Жақында әлеуметтік желілерде «Биыл елімізде мал шығыны көп болды, сондықтан соларды құрбандық деп есептеп, құрбандық шалмай-ақ қояйық. Халықты қинамайық», – деген мазмұндағы жазбалар тарады.
Бұл мәлімдеменің дұрыс еместігін айтып, оған білімді молдалар жауап берді. Шын мәнінде, құрбандық жұрттың бәріне жаппай міндеттелмейді. Оны жағдайы бар адам ғана жасайды. Тіпті, құрбандық шалу үшін адамның қолында қанша мөлшерде қаржы болу керектігі де көрсетіледі. Құрбандық – мұсылмандардың бір-біріне қол ұшын созуы, бауырмашылдығының белгісі. Құрбан шалу қоғамды игілікке, ізгілікке бастайды. Сауапқа кенелтіп, бәле-жаладан алыстатады. Көрші ақысын еске түсіреді. Сіз құрбандығыңыздың бір бөлігін көршіңізге берсеңіз, сауабы мол екен.
Осындай кереметтен қалай бас тартарсыз?..
Құрбан шалуды ата-бабаларымыз уәжіп санап баяғыдан-ақ орындап келе жатса да, бұл сауапты істің кешегі кеңестік дәуірде тоқырап қалғаны рас. Сондықтан оның жөн-жобасын бүгінгілердің әлі біле алмай келе жатқанына түсіністікпен қарау керек. Шынында, құрбандыққа қандай мал сойылады деп сұрайтындар көп кездеседі. Біз мұны білікті молдалардан, үлкен кісілерден білдік. Құрбандыққа қой, ешкі, сиыр және түйе шалуға болады. Құрбан ретінде шалынатын қой және ешкі кем дегенде бір жасар, сиыр екі жасар, түйе бес жасар болуы керек. Алты-жеті айлық тоқты бір жасар қой сияқты семіз, етті болса, құрбандыққа шалуға жарайды. Киік, арқар сияқты аңдар мен тауық, қораз, қаз, үйрек сияқты құстар құрбан ретінде сойылмайды. Сондай-ақ, бір көзі соқыр, мүйіздері, тісі түсіп қалған, көтерем малды құрбандық шалуға болмайды. Ал, құрбан шалу уәжіп болмаған кедей кісі ниет етсе, мұндай кемшілігі бар малды құрбандық шала алады. Себебі, оны нәпіл құрбан дейді, нәпіл ғибадатта кешірім бар деген пайғамбарымыз.
Енді көпшілік біле жүрсін деген ниетпен құрбандық тарихына қатысты аз сөз айта кетейік. Әрине, біз ғалым емеспіз, бұл – ғалымдардың, дін білгірлерінің аузынан айтылған сөздер. Біз оларды қайталап отырмыз.
Құрбандық шалу Ибрагим пайғамбардан бері қарай шықты деген түсінік бар. Негізі бұл қасиетті ұғым Адам ата дәуірінен бері қарай келе жатқан ғибадат.
Өзара таласы бар Абыл мен Қабыл ақтығын дәлелдеу үшін мал құрбандығын шалады. Ақырында Абылдың құрбандығы қабыл болады. Бұл туралы Құран кәрімнің «Мәида» сүресінде айтылған. Осылайша, Аллаға ғибадат ретінде құрбандық шалу Жаратқанның елшілері арқылы жалғасып, Ибрагим пайғамбар дәуіріне жеткен.
Ибрагим өзінен кейін халықты тура жолға бастайтын ізгі ұрпақ сұрап, Алла Тағалаға жалбарынады. Бұл тілегі өзі қартайып, үміті үзілгелі тұрған шақта орындалады. Зарығып күткен перзентіне Исмаил деп ат қояды.
Сәби сөйлеген сөзінен шырын аққандай қылықты, сүйкімді болып өсіп келе жатты. Бір күні Ибрагим түсінде өз баласын құрбандыққа шалғалы жатқанын көреді. Бұл істің Жаратушыдан келген аян екенін түсінген ол шынында да баласын құрбандыққа шалуға бекінеді.
Кім өз баласын өз қолымен өлімге қисын?.. Бірақ Алланың берген жаны Аллаға аманат. Ибрагим баласына елжірей қарайды. Баланың әкесі үшін мұншалықты ыстық, мұншалықты қымбат екені дәл сол сәтте тіпті ерекше сезіледі. Көңіліндегі жайды баласына білдірмек болғанда тілі күрмеліп бір ауыз сөз айта алмайды. Өзі өзін қолға алып, Алланың әмірі орындалуы тиіс деген ойға қайта орнығады. Ақырында бұл жайды баласына айтады. Сонда Исмаил: «Әке, Алланың бұйрығын орында, тартынба!» деп бұйрықтың Хақ Тағаладан екенін ұғынып пышаққа тамағын тосады. Бірақ, қайралған пышақ жеме-жемде өтпей қалады. Осы кезде өзінің әміріне толықтай мойынсұнған Ибрагимге Алланың аяны келеді: «Әй, Ибрагим, сен көрген түсіңе адалдық таныттың, міндетіңді орындадың. Исмаилдың орнынына құрбандыққа қошқар түсірдім. Біз жақсы құлдарды осылай марапаттаймыз!»
Иә, Раббысының әмірін орындау үшін тәуекел етудің үлгісін паш еткен Ибрагимнің адалдығына Алла Исмаилды құрбандық етуді қаламады.
Алла үшін әрине, сойылған мал да, оның еті де, жүні де қажет емес. Алла мұңсыз, мұқтажсыз. Алла Тағалаға құлының ақ адал пейілі жеткілікті. Сол үшін Алла құлына күллі әлемнің билігі мен байлығын беріп қоямын десе де еркінде.
Сөз жоқ, Ибрагим қартайғанда басыр жанары ашылғандай хәлде көрген баласын ерекше жақсы көретін. Ал, Аллаға деген махаббат балаға деген махаббаттан басым болуы керек еді. Алла соны ұқтырды. Алла жолы, Алла үкімін орындау басқа дүниелік нәрсенің бәрінен де ұлық.
Мекке кезеңінде түскен «Каусар» сүресінде сәске намазын оқу мен құрбан шалу пайғамбарымыздың жеке өзіне парыз етілген болатын. Алла елшісі Мәдинаға қоныс аударғаннан кейін қажылықтан тыс барлық мұсылманға парыз етілді.
Пайғамбарымыз Мәдинаға қоныс аударған кезде жергілікті жұрттың бұрыннан келе жатқан екі мерекесі бар еді. Олар бұрынғы жәһилия кезінен осы күндерді мерекелеп, көңіл көтеретіндіктерін айтқан. Сонда Пайғамбарымыз: «Алла осы мереке орнына одан да артық екі мейрам сыйлады. Олар құрбан айт пен ораза айты», – деп ендігі жерде мұсылмандар мерекесінің осы екі күн екенін ұқтырған.
Құрбандықтың мұсылманға берері өте үлкен.
Алланың әмірлерін қалтқысыз орындау пендені Жаратушының ризашылығына бөлеп, ақыретте сый-сияпатқа кенелтеді. Бұл жайында Құранда біздің құрбандығымыздың еті де, қаны да Аллаға жетпейтінін, Аллаға біздің тақуалығымыздың ғана жететінін айтқан.
Құрбандық шалудағы ең маңызды жайт – малды Алланың атына арнап сою. Одан өзі де жеу, жоқ-жітікке де жегізу. «Пақырды тойдырыңдар» деген бұйрық құрбандық еті байларға берілмесін деген түсінік тудырмайды. Сахабалар құрбандық етін байға да, көршілеріне де, кедейлерге де беретін болған. Өйткені, Алла құрбандықпен бүкіл адамзатты қуантқан.
Осы жақсылықты нәсіп еткен Раззақ Жаратушыны естен шығармауға тиіспіз.
Құрбан араб тілінде «жақындау» деген мағына береді екен. Ендеше, сауапты істеріміз арқылы жүректі тазартып, Аллаға жақындай түсейік. «Сен маған бір қадам аттасаң, мен саған қарай екі қадам аттаймын. Сен маған қарай екі қадам аттасаң, мен саған қарай жүгіремін», – депті Жаратушы Иеміз. Құлын осынша жақсы көретін Хақты біз қалай сүймейміз, оның әмірлеріне қалайша мойынсұнбаймыз?
***
Өңірлік коммуникациялар қызметіндегі брифингте Құрбан айт мерекесі және карантин талаптары туралы ҚМДБ өкілі, облыстың бас имамы Болатбек Әбуов пен облыстық бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Динара Жаңабергенова айтты.
Құрбан айт мерекесі кезінде облыс тұрғындарының санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығын қамтамасыз ету туралы жаңа Қаулы қабылданды. Осы қаулыға сәйкес, 19-23 шілде аралығында мерекеге орай іс-шаралар өткізуге рұқсат берілмейді. Нақтырақ айтқанда, меншік нысанына қарамастан барлық ұйымдарда, сондай-ақ, жеке үй иеліктері мен мешіттерде адам көп жиналатын іс-шараларды өткізуге тыйым салынады.
Күшейтілген санитариялық-дезинфекциялық жұмыс режимінің, эпидемияға қарсы режим талаптарының сақталуына әкімдіктер жанындағы мобильдік топтар мониторинг жүргізеді.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<