Ұят – адамның қарауылы

2381

0

– Ұятымыз көрінбей, теріміз текке төгілмей,

Көгілдір көктей тұп-тұтас іргесі елдің сөгілмей,

Өткеру үшін өмірді, мөп-мөлдір ұят керек-ақ.  

Дастархан басында да, немерелерімен бас қосып жұмыс істеп жатқанда да атам өзінше сөйлеп отыратын, қарадомалақтарының құлағына сіңе берсін дегені шығар.

Ұят – ішер асың, киер киімің, бұларсыз алысқа бара алмайтының сияқты, ұятсыз болсаң да ұзаққа бара алмайсың. Ұят – адамның қарауылы, қарауылың мықты болсын! Ұят – жан досың, жолбасшың. Ұяттылармен дос бол, қаракөкіректермен қас бол, алаяқтардан аулақ жүр! Барлық пәлекет – жаманшылық, арамдық, екіжүзділік, арамтамақтық, қатыгездік, қиянат, жалқаулық, имансыздық ұятсыздықтан бастау алады.

Ұятсыздар – имансыздар, олар арсыз келеді. Олар – қанағатсыз, жағымпаз, намыссыз, тойымсыз, сұрамсақ. Ұятсыздарға екі дүние – бір қадам. Олар  отқа күймейді, күйсе де күйгенін білмейді. Олар суға батпайды, батса да қалқып шыға береді. Оларға сөз өтпейді,  айналып келіп алдыңда тұрады.

– Ұят болсын жан досың да қолбасшың,

Қарауылың, қаруың да жолбасшың.

Жүрегіңе ұят сөзін ұялат

Десең егер Жаппар ием қолдасын.

«Жаным – арымның садақасы» дейтін халықтың ұрпағы емеспіз бе,  ұяты бар адам ардан аттамас болар, олардың жүрегінде ар, намыс, қанағат, әділет сезімдері ұя салған. Ел арасында «ұятсыз екен», «имансыз адам», «ұялсаңшы», «иманжүзді екен», «бетінен ұяты көрініп тұр ғой», «ұят болмасын» деген сөздердің жиі айтылуы да біз үшін имандылық  пен ар-ұяттың қаншалықты қастерлі де қадірлі, киелі де кепиетті  екенін  байқатса  керек. 

«Адамда ұялу сезімі таусылғанда оның өзі де бітеді» депті бір ғұлама.

Адамдар негізі пәк жаралып, ұяттан туған, ал қаралық пен қасірет кейін пайда болған сыңайлы.

– Ұятыңа жүгін де, табын хақ Тәңірге күнде сен,

Сорлылық болар ұяттыларды күндесең.

Ар-ұятпен нұрланғандар молынан,

Иманы кәміл пенделерді кім десең,  – деп бір тоқтайды.     

Атамыз томаға-тұйық десе де болатындай, көп сөйлемей, көбіне үн-түнсіз, ой үстінде жүруші еді. Ал кейде  көзі ашылған бұлақ сияқты, өзінен-өзі сөйлеп, ағытылып кетеді. Ондайда:                        

– Әй, қайсысың бар-әй, – деп шақырып алып, өсиет-нақылдарын ерінбей-жалықпай тәптіштеп, таратып-талдап айтып отырады да, қолдарыңды жайыңдар:

Мінгенің ұяттың пырағы болсын!

Жаққаның ұяттың шырағы болсын!

Көкірегің ұяттың тұрағы болсын!

Шырқағаның ұяттың жыр-әні болсын!

Кигенің ұяттың жейдесі болсын!

Таққаның ұяттың түймесі болсын!

Әумин деп, – бата-өсиетін пәлсапаға толы ғибратты сөздермен аяқтайтын-ды.

Иә, Аллам, өзің сабыр бере гөр, ұятты іс істетпегейсің, ондайларды көрсетпегейсің. Иә, Жаппар ием, өзің таупиық бере гөр, ұятты сөз сөйлетпегейсің, ұят сөздерді естіртпегейсің, – деп үнсіз біраз отырып қалушы еді.

Оразбай ҚОСАНОВ,

еңбек ардагері.

Қызылорда қаласы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<