ТЕКЕЙ БАТЫР

2570

0

Барлық қазақ жүздері мен руларының тарихында әскери істі кәсібіне айналдырған кісілер аз болмаған. Олар жай ғана батырлар емес, тұтастай бір ержүрек сарбаздар мен әскери қолбасшылардың әулеті болуымен ерекшеленеді. Батырларымыздың қай-қайсысы да жаумен жан аямай күресіп, халқына адал қызмет еткенін білеміз.

Әсіресе, олардың абырой-беделінің барынша өскені XVIII ғасырдың басындағы Тәуке хан билік құрған тұс болатын. Бұл қазақ халқының жоңғар басқыншыларына қарсы азаттық күресімен байланысты. Сондықтан бұл уақытты халқымыздың  ерлік шежіресіндегі жарқын беттердің бірі есебінде бағалауға болады.

Аймақтық бытырыңқы көшпенділік пен ұлан-ғайыр дала жағдайында Тәуке ханның алдында жоңғарлармен күресте Қазақ хандығының шаңырағын шайқалтпай сақтап қалу міндеті тұрды. Бұл кезеңді «Тәуке ханның алтын ғасыры» деп атауы содан болар. Тәуке ханның ұлттық мемлекеттің тұтастығын қорғау жолындағы күресінде батырлардың үлесі зор. Бөгенбай, Қабанбай, Жиембет, Жәнібек, Малайсары, Сартай, Тайлақ, Тілеу, Саңырақ батырлармен бірге Қара кете Текей батыр да сол саптан көрінген. Сыр елінде оны Тәуке ханның үзеңгілес серігі, хас батыры ретінде атайды.

Десек те, ауызекі болмаса Текей батырдың өміріне тікелей арналған жазба мәліметтер кездеспейді. Батырдың ерліктері туралы деректерді халық жадындағы аңыз-әңгімелер мен жыр-толғаулардан табамыз. Солардың негізінде 1994 жылы Текей батырдың ұрпағы, жазушы-журналист Мырқы Исаев «Әз Тәукенің Текей батыры» атты кітап жазып шықты. Осы кітаптан біраз дүниелерді оқуға болады. Батыр ерліктерін ақындар Тұрмағамбет Ізтілеуов өз өлеңдерінде және Шегебай Бектасұлы «Би, батырларды жырлаймын» атты толғауында жырға қосты.

Текей Қарпықұлының шыққан тегіне тоқталсақ, ол шежіре тарқатуы бойынша Кіші жүзге қарасты Қаракесек бірлестігіндегі Байсары тайпасының Қара кетесінен Сары-Асан болып тарамдалады. Асаннан: Киікші, Құдайназар, Қарпық туады. Қарпықтан әңгімемізге арқау болып оытрған Текей-одан Ұлтай, Абақан, Ақкөбек, Құтмамбет, Кеген, Өтепберген-Шымырбай болып жалғасады.

Мырқы Исаев өз зерттеулеріне сүйеніп, Текей батыр 1979 жылы туып, 85 жасында 1764 жылы қайтыс болды деп тұжырым жасайды. Бірақ, бұл тұжырымда тарихи тұрғыда зерделеп бекітуді қажет етеді.

Текей батыр Түркістандағы қасиетті Қожа Ахмет Яссауи мавзолейінде жерленген. Мавзолейдегі хан, сұлтан, билер мен батырлардың  тізімінде №52 болып тіркелген батырдың көктасы №103 санмен белгіленген. Жазушы Әмзе Қалмырзаұлының 1997 жылы шығарған «Теберік дүние» атты еңбегінде «Үлкен ақ сарайға» және мавзолейдің сыртына жерленген тұлғаларды атай отырып, сүйегі жерленбесе де, көктасты әкеліп қою әдеті болғандығынан хабар береді.

Ел  аузындағы аңыз-әңгімелердің бірінде Текей батырдың 17-18 жасында-ақ Ұлы жүздің жауырыны жерге тимеген палуаны Әуіпті жеңіп, қырғыз ханынан Боке атты сұлуды тартып алғаны және оны Тәуке ханның ордасына әкелгені, ханның рұқсатымен оған үйленгені туралы айтылады. Халық арасында Текейдің басқа да ерліктері мен батылдығы туралы мұндай аңыздар көп.

Текей батыр ғана емес, мемлекеттік билікке де жиі араласып, Әз Тәукенің оң қолы бола білген. Үш жүздің басын біріктірген Әз Тәукенің билік құрған заманында оған 22 жыл қызмет етіп, тікелей өзінің басқаруымен 1696 , 1711, 1714 және 1715 жылдары жоңғарларға қарсы жорықтарға басшылық жасайды да, соның бәрінде де айтулы жеңіске жетеді. Ол Әз Тәукенің хас батыры атанған жылдарында жоңғарлар қазақ жеріне баса көктеп ене алмаған.

Әз Тәуке қазақ хандығын 38 жыл билеп, 1718 жылы дүние салады. Ол қайтыс болғаннан кейін он жылға толар-толмас уақытта жоңғарлардың шабуылдары қайта басталып, қазақ халқы белгілі «Ақатабан шұбырынды, алқакөл сұламаны» бастан кешірді. Атақты Қожаберген жыраудың «Елім-ай» атты жыры осы кезде шыққан. Жоңғарлар салған әлектің бетін қайтару үшін Әбілқайыр бастаған қазақ қолы билердің ақыл-кеңесімен күреске көтеріліп, біраз қан кешуіне тура келді. Рас Тәуке хан қайтыс болғаннан кейін біраз уақыт Текей батыр жоңғарларға тұтқын болды деген де әңгіме бар. Қалай дегенмен де, Текей батыр Әбілқайыр ханның ордасына келген орыс сенатының тілмашы Тевкелевтің Ресей сыртқы істер алқасына 1732 жылы 5 қаңтарда жазған хабарламасынан анық көруге болады. «Қырғыз-қазақ ордасына келген күннен бстап 1731 жылдың 25 желтоқсанына дейін қырғыз-қазақтар менә һәм ханды өлтіруге әрекеттеніп бақты, одан Бөгенбай батырдың қорғаштауымен ғана аман қалдық. Нақ осындай игі хабармен олар ұлы мәртебелі императрица ағзамға өздерінің елшілерін Бөгенбай батырдың әріптесі Текей батырды бір күтушісімен жіберіп отыр» -делінеді хабарламада. Елшілікке Текей батырмен бірге тағы да басқа қазақ сұлтандары барады. Десек те, хан ордасына алғаш келген сырт көз орыс елшісінің Текей батырға назар аударуы тегін емес еді. Текей батыр Әбілқайыр тұсында да хан ордасына еркін кіріп, ойындағысын ашық айтып, сөзін ханға тыңдата алатын тарихи түлға болған.

Әрине, Текей батырдың Әбілқайыр хан тұсында орыс елшісі Тевкелевтің арбауына түсіп қалып, орыстарға бодандыққа ант бергенімен, сол орыстардың зымияндығын аңғара білмеуі мүмкін емес еді. Көзі ашық, көңілі ояу, әділдігі мен адамгершілігі мол батыр Тевкелевтің бопсалауына байқаусызда түсіп қалғанын тез-ақ аңғарып, түсінген. Орысқа бодан болудың басы-қасында жүргенін қазақ халқы алдында кешірлмес күнә санап, ұятын қалай жуарын білмеді. Онан барынша жырақ ктеуді жөн көріп, Қызылқұм қойнауындағы Жаңадария өзенінің бойына көшіп кетеді. Осы жерді өмірінің соңына дейін құтты мекенге айналдырды.

Текей батырдан аңыз-әңгімелерден басқа ұлағатты сөздері де қалыпты: «Ұлдары батыл, қыздары асыл елдің шегіне жау жетпес, ұлдары жасық, қыздары пысық елдің басынан дау кетпес» деген өлмейтіндей сөз бар. Батыр бірде балаларын шақырып алып, өсиет айтыпты деседі: Сонда Абақанға бірлікті, Ақкөбекке билікті,  Құтмамбетке палуандықты, Шымырбайға байлықты, Кегенге батырлықты, Ұлтайға шанышқыны сыйлап, «несібеңді балық аулаудан тап» депті. «Ұлтайдан  ұл туса, балыққа күн туады» деген сөздер өсиеттің шыгдығын нақтылай түседі емес пе?!

Біздің ата-бабаларымыздың ерліктері мен батырлығы арада сан ғасырлар өткенмен, қандай құрметке болса да лайықты. Өз өмірлерін құрбан еткен батырларымыз даламыздың кеңдігін сақтап қалды. Олардың ішінде ұзақ уақыт бойы есмідері ұмыт қалғандары да аз емес. Енді жоғын түгендеп, барының бағасын асырған тәуелсіз елімізде олардың даңқын көкке көтеру –біздің міндетіміз.

Серік ТҰРЫМТАЕВ,

Қармақшы ауданы,

 №30 орта мектептің тарих пәні мұғалімі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<