Мамандықты дұрыс таңдап, өмірде де, ғылымда да өз орнын табу — үлкен бақыт. Заңгер-мамандар даярлауда іргелі іс атқарған ғалым əрі ұстаз Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, заң факультеті, з.ғ.д., профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері – Арықбай Нүсіпәліұлы Ағыбаев.
Мағжан Жұмабаев: «Алты алаштың игі жақсысы бас қосса, төрдегі орын – ұстаздікі», – демекші, әр адам ұстаздарға деген ерекше құрмет көрсетуі қажет. Бұрынғы өткен атақты ғалымдардың өмірін оқитын болсақ, олардың әрқайсысы өзінің ұстаздарына ерекше ілтипат пен құрмет танытқандығын байқауымызға болады.
Сол сияқты атақты Қазақстанның заңтану патриархтарының бірі Арықбай Нүсіпәліұлының көзі тірі болғанда 84 жасқа толар еді. Қазақстанның заң ғылымында және әл-Фараби атындағы ҚазҰУ тарихында өзінің жарқын ізін қалдырған көрнекті ғалымның өмірбаяны мен жетістіктерін еске аламыз.
Арықбай Нүсіпәліұлы Ағыбаев 1941 жылы 15 маусымда Алматы облысы Жамбыл ауданы Қастек ауылында дүниеге келген. Заң ғылымдарының докторы (1997). 1967 жылы ҚазМУ-ды (қазіргі ҚазҰУ) және 1973 жылы КСРО Ғылымдар Академиясының Мемлекеттік және құқық институтының аспирантурасын тәмамдаған.
1967–1970 жылдары Қазақстан Ғылымдар Академиясының Философия және құқық институтында, 1973–1978 жылдары Алматы облысы сотында қызмет істеген. 1978-1981 жылдары Қарағанды мемлекеттік университетінде аға оқытушы болған. Қазақ мемлекеттік қыздар педогогика институты (қазір университ) мен ҚазМУ-да доцент, профессор, кафедра меңгерушісі қызметтерін атқарады. Ағыбаевтың ғылыми жұмыстары қылмыстық құқық, криминал мәселелерін зерттеуге арналған. Ағыбаев 120-дан астам еңбектің, оның ішінде 2 монография, 10 ғылыми-әдістемелік оқу құралдарының авторы. Қарасай батыр, Сұраншы батыр, Сүйінбай, Жамбыл туралы бірнеше тарихи очерктері үшін халықаралық Жамбыл Жабаев атындағы сыйлықтың лауреаты болды.
Арықбай Нүсіпәліұлы заң ғылымын әлемдік маңызы бар жұмыстармен байытқан көрнекті Қазақстандық ғалымдардың қатарына жатады. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, заң ғылымдарының докторы, профессор А.Н.Ағыбаевтың ғылыми еңбектері біздің елімізде де, ТМД республикаларында да, алыс шетелдерде де кеңінен танымал.
Педагогикалық қызмет жылдарында ол әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті заң факультетінің жүздеген түлектерінің өміріне жолдама берді. Оның шәкірттері түрлі салаларда табысты еңбек етуде. Олардың көпшілігі-Қазақстан мен ТМД елдерінің мемлекеттік органдарының жүйесінде. Бірақ оның шығармашылық батасымен өзін ғылыми жұмысқа, ғылыми-оқытушылық және қоғамдық-саяси қызметке арнаған адамдар аз емес.
Арықбай Нүсіпәліұлы қажырлы еңбегінің, көрнекті жеке қасиеттерінің арқасында халықтың шынайы құрметіне ие болды, ал оның өмір жолы көптеген ұрпақтар үшін үлгі болатыны сөзсіз.
Эльмира Тойлыбекова,
Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің
«Құқықтану» Білім беру бағдарламасының
аға оқытушысы, PhD философия докторы
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<