Осыдан үш жыл бұрын қазақтың біртуар ұлы, мемлекет және қоғам қайраткері, Тәуелсіз Қазақстан Республикасының тұңғыш Премьер-Министрі болған Сыр елінің аяулы перзенті Ұзақбай Қараманұлы Қараманов өмірден озды.
Арада жылдар өтсе де, Ұзақбай ағаның орны ойсырап тұр. Замандастары мен ізінен ерген інілері əлі күнге сағына іздесе, бар ғұмырын халқына қызмет етуге арнаған арда азаматын халқы да қадір тұтып, есінен бір сəт шығарған емес. Тəуелсіздіктің елең-алаң шағында, еліміздің ес жиып, қиын кезеңдерден шығуына бар күш-жігерін сала еңбек еткен тұлғалардың бірі де бірегейі болатын Ұзақбай аға.
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің екі дүркін депутаты болған, өмірінің соңына дейін қоғамдық қызметтен де қол үзбей, елге аянбай қызмет еткен Ұзақбай ағаның өмірі мен еңбек жолы кім-кімге де үлгі-өнеге болатындай ғибратқа толы.
Үзеңгілес замандасы, бірі Премьер-Министр болса, бірі орынбасары болып халыққа бір дəуірде, бір уақытта қызмет еткен, мемлекет жəне қоғам қайраткері, ғалым Мырзатай Жолдасбеков Ұзақбай аға туралы былай деп ой толғапты:
«Барлап қарасам, бойын жасырып жүретін тұлпар секілді кісі екен. Біздің Ұзекең білмегенін терең білуге құштар, ненің де болса байыбына барып, қай істің де түбіне терең үңілетін аспайтын, саспайтын, жер қозғалса қозғалмайтын, сабырлы, салмақты, артық сөзі жоқ кісі болып шықты. Үкіметтің қаулы-қарарлары елдің тағдырлы мәселелеріне арналатындықтан дайындалған, қағаздың қай-қайсысына да аса жауапкершілікпен қарады. Өн бойынан кісілігі мен кішілігі айқын көрініп тұрды. Асығып аптықпайды, мақтанбайды, желпінбейді. Бір ғажабы Ұзекең әр істі егжей-тегжейлі білуге құлшынуымен қатар, мінезінде көп адамда кездесе бермейтін бір қалыптан айнымайтын қасиет бар. Ол қасиет мен көріп жүрген басшыларда кездесе бермейді».
Сырлы да сырбаз сабырлы қалпынан бір танбайтын, үлкенге ізетті, кішіге қамқор ағаның болмысын, кісілік келбетін үзеңгілес əріптесінен артық жеткізу мүмкін бе?!
Елім, жұртым, ұлтым деп қандай қызметте жүрсе де халқын құрметтеп, ұлтын ұлықтаған азамат кіндік қаны тамған жер, тағдырына бүкіл ғалам алаңдайтын Арал теңізін сақтап қалу жұмыстарының басы-қасынан табылды.
Замандастары текті тұлға еді деп тебірене еске алатын Ұзақбай ағаның бойына тектілік бір кездері асау толқындары буырқана көкке шапшып жататын Арал теңізінің жағасында өскені мен қарапайым балықшы, зиялы қауыммен етене араласқан, көкірегіне түйгені көп əке тəлімінен еді.
Ұзақбай ағадан ел үшін атқарылар шаруаларды шешуде ақыл-кеңесін тыңдап, үйренгенім көп болды. Туған жерге келген сайын елдің мұң-мұқтажын тыңдап, қолынан келгенінше шешілуіне қол ұшын созатын. Елдің мəселелеріне өз мəселесіндей қарап, шын жан ашитын елінің жанашыры болған еді. Даналығы, қарапайым болмысымен халқының ыстық ықыласына бөленді. Ұзақбай ағамыздың есімі жылдар өткен сайын саф алтындай жарқырап, еске алған сайын еселі еңбегі көптің көңіліне шуақ болып қайта орала берері сөзсіз.
Жатқан жеріңіз жайлы, мəңгілік мекеніңіз пейіште болғай, жаны жайсаң жақсы аға!
Болатбек ҚУАНДЫҚОВ
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<