Толғаулық поэзияның көрнекті өкілі

2061

0

Ойлар ойға, сөйлер сөзге келгенде алдына жан салмайтын табиғи дарын иесі, толағай тектес толғаулар тудырып, «Жыраулардың жампозы» атанған Базар жырау Оңдасұлы есімінің өзі өмір сүрген уақыттан бастап күні бүгінге дейін исі қазақтың жадында жатталып келуі тегін емес. «Елу жылда ел жаңа» дегендейін, заман өзгерген сайын уақыт лебіне ілесіп, халық санасы да жаңғырып отырмақ.

Осындай тұстарда тарихымыздағы таңдаулы тұлғалардың жас ұрпақ жадынан ұмытылып кетпеуіне күш салу – ғылым мен мәдениеттің міндеті ғана емес, аға ұрпақтың адамгершілік парызы да. Қасиетті сөз өнерін қастерлейтін халқымыздың руханият дүниесіне нәр беретін өткен ғасырлардағы ақын-жырауларымыздың шығармаларының баспа, жазу істерінің кенжелеп қалуына қарамастан таралуы мен қабылдануы жағынан адам таңғаларлықтай жетістіктермен ерекшеленуінің сыры ұлтымыздың ұлылығынан, оның бітім-болмысындағы өнерге, қасиетті сөз өнеріне деген ерекше шығармашылық қарым-қатынастан көрінеді.

Шығармашылық ғұмыры ХІХ ғасырдың ІІ жартысы мен ХХ ғасырдың алғашқы 10 жылдығына тура келетін Базар жыраудың жыр-толғауларының сол кездің өзінде-ақ Сыр бойына ғана емес, еліміздің түкпір-түкпіріне, Батысы мен Шығысына, Оңтүстігі мен Солтүстігіне тарап үлгіргені туралы, сондай-ақ осы аймақтардағы сөз ұстанған, өнер қуған өнерпаздардың оның жырларымен ауызданып өнер жолын бастағаны жөнінде нақты деректер ғылымға белгілі.

Жыраудың өзі:

«Қазақты сүттей ұйытты,

аузымнан шыққан лебізім»,

немесе:

«Дабылым кетті алысқа,

Жиреншенің өзіндей».

иә болмаса:

«Дабылымды есітіп,

құмар дейді көрмекке,

сонау жатқан төменгі,

Астраханьның бойында,

Он екі ата – Байұлы»,–

деп жырласа, ақынның замандас інісі Оразымбет Естайлақұлы «Қарындастың қамы үшін» атты Базар жырауға арнаған толғауында:

«Дабылың кетті, Базеке,

Жиреншедей ұзаққа.

Петербор, Мәскеу, Марғұлан,

Орал мен Төрткөл, Жызаққа», – деп бір-ақ қайырады. (Келтірілген үзінділер «Базар жырау» шығармалары, – Алматы: Жазушы, 1986, кітабынан алынып отыр). Бұл мысалдардан Базар жырау Оңдасұлының ақындық, жыраулық орбитасының әуел бастан кең болғанына көз жеткіземіз.

Өмірбаяндық дерегіне келгенде саңлақ жыраудың толық шығармаларын жинақ етіп тұңғыш шығарған, шығармашылық өнерін оның есейген, азаматтық, ақсақалдық дәуірі өткен көршілес Өзбекстан Республикасының Тамды аумағында болып, оны көрген қариялардың, ұрпақтарының айтқандарына негіздеп жазған, үнемі шығармаларын айтып, насихаттап жүретін марқұм Шәрібек Алдашевтің пікірін, дерегін бірден-бір дұрыс мәлімет деп ұйғардық. Шәрібек Алдашев Базар жырау шығармалар жинағына жазған алғысөзінде «Базар Оңдасұлы бұрынғы Сырдария губерниясы, Қазалы уезі, Көшербай болысының 6-ауылында Жаңадарияның Шірік-Рабат деген жерінде (Қазіргі Қызылорда облысы, Қармақшы ауданы, Ленин ауыл советі) 1841 жылы күз айында дүниеге келген» (Алдашев Ш.Базар жырау шығармалары. – Алматы: Жазушы, 1986.) – деп жазады. Бұл айтылған мәліметтің дәл екеніне бірнеше қосымша деректер келтіруге болады.

Мәселен өзбекстандық бауырлар, ұлы жыраудың ұрпақтары Базар Оңдасұлының туғанына 150 жылдық мерекесін 1991 жылы атап өтті. Кейбір мәліметтерге қарағанда, оның 1841 жылы туғанын 1970 жылдары көзі тірі немересі  Күлзада да растаған. Демек, туған жылы туралы бір тоқтамға, яғни 1841 жыл деп келуіміз керек. Бұл жерге артық дау-дамайдың керегі жоқ. Ал дүниеден қайтқан жылы туралы ешқандай талас жоқ. Ол – 1911 жылы.

Базар жыраудың шығармалары Сыр өңірінен шыққан ақын-жыраулардың ішінен алғашқылардың бірі болып С.Сейфуллин, М.Жұмабаев, Ә.Диваев, Ә.Марғұлан, М.Әуезовтің қолына тиген. Әдеби әрі ғылыми айналымға өз тұстастарына қарағанда ертерек түсуі, әдебиет жинақтарына енуі жырау мұраларының ел аузында көп айтылып, жатталып келуінен ғана емес, оның ғалымдар мен зерделі жинаушылардың назарын еріксіз аударатындай үздік үлгілілігі мен көркемдігінен болса керек. С.Сейфуллин: «Бұқар жыраудан кейінгі қазақтың ірі жырауы – Базар жырау», – десе, М.Жұмабаев: «Асса елдің қамын ойлаған, қалса өзінің ойына терең бойлаған»,– деп ақындық қарым-қабілетін жоғары бағалайды. Сөз қадірін білетін саңлақ суреткерлеріміздің Базар жырау шығармаларын назарға алып, ғылыми зерттеуге негіз етуі мұраларының кәсіби әдебиет пен ғылымнан оңды бағасын алуының басталғанын дәлелдейді.

Базар жырау дәстүршіл ақын, жырау болған. Есін білгелі ел аузындағы жыр-термелерді, толғау-дастандарды жаттап өсу жыраудың балалық шағына тән базарлы уақыты, ал халық ауыз әдебиетінің мол қазынасы, тарихи әдебиеттің тағылымды мұралары, өзі өмір сүрген өнер ортасы, бұлар – оның өмірлік те, өнерлік те оқулықтары еді.

«Құлаштап дүние сені қармансам да, керімі келген шығар ер Қорқыттың», – дейді жырау. Бұл жолдардағы Қорқыт есімін жай ғана атала салған деп ұғынбағанымыз жөн. Бір қызығы Сыр сүлейлерінің барлығы да өздерінің жыр-толғауларында Қорқыт есімін атап отырады, өздерінің туындыларын Қорқыт дәстүрінің жалғасы деп мегзейді. Демек, Сыр сүлейлерінің шығармаларын Қорқыт дәстүрінен бастау алатын, сондай-ақ еліміздің түкпір-түкпіріндегі ақын-жыраулар шығармаларымен тығыз байланыста дамып келіп, әдебиет тарихына алтын қор болып қосылған құнды дүниелер деп есептейміз. Базар жырау шығармалары да өзінен бұрынғы әдебиетпен табиғи тамырлас болып келіп, әдебиеттің ұлттық дәстүрін жалғастырған.

Қазақ поэзиясындағы арнаулардың ХІХ ғасырдың әдеби мұрасына жататын жырау шығармаларындағы үлгілеріне назар салсақ, бұлардан бір ғажабы әрі дәстүрлі толғау үлгілі поэзияның сипаты, әрі жазба әдебиетке тән ерекшелік, белгілер байқалады. Толғаудың синкретті жанрлық түр ретінде лирикалық поэзияның жанрлық түрлерінің бірнешеуінің жүгін бір өзі арқалап келгені туралы қазақ әдебиеттануында бұрыннан айтылып жүрсе, осы шындыққа Базар жырау арнаулары арқылы анық көз жеткізуге болады. Бұның өзі ХІХ ғасырдағы тарихи әдебиет үлгісі – толғауларымыздың жазба, кәсіби әдебиетке толық алғышарт бола аларлықтай жағдайда болғанын көрсетеді. Жалпы әдебиетіміздің қай дәуірдегі, кезеңіндегі болмасын лирикалық поэзияны қазақ толғауларынсыз бөліп алып қарастыру, зерттеу дұрыс бола бермейді. Керісінше, қазақ лирикалық поэзиясының туып, қалыптасу, дамуы деген мәселелерде толғау үлгілі поэзиямызды негіз, алғышарт, ағысты арна тұрғысынан әлі де болса зерттеп-зерделей түскеніміз абзал. Жалпы ақынжанды, сезімтал қазақ халқының лирикалық түйсігі, түсінігі, пайымы, ақыл-ойы өлең сөзінен гөрі толғау терминінде көбірек жатқанға ұқсайды. Осы орайда, Ш.Уәлихановтың өз кезінде өлең сөзінің қазақтарға Тобыл татарларынан енгеніне 50-ақ жылдай уақыт болды дегені еріксіз ойға оралады. Сондай-ақ академик Қ.Жұбановтың түрікпендер толқынды толға деп атайды, толғау сөзі осы толғадан, толқыннан шыққан деп айтқаны да ескеруге тұрарлық. Лирикалық сезім де, сыр да көңіл толқынысынан тумай ма? Лирикалық поэзияны таза субъективті, ақынның ішкі сезім, мұңынан, көңіл-күйінен тұрады деп жататынымыз да сондықтан. Бұл жерде айтпағымыз толғау  болсын, өлең болсын бұлардың бәрі лирикалық поэзия, демек кәсіби жазба әдебиетіміздегі Абайдан басталатын лирикалық поэзиямыздың тарихи-теориялық кез келген мәселесін  қазақ өлеңдерінсіз, толғауларынсыз зерттей алмасақ керек.

Базар жырау толғауларын жеке шығармашылық тұрғысынан ғана емес, жалпы әдебиет тарихының көлемінде, әдебиет тарихы дамуының контексінде қарастырсақ, оның назар аударарлықтай бірнеше қырларын атап өтуге болар еді.

Арнау өлеңдер – қазақ поэзиясындағы дәстүрлі жанр. Біріншіден, халық ауыз әдебиетіндегі арнау өлеңдер халқымыздың тұрмыс-салтымен біте қайнасып кеткен күйінде тұрмыс-салт жырлары деп аталып кеткен де, бұндай жырлар кейіннен тарихи әдебиетке, жазба әдебиетке кәсібиленген жағдайда сіңісіп кеткен. Тұрмыс-салт жырлары түрінде әдебиеттегі тарихын өте ертеден бастаған арнау өлеңдердің жалпы қазақ өлеңінің тарихы мен теориясы үшін қисын-қағидалар қалыптастырудағы орнына Базар жырау толғаулары негізінде біршама тоқталып өтуге болады.

Базар жыраудағы «Беташар», «Темірге көңіл айтуы», «Көнек Жалғасбайдың ел-жұртымен бақұлдасуы», «Пішанның Төребайына көңіл айтуы» сынды толғауларды, міне, осы бағытта қарастырамыз. Бұл толғауларда сол дәстүрлі тұрмыс-салт өлеңдерінің мазмұндық сипаты, пішіндік қалпы сақталған деуге болады. Өлең толғаудың композициясы өзінің нысанындағы персонажға бағытталып құрылуымен ерекшеленеді. Жырау не айтса да сол «персонаж» төңірегінен ұзамай, оған өлеңмен сипаттама, мінездеме беріп отырады. Бұл «персонаж» дүниеден өтіп кеткен адамдар болуы да немесе жаңа түскен келіншек күйінде келіп отыруы да дәстүрге сыйымды. Мәселе Базар жыраудың арнау толғауларының дәстүрден озып дүниеге келуінде, әдебиет тарихын ілгерілетуінде, сөйте отырып дүниеге жазба әдебиет үлгілеріне тән сипатпен келуінде, өзінен кейінгі не қатар дүниеге келетін кәсіби әдебиет туындыларына шығармашылықпен игілікті әсер ете алуында демекпіз.

Жоғарыда аталған толғаулардың дәстүрге беріктігімен бірге жаңашылдық сипатының молдығы – ерекше назар аударуға тұрарлық сипат. Көңіл айту, көңілді өлеңмен айту бұл – дәстүршілдік белгісі болса, ал арнаудың нысанындағы адамды, «персонажды» толыққанды, жан-жақты сипатталған, мінезделген, тіпті жинақталғандай болып көрінетін әдеби бейне дәрежесіне көтеріп жырлау бұл – енді жаңалық.

Базекеңнің «Пішанның Төребайына көңіл айтуы» толғауы – міне, осындай сипатты шығарма. Арнау толғаудың бірінші бөлімінде 18 жасар ұлы Ысқақтан айырылған, қайғыдан басын көтере алмай жатқан Төребай биге Базекең көңіл айтып ұзақ толғайды. Төребай – Сыр өңіріне кең танылған тұлға, би. Өз кезінде-ақ ел абыройына бөленген қайраткер адам. Өлең нысанында өмірде бар адам, тарихи кейіпкер туралы айту әрі қиын, әрі оңай болғанымен, бұл жердегі ауырлық – қалған көңілді жібітіп, қалың қайғыны сейілтетіндей сөз тауып айту. Төребайдай тұлғаның анау-мынаудың сөзіне иліге, жіби қоюы да бейкәміл. Міне, осы талаптар дүниеге келетін шығарманың, яғни, көңіл айтудың өнерлік шарттары болатындықтан, Базекеңнің бұндай талаптарды ескеріп, көңіл айту барысында Төребайдың басын көтеріп, сөз құдіретіне елітіп жылап жіберетіні, арнау толғаудың көркемдік деңгейіне, өнер туындысына тән табиғатпен дүниеге келгенінің дәлелі бола алады. Базар жырау көңіл айту барысында Адам Ата – Хауа Анадан басталған адамзат тарихына шолу жасайды, Төребайдың ата-бабасына, әулет-зәузатына тоқталып өтеді, Сыр елінің дүниеден озған атақты адамдарын тілге тиек етеді. Осылардың барлығын жырау өмірдің өтпелілігін, өлімді адам баласының бәрібір мойынсұнатынын айту үшін толғап келеді де, қыршын жас Ысқақтың өлімінің ерекше екенін есінен шығармай отырады және бір ерекшелігі көңіл айтудағы дәстүрлі тұспалдау, мезірет жасау, ишара білдіру әдістерін нәтижелі пайдаланып отырады.

«Ақырын істің оңғарсын,

Сыныпты бұтақ теректен», – деген сияқты жолдар – осы айтқандарымызға дәлел. Көңіл айтудың бірінші бөлігі өмір, дүние, адам туралы тың толғаныстардан тұрады. Осындай ұғымдар төңірегіндегі ойлардың берілуінде, негізгі идеяны жеткізуде дәстүрлі көңіл айтулардың шарттары да сақталған. Бұл толғаудың да, басқа арнаулардың да сипаты біздіңше, өлең нысанындағы персонажға тоқталуында, яғни өлеңдегі негізгі кейіпкерге сипаттама, мінездеме жасалуында деп тұжырым жасауға болады. Толғаудың екінші бөлімінде тікелей Төребай туралы айтылады, оның ел алдындағы қызметіне баға беріледі. Төребай туралы айтыла отырып ел бірлігі, елдік пен ерлік, өмір, оның өзгермелілігі мен қысқалығы төңірегінде тоқталып отыру, салыстырмалы түрде адамдық қалыптар мен мінездер төңірегінде айту үшін өткен-кеткенді еске түсіріп жырлау – Базар жырауға тән ақындық қолтаңба, жыраулық жөн-жоба екенін айтар едік. Бұлардың барлығын жырау қайғыны жеңілдету үшін Төребайды қанаттандырып, қайрап отырып айтады. Көңіл айту мен жұбатудың дәстүрлі сілемдері сақталып отырған бұндай арнаудың жаңалығы реализмінде, өмір құбылыстарын сол қалпында уақытпен байланыстыра отырып дәл көрсете алуында деп есептейміз.

Базар жыраудың «Бақа биге» арнауында да сондай. Аз айтылса да, көп айтылса да Бақа би туралы айтылады. Ел басқарған болыс Бақаның Қосқұлақ бабасынан бері жалғасып келе жатқан қасиеттері жайлы жырланады:

«Жолдасын жауға бермеген,

Көлденең сөзге ермеген,

Ешкімді бөтен көрмеген,

Қосқұлақ еді бабаңыз», – делінетін жолдар осыған дәлел. Арнау толғаудың жанрлық аясына Бақа биге түрлі сипаттама, мінездеме беріп отырумен бірге, өзінің басына түскен жағдайды, түрмеге түсіп қалғанын айтып, мұңын шағуды сыйғызып жіберу – Базар жыраудың жаңалығы, арнау өлеңнің күнделікті тіршілікте кездесе беретін жайттар мен көңіл-күйдің түрліше мотивтерін қамтып жырлауға ойыса бастағанының, яғни жазба әдебиетке толық алғышарт бола аларлықтай деңгейінің дәлелі. Осындай ілгерішіл үрдіс, дамуға бет алған жақсы бағдар жыраудың «Нарманға», «Лепес туралы», «Қалжан ахунға», «Маутанға», «Қаражан болысқа» арнауларында одан әрі толықтырыла түскен. Бұл толғауларда адамның кейбір мінездері сыналады. Жанрлық тұрғыдан алғандағы бұндай жетістікті толғаудың нысанындағы жеке адам бейнесінің емес, оның кейбір мінездерінің өлеңге арқау болғанымен дәлелдеуге болады. Адамның өзіне не бейнесіне жалпылама тоқтамай, оның мінезін даралауға жалқылап тоқталу шығарманың жанрлық тұрғыдан өсіп-дамып келе жатқанын, күнделікті өмір тіршіліктерін суреттеуге ойыса бастағанын дәлелдесе керек. Мәселен, «Қаражан болысқа», «Нарманға» арнауларында Қаражан мен Нарманның бар бола, бай бола тұра сараң екендіктері беттеріне басыла жырланса, «Лепес туралы» арнауында сараңдықпен бірге қолының сұғанақтығы, ұрлық жайы сыналады. Қалжан ахунға арнауында бақсылар мен балгерлердің, қожа-молдалардың жалған емшілігі, дүмше молдалығы, елді алдау мен арбаудағы айла-амалдары өткір айтылады. Бұндай өлеңдердің өмір танытушылық сыры тәрбиемен тікелей байланысты болатыны адамгершілік қасиеттер жайлы жырланып, нәтижесінде оның көлеңкелі тұстары сыналуынан көрінсе, өнерлік табиғаты арнау толғауларын жанрлық тұрғыдан өмір құбылыстарының ең бір нәзік және өте күрделі адам табиғатымен, адам болмысымен байланыстырып жырлауымен дәлелденеді. Толғау-арнау адамға, адамның мінезі хақына арналуы суреткер үшін де, әдебиет тарихы үшін де үлкен жетістік. Өнер туындысының өмірмен қабысуы, тіршілік түйткілдермен, уақытпен үндесуі, қоғам дамуына үн қосуы – әдебиеттің дамудың даңғыл жолында келе жатқанының белгісі. Базар жырау толғауларының шындығы дәл осылай деп ой түюге толық негіз қалайды.

Базар жырау Сыдық сұлтанға арнауында:

«Кенеден туған Сыдық жүр,

Көрмеймін деп кәуірді,

Қойып Хаққа көңілді

Зорлығына көнбен деп,

Қолдан тізгін бермен деп.

Көңілі осылай бөлінді,

Сыбанып батыр білекті.

Қайтпаған қайсар жүректі,

Алла оңғарса тілекті

Кенеден туған ер төре

Келтірер өзі ретті.

Балдағы алтын ақ болат,

Білегіне бос салған,

Тайғақ кешу тар жолда

Ер жолдасын еске алған,

Шашақты қара ту алған» (Базар жырау Оңдасұлы. Жәмиғы қазақ бір туған. – Алматы: Дешті қыпшақ, 2008.), – делінеді де, осы мазмұнда әрі қарай жалғаса береді. Бұл арнаудың дәстүрлілігі – Сыдық сұлтанның кім болғаны жөнінде тыңдарманға, оқырманға мағлұмат, дерек бере алуында. Базар жырау да Сыдық сұлтанның бейнесін асқақтата жырлайды. Даңғайыр жырау сөз сапырып, асқан шеберлікпен, тапқырлықпен небір асыл теңеулерді, ажарлаулар мен ауыстыруларды Сыдық төре бейнесін сомдауға аямай-ақ жұмсаған. Бұл арнаудың артықшылығы ол бірыңғай марапаттау, мадақтаудан тұрмайды, бұнда саяси-әлеуметтік астар, сипат бар. Базар жырау Ресей патшалығына қарсы бағытталған Сыр елі қазақтарының ұлт-азаттық күресінен хабардар етеді. Сыдық төрені осы көтерілістің басында жүргендіктен де мадақтап отырғанын ашық білдіріп отырады. «Зорлығына көнбен деп, қолдан тізгін бермен» деп жүрген Сыдық төре – Базар жыраудың арнауынан танып білгеніміздей, ұлттық батыр, қаһарман. Ол – ел басқарған хан емес, бірақ ұлтты зорлық-зомбылықтан, отарлық езгіден құтқару үшін күресіп жүрген батыр. Өзі де осы ұлт-азаттық көтеріліске қатысқан, жырларымен оған дем берген Базар жырау арнауындағы Сыдық төре бейнесінің жасалуының осындай саяси астары бар. Біздіңше, өнер туындысы халық үшін туады және халықтың тарихындағы өшпес оқиғалардан хабар береді, бұл – оның шынайылығы, өміршеңдігі, нағыз өнер туындысына тән бедер-белгілерді, сыр-сипаттарды өз бойынан білдіре білуі. Демек, Базар жырау Сыдық төреге арнауында осы жанрлық түрдің қазақ поэзиясындағы жеткен жетістігін, дәреже-деңгейін көрсетеді. Сөйте отырып ХІХ ғасырдағы толғау үлгілі поэзиямыздың, жыраулар мұрасының ХІХ ғасырдың ІІ жартысы мен ХХ ғасырдың бас жағынан басталатын кәсіби, жазба әдебиетімізге толық алғышарт бола аларлықтай күйде болғанын дәлелдейді. Арнау жырдан ХІХ ғасырдағы қазақ халқының, оның ішінде Сыр бойы қазақтарының өмірінен маңызды деректер ала алсақ, Сыдық төре, Базар жыраудың ара-қатынасы, ерлік істері жөнінде хабардар болсақ, өнер туындысының өз міндетін атқарғаны емес пе?

Базар жыраудың Бақа болысқа арналған жыры да жанрлық сипаты жағынан қазақ поэзиясындағы дәстүрлі арнаулардан алшақ кетпеген. «Шөменнің алтын сақасы» деп аталатын арнау жырдың негізгі кейіпкері Бақа би – патшалық Ресей билігі тұсында болыс болған, ірі тарихи тұлға. Арнауда не айтылса да Бақа би туралы айтылады. Әрине арнаудың жанрлық сипатына сай жасалатын Бақа бейнесін бедерлеу үстінде жырау оған сипаттама, мінездеме жасап отырады.

«Үстіңнен дұшпан аспаған,

Аяққа пенде баспаған,

Сіз едің берен ағамыз.

Шыныңменен бұрқансаң,

Атасы басқа дұшпаннан,

Босар еді жағамыз.

Жолдасын жауға бермеген,

Ешкімді бөтен көрмеген,

Қосқұлақ еді бабаңыз» (Базар жырау Оңдасұлы. Жәмиғы қазақ бір туған. – Алматы: Дешті қыпшақ, 2008.)

Рулық жағынан Базар жырауға аға болып келетін Бақа болыс ел ішінде әділдігімен, ақылдылығымен ерекшеленген билік иесі болғандықтан, жыр жолдарында оны көтермелеу, мадақтау элементтерінің болатыны дәстүрге сыйымды. Осы жолдар әрі қарай:

«Ежелден халыққа жол айтқан,

Жәнібекұлы Кедейсің,

Бір істі алсаң қолыңа,

Ермейтін жан жоқ соңыңа,

Азды көпке теңейсің,

Қамқорың тиіп ғаріпке,

Қысылғандарға қол созып

Әруақша желеп-жебейсің.

Аждаһадай айбатың,

Жолбарыстай қайратың» (Базар жырау Оңдасұлы. Жәмиғы қазақ бір туған. – Алматы: Дешті қыпшақ, 2008.), – күйінде жалғасады. Көріп отырғанымыздай, арнау жырдағы Бақа болыс бейнесін сомдауда Базар жырау бірыңғай мадақтауларға бара бермей, оның азаматтық тұлғасын, адамдық бітім-болмысын мінездік сипаттаулар арқылы көрсетуге тырысқан. «Бір істі алсаң қолыңа, ермейтін жан жоқ соңыңа», «Қамқорың тиіп ғаріпке, қысылғандарға қол созып, әруақша желеп-жебейсің» деген жолдар – осы айтқандарымызға дәлел. Әдеби шығарманың сындарлы сипаты ондағы  адам бейнесінің жасалуының дәреже-деңгейімен өлшенеді. Әдеби бейне қаншалықты шынайы, толыққанды жасалса, әдеби шығарманың, оның авторының мәні мен маңызы, көркемдік-эстетикалық қуат-күші, әдебиет тарихындағы орны соншалықты үлкен бола бермек. Базар жыраудың «Шөменнің алтын сақасы» деп аталатын арнау жыры да – қазақ поэзиясының өсу деңгейін, жеткен жетістігін көрсететін туынды, әдеби мұра.

Осы арнаудың бір ерекшелігі – Базар жыраудың басына түскен істі, жағдайды Бақа биге жеткізуінде, осы мазмұндық мотивтің жырдан орын алуында. Түрлі көңіл күй, жырау басындағы әртүрлі жағдайлардың жыр мазмұнына кестеленген көркем сөздер арқылы әдемі айналып отыруы – әдебиет тарихы үшін өскендіктің белгісі, толғаудың бір түрі дәстүрлі арнаулардың кәсіби жазба әдебиеттегі лириканың қызметін атқара бастауының айқын дәлелі.

Осы арнаудағы;

«Ассалаумағалейкүм,

Айбектің батыр Бақасы,

Шөменнің алтын сақасы,

Жақсы сөзбен ашылар,

Көңілдің қайғы-қапасы.

Жадыңа дұрыстап алмасаң,

Көзіңнің қырын салмасаң,

Қайратты туған би аға,

Арлаған Базар ініңнің,

Болмай тұр еркін сапасы» (Базар жырау Оңдасұлы. Жәмиғы қазақ бір туған.– Алматы: Дешті қыпшақ, 2008.), – деген жолдар – жоғарыда айтылғандай, арнаудың мазмұнына енгізілген жыраудың басына іс түскен сәтін ағасына болысқа, Бақа биге айтқанын көрсететін мазмұндық мотив. «Құйыршығын жар соққан, дарияның мен бір сазаны» деген сияқты сирек кездесетін метафоралық бейнелеулер жыраудың айтқанын әсерлендіріп, әрлендіріп тұрғанын айтсақ, бұнымыз Базар жыраудың суреткерлік шеберлігін, өзіндік қолтаңбасын тану мен таныту болып шығады.

Біз «Базар жыраудың әдеби мұрасы» деген ғылыми-зерттеу еңбегімізде Сыр сүлейлерінің шығармаларының негізінде қазақ толғауларын арнау, ой, сыр, ақындық толғаулар деп топтарға бөліп қарастырдық. Базар жыраудың жыр-толғауларын да осы классификациямен зерттеп-зерделедік. Толғауларының ішінен, әсіресе, арнау толғауларға көбірек тоқталдық. Арнау толғауларын зерттеп-зерделеуіміз арқылы олардың өн-бойында жазба, кәсіби әдебиетке тән бедер-белгілердің мол екеніне көзіміз толық жетті. Әдебиет өз заңдылығымен стихиялы түрде дамуы барысында іштей түлеп, түрленіп, жаңарып, жаңғырып отыратынына Базар жыраудың арнаулары мысал бола алады. Арнау толғаулардың ішінде әдеби бейненің толыққанды жасалуы, көңіл-күй мотивтерінің көптен орын алуы, әдеби бейненің портретінен бастап, ішкі мінез ерекшеліктеріне дейін айтылуы – олардың мазмұндық, жанрлық сипаты, ерекшеліктері. Сондықтан да Базар жыраудың арнау толғауларында жазба, кәсіби әдебиетке толық алғышарт, негіз боларлықтай сыр-сипаттың, қадыр-қасиеттің бәрі бар деген қорытындыға келдік. Тіпті, бізге жеткен деректерде жырау кейбір толғау, арнауларын молдаларға айтып отырып, жаздырып шығарған деп те айтылады. Ойымызды қорытындылар болсақ, Базар жыраудың шығармашылығы Абайдан басталатын кәсіби, жазба әдебиетіміздің ұлттық негізі, нәрлі топырағы, толық алғышарты болды.

Бағдат КӘРІБОЗҰЛЫ,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, филология ғылымдарының докторы, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің профессоры

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<