Теңіз – тәңір өкпелі

2324

0

Фото: ашық дереккөз

Апырай, ә! Теңіз-тәңір өкпелі дейді. Неге?! Себебі, балықты заңсыз аулау, айдынды ластау, былтырғы «Уылдырық шашу», балықты қорғау акциясы аясында өңірде 214 заң бұзушылық, оның ішінде 5 қылмыстық іс анықталғаны айтылады.

Осындайда, жастық шақта өзім куә болған теңіз хикаяларының есіме түсе қалғаны-ай!  

ТАҒЗЫМ

Сырдарияның теңізге құяр аяғында, қазіргі «Ақлақ» тоспасына таяу, жүз қаралы түтіні бар «Терістүбек» қыстағында өстім. Ол кезде сыр өзені теңізге өзімен алтау болып, ой-хой, жөңкіле ағатын-ды. «Жаман аша», «Көлдей мен Күркіреуік аша». Бергі бетте «Тік аша мен Мордва». Бұлар қолмен қазылған каналдар емес, арынды ағыс суы бұзып-жарып ылдиға құлаған…

Қош деңіз! 1933 жылдың күзі. Аштық. Босқындар шағын ауылды басып қалды. Біздің үйге де үш отбасы қосылды. Жұпыны, 200 шақырымнан жаяулап, азып-тозып, шаршаған. Әрі аш. Мен сонда бес жаста едім. Әлгілер туған анамның төркіндері екен. Егіс шықпаған. Күйіп кеткен. Олардың бірі әкеме қарап:

– Дәке, бізді биыл қыс паналат! – деді.

Әкем Оңайбике әжеме қарады. Үйдің биі сол. Ол жастықтан басын көтеріп:

– Әй, Дәрішжан, баласын осылай атайтын, – бұлар ел деп, құда-жекжат деп келіп отыр ғой. Әйда, іске кіріс! Болды. Айтқаны – заң!

Ертеңіне, ашалардың ең ұзыны, әрі ық, әрі қамыс – құрақты, қояны мен түлкісі, үйрегі мен қырғауылы бықылдаған, шатқалды, су емес балық ағатын «Жаман ашаның» сағасына келіп бастырма қазды. Диқандар емес пе, қысқы қонысын лезде-ақ бітірді. Қамыс қоғадан төсеніш жасап, пеш тұрғызып, жайланды. Әкем қолхозшы-балықшы. Ізіне ертіп, көмекшілерге жарып қалды. Балық көп. Тек аулау керек. Айла-тәсіл, еңбек керек. Олар қоңданды, тойынды. Келіншіктерінің беті қызарып, балаларының іші шертиіп, семіріп шыға келді.

 Көктем есік қақты. Қайтатын уақыттары болды. Әжеме келіп алғыстарын жаудырды. Ол орнынан тұрып:

– Бері жүріңдер деп теңіз жағасына алып келді: – Сендерді асыраған мен емес, мына теңіз, теңіз-тәңір, осыған тағзым етіңдер, – деді.

Теңіз-тәңір, – деді Оңайбике қария. Сол теңіз ғой бұл.

ГЛОБУС

Өстік. Оқыдық. Бесінші сыныптамыз. Тарих-жағрапия пәнінен Зәйтөн ағай сабақ береді. Бірде біз көрмеген басы дөңгеленген затты үстелдің үстіне қойды.

– Бұл не, ағай?

– Глобус! Мұнда Жер шарының бәрі бар!

– Арал теңізі ше?

– Міне, кел, қараңдар!

Лап қойдық. Расында, көк теңіз көзтартарлық екен.

– Енді отырыңдар, тыңдаңдар. Теңіздің ұзыны – 475, ені – 280 шақырым, – деп бір тоқтады. – Бұл Голландия мен Белгия елінің жер көлемін қоса есептегенде де біршама үлкен. Ең тереңі – 65,5, орташа тереңдігі – 16,5 метр. Теңіздер лай, ластау болады. Ал біздің Арал – әдемі, сұлу, мөлдір. Мөлдірлігі сондай, 27 метр тереңдікке тастап жіберген қара бақырың көрініп жатады. Мөлдірлігі жағынан Егей теңізі ғана теңдесе алады.

– Балығы ше, ағай?!

– Балығы сапалы, дәмді, сіңімді. Бекіре мен қаяздың, сазаны мен ақ балығын өздерің күнде қорек етіп отырсыңдар ғой. Теңіздің әр гектарында 10 килодан балық ойнайды. Ал Жер орта теңізінде гектарына жарты, Қара теңізде 2 килодан ғана!

– Пай-пай! Балықтың көбі де, көкесі де бізде екен ау!

«БІР ШЕМАЯ – БІР ОҚ»

Соғыс басталды. 1942  жылдың маусым-шілде айларында капитан Бұғыбай Қожановтың шағын кемесіне 9 қайық тіркеліп, «Николай» атауына тарттық. («Возрождениеге») Зәйтөн ағайдың айтқаны ып-ырас екен. Шалқар теңіз шалқып жатыр. Шексіз сияқты. «Қаратереңец» кабасағі сағатына 20 шақырым алады екен. Сонда 280 шақырымдық ендікте 17 сағат жүзіппіз.

«1 шемая – жауға атылған 1 оқ» деп ұрандадық. Күн-түн ауладық. Ұйқы шала. Ертеңгілік Арал қаласынан күнбе-күн балық қабылдайтын дәу кеме жетеді. Соған 9 қайық балыққа толып баруы керек. Меже де, міндет те – осы. Осылай 2 ай алыстық. СССР Қорғаныс министрлігінің рұқсаты осынша уақытқа ғана екен.

Ал торта тұқымдас сеп-семіз шемая балығы таусылар емес. Сонда 19 балық колхозынан барған бір-бір бригаданың өзі екі айда колхоздың жартыжылдық жоспарын орындап шығыппыз. Мұны бізге Бұғыбай аға мақтанышпен айтты. Қазір сол аймақ қара жер. Құдай шебер-ай!

ӘБДІЖӘМІЛ КӨКЕ-АУ!

Тоқсанға толса да автокөліктің түр-түрін басқарып, «Суыт жүргінші» атанған Сейіл інім Жаппарбердіұлымен теңіз жағалауға барғанмын. Ол тоқсан, мен 95. Ол да, мен де – балықшы ұрпағымыз. Әбдіжәміл көкем теңіз тірі, ол тірі құбылыс дейтін. Соған сендіреді, соны сезіндіреді. Оның теңізі өкіреді, өксиді, солықтайды, ашуланады, күйзеледі, қапаланады, жылайды…

Ал бүгінгі теңіздің қаhарлануға да, мұңын шағып солықтауға да күші жоқ. Ықыласы жоқ. Үнсіз. Зіл батпан салмақ басқандай сұлық, жұбау… Зәйтөн ұстазым айтқан ұлы теңіздің (ұзыны 475, ені 280 шақырым еді деген) жұқанасы қалса да бір серпілуі керек-ау деп, папкамдағы мәліметті ашсам, қазіргі Кіші Аралдың ұзыны 109, ені 44 шақырымдай-ақ екен. Алақандай-ақ қой. Сөйтсе де біршама балық ауланып, тіпті импортқа жөнелтіп жатыр. Мыңдаған адам нәпақа, жұмыс тапты. Ал сонда жарықтық теңіз неге өкпелі, неге мұңлы?

Сөйтсем сұлу айдынның түбі арзан, бір-екі қарап, балығын алып  тастай салатын зиянды, рұқсат етілмеген ауларға толып кетіпті. Олар су астында жатса да «балық аулайды» деседі. Өткен-кеткен балық ілінеді. Бірақ өздігінен шыға алмайды, өлексеге айналады. Құс та оралады. Тіпті адамдар да тастанды аулардан жапа шегіпті.

Арал балық инспекциясы бөлімінің бастығы Есенбай Есіркепов мырзамен хабарласқанымда:

– 2022 жылы «Таза су» акциясы нәтижесінде 6 тоннаға жуық ау мен тұрмыстық қалдық және 70 дана синтетикалық, полиамидтік, моноталшықтан жасалған ау су айдындарынан құрғаққа шығарылып өртелді. Осы жылы рұқсат етілмеген ауларды пайдаланған азаматтарға әкімшілік іс қозғап, сотқа жолданып, олардың 79-на әкімшілік айыппұл салынды. 152 дана ау жойылды, – деп, жауап қайырды.

Әне, балығын аламыз, ішіп-жейміз, тойынамыз, сосын әлемдегі ең мөлдір болған теңіз – асыраушымызды ластаймыз. Бұл қалай? Арлы жан ас ішкен астауын ластай ма екен? Әбдіжәміл көке-ау, естисіз бе, теңіз мұңын! 

Шәкірат ДӘРМАҒАМБЕТҰЛЫ,

тыл ардагері.

Арал қаласы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<