Көк байрақ көк аспанда желбіреді. Қыран құс құлашын кере қалықтады. Халқына тәуелсіздіктің туын ұстатқан Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың есімі тарих бетіне алтын әріппен жазылды. Жүректі кернеген қуаныш, бақыт, азаттық елімен етене Елбасы елдік қатынастарды нығайту жолына түсті.
Дүниежүзі картасында Қазақстан деген ел өз орнын нық тапты. Әрбір жылы бір ғасырға тең тәуелсіздік қазақты нұрлы жолға жетеледі. Қазақстан мемлекетінің әрбір азаматы ұлтына, тіліне, дініне қарамастан, тату тұрақтылық пен береке-бірлікте өмір сүруі – Елбасының көреген саясатының жемісі.
Талай ғасыр ата-баба арманы болған тәуелсіздікке қан төгіссіз жету жолында барлық күш-жігерін аямаған, түрлі ұлтты асқан татулықпен бір тудың астына біріктіре білген Нұрсұлтан Назарбаевтай көшбасшысы бар халқымыз аса бақытты.
Елбасының сарабдал саясатының арқасында еліміз әлемнің алпауыт елдерін мойындатып, барлық ұлт пен ұлыстың бейбітшілік ордасына айналып, толеранттылықтың ерекше үлгісін жасай білді. Бүгінгі күні еліміз өзінің даму жолы қалыптасқан, бағыт-бағдарын айқындаған, өзге де мемлекеттермен бәсекелесуге қабілетті іргелі елге айналды. Осы егеменді мемлекеттің бір перзенті ретінде мен де Елбасының тәуелсіз Қазақстанды өсіп-өркендету жолындағы қажырлы еңбегінің, ізгі мақсат-мұраттарының куәсі болып келемін. Елбасының қамқор қолдауымен тәуелсіздікке алғаш қадам басқан күндері шетелде аккредитацияға тіркелген Түркия Республикасындағы тұңғыш қазақ тілшісі болу бақытының бұйырғаны – мен үшін Алланың үлкен сыйы еді.
Нұрсұлтан Әбішұлы – тәуелсіз Қазақ елінің Тұңғыш Президенті болып сайланған сәтте Елбасынан ең бірінші болып қазақ теледидарына (ол кезде республикада бір ғана телеарна еді) сұхбат алу бақытына ие болуым мені ақ жолға жетеледі. Ол кісі 1989 жылы жазда Орталық Комитетінің пленумында Бірінші хатшылыққа сайланған соң түстен кейін Алматыдағы мешітке барып, Алладан халқының амандығын тілеп, бата алды. Бұл игі істі шетелдің бұқаралық ақпарат құралдары жарыса хабарлап жатты. Германиядағы «Азатттық» радиосы «Қылышынан қан тамып тұрған солақай саясатқа қарамастан Қазақстанға басшылыққа келген жергілікті халық өкілі Н.Назарбаевтың алғашқы қызметін имандылық жолынан бастап, Алла үйіне ат басын бұруы – жақсылық нышаны» деген хабар берді. Кейіннен халықаралық «Азаттық» радиосының (Хасен Оралтай басқарған) Түркиядағы арнаулы тілшісі болғанымды Елбасының үлкен қамқорлығы деп түсінем.
Елбасы тәуелсіз Қазақстанның Президенті ретінде алғашқы ресми сапарын Түркия мемлекетінен бастағанда ең бірінші болып екі ел арасында тікелей бейнерепортаж жасадым. Елбасының ел ішіне, шет мемлекетке жасаған сапарлары кезінде жанында жүріп, журналистік сараптама жасауым өміріме жаңаша серпін беріп, болашақ бағытымды айқындауға көмектесті. Оншақты жылдай дипломатиялық қызмет атқарып, Ыстанбұл қаласында бас консул ретінде екі елдің арасында достық көпірін қалыптастыруға үлес қосқанымды мақтан тұтамын.
1992 жылғы қазанның 30-31 күндері Анкарада сол кездегі Түркия Президенті Тұрғыт Өзалдың бастамасымен түркітілдес мемлекеттер басшыларының І саммиті шақырылған еді. Бұл жиында Тұрғыт Өзал «Ата жұртымыз – Қазақстан. Бабаларымыз Атажұрттан Анадолыға атпен келсе, бүгін, міне, Нұрсұлтан бауырым ұшақпен келіп отыр» деп алғашқы сөзді Елбасына берді. Н.Назарбаев бұл басқосуда «Түбі бір түркі, түгел бол!» деген ұран тастады. Бұл сөз бүкіл түркі жұрты үшін қанатты сөзге айналды. Тұрғыт Өзалмен әңгімелесу барысында Елбасы Түркияда қанша қазақ бар деген сауалға Түркия басшысының «Менімен 60 миллион қазақ» бар деп айтуы қазақ халқының алар орны қандай екенін көрсетсе керек. Елбасы сонда ризашылықпен Тұрғыт Өзалды бауырына қысты. Бауырластық деген осы болар.
Елбасының 1992 жылы Тұрғыт Озал елімізге келгенде Еуразиялық Одақ құру туралы идея көтерген болатын. Сонда Т.Озал «Еуразиялық одақ құру туралы идеяны толық қолдаймын. Қазақстан Еуропа мен Азияның басын қосып тұрған кіндік орта, Түркия да солай» деген болатын. Бүгінгі күні арада 24 жыл өткеніне қарамастан Елбасының көрегендікпен айтқан идеясы өз өміршеңдігін көрсетіп, Ресей Президенті тарапынан да қолдау тауып отыр.
1992 жылғы 25 наурыз күні тәуелсіз Қазақстанның астанасы Алматы қаласынан Түркияға бірінші рет әуе ұшағы көтерілген еді. Қазақстан үкіметі делегациясын сол кездегі Премьер-Министрдің орынбасары Мырзатай Жолдасбеков басқарып барды. Еліміздің тәуелсіздігін алғаш таныған елдің Президенті Тұрғыт Озал қабылдады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ыстық сәлемін жеткізді. Қазақы ою-өрнекті шапан мен қамшы сыйға берілді. «Міне, мен нағыз қазақ болдым» деп сұхбат берді. Мені де сол кезде Түркияға келген Тәуелсіз елдің тұңғыш тілшісі деп таныстырды. Тұрғыт Озал маған арнайылап бағалы фотоаппарат сыйлады. Сол кезде осы фотоаппаратпен екі ел арасындағы достық көпірін бейнелейтін көріністерді Елбасының іс-сапарлар, кездесулерінен талай суреттер әзірлеген едім.
1-сурет. 1991 жылы 1 желтоқсанда Тұңғыш Президент болып сайланған күні Елбасынан алған бірінші сұхбат.
2-сурет. 1989 жылы 22 маусымда Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан Компартиясы ОК Бірінші хатшылығына сайланғаннан соң, орталық мешітте кездесуі.
3-сурет. Қасиетті Түркістандағы Қожа Ахмет кесенесінде Президенттер Нұрсұлтан Назарбаев пен Тұрғыт Озал сұхбат алу сәті.
4-сурет. ЕлбасыныңТүркияға сапары. Қасында халық жазушысы Қалтай Мұхамеджанов бар. 1993 жыл.
5-сурет. Анкарада қазақ елшілігінің салтанаты. Нұрсұлтан Назарбаев, Тұрғыт Озал, Сүлеймен Демирел. 1992 жылы 27 қазан.
Міне Елбасының қасында жүріп талай тарихи істердің куәсі болдым. Арнайы суреттерді түсіріп бірнеше фотоальбомдар жасап, деректі фильмдер жасадым. Алаштың анасы атанған қасиетті Сыр жерінде қызмет жасап, ұлт көшбасшысының сарабдал саясатын халыққа жеткізіп, насихаттап жүрмін. Қазақ елінің тұңғыш астанасы болған, ұлы Қорқыт баба қоныс тепкен, еліміздің рухани-мәдени кеңестігінің бет-бедеріне айналған талай арыстарымыздың ізі қалған сүлейлер мекені – Сыр өңірі Елбасының тікелей қамқорлығы арқасында дамып, өсіп келеді. Айрықша қамқорлыққа бөленген Арал, ғарыш қақпасына айналған Байқоңыр, қасиетті қазақтың қаймағын бұзбай, бабалар дәстүрін жалғастырып отырған Сыр жұрты қай кезде де Елбасын құрмет тұтады.
Ержан Уәйіс,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<