанның бірі – біздің ежелден досымыз, әріптесіміз, сырласымыз – Жағыппар Қарабала. Сырдың тумасы. Бүгінде тұлғасы.
Жалпы аймақта өмір сүргеніне қарамастан, орталықты, астананы мойындату – Сыр өңірінің қарымды қайраткерлері мен қаламгерлеріне тән. Исатай Әбдікәрімов 1978 жылы талайларды, оның ішінде саясатқа қатысты мақалалар жазуға талпынып жүрген студент бізді де таңғалдырып, сол тұста республика бойынша екінші қызмет – Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесі Президиумының Төрағасы болып шыға келген. Немесе Асқар Тоқмағамбетовті алайық. Қазақ сатирасының қолбасшысына айналу үшін ол кісіге Алматыны жағалап, Алатауды сағалаудың еш қажеті болмады. Сырдарияның жағасына оңаша үй тігіп алып, сонда жазған сықақтары бүкіл қазақ даласын күлкіге қарық қылды. Міне, осындай ерекшелік бүгінде Жағыппар Аманжолұлы Қарабалаға тән.
Таланттанушы дегеніміздің әлемдегі атауы – продюсер. Қазақстанға ХХІ ғасырда жете бастаған кәсіп. Оның көшін бастағанның бірі де бірегейі Жағыппар Аманжолұлы өзін өзі даярлады, жетілдірді. Өйткені, ол журналистік мамандықты таңдаған өткен ғасырдың жетпісінші жылдарының ортасы тұрмақ, қазіргі заманның өзінде продюсер болудың арнайы оқуы жоқ.
Иә, әзірге біздің телевизия мен өнер салаларында бағытталған факультеттерде журналист, режиссер, тележүргізуші, оператор, дизайнер сынды мамандықтар оқытылады. Ал продюсер болуды өмірдің өзі үйретеді. Осылай үйреніп, өзі кемінде отыз жылдық тәжірибе жинақтаған Жағыппар Аманжолұлын қазіргі қазақ ортасындағы ең үздік продюсер, яғни таланттанушы деп санаймыз.
Еліміз енді тәуелсіздік алып жатқан тұста Қазақ телевизиясында танымал болған «Әнші балапан» бағдарламасына Қызылорда облысынан ұл-қыздарды тауып, анықтап, аудан, қала, одан облыстық електен, анығында сайыстан өткізіп ел астанасындағы қорытынды бәсекеге аттандыру – Жағыппардың продюсерлік жолындағы алғашқы қадам еді. Сол қадамында-ақ ерекше табысқа жетті. Бұл бірінші рет алтын іздеп шыққан геологтың сол алтынды бірден қолына ұстағанымен бірдей шығар.
Жағыппар Аманжолұлы сонау 1992 жылы республикалық «Әнші балапан» телевизия конкурсы үшін Қызылордадан Мәдина Сәдуақасованы әкелді. Тапсырма өзінің тікелей басшысы, сол кездегі облыстық телевизия және радио хабарлары комитетінің төрағасы Әбдіжәлел Бәкір ағасынан түседі. Қайткенде де Алматыға жас балалар атынан облыстың намысын қорғайтын әнші баруы керек. Мәдина болса бірден жарқ етіп, облысың не, республикаға танымал болып шықты. Оның талант бұлағының көзін ашқан Жағыппар ағасы екеніне ешкімнің таласы жоқ.
Алмас Кішкенбаев та солай табылған. Ол өзін тапқан, тәрбиелеген Жағыппар ағасының сенімін ақтап, «Әнші балапан» конкурсынан республикалық Гран-при алып оралды. Одан облыстық деңгейге қайта түсіп қалмай, Париж бен Таллинге бірден қанат сермеді. Бірінде фестивальдағы айтулы әнші атанса, екіншісінде «Super Star»-дың жеңімпазы болып, шынында ән көгіндегі жаңа жұлдыз болып жарқырады.
Егер таза табыс, пайда іздеген продюсер болса екі талантты тізгіндеп ұстаса жетер еді. Солардың концерттен, жарнамадан, клиптен және басқасынан түсіретін табыстарынан шөміштеп емес, шелектеп көсіп алып отыра берсе де жарасады. Тапқан, ашқан өзі. Ешкімнің дауы жоқ. Енді заңды түрде шарт жасап, қарамағына алып, әрі қарай жеке жетегінде ұстауына болар еді. Ресейде талай продюсер талай әншіге осылай істеген. Бірақ бәрі күндердің күнінде ақпарат құралдарындағы ашық даумен, тіпті жабық соттармен аяқталып жатты.
Ондайды білсе де, білмесе де Жағыппар талантты жасты заң жолымен меншіктеу әрі сол арқылы пайда табу дегенге жоламады. Қайта олардың жолдарын ашып беріп, өнер аспанына өз қолымен аттандырып жатты. «Қиналсаңдар айтыңдар, көмек беруге дайынмын» деді. Қолынан ұшқан таланттың бәріне аға болып, әке болып Қызылордасында қала берді. Бұл кезде Парламентке депутат болып кеткен Әбдіжәлел ағасының орнында өзі отырды.
Бірақ, болдым, толдым демеді. Қызылорда телевизиясында ақыл айтылатын алқалы жиынның, шашу шашылған тойдың қандайы өтпесін төрінде отыруға, бірінші сөзді беруге Әбдіжәлел Бәкірді шақыратынын өзіміз талай рет көзімізбен көрдік. Мұның аты – аға сыйлау. Бүгінгілер арасында жоғала бастаған қасиеттің бірі. Соны сақтап, ұстанып отырған Жағыппар Қарабаланы қалай құрметтемеске!
Әбдіжәлел Бәкір сынды көзі тірі ағалардан қаймықты, сөз естіп қалармын деп қорықты, сол үшін шақыратын шығар деп ойларсыз. Онда өзіміз бірнеше рет куәгер болған Жақсылық Бекқожаев, Есенгелді Шілдебаев сынды өмірден өткен телевизияның тарландарының құрметіне өткізілетін спорт турнирлеріне не дейсіз?! Демек, өткенді құрметтеу, өзіне дейінгі тұлғалардың тірі болса батасын алу, өлі болса аруағын риза ету – «Қазақстан» Республикалық телерадио корпорациясы» АҚ Қызылорда облыстық филиалының директоры Жағыппар Қарабаланың қанында бар қасиет.
Енді өзіміздің сорабымызды тауып, таланттанушының одан арғы табыстарын тізбелейік. Гүлнұр Оразымбетова. Сырдария жағасынан шыққан жас толқынның тағы бір өкілі. Оны біздің филиалдың директоры Жағыппар Қарабала 13 пен 18 жас аралығындағылар үшін ұйымдастырған «Таңшолпан» конкурсында тапты. Қатысқан жылы-ақ Гүлнұр жеңімпаз атанды. Кейін осы облыстық «Таңшолпан» байқауының бес жылдығы құрметіне барлық жеңімпаздарын жарыстырады. Бұл да ойы озық, санасы тұнық, яғни ақшамен тұманданбаған продюсердің тапқырлығы шығар. Сонда Гүлнұр үздіктердің ішіндегі үздігі атанып, Гран-приді иеленді. Кейінгі республикалық «Жас қанат» және басқа байқаулардың жеңімпазы болып жүрген әнші қызға өзін қанаттандырған облыстық телевизияның жүлдесі бәрінен қымбат шығар деп ойлаймыз. Сол Гүлнұр жылдар жылжығанда өзі алғаш жеңімпаз атанған «Таңшолпан» байқауы аттас, тек енді республикалық арнадан шығатын бағдарламада жүргізуші болып отыр. Бойында Жағыппар ағасының тәрбиесі болғандықтан, оған таңғалудың реті жоқ.
Өмірқұл Айниязов. Бұл – таланттанушы Жағыппар ашқан келесі қазына. Әлгі «Әнші балапан» байқауына тағы бір жылы ауыл аралап жүріп тауып келген жас өнерпазы. Телевизиядағы жарыққа қарауды да, залда отырған халыққа қарауды да оған жалықпай үйретті. «Әнші балапаннан» соң Сара Назарбаеваның қорының қамқорлығымен өткен «Айналайын» халықаралық фестиваліне апарды. Сөйтіп Сырдан кезекті өнер сұңқары қанат қақты.
Бұл жолы да Жағыппар алдымен таланттанушы болса, одан әрі дағдысымен ұстаздық, тәлімгерлік қабілетін байқатты. Өмірқұлға «сен жалаң эстрадаға жүгенбе» деді. Сыр бойы толған жыраулар. Сол құтты өлкенің дәстүрін жалғастырып этнографияны, яғни толғауларды жаңаша орындауды тапсырды. Осылайша Өмірқұл Айниязов этнорок жанрындағы орындаушы болып қалыптасты. Оның концерттерін телевизия арқылы насихаттады. Өйткені, Алматы мен ел астанасындағы көптеген концерттер таза эстрадалық сипатта өтіп, этнорок ескерілмей жатады. Ендеше халық Өмірқұлды тануы мен өнеріне тамсануы үшін телевизия төрінен көбірек орын берілсін. Бұл орайда Жағыппардың қатесіз, тура саясат ұстанғаны даусыз.
Телевизия директоры тұсауын кесіп, өнер сапарына аттандырғандардың ішінде Бибігүл Жанұзақтың жөні тіпті, бөлек. Қазалы ауданындағы Үрмаш Түктібаев ауылынан тауып еді. Облыстық телевизия ұйымдастыратын түрлі конкурстар туралы әр ауданның білім және мәдениет бөлімдеріне хат жолдайтын. Ондағылар «анда анау бар», «мында мынау бар» шама-шарықтары келгенше ауылда жүрген жастардың, көбінесе оқушылардың аттарын атап жауап беріп жатады. Ондай жауап келген соң Жағыппардың өзі ерінбей барып талантты баланы көреді. Бибігүл де тура осылай табылды.
Оның алғаш «Қазақстан» республикалық телерадио корпорациясының Қызылорда облыстық филиалындағы байқаудан басталған жолы «Астана Операның» солисіне дейін жалғасты. Ортада Италияның Йези мен Болон қалаларындағы опера театрларында шеберлік сыныптарынан өтті. Одан да зоры Миланда Ла Скалада әлемді мойындатқан Мирелла Френнидің шеберлік сыныбында шыңдалды. Өнердің ақ көгершінін Жағыппар ағасы ұшырып, Мирелла қабылдады. Қазірдің өзінде Бибігүл алған жүлделер оннан асады. Ғ.Жұбанова атындағы, Н.Сабитов атындағы, Ф.Шаляпин атындағы, Б.Төлегенова атындағы, М.Биешу атындағы, Ш.Қалдыаяқов атындағы қаншама фестиваль, байқауларда лауреат атанып жүр. Опера сахнасында қазақ арулары Қыз Жібектің, Сараның, Қамардың, әлемнің опералық кейіпкерлері Татьянаның, Барбаринаның, Мимидің, Манонның арияларын асқақтата айтып, рольдерін ерекше шабытпен орындауда. Өз басымыз Шәмшінің көп шырқала бермейтін «Ғашық күндер» әнін осы Бибігүл қызымыздың орындауында Астана концерт залында сүйсіне тыңдап едік. Сөзі мәнді, әуені дәмді әндерді таңдап, талғап орындауды әу-баста Жағыппар ағасы санасына сіңірген. Міне, содан Бибігүл әлі ауытқыған емес.
Тағы бір опера және балет театрында Қызылорда облыстық филиалының директоры тапқан кезекті талант ария шырқап жүр. Тахауи Рахметов. Алматыдағы Абай атындағы опера және балет театры. Жетекші солист.
Осы Тахауиді алып келгенінде бұған дейін Жағыппардың алдынан шығып көрмегендер «мына қап-қара бала қалай ән айтып, жұлдыз болады, дәл осы тұста қателескен шығарсың» деген. О құдірет, біздің Жағыппар Қарабала қателеспепті. «Мұның дауысы тура Нұрғали Нүсіпжановтың жас кезіндегі дауысындай» деп өзінің байламын айтқан. Сөйтіп қап-қара баланың алдынан әппақ жарық жол ашқан. Облыстағы «Таңшолпан», республикалық «Әнші балапан» байқауларында қара бала өзін танытты. Оған атын берген Тахауи Ахтанов қазақ әдебиетінде қандай дарабоз жазушы болса, ән өнерінде жас Тахауи солай танылып жүр.
Ербол Шәріповті тауып шыққаны одан да қызық. Тура Майкл Джексонның сахнадағы «Айкезбе жүрісін» қайталай алатын бала туралы естиді. Әнін тыңдайды. Сосын оны да кезекті байқау мен фестивальдарда жарқ еткізген. Қазір Ербол – «Азия» тобында әнші.
Түгендеп біттік пе, өзі? Жоқ. Гүлхан Сіргебаева қалып барады екен. Жағыппардың аялы алақанынан шығып, «Гүлдер» ансамблінде әнші болған Гүлхан бұл. Онда Роза Рымбаев да, Мақпал Жүнісова да, Сенбек Жұмағалиев те штаттағы әнші екенін ескергенде Сырдан ұшқан жас қарлығаштың қандай биікке бірден жеткенін байқауға болады. Гүлхан – Қазақ ұлттық өнер академиясының түлегі. Біз оның курстасы Дәулет Болатбаевпен қосылып орындаған «Асыл анам» әнін сүйсіне тыңдап едік.
Бір қызығы, Гүлханның әкесі мектепте Жағыппардың өзіне музыка пәнінен сабақ беріпті. Ол кісі баянда өте керемет ойнаған. Қызын қолынан жетектеп, Қызылорда облыстық телевизиясына әкелгенде Жағыппарда Гүлханды бірден байқауға қосқаннан басқа амал қалмаған. Біріншіден, ұстазының өзі сеніп тапсырып тұр. Екіншіден, мынадай жас таланттың жолын байлау күнә болмақ. Әр-беріден қазақтың «іздегенге – сұрағаны» дәл келіп тұр емес пе!
Осымен санақты тоқтатайық. Сыр таланттан кенде болмаса, біздің шаршау мен шалдығуды білмейтін досымыз олардың үлкен өнер жолына аттандырудан еш танбақ емес. Өйткені, екінің бірінің басына бұйырмаған «таланттанушы» деген бақ Жағыппар Аманжолұлы Қарабаланың басында тұр.
Қайнар Олжай,
«Qazaqstan» Ұлттық арнасының бас редакторы
Нұр-Сұлтан қаласы.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<