Бала тәрбиесі – ата-ана үшін де, қоғам үшін де күрделі әрі жауапты іс. Әл Фарабидің «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы, ол келешекте оның барлық өміріне апат әкеледі…» деген сөзінің дәлдікпен айтылғанына уақыт өткен сайын көз жеткізіп келеміз.
Кейінгі кезде қоғамда қатыгездік, бір-бірін аямаушылық, ұрып-соғу, әлімжеттік көрсету сияқты көріністердің белең алуы отбасындағы тәрбиенің деңгейін байқатады. Темір торға қамалып жатқан жастар аз емес. Сонау тәуелсіздік алған тұста күнкөріс қамымен базар жағалап кеткен ата-ананың бала тәрбиесінде біраз олқылық жіберіп алғаны да рас. Міне, сол кезеңнің тумалары арасында жеткілікті дәрежеде ата-анасының мейірімін ала алмай, бүгін қоғамда өз орнын таппай, тәртіпсіздікке бой алдырып жүргендер бар. Ал ата-ана мейіріміне қанықпаған бала агрессивті, беймаз, өзгелерге күш көрсетуге бейім болады, – дейді сарапшылар.
Расында бала тәрбиесінде олқылықтар көп екенін мойындауымыз керек. Баланың киімі бүтін, тамағы тоқ болуына көбірек көңіл бөліп, материалдық құндылықпен шектелдік. Ерте жастан телефон алып беріп, смартфонға тәуелді болуына үлкендердің де үлесі бар. Қазақстандағы БҰҰ Балалар қорының (ЮНИСЕФ) мамандары жүргізген зерттеулерге сүйенсек, балалардың 5 пайызы желіге алғаш рет 4 жаста, кей жағдайда тіпті одан ерте кіреді. Он баланың екеуі интернетті 5-8 жас аралығында қолдана бастайды. Ал 9-10 жастағы балалардың 60 және 10-12 жастағы балалардың 66 пайызының әлеуметтік желілер мен ойын платформаларында өз аккаунты бар. Негізі мұндай аккаунт ашуға 13 жастан бастап рұқсат берілген. Сонымен қатар, балалардың 15 пайызы апта сайын немесе айына бір рет жағымсыз контент тұтынуда. Тағы бір статистикалық деректе кибербуллингке куә болған балалардың басым бөлігі, яғни 52 пайызы ол туралы ешкімге айтпауды жөн көреді немесе достарына бөліседі.
– Балалардың интернет қауіпсіздігі мәселесінде ата-аналардың рөлі өте маңызды. Ата-ана 5 пен 11 жас аралығындағы баласын өзінің бақылауына алуы қажет. Желіні не үшін пайдалану керегін түсіндіріп және отбасылық ережелерді бекітуі керек. Сондай-ақ онлайн бақылау орнатқан да жөн. 12-18 жас аралығында басқа тұжырымдаманы ұстану, мұндай жастағы баланың жеке өмірін құрметтей отырып, қауіпсіздік шараларын үйрету қажет. Желідегі жеке ақпарат, құпиялық параметрлері жайында ескерткен дұрыс, – дейді Қазақстандағы БҰҰ Балалар қорының ұлттық кеңесшісі Абира Қуандық.
Расында балалардың телефонға тәуелді болғаны соншалық ата-ана көп мәселемен бетпе-бет келуде. Тілінің кеш шығуы, өз ойын дамытып айта алмауы, одан бөлек еркін пікірлесе алмау, жақындарына сенімнің болмауы секілді жағдайлар орын алуда.
Сондай-ақ көп ата-ана барлық тәрбиені мектепке міндеттеп қояды. Бір әкенің тәрбиесін жүз мектеп бере алмайтынын естен шығарып алдық. Бұл ретте Қазақстан халқы ассамблеясы жанындағы республикалық аналар кеңесі төрайымының орынбасары Камал Әлпейісова қазір бала тәрбиелеуге уақыт табылмайды деуге негіз жоғын айтады.
– Қазір ешкім бұрынғыдай қысы-жазы мал бағып сыртта жүргендер өте аз. Сондықтан балаға тәрбие беруге уақыт жоқ дегенді ер адамдар айтпауы керек. Бірақ әйел адам бәрібір баламен көбірек айналысады. М.Әуезов айтқан емес пе: «Әкесі неше жерден батыр болсын, ғалым болсын, бала етегіне оралып жүріп анасына тартады, анасының сөзін айтады, істегенін істейді» деп. Демек, ана ақылды, өрелі болу керек, – дейді ол.
Қазақ әке деген ұғымды шаңырақ тірегі, отбасы киесі деп түсінген. Әкенің адамдық болмыс-бітімі, мінез-құлқы, істеген ісі, өзгелермен қарым-қатынасы, білім-біліктілігі балаларының көз алдында көрініс тауып, олар соған қарап үлгі-өнеге алатын болған. Ұлтымызда адамшылығы мен кісілігі келіскен ер-азаматты көрсе, «әкесі жақсы адам еді, өнегелі жерден шыққан» деп оның тектілігі әкесінен алған тәрбиеден екенін меңзеп отырған. «Жігітке жеті өнер де аз» деп ұлдарын жасынан аталарының ерлік қасиеттері мен өнеріне баулыған. Жеті атасынан жеткен өнердің бір түрін меңгерсе де «Әке көрген оқ жонар», «Әкеге қарап ұл өсер» деген тәмсілдермен әкенің жолын насихат еткен. Заманның қай кезеңінде болмасын әкелердің отбасы алдындағы жауапкер-шілігі жеңілдеп көрген емес.
«Бүгінгі заман талабына сай әке бойында қандай қасиеттер болуы заңды?» деген сауалымызға Қорқыт ата атындағы университеттің профессоры, философия ғылымдарының докторы Баймырза Қожамберлиев жауап берген еді.
– Баласына өнегелі тәрбие беру үшін әке алдымен өзін тәрбиелеу керек. Отбасына ие бола алмаған әкеден не үміт, не қайыр күтеміз? Әкенің қоғамда алатын орнын немесе болашақ әкенің моделін жасаудың уақыты келген сияқты. Қоғамда көп өзгеріс болып жатыр. Әсіресе әлеуметтік, рухани өмірімізде орын алуда. Біз қоғам қалай дамыса, соған ілесіп, тіпті оның алдында жүруіміз керек. Несін жасырамыз, 90-жылдардан әкенің беделі түсе бастады. Өйткені, заман қиын болды. Сол кезеңде біздің қоғамды сақтап қалған әйелдер қауымы. Иықтарына ала дорбаны салып алып, ешнәрседен тайынбай еңбек етті. Ал ер-азаматтар ол дәуірге дайын болмады. Соның салдары тәрбиеге әсер етті. Жіберген қателіктерден сабақ алып, болашақта қайталанбауын қадағалауымыз керек. Әкенің беделін қоғамда айшықтайтын уақыт жетті деп ойлаймын, – дейді ғалым.
Қазіргі заман бала тәрбиесіне ерекше мән беруді қажет етеді. Себебі, ұрпақ тәрбиесі – ұлт болашағы. Жаһандық дәуірдегі түрлі ақпараттарға жұтылып кетпей, ұлттық кодыңды сақтап, тілің мен салт-дәстүріңе ие болуда ата-бабаның жүріп өткен жолы, жылдаған тәжірибесі жетерлік. «Ұлтыңды сақтаймын десең, қызыңды тәрбиеле, рухыңды сақтаймын десең, ұлыңды тәрбиеле» деген бір ауыз сөзбен түйіндеп кеткені белгілі.
Тәрбие мәселесінде ақсап жатқан тұсымыз көп екені жасырын емес. Қазір кей балалар әкесіз немесе толық емес отбасында тәрбиеленуде. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, елімізде 863 мыңға жуық толық емес отбасы бар екен. Оның 72 мыңнан астамында баланы жалғызбасты әкелер тәрбиелеп отыр, 42 мыңында 4 не одан көп бала бар. Демек, толық емес отбасында 1 миллионнан астам бала өсіп келеді. Мектеп психологтары тәртіпсіздік пен бұзақылық көбіне осындай толық емес отбасында тәрбиеленген балалар арасында жиі орын алатынын айтады. Қалай десек те, бала тәрбиесіне ата-ананың екеуі де жауапты болу керек. Мұны әлеуметтік зерттеулерге қатысқан халықтың өзі растаған. Олардың 82 пайыздан астамы бала тәрбиесімен ерлі-зайыптылардың бірдей айналысуы керек деген тұжырымға келген.
«Бала тәрбиесі – өнер, жеке бір ғылым иесі болуды тілейтін өнер» деген екен Мағжан Жұмабаев. Ал тәрбиенің қазығы отбасында. Сондықтан халықта «Балаңды өз тәрбиеңмен тәрбиелеме, өз ұлтыңның тәрбиесімен тәрбиеле» дейді. Қоғамды алаңдатып отырған өзекті мәселеге орай Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұрпақ тәрбиесіне жауапты болуды ескертті. Мұны Ұлттық құрылтай мінберінен де айтты. «Өскелең ұрпақтың тәрбиесі – өте маңызды мәселе. Ашығын айтсақ, қазір жас ұрпақ әлеуметтік желі арқылы тәрбие алып жатыр. Баланы дұрыс бағытқа бұрып, жол көрсетіп отырмасақ, бұл – өте қауіпті үрдіс» деген болатын. Осы жағынан келгенде, бар салмақ ата-анаға түседі. Отбасында не көрді, не түйді, соны бойына сіңіреді.
Бұл ретте сан ғасырдан жалғасып келе жатқан ұлттық тәрбиеміздің рөлі зор. Әсіресе қазақ отбасында ата-әже, әке-шеше, бауыр деген ұғымдардың орны бөлек. Қоғам, уақыт өзгерді дегенімен, ұлттық тәрбиеден ажырамаған жөн.
Қарап отырсаңыз, ұлтымыздың салт-дәстүрінің өзі үлкен тәрбиелік мәнге ие. Алайда осы ұлттық рәсімдерді рәсуалыққа, аста-төк дарақылыққа ұластырып жібергенімізді түсінбейміз. Мазмұнынан гөрі мақтануға мән беріп, ұлттық құндылықтарымыздың құнын қашырып жүргендей көрінеді маған кейде. Ал біле білсек, ұлттық дәстүр, тіліміз, тәрбиемізге тең келер ештеңе жоқ.
Айсәуле ҚАРАПАЕВА,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<