Ұстаздық – ұлы жол

1925

0

Өмірге келген әрбір саналы жан жақсылыққа ұмтылады, жақсы істерді өміріне арқау етеді, жас ұрпақтың келешегіне алаңдап, елі мен жерінің гүлденіп, дамып-өркендеуін ойлайды. Сол ұрпақтың қажетіне жарарлық туындылар тудырып, мол мұралар қалдырып, ізгіліктің жолын өзіне негізгі бағыт етіп алады. Осы жолда ол ерінбейді, жалықпайды, өз бақытын аямай, өзгенің бақытын аялау үшін күреседі, алдына батыл мақсаттар қойып, сол мақсатқа жетуге табанды түрде нық қадамдар жасайды. Бар өмірін, уақытын, білімін, тәжірибесін сол жолға, сол талапқа жұмсап, өмір асуларынан асады, белестерін бағындырады, биік таулардың төбесіне шығады.

Өзгеше жаратылып, елі сүйген, елін сүйген мұндай кісілер өмірден өтсе де, олардың есімдері, асыл бей­нелері халықтың ерекше құрметі мен сүйіспеншілігіне бөленіп, түнгі аспанды жарық қылған жұлдыздардай үнемі жарқырап, шуағын шашып тұра бермек.

Бүгінгі күні қолыма еріксіз қа­лам алып, өмірде апалы-інілі болып сыйласқан, әріптес, жанұялық досы­мыз, Сыр еліне танымал, білім саласын ұзақ жылдар бойы басқарған білікті басшы, іскер ұйымдастырушы ағамыз Әли Мүсілімұлының аяулы жары, ғалым, ардақты ұстаз, асыл ана, апамыз Күлбарам Сәдуақасқызы жайлы ойларымды ортаға салғанды жөн көрдім.

Күлбарам Сәдуақасқызы 1943 жылы Қармақшы ауданы Ақжар ауылында дүниеге келіп, 1960 жылы осы ауылдың №28 орта мектебін бітіреді. Қасиетті Қармақшы топы­ра­ғынан нәр алып, Қорқыт қобы­зының үніне құлақ түрген апамыз бала жасынан аса зерек, сезімтал, бай­қампаз, ақынжанды, өнер-бі­лім­­­ге жаны құмар болып өседі. Осы жылы алдына асқақ арман, ма­ғыналы мақсат қоя білген Күл­барам Сәдуақасқызы Н.Гоголь атын­да­ғы Қызылорда педагогикалық инс­ти­­туты жаратылыстану фа­куль­­тетіне химия және биология маман­дығы бойынша оқуға түсіп, 1965 жылы бітіріп шы­ғады.

Еңбек жолын өзінің туған ауда­ны Қармақшыда №105 мектепте мұ­ғалім болудан бастап, Қызылорда қаласындағы №4 С.Сейфуллин атын­дағы орта мектепте химия және биология пәндерінің мұғалімі болып жалғастырады.

1997 жылдан бастап Қорқыт ата атындағы ҚМУ-да «Химияны оқыту әдістемесі», «Химия және экология» кафедраларында аға оқытушы, до­цент, академиялық профессор қызмет­терін атқарды.

Осы жылы университет рек­торы қызметіне кірістім. Бұған дейін біз жанұямызбен дос бол­сақ, ендігі жерде әріптес болдық. Әли ағамыз облыстың білім басқармасының бас­шысы қызметін абыроймен атқара білді. Көп сөйлемейтін, мінезі сал­мақты да салиқалы ағамыз үнемі ой үстінде жүретін. Білім саласы­ның қордаланған мәселелерін шешіп, та­ңертеңнен кешке дейін қажы­май-талмай еңбек ететін. Ағамызбен кез­десіп, емін-еркін отырып әңгіме­лес­кенде құнды ақыл-кеңестерін, тал­ғамды пікірлерін, озық ойларын ортаға салатын.

Күлбарам апайдың ғылым жолына түсуіне Әли ағайдың ықпалы зор болды. Оған үнемі қолдау білдіріп, ғылым жолында жақсы нәтижелерге жетуіне жол сілтеп отыратын.

Күлбарам апай жоғары оқу орнына келген уақыттан өз жауапкершілігін аса жоғары сезініп, ғылымға шындап бет бұрды. Тынымсыз еңбекті, ізденісті өзінің күнделікті дағдысына, сүйікті кәсібіне айналдырды. Шәкірттеріне терең білім беріп, университеттің қо­­ғамдық жұмыстарына белесене ара­ласты. Үнемі күлімдеп, көңілді жүретін көпшіл апамыз қай ортаны да өзіне баурап алатын қасиетке ие болатын.

Ғылымға қызығушылығы оянған ол аспирантураға түсіп, 2006 жылы кандидаттық диссертациясын та­быс­ты қорғап шықты. Химия пәні­нің терең сырларына жан-жақты зерт­теулер жүргізіп, пәнді оқытудың әдіс­темесіне ерекше көңіл бөлді. Пәнді оқытуда студенттерге, мұғалім­дерге арналған, көмекші оқу құралдары, оқулықтары мен құнды мақалалары жарық көрді.

Қазақстан Республикасының бар­лық қалаларын және алыс-жақын шетелдің жетекші ғылыми ұйымдары мен мекемелерінде біліктілікті арт­тыру курстарынан өтіп, үнемі тәжі­рибе жинақтап отырды.

Қорқыт ата атындағы универси­теттің «Биология, гео­гра­фия және хи­мия» кафедрасы ая­сында құрыл­ған «Қызылорда об­лысы химия пәні мұ­ғалімдері мен оқы­тушыларының қа­уымдастығы» қо­ғамдық бірлесті­гінің төрайымы болып сайланды.

Республикалық «Химия мектепте» ғылыми-әдістемелік журналы мен «Мұғалім және қоғам» газетінің ақыл­дастар алқасының мүшесі болды. Шетелдік жоғары импакт-фак­тор­лы және Қазақстанның ғылыми басылымдарында 110 мақаласы, ха­лық­аралық және республикалық кон­ференциялардың 41 конференция ма­териалдары мен тезистерінің, 2 Қазақстан Республикасы иннова­ция­лық, өнертабыс және пайдалы мо­дельдерге патенті, ЖОО студенттері мен жалпы білім беретін оқушылар мен химия пәнінің мұғалімдеріне ар­налған 21 оқу құралы мен оқу-әдістемелік құралдарының, авторлық құқық берілген 2 электрондық оқулық пен 3 монографияның авторы атанды.

Күлбарам Сәдуақасқызы тыным­сыз еңбегі мен білім-ғылымға деген құштарлығы арқасында көптеген нәтижелерге қол жеткізді. Атап айтар болсақ, ол педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор, белгілі әдіскер ғалым, екі мәрте «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы», «Алтынсарин», «ҚР Білім саласының құрметті қызметкері», «ҚР Білім саласының үздігі», «Д.И.Менделеев» және «Қорқыт ата атындағы алтын медалі» төсбелгілерінің иегері, Ха­лықаралық педагогикалық білім бе­ру академиясының корреспондент-мүшесі болды.

Міне, бұл Күлбарам Сәдуақасқы­зының табиғаты нәзікжанды болса да өмірдің күре жолдарын қиып өтіп, алдынан кездескен қиын­дықтардың барлығын жеңе біліп, адал еңбегі мен маңдай терін төгіп, алдына арман мен таудай талап, мақсат қойған жанның руханиятты жемісі мен жеңісі деп батыл айтар едім.

Күлбарам апайдың өміріндегі жә­не бір қыры, өзіндік ерекшелігі – ол табиғатынан, тумысынан ақын­жанды болатын. Өмірді, табиғатты жүрегімен түсініп, оны терең де нә­зік сезім иірімдерімен сезіне оты­рып жырлай білді, суреттей білді, ұғына білді. Оның сыршыл жүре­гінен, қарымды қаламынан туып, қарша бораған жырлары оқырман көңілінен шығып, жүрек қылын қоз­ғады. Апамыздың жырлары оқыр­ман­дарын қуанышта шаттандырып, қай­ғыда жұбатып, күн­делікті өмірде жақсылықтарға, жаңа­лық­тарға жетелей білді.

Күлбарам Сәдуақасқызының ел­ге, жерге, Отанға, ағайын-туыс, ба­у­ырларға, досқа, жарға арналған өлең­­дері жинақталып кітап болып, оқырманға жол тартты. Халықтың өзі­не деген сағыныш сезімдерін, ықы­лас- құрметтерін тудырды.

Бір-бірін риясыз сүйіп, сыйлас­тықты ту еткен білім-ғылым сала­сының білікті мамандары, озат пе­да­гогтары, парасат-пайымдары жо­­ға­­ры ардақты да абзал жандар Әли аға­мыз бен Күлбарам апамыз саналы ғұмырларында жақсы ата-ана атанып, тамырын тереңге жайған мәуелі бәйтеректей ұлағатты жанұя құрып, білімге құштар, өнегелі де ұл-қыз тәрбиеледі, немерелер сүйді.

Әли ағамыз бен Күлбарам апамыз артында ұрпаққа азық болатын мол мұра, өшпес із қалдырды, ел-жұр­тының алғысына, сүйіс­пеншілігіне бөленді. Олар мыңдаған шәкірттерге тәлімді тәрбие мен са­палы білім беріп, өмірдің бір кірпіші болып қалануларына аянбай еңбек етті.

«Жақсыдан із қалар» дейді халық даналығы. Саналы ғұмырларын туған елінің білімі мен ғылымын, өркениеті мен мәдениетін дамытып, келешегін кемел етіп, ертеңін қалыптастыруға ерен еңбек сіңірген осындай жандар ел есінде мәңгі ұмытылмайды деп ойлаймын.

Болатбек ӘБДIРӘСIЛОВ,

академик,

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<