Тұңғыш прокурор

3648

0

Елдің өркендеуіне өз үлесін қосып, саналы ғұмырында аянбай еңбек еткен ардақты азаматтардың есімі ешқашан ұмытылмайды. Өз ісінің білгірі атанған қайраткерлердің атқарған қызметі мен ел дамуына қосқан үлесі ұрпаққа үлгі-өнеге болып қала береді. Саналы ғұмырында заң саласының білікті де білімді маманы атанып, туған жердің сүйікті перзенті ретінде көпшілік алғысына бөленген тұлғалардың бірі – Сүлеймен Есқараев.  Ол – өз елінің мақтанышы. Кеңес үкіметіне қарсы және ұлтшыл деген айып тағылып, саяси қуғын-сүргін құрбаны болған республиканың  тұңғыш прокуроры.

Прокуратура саласының қалыптасуында үш маңызды кезеңді атап өтуге болады. Қазақстан прокуратурасының алғашқы қалыптасуы мен дамуы 1922 жылдың 13 шілдесіндегі Қазақстан Ор­талық Атқару Комитеті 3-ші сессиясының шешімінен бас­тау алды. Содан кейін Әділет халық комиссариатының құ­рамында мемлекеттік прокуратура органы құрылды. Соған сәйкес Әділет халық комиссары республика прокурорының міндетін қоса атқарды. Осы сессияда «Прокурорлық қа­дағалау туралы ереже» бе­кітілді.

Прокуратураның дамуы­ның екінші кезеңінде яғни, 1933 жылы оның өкілеттігі кеңейе түсті. Әділет халық комиссары жанында прокуратура басқармасы құрылып, дербестікке қол жеткізді. Оның тарихында тұңғыш рет прокурордың міндеттері Әділет халық комиссарынан бөлінді.

1936 жылы 5 желтоқсанда КСРО өзінің жаңа Конс­титу­ция­сын қабылдады, сол оқиға республика үшін тарихи маңызға ие болды. Қазақстан автономия­лы рес­публикадан одақтық респуб­ликаға айналып, КСРО-ның құрамындағы тең құқықты мемлекет болды. Қазақстан 1937 жылы өзінің алғашқы Конституциясын қабылдады.

Осы сәттен прокура­тура­ның дамуы мен нығаюының үшінші кезеңі басталып, Әділет халық комиссарынан про­куратура толық бө­лінді. Республика құқық қорғау органдарының дербес құры­лымы ретінде жұмыс жасай бастады. Қазақ КСР-ның тұңғыш дербес прокуроры С.Есқараев болды.

Сол жылдың 11-ші қара­шасында Әділет халық комиссары және прокуратураны бөлу туралы бұйрық шығып, республика прокуратурасы тікелей КСРО-ның прокурорына бағынатын болды.

Прокуратураға мемле­кеттік мекемелердің, қоғам­дық және жекеменшік ұйым­дары іс-әрекетінің заң­ды­лы­ғына, сонымен қатар жеке адамдардың, тергеу орган­дары, анықтау және т.б. органдары қызметін қадағалауды жүзеге асыру жүктелді.

Алайда, прокуратураның тарихында қалыптасқан күр­делі жағдайларға байланысты өзінің құқық қорғау міндеттерін толық көлемде жүзеге асыра алмаған кезеңі де болды. Кеңес үкіметіне қарсы және ұлтшыл деген айып тағылып, саяси қуғын-сүргін құрбаны болған сегіз арысымыз бар. Олар – Нығмет Нұрмақов, Нұртаза Ералин, Сәдуақас Мәмбеев, Жанайдар Сәдуақасов, Боран Айтмағамбетов, Қанай Боранбаев, Мырзағұл Атаниязов және Сүлеймен Есқараев. Тек 1937 жылдың өзінде ғана прокуратура органдарынан 40-тан астам қызметкер негізсіз жұмыстан шығарылды, со­лардың бірқатары револю­цияға қарсы және ұлтшыл топтарға қол ұшын берді деген желеумен қамауға алынды. Бұл жаппай саяси қуғын-сүргін кезеңі еді. Осы кезеңде қазақтың қаншама зиялы азаматтары қуғын-сүргінге ұшы­рап, жазықсыз атылды. Сол қысылтаяң шақтың өзінде прокуратура органдарында өз жұмысына адал жандар заңдылықтың мүлтіксіз орын­далуы үшін жан аямай күре­сіп жатты.  Солардың бірі Қазақстанның тұңғыш прокуроры, белгілі мемлекет қайрат­кері Сүлеймен Есқараев еді.

Ол 1897 жылы 17 тамызда Қызылорда облысы Қармақшы ауданында дүниеге келген.  1910-1918 жылдары Ақмешітте (қазіргі Қызылорда) кірпіш зауытында, темір жолда жұмыс істеп, Азамат соғысына қатысады. 1919-1920 жылдары  Ташкенттегі кеңес-партия мектебінде оқиды. 1920-1925 жылдары РК(б)П Сырдария облысы комитетінің нұсқаушысы, бөлім меңгерушісі, Ташкент облысы төтенше комиссиясы бастығының орынбасары, Ақмешіт уездік-қалалық кеңесі атқару комитетінің төрағасы, РК(б)П Түркістан ОК бақылау комиссиясы төрағасының орынбасары, Сырдария облысы кеңесі атқару комитетінің төрағасы, РК(б)П Сырдария облысы комитеті ұйым­дастыру бөлімінің мең­геру­шісі, 1925-1928 жылдары Қазақ АКСР ішкі істер халық комиссары қызметтерін атқарады.

1928 жылы Кеңестер билігі тарапынан ұлтшыл ретінде айып­талып,  Қазақстаннан ­қуы­­лып,  Орынбордағы  өлкелік мили­ция мектебінің бастығы болады. 1930-1933 жылдары Мәскеуде Бүкілодақтық жоспарлау ­академиясында білімін жетілдіріп, 1933-1937 жылдары аралығында Қара­ғанды облысы кеңесі атқару комитетінің төрағасы, 1936 жылдың ақпанында Юстиция халық комиссары және рес­публика прокуроры болып тағайындалады.

1936 жылдың 17 сәуірінде РСФСР Юстиция халық комиссариатының кеңесінде Қазақстандағы Юстиция және прокуратура жағдайын жан-жақты түсіндіріп, мәлімдеме жасайды. Көтерілген мәсе­лелер бойынша кеңес 19 баптан тұратын арнайы қаулы қабылдайды.

Сүлеймен Есқараев аз уақыттың ішінде аса маңызды мәселелерді көтеріп, олар­дың оң шешімін табуға қол жеткізеді. 1937 жылдың бюд­жетіне Юстиция комиссариаты ғимаратының құры­лысын жүргізу енгізіліп, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Қарағанды облыстарында ұлт­тық құқықтық мектептер ашы­лады. Қа­зандағы заң инсти­тутына 50 орын (ұлттық кадрлар үшін) бөлінеді. 1936 жылдың күзінде Қазақстанның өз алдына тәуелсіз прокуратурасы құрылады. Сүлеймен Есқараев Юстиция комиссариатын 1936 жылдың 17 тамызына дейін басқарады. 1937 жылы Қазақстан комиссарлары Кеңесі төрағасының орынбасары қызметінде болып, сол жылы Қазақстан компартиясының бірінші съезінде Сүлеймен Есқараевқа халық жауларымен байланысы бар деп жалған айып тағылып, съезде «Есқараев контрреволюцияшыл ұйымда болғандығын мойындады» деп хабарлаған күні жалған айыппен тұтқындалады. /207-208 бет/ 

Сүлеймен Есқараев алдын ала тергеу барысында да және одан кейін де республика прокурорымен кездестіруді бірнеше рет сұраған екен. Оны тергеу құжаттарындағы жазылған қағаздар дәлелдейді. Бірақ барлық өтініші ескерусіз қалған. Ал КСРО Жоғарғы Сотының әскери алқасы 1938 жылғы 25 ақпанда оны атуға үкім шығарады. Сот мәжілісі бар болғаны 20 минутқа созылған. Осы санаулы сәттерде айтулы азаматтың, адамның тағдыры оп-оңай шешіле салған. Сол кездегі «Социалистическая Алма-Ата» газетінде жарияланған хабарға сүйенсек, онда КСРО Жоғарғы Соты Әскери алқасының көшпелі сессиясы өзінің жабық сот мәжілісінде 19 адамға «ұлтшыл-фашист, троицкисшіл-бухариншілдер» деген айып тағып, оларды ату жазасына кескені айтылады. Олардың алдыңғы қатарында қазақтың арыс азаматтары Ұ.Құлымбетов, Т.Жүргенов, Ж.Сәдуақасов секілді толымды тұлғалармен бірге С.Есқараев та болады.

Жары Мәуия Есқараева да «Алжир»-ге айдалады. Алматыдан Қызы Әлия, баласы Марат «халық жауының ұрпағы» ретінде тәрбиелейтін мекеме – балалар үйіне алынады. Сүлейменнің туған ағасы Сейдалы Маратты балалар үйінен айламен алып кетіп, ер жетуіне үлкен үлес қосты. 1957 жылы 5 қарашада Сүлеймен Есқараев ақталды.

Бүгінде Қызылорда қала­сының бір көшесі Сүлеймен Есқараевтың есімімен аталады. Үкіметтің 1997 жылғы 3 желтоқсандағы №1485 қау­лысына сай, облыста «Есқа­раев­тың 100 жыл­дық тойы» кеңінен атап өтіліп, ол дүниеге келген Қармақшы ауданындағы №27 Жосалы лицейіне есімі берілді. Сондай-ақ, мерейтой қарсаңында Бас прокуратура жанындағы Заңдылық, құқық тәртібі проблемаларын зерттеу және прокуратура органдары кадрларының біліктілігін арттыру институты Сүлеймен Есқараев есімімен аталады.

2013 жылы облыс орта­лы­ғында Қазақ КСР-ның тұңғыш дербес прокуроры Сүлеймен Есқараевтың туғанына 115 жыл толуына арналған мерекелік шара кеңінен атап өтілді.

Мерекелік шара шеңберінде алдымен облыстық прокуратура ауласында Сүлеймен Есқараев ескерткішінің ашылу салтанаты өтті. Ескерткіш авторы – сол кездегі ҚР Суретшілер одағының мү­шесі, Мәдениет саласының үздігі Мұратбай Үмбетов. «Ұлттық рух тұлғасы» атты театрландырылған қойы­лым­­нан соң,  сол кездегі  облыс әкімі Қы­рымбек Көшербаев, ҚР Бас прокурорының орынбасары Нұрмаханбет Исаев, облыс­тық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейілбек Шаухаманов Сырдан шыққан заңғар заңгер рухына тағзым етіп, ескерткішті ашты. Аталған шара аясында облыстық про­куратура ғимаратында Сүлеймен Есқараев атындағы ведомстволық мұражай ашылды. Облыстық прокуратураның бастамасымен ашылған мұра­жайға тәуелсіз Қазақстанның қалыптасу кезеңі мен Қызыл­орда облысының және прокуратура органдарының даму тарихы, тұңғыш прокурордың өмірі мен қызметіне қа­тысты деректер қойылған. Мерейтойлық шара Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің Студенттер сарайында «Сү­леймен Есқараев: Тәуелсіз Қазақстан прокуратурасының қалыптасуы мен дамуы» атты ғылыми-тәжірибелік кон­фе­рен­цияға жалғасты.

Конференция соңында Сүлеймен Есқараевтың өмірі мен қызметіне арналған деректі фильм мен «Тарланбоз» кітабының тұсаукесері болды.

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында айтылған міндеттердің бірі – туған елді түлетуге үлес қосқан азаматтарды дәріптеу екені белгілі. Осы ретте М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжінде кездесулер мен семинарлар өткі­зіліп тұрады. Түптеп келгенде, бұл – аға буынға деген құрметтің жарқын көрінісі, ұлы тұлғалардың тағылымын жастардың санасына сіңіру жолы.

Лаура АХМЕТОВА,

М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық

жоғары колледжі КМҚК құқық пәнінің оқытушысы,

педагогика ғылымдарының магистрі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<