Ұлттық тәрбие – ұстынымыз

9301

0

Әр жұрттың өзіне ғана тән ұлттық құндылықтары болады. Бұл – атадан балаға ұласып, күні бүгінге дейін өз маңызын жоймаған, күнделікті өмірімізден айқын көрініс тауып келе жатқан негізгі ерекшелігіміз.

Шынымен, ең құнды тәрбие ұлттық тұрғыдан берілген тәрбие емес пе?! Сан ғасырлар бойы сараланған асыл құндылықтарға шынайы ізеттілік пен моральдық тұрғыдағы тәлім қосылса құба-құп болар еді. Халықтың өмір салтынан туындап отыратын бұлжымас ережелер мен қағидалар жиынтығы қашанда маңызды рөлге ие. Осы себептен ұлттық тәрбиенің негіздерін бір арнаға түсіріп, жалпы ұрпақ тәрбиесі мәселесінде тиімді пайдалана білу – бүгінде күн тәртібінде тұрған ең басты қажеттілік.

Қай ұлттың болсын баянды болашағы оның ұрпағымен тікелей байланысты екені сөзсіз. Ол екеуін бір-бірінен ажыратып қарау әсте мүмкін емес. Ата-баба аманатын алысқа апаратын саналы да салиқалы ұрпақ тәрбиелеу ісі бүгіннен кешікпеуі керек. Сонымен қатар оларды өмірге бейім, заманауи сауатты, жан-жақты, қабілетті қоғам мүшесі болуға да талпындыруымыз керек.

Иә, әлімсақтан біздің қазақ жұрты рухани зор байлықтың мұрагері болып саналады. Әлемнің бірде-бір елінде жоқ бай ауыз әдебиеті мен мол фольклоры – ойдан шығарыла салынған дүние емес. Көзінің қарашығындай сақтап, ұрпақтан-ұрпаққа жалғап бүгінге дейін аман-есен алып келген ата-бабамыздың жанкештілігі әр ұрпақтың жадында жаңғыруы қажет. Сан ғасырлар бойы күмбірлеген күйі, әуелеген әуезді әні, асқақтаған айтысы, таңды таңға ұрған эпостық жырлары, шешімі шебер шешендік сөздері, мақал-мәтелі мен жұмбағы, жаңылтпашы мен өтірік өлеңі, қоржыны ортаймаған қара өлеңі, ең бастысы, қасиетті тілі қаншама қазақ баласын адами қалыпқа салып, бүтіндей ұлтты қалыптастырып шығарды десеңізші?!

Бізге етене таныс тәрбиедегі басты бағыт делінген тәлім-тәрбие тұжырымдамасында: «Әрбір адам ең алдымен өз халқының перзенті, өз Отанының азаматы болу керек екенін, ұлттық болашағы тек өзіне байланысты болатынын есте ұстауға тиіс. Оның осындай тұжырымға тоқталуына ұлттық әдет-ғұрыптар мен дәстүрлер көмектеседі, солар арқылы ол жалпыазаматтық мәдениетке аяқ басып, өз халқының мәдени игілігін басқа халықтарға жақын да түсінікті ете алады. Сондықтан әр ұрпақ өз кезін өткеннің тағдыры мен талаптарын объективті факторлар ретінде ұсынып, сол арқылы ұрпақты өмірге бейімдеп, оларды жинақталған тәжірибе негізінде тәрбиелей отырып, өзінің ата-аналарының рухани мұрасын игере түсуі керек» деп жазылған екен. Бұған көп нәрсені алып-қосудың өзі артықтау.

Шынтуайтында, жас ұрпақты әдепті де саналы, арлы да абыройлы етіп тәрбиелеу үшін ең алдымен тәрбие ережелеріне тірек арта отырып, ұлттық дәстүрімізді, әдет-ғұрпымызды, дәстүрлі дінімізді, ата-бабаларымыздан қалған мұраларды олардың саналарына сіңіре білуіміз қажет. Ел болашағын туған жерді, Отанын сүйіп, оны қасық қаны қалғанша қорғай білуге үйрету, оқушы бойында патриоттық сезім мен адамгершілік сананы қалыптастыру – әр отбасы мен азаматтарының міндеті. Тәрбиенің қайнар көзі ата-бабамыздан қалған даналық сөздер десек, біз – сол насихаттың қолданушысы әрі қорғаушысымыз. Ендігі жерде елді сүюді ең асыл қасиеттің бірі деп бағаласақ, онда ұлттық тәрбиенің басы бүтін көрініс табуы тиіс-ақ.

Клара АБЫЛАЕВА,

№25 орта мектептің бастауыш сынып мұғалімі.

Қазалы ауданы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<