Тұрмағанбет пен Сәнбаланың қағытпасы

2646

0

1927 жылдың тамыз айының соңғы күндері Тұрмағанбет шайыр қасына атқосшылыққа Алдашбай ахунның баласы Асан мақсұмды ертіп, марқұм болған Дәуімшар бидің орнына дұға қылуға бидің үлкен ұлы Ержанның ауылына барады. Ол кезде шайырдың қырықтың ортасынан асқан кезі, ал Асан мақсұмның  жасы 25-тер шамасында болса керек. Ержан да – ердің сойы. Бала күнінде атақты сақи Алматтың тәрбиесін көрген.

Ел аузында сақталған әңгімелердің бірінде Дәуімшар Ержанын ертіп Алматқа барыпты. Қонақасын жеп, ауылға қайтуға ыңғайланғанда Алмат «Ау, ағайын маған айтар бұйымтайыңыз бар ма еді?» деп сұрапты. Сонда Дәуімшар «Аталарымыз үй егесі ұнатқан қонағының бұйымтайын тиесілі сый-сыяпатын көрсетіп болғасын кетерінде сұрайды, жақтырмаған қонағының бұйымтайын үйге кірген бетте сұрайды» деп отырушы еді.  Құрметіңді көрсеттің. Алла разы болсын. Мына ініңді әкеп отырмын. Қанатыңның астына ал. Менің тәрбиемнен гөрі, сенің тәліміңді көрсін. Ақылыңнан ығыстыр, ырысыңнан жұғыстыр. Бұйымтайым – осы» деп, баласын бір-екі жыл сардар Алматтың ықпалында қалдырған екен. Сол Ержан – әкесінің ізін басып, бұл күнде ауылдың сөзін ұстайтын, аймақтың мүддесін күйттейтін күйге түскен ел ағасы.

Ержанның  үйіне жақындағанда үріп ауызға салғандай бір жас қыз өрмек тоқып отырады. Шайырдың көзі бірден соған түседі. Кейін сол қыз айтады екен: «Тұрмағанбет аға үйге кіргенше менен көзін алмастан, табалдырықтан бір қырындай аттады» деп.

Жайғасып ас-су ішіп боларда Тұрекең серігі Асан мақсұмға «мына хатты қыздың қолына бер» деп тілдей қағазды ұсыныпты. Бұл қыз үй егесінің жақын туысы  Сәнбала болып шығады. Ержанның Күнмекен және Аймекен есімді әпкелері болады, соның Аймекенінен өмірге келген үш қыздың кенжесі және мырзаның есімін атамай, жанына жақын тұтқан ең сүйкімді жиені екен. Тегі – Кетенің Қарабазары, оның Сатыпалды аталығынан тарайды. Хат тасушы Асан мақсұм да – Жақсылық Қарабазар, осы кезге дейін Жақсылық пен Сатыпалды қыз алыспайды, яғни, Сәнбаланың туысы. Шайыр да бөтен емес. Руы – Кете, оның Құлысы. Тұрекеңе қарағанда өзіне етене жақын  ағайынының осы қылығына ренжіген Сәнбала Асан мақсұмға жұлып алғандай: «Сені жұрт мақсұм деп қадірлеуші еді, енді Тұрмағанбеттің хат тасушысы болсаң, жетіскен екенбіз» деп шағып алады. Сондағы Тұрекеңнің Сәнбалаға жазғаны:

– Алтайы көз алдымда, көрдім түлкі,

Боларын біле алмадым кімнің мүлкі.

Қуғанмен, қолға түспей, қалсам босқа,

Сақтандым: «Болармын, деп, жұртқа күлкі».

Сәнбала, сол туралы серлеттім сыр,

Сенде тұр бұл мүшкілдің ашсаң, кілті».

Сонда Сәнбала табан астында хатқа былайша жауап беріпті:

– Алтайы қарсы алдыңнан қашса тұрып,

Қалайша ұмтылмайсың алмасқа ұрып?

Қуғанмен жете алмасаң, кінә өзіңнен,

Шараң не, қалған болсаң діңкең құрып.

Онан да өз жөніңмен жүре бермей,

Қайтесің жан-жағыңа мойын бұрып».

– Тұрмағанбет шайырдың осылайша меселін қайтарған Сәнбала ару келесі, яғни, 1928 жылы тұрмыс құрады. Бұл – кеңес үкіметі тарапынан қазаққа жасалған   саяси қысымның ең бір күшейген тұсы. Тарихтан белгілі, ұжымдастыру деген солақай саясат салдарынан елдің темірқазығы, қорғаушысы, асыраушысы болған орта тап өкілдерін орыстың және олардың сойылын соққан шолақ белсенділердің ойсырата ойрандаған кезі. Осы дүрбелеңнің әлегіне Сәнбаланың әкесі, сол заманғы дәулетті адамдардың бірі Сәрке де ілігеді. Бұл  Сәнбаланың тұрмысқа шыққан, бір әулеттің абыройлы келіні атанып үлгерген кезі екен. Ата-енесінен рұқсат алып, әкесіне дәм-тұзын дайындап артынан іздеп барады. Сәрке мырза Қызылорданың  түрмесінде Тұрмағанбет шайырмен бірге жатыр екен. Әкесімен кездесіп, жылап-еңіреп тұрғанда бұлардың жанына Тұрекең келіп, «Сәрке, мынау қай бала?» деп жөн сұрапты.  Сөзге дес бермейтін Сәнбала сонда жұлып алғандай «Тұрмағанбет аға, үйге келіп, марқа қозы жегенде маған арнап өлең шығарып ең, түрмеде жатып «баланды көже» жеген соң танымай қалдыңыз ба? Менің есімім Сәнбала болады» депті. Сонда сәл қысылыңқырап қалған шайыр Сәркеге қарап «қартайған екенбіз ғой, Сәке, қартайыппыз» деп Сәнбаладан кешірім сұрап, қолынан сүйіп, маңдайынан иіскепті де кері бұрылып барақ жаққа қарай кете барыпты.

Бұл Сәнбаланың жоғарыдағы бір-екі ауыз сөз қағысқаннан кейінгі ақынды көргені және олардың соңғы көрісулері екен. Сол тектінің тұяғы, алтынның сынығы Сәнбала – менің анам еді.

Сөз орайы келгенде айта кетейік, жалпы Тұрмағанбет шайырдың Шәді төремен, Әбдікәріммен, Жүрсінмен, Ермұрат ақынмен жазба айтыстары бар. Ал қағазға түсіп, бізге жеткен екі қағытпасының бірі осы – Сәнбаламен болған шағын сөз сайысы. Көп нәрсе кешегі кеңестік зұлмат кезеңде жойылып кеткен. Әдеби-мәдени мұра тұрмақ, адам өмірінің құны болмаған кешегі кеңестік жойқын саясаттың салдарынан қаншама отбасының ойраны шығып, қандай арда азаматтар қорлықпен өлді десеңізші?! Тұрмағанбет шайырды да  әбден науқас меңдеп, өлер халге жеткенде барып, нақтысында өлеріне бір-екі күн қалғанда ғана босатқан. Ол ол ма, ауыл-аймақ атақты ақынын мәңгілік мекеніне арулап аттандырғаннан кейін, қастарында ұлты татар тілмашы бар НКВД адамдары келіп, «жерленген Т.Ізтілеуовтің өзі ма, әлде басқа ма, тексереміз» деп лақатты ашқан. Қайтыс болған  марқұмның Т.Ізтілеуовтің өзі екеніне көздері жеткесін, білегіне мөр басып қайта жерлепті. Аруақты осылайша қорлауға дейін барған кеңес жендеттерінің тірілерге не істегенін тарлан тарих әлі ашып жатыр.

Мұхатдам СЕРІКБАЕВ

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<