Бас ауырып, балтыр сыздаса, ең алдымен, Алладан медет тілеп, онан соң дәрігер көмегіне жүгінетініміз белгілі. Ал пандемия кезінде ақ халаттылардың жүгі тіпті ауырлағаны анық. Індет ілмегіне іліккен әрбір жанды аман алып қалу үшін басын қатерге тіккен дәрігерлердің ерлігі ештеңемен өлшеуге келмейді.
Қауіпті дертпен күресте қалың көпшілікке көмегін аямаған жанның бірі – Сырдария аудандық ауруханасының кардиологы Гүлзат Тыныштықбаева. Ол 1986 жылы Жалағаш ауданында дүниеге келген. Сырдария ауданы Тереңөзек кентіндегі О.Абдулпаттаев атындағы №210 орта мектепті бітірген соң М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінде «Педиатрия» мамандығы бойынша білім алған.
Еңбек жолын Сырдария кеңес беру-диагностикалық емханасында жұқпалы аурулар кабинетінің дәрігері болып бастаған. 2014 жылы жалпы тәжірибелік дәрігер қызметіне ауысады. 2017 жылдан бастап осы ауруханада кардиолог болып қызмет етеді. Пандемия кезінде провизорлық бөлімшеде індетпен күрестің бел ортасында жүріп, талай науқастың өміріне араша болды.
– Былтыр дәрігерлер ауыр кезеңді бастан өткерді. Шілде айынан бастап аудандық ауруханада науқастардың толассыз келуіне байланысты екінші провизорлық бөлімше ашылды. Күніне 11, 15 науқас түсетін. Сол кезде өзімді бейнебір соғыста жүргендей сезіндім. Күн-түн демей, бөлімшеде арнайы киіммен науқастарға көмек көрсету маған да, мейірбикелерге де, кіші буын қызметкерлеріне де оңай соққан жоқ. Бірақ қажырлы еңбектің, ұжымның ұйымшылдығының арқасында, жан-жақтан, аудандық әкімдік, кәсіпкерлер тарапынан көрсетілген көмектің нәтижесінде бұл індетті де жеңіп шықтық. Әлемді жайлаған қауіпті кесел арамызда жүрегі жылуға, мейірімге толы адамдардың көп екенін көрсетті. Айналасы аз уақытта өміріме азық болар тәжірибе жинадым. Осы орайда мен Тереңөзек кентінің тұрғыны (өзі ештеңе айтпауымды өтінген еді) Фрунзе Оспанованың жанашырлығы мен жомарттығын ерекше айтқым келеді. Фрунзе Тәуіпбайқызы науқастарға және қызметкерлерге ыстық тамақ, айран, жетпей жатқан қажет дәрі-дәрмекті әкеліп беріп, үлкен көмек көрсетті. Ол кісінің қиын сәтте жасаған жақсылығы әлі есімізде, – дейді Гүлзат Қапбарқызы.
Гүлзаттай дәрігерлеріміздің табанды еңбегінің арқасында ауруды ауыздықтадық. Бүгінде өңір «жасыл аймақта». Дегенмен, мамандар әлі де сақтық шараларына мән беріп, аурудан қорғанып жүруге шақырады.
Айнұр БАТТАЛОВА,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<