Тәшмұхаммед Айтжанов 1926 жылы қазіргі Жаңақорған ауданында дүниеге келген. Әке-шешесі ашаршылық кезінде ел ауып, тәжік жеріне тұрақтаған. Тәшім аға Душанбе университетінің тарих факультетін бітірген. Тәжікстанда, кейін Шымкентте бірнеше мектепте ұстаздық, басшылық қызмет еткен.
1968 жылдан бастап Жаңақорған ауданы Түгіскен кеңшарындағы №209 орта мектептің директоры болған. «Қазақ ССР Халық ағарту ісінің озық қызметкері», көптеген орден-медальдардың иегері. 1992-1996 жылдары ауыл ақсақалдары кеңесінің төрағасы қызметін атқарған.
Біз, жерлестері білім саласында жүздеген шәкірт тәрбиелеп, бірегей ізін қалдырған, елдің бірлігін, берекесін ойлаған ақсақалдың есімін есте қалдыру мақсатында оған туған жерінен көше атын берілгенін қалаймыз. Мен «Сыр бойына» жүзге тарта ауылдастардың атынан сол тілекті өлең хат етіп жолдап отырмын.
«Түгіскен» боп құрылғанда бұл мекен,
Тәжік жақтан көшіп келген дүр көкем.
Халық еңсе тіктемеген аштықтан,
Ол кездегі қайғы қалың, мұң бөтен.
Амал қанша жұт жағадан алғасын,
Азық бітіп, аштан өзек талғасын.
Қайран әке балалардың қамы үшін,
Кеткен екен сүйреп ескі арбасын.
Тірлік сонда шиқылдаған арбадай,
Жұрттың бәрі жем іздеді жорғалай.
Балапанын асыраған байғұс ел,
Тұмсығына дән тістеген қарғадай.
Тәшім солай тағдыр кешіп, ер жетті,
Жігіт болды ұзын бойлы, келбетті.
Есіл дерті оқу болып жасынан,
Осы жолға барын салып тер төкті.
Ұстаз болды жоғары оқу тәмамдап,
Бәрін оның бере алмаспыз баяндап.
Қайтсем пайдам тиеді деп еліме,
«Түгіскенге» орнықты кеп аяңдап.
Келе сала мектеп ашты жаңадан,
Құралдарын өзі алдыртып қаладан.
Алғашқыда сегізжылдық атанды,
Нені аясын болашағы баладан.
Совхоз еді ол кез енді құрылған,
Бәрі де қат, ештеңе жоқ бұрыннан.
Оқулықтың өзін зорға табатын,
Ескі-құсқы парта, тақта жырылған.
Талай жыл ол сол мектепті басқарды,
Бірте-бірте ел тұрмысы жақсарды.
Сол күндердің үлес қосты ол бәріне,
Келешектің кемел, түзу жол салды.
Өмір сүрді ол елге жағып, саналы,
Кім ұмытар енді сондай ағаны.
Бұрынғыны үлгі сана деп жатыр,
Рухани жаңғырудың сабағы.
Айта берсек, көп сөз керек ол жайлы,
Орны олардың ештеңемен толмайды.
Тұру керек Тәшім аты туған елі төрінде,
Жүз шақты адам соны сұрап қол қойды.
Егемберді КҮНҚОЖАЕВ,
Жаңақорған ауданы
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<