Тарихи хаттың тағылымы

2290

0

Суретте: Арал депутаттар кеңесінің төрағасы Төлеген Медетбаев

1960 жылы облыстық архивтен Арал Совдепінің төрағасы Төлеген Медет­баевтың 1921 жылы пролетариат көсемі В.И.Ленинге жолдаған жеделхатының мәтіні жазылған құжат табылды. Мұра­ғаттың аға ғылыми қызметкері А.К.Ма­молыганың тапқан құжаты туралы «Из­вестия» газетінің 12 ақпандағы санында меншікті тілшінің «Аса қымбат олжа» деген мақаласы жарияланды. Жеделхатта былай делінген еді:

«Халық комиссарлары Советінің Председателі В.И.Ленин жолдасқа.

Арал бассейні балықшылары 14 вагон балық жөнелтті. Бұған Бөген балықшылары ерекше белсенділікпен қатысты.

Арал Совдепінің председателі Т.Медетбаев.

25 декабрь. 1921 жыл.»

Сөйтіп, 40 жылға созылған күмәнді бір жапырақ сарғайған қағаз сейілткендей болды. Өйткені, «Лениннен ондай хат болған жоқ, соншама балықты кім жібе­реді?» деген әңгімелер аса зор қайы­рым­дылық шарасының маңызын да, мәнін де түсіргендей еді. Ал, шындығында ғалымдар пролетариат көсемінің сондағы үндеу хатын кейін шығармаларының то­лық жинағының 55-томынан тауыпты.

Ол кезде жас кеңес өкіметінің жағдайы күрделі, аса алаңдатарлық еді. Ленин Арал балықшыларына жомарт көмектерін аямауға шақырды.

«Сіздерге бүкіл Еділ бойы мен При­уральенің бір бөлігін аса зор бақыт­сыз­дық, бұрын болып көрмеген аштық жай­ла­ғаны, әрине, жеткен шығар. Астра­хань губерниясынан бастап Татар респуб­ли­касы мен Пермь губерниясына дейін құр­ғақшылық барлық жерде егінді де, шөпті де түк қоймай күйдіріп кетті. Миллиондаған адам, миллиондаған мал қырылғалы тұр және қырыла бастады. Сіздерде Арал теңізінде балық аулау жағы жаман емес және сіздер онша жаман тұрмайсыздар. Сіздер аулаған балықтың бір бөлігін аштықтан ісініп кеткен кемпір-шалдарға, күйзелген 8 миллион еңбеккерге, ең ақы­ры бәрінен бұрын қырылып кетуі мүмкін 7 миллион балаға беріңіздер» деген еді қазан айының 7-күні жазылған үндеу хатында.

Бұдан кейін ғалымдар араға 15 жыл салып тағы екі маңызды құжат табылғанын хабарлады. Бұл деректерде тарихи хатқа дейін де Арал балықшылары көмек қолын созғаны жазылады. Алғашқысы 1919 жылы аралдықтар Мәскеу қаласының балаларына сыйлық жасаған. Ташкенттің өлкелік азық-түлік дирекциясына берілген жеделхатта: «Москва қаласы балаларына сыйлық жіберуді ұйымдастыру комис­сиясы екі вагон балық жіберуді көз­деп отыр. Олардың ақшасы балық басқар­масының кассасына тапсырылды» делінген.

Кеңес өкіметі бір жыл бұрын осындағы көпестердің «Хиуа» акционерлік қоғамын арнайы декретпен мемлекет меншігіне алып, балық өндірісі бас басқармасын құрған болатын. Бай-көпестердің параход­ство өнеркәсібін де осы жолмен больше­виктер бір күнде тартып алды.

Екінші дерек белсенді большевик В.Ковыганың өз қолымен жазған өмір­баянынан шықты. «Саратов губерниясына көмектесушілер ішінде біз төрт ком­мунист болатынбыз. Г.Дубовик, У.Қосы­мов, Д.Бисенов және мен Ковыга еді. Екі вагон шабақ балықты саратовтық ша­руаларға жөнелттік. Кейіннен білдік, атаман Дутовтың әскерлері жақындап ке­луіне байланысты жіберіп үлгере алма­ған. Сөйтіп, көмекті басқа мақсатқа пайда­ланыпты. Біздер оларға шаруалардың нақ­ты адресін сұрап хат жаздық». Та­рихшы ғалым, марқұм Тәңірберген Ма­миев жариялаған бұл деректер балық­шылардың көмегі кеңес өкіметінің ал­­­ғаш­қы жылдарынан басталғанын бай­қа­тады. Ал тағы бір мәліметтерде Арал ма­ңын­дағы ақгвардияшылармен ше­шу­ші айқасқа шыққан Қызыл Армия отря­дына халық уәкілі Өтеп Өтеғұлов бастаған жылымшылар бригадасы балық жөнелтіп тұрады. Арал Совдепі оларға құрал-сайманмен, қайықпен көмектесіп, балықшылар қалаға жақын Қаратүп қол­тығынан күн сайын 2-3 қайық су мар­жанын жіберетін болған.

Бұл тарихи оқиғаны алғаш рет қаламгер Тойбазар Елемесов 1952 жылы жазылған «Аралдағы айқас» атты тарихи романында суреттеген еді. Алайда, бұл туынды бел­гісіз себептермен жарты ғасырдан кейін жарық көрді. Ол облыстық «Ленин жо­лы» газетінің редакторы, КазТАГ-тың ди­ректоры сынды жауапты қызметтер ат­қарған белгілі азамат болатын.

Тарихи хаттың тағылымы

Екінші қатарда оң жақтан бірінші тұрған РСФСР орталық комитетінің мүшесі болып сай­ланған Уәйіс Қосымов

Жиырмасыншы жылдардағы Арал өңі­рінде өткен оқиғалар мен адамдар тағ­дыры бейнеленген көлемді туындының баспасөзде үзіндісі ғана жарияланыпты. Ал, айтулы оқиғаның күндей күркіреген партия назарынан 40-45 жылдан астам уақыт ұмыт қалуына екі ортадағы ашар­шылық, қуғын-сүргін, соғыс жылдары да кері әсерін тигізуі мүмкін.

Мәскеу мен Арал байланысының өзін­дік дәстүрлі тарихы бар. Арал әкім­шілік жағынан Қазалы уезі арқылы Түр­кістан өлкелік комитетіне қарағанмен, бірден Мәскеуге бағынған. Совет өкі­меті орнап, мұндағы өндірістер жаңа үкі­меттің меншігіне өткеннен кейін мемлекеттік балық тресі ресейлік азық-түлік халық комиссариатына, ал мемле­кеттік параходство өзен флоты халық комиссариатына бағынды. Мұндай байла­ныс кешегі кеңес өкіметі құлағанша үзілген жоқ.

Осы қатынастардың негізінде арал­дық­тардың өтінішіне пролетариат көсемі де мән беріп отырған. РСФСР-дың ма­териалдық ресурстарды пайдалану жөнін­дегі комиссиясының төрағасы Л.Н.Криц­манға былай деп тапсырма берген. «Арал­дың кеме жөндеу құрылыстары үшін «Персенс» системалы екі және «Артур­коппел» системалы төрт экска­ваторға, токарьлық және фрезерлік ста­ноктарға берген Туркрыбаның заявкасын 24 сағаттың ішінде қарауды тапсырамын. Туркрыба жұмысының табысты болуы­ның өте-мөте елеулі маңызы бар екеніне сіздің назарыңызды аударамын». «Бере­ген қолым алаған» демекші, балықшылар вагон-вагон балық жинап жатқан қара­ша айында Лениннің тартуы Аралға да жеткізілген. Ильич станоктары шебер­ха­наларда 30 жыл қызмет етіп, кейін атақты кеме жөндеу зауытының ауласында та­рихи ескерткіш ретінде қойылды.

1924 жылы қарашада күшті дауылдан теңіз тасып, Арал қаласын су басып қалады. Төтенше жағдайдың зардабын жою үшін Совдеп мүшесі Григорий Ду­бовик Мәскеуге жіберіліп, ол көмек қоры­нан 30 мың сом әкеледі.

Жиырма бірінші жылдың күзіне қайта оралайық. Бұл өздері жоқ-жұтаң жүрген, құрал-сайманы тапшы балықшылар үшін қиын кезең еді. Мезгіл, балықшы тілімен айтқанда, абыржы, мұз қатпаған, кәсіптің көсіліп еңбек етуіне қолайлы жағдай да болмаған еді. Соған қарамастан екі жарым айдың көлемінде жанқиярлық еңбек атқарылды. Теңіздің шығыс жағалауынан Бөген, Қарашалаң, Қаратерең, Қаратүп, Ұзынқайыр, Солтүстік жағалауынан Сары­шығанақ, Жалаңаш, көлдер мен дария бойынан Шөмішкөл, Ақшатау, Райым, Аманөткел, Қамыстыбас балықшылары мен тұрғындары жұмыла жабылды. Бірі балық ауласа, бірі кіре тартып Қамыстыбас теміржол бекетіне балық жеткізді. Ауыл адамдары қап тоқып, қолындағы түйелері мен шаналарын көмекке берді. Бұл айтулы шараны ұйымдастыруда Арал Совдепінің төрағасы Т.Медетбаев, балық тресінің алғашқы бастығы М.Данияров, РСФСР орталық комитетінің мүшесі болып сай­ланған У.Қосымов, басқарма мүшелері Г.Дубовик, С.Бекетаев, В.Ковыга және басқалары зор белсенділік көрсетті. Ауыл­дарда халық уәкілдері мен қос ағалары Өтеп Өтеғұлов, Жұмахмет Бекетаев, Шәріп Ранов, Мақсұтқали Демесінов және басқалары елді ерен еңбекке жұмылдыра білді. Қарапайым балықшылардың күн-түн демей тынбаған қажырлы еңбегі, қар мен дауылда арпалысып керуен тартқан кірешілердің жұмысы ерекше бағалауға тұрарлық еді. Бір ғана ағайынды Сыдық және Баймағанбет Жайсаңбаев деген ба­лықшылар 280 пұт, яғни 5 тоннаға жуық балық тапсырды деген мәліметтер кез­деседі. Бір эшелон балықтың тең жар­тысына жуығын бөгендіктер тапсырды деген әңгіме бар.

Тарихи хат осылайша алпысыншы жыл­дардың ортасынан бастап қана хал­қымен қайта қауышты. Классик жазушы Ғабит Мүсірепов КСРО Жоғарғы Кеңе­сінің депутаты кезінде ақын-жазушыларды бастап, Аралға келеді. Теңіз бен Бөген ауылында болып, сайлаушылармен кез­десу өткізеді. Осы сапарында Арал ба­лық­шыларына арналған «Жиырма төрт сағатта» атты туындысының кейіпкер­лерімен кездескен де болуы мүмкін. Мұнан кейін белгілі кинорежиссер Ораз Әбішов түсірген «Бір хаттың ізімен» атты деректі фильм бүгінде қымбат қазына, шырайлы шежіреге айналды. Ал, осы тарихи оқиғаны жарты ғасырдан астам уақыттан бері зерттеп, жазып жүрген ардагер журналист, абыз ақсақал Шәкірат Дәрмағамбетовтің еңбегі ерекше дер едік. Қарымды қаламгер кезінде хаттың тірі куәгерлерімен жүздесіп, түрлі шараларға ұйытқы болып, бүгінге дейін жүзден астам мақала мен очерк жариялаған екен.

Арал балықшыларының осынау иман­дылық, қайырымдылық ісі тарихымызда алтын әріптермен жазылып қалады. Өткен ғасырдағы еліміздің қиын кезеңдерінде, ашаршылық пен соғыс жылдарында қасиетті теңіз талай жұртты қамқор қанатына алып, даңқты дәстүріне адалдық танытты. Дәуір өзгеріп, замана көші ілгері жылжыған сайын мұндай өнегелі істердің ұрпақ жадында жарқырай түсетініне сенімдіміз. Биыл бір ғасыр толғалы отырған тарихи оқиғаны лайықты атап өту – атқарушы орындардың парызы.

Жұматәли ӘБДІРАМАН,

жазушыжурналист

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<