Ұстаз мұраты немесе шынайы шәкірт қалай шыңдалады?

5926

0

Сурет ашық дереккөзден

Алып су мамандарынан сезген, көрген, алған өнегеміз, үлгіміз, тәлім-тәрбиеміз әлі кешегідей. «Ұстазы жақсының – ұстанымы жақсы» дегендей, өткенді шамалы да болса еске түсіріп, алдағы мақсат-мүдделерімізді бірсыдырғы реттеп алудың жөні келіп тұрғандай. 

Өткен ғасырдың 50-60 жылдары тағдыр біздің өңір болашағы мен келешегіне жоғары адалдықпен, солайымен берілгендікпен, мелиорациялау жұмыстарын басқаратын тұлғалар қажеттілігін айқындады. Міне, сол өткен заман Ержігіт Бозғұлов ағамызды алға шығарды. Дәлірек айтар болсақ, биік ұйымдастырушылық қабілетімен өзі алға шықты. Сондықтан да, Ерағаңның Сыр бойында туып, дүние есігін ашуы, елімізде, осы өлкеде, мәңгілік есте қаларлықтай, өз жерлестерінің ырзығын өсіретін басты дүние – инженерлік жүйеге келтірілген суармалы алқаптарды салып беруі, біздіңше, маңызды тарихи құбылыс.  Бас-аяғы 25-30 жылда 250 мың гектар жерде күрделі тегістеу жұмыстары орындалды. Сонда жыл сайын шамамен он мың гектар егістік жер дайындалған. Әрбір ауданда бір-екі жылжымалы механикаландырылған мекемесі бар «Кызылордаводстрой» тресі осы ауқымды істерді атқарды. Сол үлкен ұжымды Ержігіт Бозғұлов ағамыз басқарып отырды.

Адамды зерттеу ғылымының пайымдарына жүгінер болсақ, азаматтың үні көп жайды аңғартатын көрінеді. Ержігіт ағаның дауысын, мыңдаған өзге адамдар арасынан айна қатесіз бөліп тануға болатын еді. Ағаның ерекше дауысында зор қуатты Ниагара су құламасына он шақырым қалғанда естілетін гүріл де, желді күні теңіздегі толқын жағалаудағы тастарды жөн-жөнімен іріктегендей, жанындағы азаматтарды өз орындарына қойып, олардың су шаруашылығының қолайлы дамуына барынша мүмкіншілігін арттыратын дауылды екпін де, талапты жастарды өзіне тартып, жақындатып, айырықша мейірімділігін айғақтайтын жылу да бар болатын.

Айқынбай Дүйсеков кезінде Алматының ауыл шарушылығы институтын  бітіріп, Қызылордада еңбек жолын ашып, құрылыс мекемелерін басқарып, кейін Ақтөбе облыстық су шаруашылығы басқармасына жетекшілік етеді. Одан соң елге оралып, обкомда белді қызметтер атқарады, құрылыс бөлімін меңгереді. Кейін облыстық атқару комитеті төрағасы орынбасары қызметінде болды. Кезінде бұл кісінің қолына мол жауапкершілік тапсырылды, өңірде салынып жатқан барша құрылыс нысандарын іске қосу алдындағы мемлекеттік қабылдау комиссиясы осы азаматтың басқаруымен жұмыс атқарғаны белгілі. Сөз жоқ, мол мәртебе мен биік сенім еді бұл азаматқа сол уақытта жүктелген. Айқынбай аға – осы өңірдің өркендеп, дамуына зор еңбек сіңірген тұлғалы азамат. Көп уақыт ол кісі облыстың ең ауыр құрылыс саласын басқарды. Сол заманда бұл азаматтың қол астында жүздеген, мыңдаған маман мен құрылысшы жемісті еңбек етті. Осы аймақта салынған, қазір халық мүддесіне ылайығымен жарап жатқан ірі құрылыс нысандары қаншама?! Сонау жылы көктемде «Әйтек» су торабы тұсында Сырдария арнасында аса маңызды жұмыс орындалды. Қуаңшылық әсерінен өзен суы төмендеп кеткен. Сөйтіп, «Әйтек» каналына су ақпай қалған. Мамандар тиімді жолын көрсетті. Сырдарияның сол тұстағы табанын көтеруді ұсынды. Қыс ортасында басталған күрделі құрылыс жұмыстарын Айқынбай ағамыз тікелей өзі қадағалады. Жұмысшылар «Әйтек» маңындағы зәулім жатақханада жатады. Арасында біздің ДГМСИ филиалының студенттері де бар. Оқытушылармен біз де солардың арасындамыз. Күнде кешке сол жерде Айекең планерка өткізеді. Бүгін орындалған істің бағасын береді, ертеңгі жұмыстың жөнін айтады. Сол уақытта баршамыз облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары, инженер-гидротехник Айқынбай Дүйсековтің мол тәжірибесін, биік білігі мен терең білімін өз көзімізбен көріп байқағанбыз.

Бір қарағанда түсі суық, шын мағынасында жүрегі жылы Сабыр Арыстанбаев ағамыздан гидромелиоративтік техникумнан бастап дәріс алдым. Институтты бітірерде ол кісі дипломдық жұмысыма жетекшілік жасады. Осы аға өңірдің су шаруашылығы және мелиорация басқармасын ұзақ уақыт басқарды. Аталған салаға айтарлықтай  ауқымды еңбек сіңірді, аймақ су шаруашылығына мол еңбек еткен көптеген білікті маманды тәрбиеледі. Бұрын небәрі 50-60 мың гектар егіні ғана бар өңір, 250 мың гектар көлемде егін егетін ірі аймаққа айналды. Соншама егінге дер кезінде су жеткізу – ауқымды іс. Міне, осы үлкен шаруаны Сабыр ағамыз бастаған мекеме өз қолына алды. Күріш егісі жүз мың гектарға жуық. Сабыр аға басқарған мекеме азаматтары дариядан алынған мол суды барлық шаруашылыққа олардың егін көлеміне сәйкес дұрыс бөлінуді қамтамасыз етуі тиіс. Біреуіне артық су берілсе, екіншісіне жетпей қалады. Осы жауапты істі Сабыр аға көп жыл мінсіз атқарды. Сабыр аға әділдіктің эталоны еді. Оны осы кісі бүкіл өмірімен дәлелдеді. Сесті болатын. Көбі бұл кісіден тайсақтайтын. Білместікті, әділетсіздікті мүлдем жақтырмайтын еді, тіпті сондай кезеңде жай ұрыспай, қазақшалап сыбағаңды беретін еді ол ағамыз. Бірақ осыған әріптес інілері ренжімейтін, өйткені ол бостан-бос өзгені сынамайтын. Салқын сөзінің артында зілі болмайтын. Қызылорда су торабы кіреберісінде, зәулім ғимараттың алдында өнегелі ұрпақ тұрғызған Сабыр ағаның мүсіні Сыр еліне қарап: «Жерлестерім, біз дайындап, сендерге беріп кеткен суармалы жерді оңды пайдаланып, іске асырып жатырсыңдар ма» деп тұрғандай.

Елтай Құтыбаев ағамыздың салмақты дәрісін Қызылорда гидромелиоративтік техникумда оқып жүргенде жоғары ынтамызбен тыңдағанбыз. Ағамыздың Мәскеу гидромелиоративтік институтын енді ғана бітіріп келген уақыты болса керек. Сол заманда әлемнің осындай білім мен ғылым орталығындағы, Одаққа белгілі әйгілі оқу орнына түсу, оның биік талаптарынан сүрінбей, үздік аяқтау, ағамыздың талабы мен қабілетінің зор екенін айқындаса керек. Осы ұстазым көп жылдар облыстық су шаруашылығы және мелиорация басқармасына жетекшілік жасады. Сол кезеңде өңірде егінге берілген суды барынша тиімді пайдалану жұмыстары кеңінен атқарыла бастады. Ағамыздың «Қызылорда облысы жағдайында күріш егісінде судың шығынын азайту әдісі» атты кандидаттық диссертация қорғауы – осыған дәлел. Одан соң суармалы жер жобаларын жасайтын республикалық «Казгипроводхоз» ірі де іргелі мекемесін оншақты жыл басқаруы Елтай ағамыздың Одақ көлемінде белгілі ірі су маманы ретінде мойындалуының мықты дәлелі. Сол мол тәжірибемен аса биік ұйымдастырушылық қабілетті кейін ағамыз «Қызылордамелиорация» жобалық-құрылыстық бірлестігін басқарғанда өңір азаматтары әбден сезді. Сонау жылдары Елтай ағамыз Қызылорда агроөндірісі инженерлері институтында қафедра меңгерушісі қызметін атқарды. Сөйтіп ол кісімен бір жағы әріптес те болдым. Бұл осы оқу орнына бұйырған құтты құбылыс болғаны анық.

Қажырлы еңбек пен талапқа сәйкес тегістелген инженерлік жүйедегі суармалы жерлерді игеру, оларда өсетін дақылдарды озық агротехникалық ережелерге сай күтімге алып, жоғары өнім алу ісі қарымды еңбек пен түбегейлі табандылықты қажет етті. Бұл өңір ауыл шаруашылығы басқармасының басты міндеті еді. Осыған орай сол кезеңде бұл саланы мол ыждағаттылықпен, ұтымды ұйымдастырушылықпен, жоғары талғаммен басқару қажеттілігі айқын көрінді. Осы маңызды істі белгілі азамат, ірі су маманы Елтай Байназарұлы Тыныштықбаев биік білімділікпен, мол жанашырлықпен атқара білді. Ол ұзақ уақыт облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы бастығының бірінші орынбасары, кейіннен басшысы болып өңір суармалы алқаптарында күріш өндірісін жетілдіруге, өркендетуге бар қабілетін аяған жоқ, зор еңбек сіңірді. Өйткені, суармалы алқаптарды салудың түпкі мақсаты жаңадан пайдалануға берілген егістіктен күріштің мол өнімін алу болатын. Сол кезеңде біз шаруашылықтарға жиі барып, оларда суды пайдаланудың тиімді жолдарын анықтап, жергілікті мамандарға ұсыныс-кеңеср беруші едік. Міне, осы тұста Елтай Байназарұлының ортақ іске деген мол жанашырлығы мен асқан көрегендігін байқадық.

Мәделхан Нәлібаев ағамыздың су шаруашылығы саласындағы еңбегі өз алдына ерекше. Ұзақ мерзім Сырдария аудандық суармалы жүйесі мекемесінің басшысы ретінде осы саланың дамуына айтарлықтай үлесін қосқан. Бұл ағамыз зейнетке шыққан соң да мәні мен мағынасы аса жоғары жұмыстар атқарғаны белгілі. Өз күшімен, жеке ынтасымен елімізде теңдесі жоқ су шаруашылығы музейін өз қолымен орнатты. Қазір сол мұражай университеттің 5-оқу ғимаратында есігін айқара ашқан. Бұл – ағаның өзі бүкіл Сыр бойы су мамандарына орнатып кеткен мықты ескерткіші. Бүгінгі күні осы музей республика су мамандарының, оқытушылар мен студенттердің бас қосар, ақылдасар мәртебелі орталығына айналған. Аға соңына өшпес, ұмытылмас, екінің бірінің қолынан келе бермейтін қазына қалдырды. Ол – аға ойынан, зердесінен, қиялынан шыққан оншақты кітап. Осы құнды шығармаларда су шаруашылығы саласы тарихын, сол салаға иелік жасап, өмірін арнаған жүздеген азамат жөнінде құнды сөз қалдырған. Ағамыздың тағы да айтарлықтай соңына қалдырған мұрасы бар. Ол кісі өңірде «Сыр мұрабы» қоғамдық қауымдастығын ұйымдастырып, ашып беріп кеткен азамат. Сөз жоқ, жұмысын тиімді ұйымдастыра білсек, бұл қоғамдық ұйымның аймақ су шаруашылығы үшін көрсетер оң ықпалы мол болмақ. Шамасы, осы аға өткен өмір жолы өзгеге, жұртқа, елге аянбай, бар күш-жігерін сарқа қызмет істеудің үлгісі болар.

Осы тұлғалы азаматтар не беріп кетті Сыр өңіріне деп сұрауы әбден мүмкін. Ендеше, соны ашайық. Бұл ағаларымыз өңірде су шаруашылығын басқарып, теңдесі жоқ құрылыстар салуы арқасында біздің аймақ елді мекендерінің әлеуметтік-экономикалық жағдайы күрт өсті, ауыл азаматтарының күнкөріс деңгейі айтарлықтай биіктеді. Бас дақыл – күріштің өнімділігі екі-үш есе жоғарылады. Оның маусымдық суару мөлшері екі есе азайды. Түсінгенге өте жоғары жетістіктер! Шамасы, ағалар мұраты Сыр бойының  барынша жайлы,  жайқалған, көгерген, адам баласы үшін игілігі мол аймаққа айналуы болса керек. 

Осы алып азаматтардың еңбегі – соңына екі жүз елу мың гектардан артық инженерлік жүйеге келтірілген суармалы жерді аманаттау. Бұл нағыз еңбек ерлігі еді. Осының арқасында республикада маңызы орталау Сыр бойы айтарлықтай өркендеп-өрледі, күріш өсіруде бұрын-соңды болмаған биік жетістіктерге жетті, күріш отанына, орталығына айналды. Сонымен қатар, бұрын жағдайы төмен ауылдарда құрылыс қарқынды жүріп, жаңа тұрғын үйлер, өндіріс ғимараттары көтеріліп, ауыл азаматтарының жағдайы күрт жақсарды. Сол тұлғалы азаматтар соңынан осы саланы терең түсіне, ұғына отырып, қиындықтарға мойымай, осы жұмыстарға бүкіл ғұмырын арнаған мамандар барынша көп ерді. Солардың арасында біз де болдық. Бұл біздің қатарымыз үшін тағдыр бұйыртқан зор несібе мен биік өнеге еді. Мұны еш уақытта ұмытуға болмайды, әрдайым естен шығармай, соңымызға ерген жастар тағылымын қоюлатып, маңыздандырып, нәрлендіріп тұратын асыл мұра.

Қазір байқап, аңдасақ, ауылда су мамандары барынша азайыпты. Неге олай болды екен? Елімізде егіншілік тек қана қолдап суару арқылы ғана өркендейтін біздің аймақта суды дақыл өскен жерге жеткізіп беретін де, қолға тиген оның әр тамшысын өсімдік ерекшелігіне сәйкес ылғалды тұтыну қабілетіне қарай сол алқапта анықталған ғылыми ұсынымдарға сәйкес дұрыс бөліп, егін танабына жеткен суды барынша ұтымды жұмсалуын ұйымдастырып басқаратын да, суармалы желінің әрбір құрамдас бөлігі жағдайын жіті қадағалап, олардың күтімін бақылап, жөндеп отыратын да су маманы болса, онда бұл кемшілікпен келісімге келу қиын шығар. Осы маңызды мәселе бойынша ойланамыз, талдаймыз, түбірін түсінгіміз келеді, себебін білгіміз де жоқ емес. Біздің кафедра жыл сайын 25-30 су шаруашылығы маманын дайындауда. Әрісін айтпағанда, егемендік алғалы біз мыңнан аса су маманын дайындаппыз. Өңірге қажеті соның бес жүздейі ғана. Сонда біз дайындаған маман ауылға бармағаны ма, барса да тұрақтамағаны ма?     

«Оқуға білімім арқылы түстім, мемлекеттік грантты өзім жеңіп алдым, енді қалай оқысам да еркімде, қай жерде жұмыс істесем де өзім білем» деп ойлауы мүмкін студент. Ақылы негізде оқып жатқандарының осылай ойлауы әбден мүмкін. Ендеше, бұл – олардың  зор қателігі. Өйткені, олар қазақ елінің азаматтары, сол ел қамының ертең-ақ күрделі қорғалуы мен биік күйттелуіне аса мол жауап беретін адамдар қатарына қосылатынын олар білуі тиіс еді. Осы орайда бізге, ұстаздарға, зор міндет жүктеледі. Алдымыздағы жастың білместігін жедел жөндеп, терең ұғындырып, тезірек түзу жолға салу – біздің басты міндетіміз.

Оңай іс емес екені белгілі, бірақ, ыждағаттылық пен табандылық, адамсүйгіштік пен жастар болашағына деген ыстық жанашырлықты, жұрт алдындағы жауапкершілігімізді биікке көтеріп, өткен аға ұрпақ алдындағы перзенттік, інілік міндетімізді мықтап ойымызға алсақ, орындалатын сауапты жұмыс. Бұл мақсатта баршамыз студенттің жағына шығып, оның өзінің, елінің болашағына деген көзқарасын түбегейлі өзгертуге міндеттіміз. Алдымызда отырған жастың «Мен» деп айтқан жұқалау, жеңіл қате сөз зияндығын оған барынша түсіндіріп, «Біз» деген  түбегейлі, салмақты, берекелі сөзбен айырбастауымыз қажет-ақ. Осы жерде ұлы Абайдың «Адамшылықтың қарызына еңбек қылсаң, Алланың сүйген құлының бірі боласың» дегенін алға тартсақ жеткілікті. Оның бер жағында әрбір тәжірибелі ұстазда биік білім мен мол, өмірлік тағылым, жасөспірімнің ойы мен сырын бірден ұғатын ыждағатты кабілет пен соған байланысты жасөспірім санасына мол психологиялық әсер беруші салмақты тәжірибе де бар ғой.

Осы уақытқа дейін жіберген қатеміз бар-ау, шамасы. Әйтпесе аянбай дәріс беріп, орталарына бар білімімізді,  мамандық құпияларын бойларына барынша төккен жас мамандар неге ауылға бармады? Көп ойландым, толғандым, ақыры қатемізді тапқандаймын. Ендеше, біз осы уақытқа дейін алдымыздағы студентке барынша мамандық қыры мен сырын төгіп, құя беріппіз. Сөйтіп, жас маман санасын тіпті артығымен білімге қанықтырыппыз. Бірақ оған адами, азаматтық өнегені кемшіндеу бергендейміз. Олардың алдымен ел алдындағы басты борышын айтуға аз күш жұмсаппыз.  Онда, сол қатені жөндеп бағайық!

Ендеше, бүгін біз маман емес, алдымен қазақ азаматын өсіріп, ұшыруымыз керек екен-ау! Осыдан кеш қалыппыз! Бірақ ештен кеш жақсы деген де бар ғой. Біз енді барынша, мықты ықыласымызды студенттің біліміне, зердесіне, ойына, парасатына аударуымыз керек, бөтен ешнәрсеге көңіл бөлмей, алаңдамай. Әрине, бұл сауапты іс оп-оңай емес. Оң нәтиже өз-өзімен қолға түсе салмайды. Мұны атқару үшін ұстазға биік қабілет пен ел болашағына деген мол жанашырлық және ыстық ықылас қажет. Осы қабілет барлық ұстазда бар. Сондықтан біздің басты міндетіміз дәрісімізде болсын, құй жүздесе қалған үзілістерде болсын, студенттермен өтіп жататын жеке кездесулерде болсын, жасөспірімнің сана-сезімін жаулап алуға барынша мол ықпалды тәрбие жүргізуіміз тиіс. Ендеше, осы маңызы зор жұмысты атқаруға қажет қабілет те, өнеге де, білім де, сол жаспен бірге ел болашағына деген ыстық жанашырлық қасиет те халық болашағын ойлаған ұстаз бойында бар. Осылай етсек студентті жеңеміз, көндіреміз, өзімізге қаратамыз. Соңында біз де, ол да, ел-жұрт та  ұтыста қалады.

Онда студент жас алдымен туған ауылын, өңірді, елді сүюі тиіс, айналасындағы үлкен-кішіні, жұртты сыйлауға міндетті. Өз қамы осылардан кейінгі ғана орынды иеленуі тиіс. Біздің қасиетті міндетіміз осыны оған ұғындыру, түсіндіру, санасына жеткізу, қадірлі әріптес інілерім мен қарындастарым!

Бірінші курста: «Біз жер мен суды мәпелеп, күтетін маман иесі боламыз» деп мақтанып едіңдер. Енді, міне, оқу орнын бітірер сәтте осыдан неге айнып қалдыңдар?!» деп, түлектерімізді біз осы уақытқа дейін ашық әңгімеге шақыра алдық па?! Егер төрт жыл бойы бар білген өнегемізді санасына құйып, олардың қазақ елінің азаматы екенін қайта-қайта санасына сіңіріп, ел алдындағы қасиетті борышын аса білгірлікпен, түсінікті қарапайымдылықпен бойына құйып келген болсақ, онда дәл жаңағы сұраққа олардың төмендегідей жауап беретініне күмән келтіру мүмкін де бола қоймас. Сөз жоқ, «Біз, қазақ бабамыз ел үшін өмірін қиған асылдардың ұрпағымыз, ендеше, баршамыз ауылға ертең аттанамыз, жетеміз, ауыл басшысына, шаруашылық төрағасына: «Біз мемлекет берген білімімізді осы ауылдың көктеп-көгеруіне арнаймыз. Енді бүгіннен бастап осы ауыл азаматы ретінде, қаласаңыз да, қаламасаңыз да, осы ауылдан тіпті кетпейміз» деп, салмақты шешім қабылдайтынына сенім мол.

Біле білсең, студент сенен көп кіші болса, ол сенің туған балаң мен қызың,  шамалы кіші болса, ол сенің бауырың мен қарындас несіңлің. Тек солай болуы тиіс, осылай өрбуі керек алдыңда жайғасқан жасөспірімге деген жүрегіңдегі жылуың мен жақсылығың, адалдығың мен жанашырлығың, қадірлі ұстаз! Ендеше, қай қазақ ұлының, қызының, немересінің, бауырының шала, дүбәра, өнегесіз, білімсіз болғанын қалаған?! Ешқандай! Олай болса, сал ортаға бар біліміңді, өнегеңді, бойыңдағы бар жақсы, игілікті мінездеріңді, көрсет өмірге енді аяқ басып келе жатқан, жақсы менен жаманды әлі толық айыра алмай екеуін де бірдей  бойына сіңіре салатын жасқа. Сенің қолыңда өз-өзіңе деген мол сенімің бар, алдыңдағы жасты тығырықтан құтқарып, жарыққа шығарар аталы сөзің бар, кімді де болса өз ырқыңа көндірер биік білімің бар, осы уақытқа дейін жастар тәрбиелеуде жинақтаған мол тәжірибең бар, туған жер мен судың жанашыры деген атың бар!

Алдымызда дәріс алып жатқан шәкірт: «Мен өзім үшін оқимын, менің өз еркім жаман оқысам да, жақсы оқысам да» деп ойлайтын жай ғана пенде емес, керісінше қазақ елі үшін аса қымбат азамат. Жанымызда отырған кез келген студент – еліміздің жайлы ертеңі мен бақытты болашағын орнататын, жасайтын, құрайтын, бағдарлайтын құнды тұлға! Осыны түсінейік, бағалайық, ұғынайық, ағайын! Ендеше, бізден мол үміт күткен жасөспірім студенттерге алдымен биік өнеге мен тәрбие, сосын лайықты, тыңғылықты білім бере білсек, оларды аймақ жері мен суының  күтімін жасау ісіне барынша ұғындырып, өз еркімен жұмылдыра білсек, онда сөз басында әңгімелеген алып ұстаздар мұратын аялап, жақындатқанымыз болар.     

Серікбай  ҚОШҚАРОВ,

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің профессоры

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<