Тәуелсіздік және Отаншылдық рух

4699

1

Міне, 2021 жыл  еліміздің тәуелсіз ел болғанына биыл 30 жыл болып отыр. Мемлекеттілік – қазақ халқы үшін 1991 жылы алғаш туындаған жаңалық емес, осы жылы біз өзіміздің мемлекеттігімізді жаңғырттық, қайта тәуелсіз ел болдық.

Қазақ мемлекеттілігінің тарихи тамыры тереңде жатыр. Ежелгі ғұн заманында Орда институты қалыптасып, көшпелі қоғамның спецификалық мемлекеттілігінің формасына айналды. Қол жеткізген тәуелсіздік қолымызға оңай түскен жоқ. Еліміздің басынан небір қиыншылықтар, небір жан кешкен соғыстар болып өтті. Еліміздің тұтастығы мен тыныштығын сақтауға батырлар мен қарапайым халықтар өз жандарын пида етті. Біздің ата-бабаларымыз ықылым замандардан бермен қарай осы ұлан-байтақ жерді мекен етті. Қаншама жаулап алушы мемлекеттер биліктерін жүргізбек болды. Олармен азаттық жолындағы күрестер бір сәт толастаған жоқ.  Тәуелсіздік жолында қазақ халқы қайталанбас ерліктің үлгілерін көрсетті. Еңсемізді тіктеп, егемен ел атанып, өз алдына отау тігіп дербес мемлекет атанған қазақ халқы қаншама қиындықтарға жолықса да, тастай берік төзімділіктің арқасында, жалпақ әлемге өзінің өршіл үнін, өркениетке деген үмітін мойындатты.  Ата бабаларымыздан мұра болып қалған ұлан-ғайыр атамекен жеріміз, отарлық жоя алмаған тіліміз, мәдениетіміз тек қана қазақтың рухының күштілігімен сақталды.

Еуразия кеңістігінде орналасқан Қазақстан қазіргі таңда бейбітшілік пен тұрақтылықты ту еткен, әлемнің қандай елімен болсын саяси-экономикалық серктес ретінде өзінің орнын мығымдап, қандай жағдайда да терезесін тең ұстай алатын дәрежеге жетті.  Бүгінде қазақ елі жер-жаһанға татулық пен берекенің, бейбітшіліктің ордасы ретінде танылуда. Ал мұндай зор мәртебеге ие болу жолында ата-бабаларымыз жан аямай күресіп,  Ұлы даланы ұрпағына қалдырды. Қазақ халқы ғасырлар бойы бақытты ел болуға талпынды. Азаттықты аңсап, тәуелсіздікті, теңдікті, елдікті көкседі. Сан жылдық аласапыран шайқас, күрес, қақтығыстардан арылып, татулықтың туы желбіреген бейбіт ел болуды армандады. Соның бәрін артқа тастап, тәуелсіздік таңына жеткен қазақ елі бүгінде бейбітшілік бесігінде тербеліп отыр десек артық айтқандық емес. Көптегени елдерде ұлтаралық, дінаралық қақтығыстар толастамай тұрғанда біздің береке-бірлігіміз өзге елдерге үлгі болатындай.   Қазіргі Қазақстан бүкіләлемдік проблемаларды талқылауда және шешуде ықпалды рөл атқарып келеді.  Тәуелсіздіктің арқасында бүгінде қазақ халқы өзінің терең тарихын, рухани құндылықтары мен мұраларын қалпына келтіруде. Жыл басында жаряланған Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың мақаласы әрбір елін, жерін құрметтейтін, қастерлейтін ұлтжанды азаматтың көңілінен шықты деп ойлаймын.

      Бізді қай заманда да қиындықтардан аман алып келе жатқан басты құдірет – ел бірлігі. Ынтымағы жарасқан жұрттың қашанда ұпайы түгел. Түрлі жағдайларға байланысты қазақ жеріне әр кезеңде әртүрлі ұлт өкілдері көптеп қоныстанды. Қазақ халқы ешкімді жат көрмей, бауырына басты. Бүгінде олардың туған жері де, Отаны да – Қазақстан. Біз көпэтностық сипатымызды артықшылығымызға айналдыра алғанымыз анық. Көптеген шетелдік сарапшылардың елімізге қатысты «Еуразиядағы шырпы тисе лап еткелі тұрған қурай», «failed state» сияқты болжамдарын жоққа шығардық. Бұл жолда тыныштық пен тұрақтылықтың бастауы болған Қазақстан халқы ассамблеясы тиімді жұмыс атқарды. Ешкімді ұлтына қарап, бөле-жарған жоқпыз. Бәрінің өсіп-өнуіне толық жағдай жасадық, бірдей мүмкіндік бердік. Біздің ұлтаралық келісім саясатымыз әлемді мойындатты. Халқымыздың осындай ырыс-ынтымаққа негізделген жарасымын бағалай білуіміз керек. Бұл – кемел келешекке бастайтын бірден-бір дұрыс жол. Сондықтан, ұлтаралық татулық пен келісімді сақтау – мемлекеттік органдардың ғана емес, бүкіл қоғамның және әрбір азаматтың міндеті. Түптеп келгенде, еліміздегі тұрақтылық пен береке-бірлік үшін барлығымыз бірдей жауаптымыз. 

Президенттің мақаласындағы осы жолдар еліміздің әрбір азаматына үлкен міндет жүктейтіні сөзсіз. Өйткені, біздің қазіргі байлығымыз татулық пен қоғамдық тұрақтылыққа қол жеткізуіміз деп есептеймін. Ертеден еркіндік пен елдікті, бейбітшілікпен берекені тілеген еліміз ешқашан ешқашан өзгені өзекке теппеген. Аласапыран кезеңдерде отанынан еріксіз және ерікті түрде қуылғандар мен қашқандардың да нәсіліне қарамай, бір үзім нанын бөліп беріп, бір жастықты жастанған қазақ қашанда қайырымдылық пен қамқорлық пейілін аяған емес. Қазақ халқы тарихтың жазуымен елімізге кіріккен көптеген ұлттарға бауырмалдық танытып қана қойған жоқ, оларға барынша демеу болып, қолдау көрсетті. Біздің байтақ даламызда, өсіп-өркендеуіне жол ашты. Бүгінгі көптеген ұлт өкілдері ынтымақта өмір сүретін Қазақстандағы татулық пен келісімнің болуы да, ең алдымен, қазақ халқының ұлылығын танытса керек. Қазақтың қонақжайлылығы мен дархан мінезіне өзге ұлттар үнемі өз алғыстарын айтып, өздерінің жоғары бағасын беріп келеді. Осы орайда еліміздегі татулық пен тұрақтылықтың, береке-бірліктің ошағына айналуына Қазақстан халқы Ассамблеясының ерекше қызметін айта кетуге болады. Тәуелсіздік жылдарындағы қол жеткен табыстарымыздың бастысы – елімізді мекендеген этнос өкілдерінің арасындағы достық, бірлік, өзара сенімділік арқылы қоғамымыздың тұрақтылығы мен мен бірлігінің сақталуы болды. Сондықтан Қазақстанның саяси-әлеуметтік дамуында бірлік ұғымы ең басты құндылық болып табылады. Сонымен қатар Президент өз мақаласында жастарды өз елін сүюге, туған жерінің шынайы патриоты болуға шақырды.

   «Адам баласы дүниеге патриот болып келмейді. Ол білім мен тәрбие алып, әлеуметтік ортамен араласып, азаматтық болмысын қалыптастыру кезінде патриотқа айналады. Өзінің жеке мақсат-мүдделері қоғам игілігімен үндесіп, елінің дамуына елеулі үлес қосып жатқанын жан-жүрегімен сезінген адам нағыз бақытқа кенеледі.

Халқымыздың біртуар перзенті Әлихан Бөкейханов «Ұлтқа қызмет ету білімнен емес, мінезден» деген. Біз шынайы патриоттық сезіммен рухтанып, қасиетті Тәуелсіздігімізді одан әрі нығайта түсу үшін бірлесе жұмыс істеуіміз керек. Барша отандастарыма, әсіресе, жастарға айтарым: кең байтақ Қазақстанды асқақ армандарың мен батыл жоспарларыңды емін-еркін жүзеге асыра алатын, табысыңа марқайып, әрдайым тілеуіңді тілейтін қасиетті Отаның ретінде бағалаңдар! Мен жаңа Қазақстан патриотизмінің жасампаздық құдіретіне сенемін».

Мақаладағы осы жолдар кәзіргі жастар үшін үлкен ой саларлық дүние болды деп есептеймін. Жалпы патриотизм дегеніміз ­– әрбір азаматтың Отанға деген сүйіспеншілігі, мемлекеттің алдындағы борышын жанқиярлықпен орындауы.

Отансүйгіштік рух ­– қазақ елінің әлемдік өркениетті елдер көшіне қосылып, дүниежүзілік қауымдастықтан лайықты орын алуына мүмкіндік беретін бірден-бір күш. Қазақ халқының ұлтжандылығы, отансүйгіштігі ежелгі замандардан қалыптасқан. Қазақтың анасы өз ұрпағының жауға шабар батыр, елін сүйетін, жерін қорғайтын, табиғатын аялайтын, үлкенін қадірлейтін, кішісіне қамқорлық танытатын , саналы азамат болып қалыптасуы үшін жасынан тәрбиелеген. Біздің сөзімізге қазақтың қисса, жыр-дастандары, мақал-мәтелдері, шешендік сөздері дәлел бола алады. Қазақстандық патриотизм – Отан-анаға деген сүйіспеншілікпен азаматтық ерлік, өнеге көрсетушілік, бойдағы білім мен білікті, ақыл-парасатты ел игілігіне жұмсау, ата-мекен мүддесіне арнаумен анықталады. Өз елінің өткенін, тілін, әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін құрметтей білу де осы қазақстандық патриотизм ұғымының құрамын білдіреді. Бүгінгі Егеменді Қазақстанның жағдайында патриотизм, ұлтаралық татулық жаңа мағынаға ие болып отыр. Себебі Қазақстанды Отаным деп білетін әрбір Қазақстан азаматы Қазақстанды сүйіп, соның азаматы болу, елді, жерді қорғау, мемлекетіміздің дамуына, өркендеуіне өз үлесін қосу міндетті. Бірлігі бекем елдің болашағы жарқын, келешегі кемел болатыны сөзсіз. Ел тыныштығының тұнығы бұзылмай, бейбіт елдің берекесі арта берсін. Тәуелсіздігіміз тұғырлы,  баянды  болсын. 

                           Дәулет ОМАРОВ,       

Қорқыт Ата атындағы ҚУ-дың

«Тарих және Қазақстан халқы Ассамблеясы»

кафедрасының аға оқытушысы,

философия докторы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<