Ұстаз, ғалым, халқын сүйген қайраткер

696

0

Салық Зиманұлы Зимановтың туғанына биыл 100 жыл. Академиктің құқықтық құрылымдардың өркендеуіне тигізген ықпалы өлшеусіз. Артына өлмейтін із қалдырған заңғар заңгердің отандық заң шығару жұмысындағы қолтаңбасы да менмұндалап тұр. Егемендікке жасалған басты қадам 1990 жылдың 25 қазанында қабылданған «Мемлекеттің егемендігі туралы» декларациясынан бастау алғаны белгілі. Ал осы тағдыршешті жобаны дайындаған депутаттық комиссияның басшысы да Зиманов болатын. Ғалым «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заңын қабылдау жұмысына да белсене қатысқан. Бұл тарихи құжатты қабылдауда Зиманов заңгер депутат ретінде зор үлес қосты. 1993 жылғы алғашқы Қазақстан Конституциясын әзірлеген жұмыс тобында болып, парламентаризмнің қалыптасуы мен дамуына қызмет етті.

Академик С.Зиманов мемлекет және қоғам қайраткері, көрнекті ғалым, қазақ заңгерлер мектебінің жетекшісі деп танылды. Оның шығармашылық деңгейі заңгерлерге ғана емес, философтар, тарихшылар, экономистер және барлық гуманитарлық ғылымдардың өкілдеріне пайдасын тигізді. Ол ұстанымдылық, талаптылық, әділдік, ашықтық және қайырымдылық секілді қасиеттерге ие. 500-ден астам ғылыми жұмыстың, соның ішінде 20-дан астам монографияның авторы. Олардың ішінде «История государства и права Советского Казахстана» (1960) үш томдығы, «Обычное право казахов в XVIII– первой половине XIX века» (1981) секілді маңызды еңбектері мен «Россия и Букеевском ханстве» зерттеу кітабы болды (1982). Классикалық шығармалардың қатарында С.Зиманов пен А.Атишевтің ««Политические взгляды Чокана Валиханова» кітабы бар.

Оның ғылыми қызметінің биік шыңы – «Қазақтың ата заңдары» он томдығы болып табылады. С.Зиманов ел алдындағы қызметі мен ғылымға қосқан үлесі үшін жоғары марапаттарға ие болды. Президенттің Бейбітшілік және рухани келісім (1993), ҚР Мемлекеттік (2002) және Тәуелсіз «Тарлан» сыйлықтарының (2007) лауреаты. І-дәрежелі Отан соғысы орденімен 2 рет, Қызыл Жұлдыз, Халықтар достығы, «Парасат» (2002) ордендерімен марапатталған. Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген ғылым қайраткері.

Атырау облысының Құрметті азаматы. Салық Зимановтың өмір жолы нағыз зиялылықтың, ізденімпаздық пен отаншылдықтың өнегесі іспеттес. Ол барлық биікке өз еңбегімен, өз талпынысымен жеткен қайраткер. Салық Зиманов өмірінің соңына дейін еліміздің қоғамдық-саяси өміріндегі елеулі оқиғалардың бәріне дерлік абыз ақсақал ретінде белсене араласты. Академиктің жарты миллионға жуық ғылыми мұрасы бүгінгі және келешек ұрпақ үшін өте құнды дүние. Салық Зимановтың мұрасы әлі талай ұрпақты тәрбиелеп, әлі талай қажетімізге жарары ақиқат.

Н.Тасирова,

Қызылорда облысы Әділет департаментінің бас маманы,

Қазақстан заңгерлер Одағының мүшесі.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<