Жәмет жырау

2341

0

Қазақта сөз таныған жанның бәрі Сырдың елін – жырдың елі дейді ілгеріден. Бұл сөзді қашан, кім айтқаны белгісіз. Бірақ, біз ес білгелі осы бір сөзді естіп те, айтып та келеміз. Әсілі, кім болса да уақытында Сырдың бойындағы жампоз жыраулардың алқасында болып, таңға жырласа түгесілмес түпсіз, апталап жырласа қажымас құдіретті өнер иелерін көзбен көріп, құлағымен естіп айтқан болуы керек бұл сөзді. Ескі құлақтан естуімізде, ән еркесі Нартайдан:

– Нар аға, жас күніңізден әннің базарында келесіз, халықтың қызметінде болдыңыз. Талай жерді көрдіңіз, араладыңыз. Көргеніңіз көп, түйгеніңіз мол. Енді айтыңызшы, әннің асылы қайда, жырдың асылы қайда? – деп сұрайды екен.

Сонда Нарекең:

– Еее, әннің асылы Арқада, жырдың асылы Сырда ғой – деп қысқа қайырыпты дейді.

Осы бір қасиетті қазынамыз тәлімнің тал бесігі, руханиятымыздың алтын өзегі болып жасай берсе екен деген ниет әрдайым бата-тілегімізде ғой.

Сыр бойы жыраулық дәстүрінің тарихын қозғағанда Балқы Базар, Ешнияз, Кете Жүсіп, Шораяқтың Омары, Жиенбай, Жаңаберген, дүр Оңғар, Тұрымбет, Нұртуған, Тұрмағамбет сияқты тағы да басқа ақын-жыраулардың аты ә дегеннен ауызға ілігеді. Бұл сөз иелерінің кейбірі туралы мәліметтер мен естеліктер хатқа түсіп, біршамасы ғылыми айналымға да енді. Әлі де болса өмірі мен шығармашылығын зерттеп, зерделеу керек жырау, шайырлар жетерлік. Соның бірі – Жәмет Сайымұлы.

Жәмет жырау 1895 жылы қазіргі Қазалы ауданы Бекарыстан би ауылы жанындағы Ақтоған деген жерде дүниеге келген. Әкесі Сайым қарапайым шаруа адамы болған. Бекеттің сегіз баласы болса, соның бірі осы Жәметтің әкесі – Сайым. Жәмет атадан 1 жасында, ал анасынан 4 жасында айырылып, жетім қалады. Тоғыз жасқа дейін атасы Бекеттің тәрбиесінде болып, ол бақиға бет түзегесін әкесімен бірге туған ағаларының қолында қалады.

Жігіт жасына келіп, күйбең тірліктен қажыған Жәмет әр тарапқа талап қылмақты ойлайды. Ақыры өзінің құрдас, досы Смағұлды ертіп Аралға келіп балық аулау кәсібімен шұғылдана бастайды. Бұл кезде Кеңес өкіметі орныққан тұс болатын. Қызу жұмыс арасында жүрген Жәмет ыңғайы келсе Мырзасқа бір соғып кетуді де ойынан шығармайды. Себебі, мұнда сол кезде атағы жер жарып тұрған Нұртуған шайыр бар еді. Жәмет шайырдың туған апасы Үбіштен туады, туған жиені.

Ақыры істің ретіне қарай Мырзасқа да жолы түсіп, нағашысының ауылынан бір-ақ шығады. Жиені келгеніне қуанған шайыр қой сойып, құрмет қылып, қонақ етеді. Дастархан үстінде шат-шадыман, мәз-майрам болып отырған Нұртуған Жәметтің керегеде ілулі тұрған домбыраға қайта-қайта қарағыштап отырғанын байқап қалса керек, қолына ұстата салыпты. Өзі де іштей сұранып отырған жас талапкер қолына домбыра түскенде бар білгенін заулата беріпті. Жәметтің осы талабына риза болған шайыр оны өз қасына алып қалуды ұйғарады. Әуелі сауатын ашып, хат танытады. Одан кейін өзі жазған шығармаларды рет-ретімен меңгерте бастайды. Жәмет – Нұртуған шайырдың алғашқы шәкірті. Оған дәлел:

– Әуелі хат таныттым Жәметжанға,

Отырған күндер өтті ұзақ таңға.

Әуелде жазудағы болмай қалмас,

Талабың өрлей берсін басың оңға, – деген өлеңі. Осы өлеңнің бойында Жәметке көп тәрбият бергені және өнерге тиянақты, адал болуды насихат еткені анық байқалады. Шайырды ұстаз тұтып, сөзін құп алған ол аса жауапкершілікпен үш айда хат танып шығады. Жыраудың жыр қорына Нұртуғанның «Мәулім-Нияз», «Едіге», «Орақ-Мамай», «Ақ кете Шернияз», «Қобыланды» сынды ауқымды, салалы дастандары берік орнығады. Арасында, Нұртуған шайыр Жәметті ас пен жиында алқаға салып жырлатып, қалыптасып кетуін мұқият қадағалап отырады екен. Әбден төселіп, ұстазының батасын алған соң жыраулық салтанат құрып, жер-жерді шарлай бастайды. Арнайы шақырту алып Ақтөбе, Шалқар, Ырғыз, Қарақалпақ, тіпті Түркіменстанның Мары жеріне дейін барып тыңдаушысын таңдай қақтырып қайтады.

Бірақ, шарықтау шағына келген тұсы Кеңес өкіметінің талай талант пен қайраткердің қолына кісен салып, кесірі дендеп тұрған кез болатын. Сол кесір Жәметті де айналып өткен жоқ. Жөн-жосықсыз түрлі айыпты арқалап Қазалы түрмесіне бір емес тоғыз рет қамалады. Сондай мазасыз күндердің бірінде Қазалы түрмесінде Тұрмағамбет ақынды кезіктіреді. Баласы Абай ағамыз «Әкем түрмеде Тұрмағамбет ақынды көрдім деп шалдарға әңгімелерін айтып отыратын» дейді. Тұрмағамбет ақын да сол тұста Кеңес өкіметінің қудалауында жүрген болатын. Жаңа өкіметтің керағар саясатына мойынсынбаған Жәмет 1937 жылы «халық жауы» аталып, Сібірге айдалады. Сонда жүргенде 1943 жылы Калининге хат жазып, Құдай оңдағанда, рақымшылыққа ілініп қайтадан елге оралады.

Елге келгесін 1944-1945 жылдары Нартай бригадасында Шәмшәт Төлепова, Күндебай Алдоңғаров, Балқашбай Жүсіптермен елге рухани қызмет қылады. Басынан талай тауқыметті өткерген жырау ақжарылқап күн туып ақыры Сейілханқызы Балажан шешемізбен отау құрып, шаңырақ көтерді, екі қыз, бір ұл дүниеге келеді.

Жәметтің халық ақыны Байназармен жақсы байланыста болғанын айтады жыраудың бел баласы Абай ағам. Қайткенмен, сөз ұстаған ерлердің ортақ әңгімесі көп болады ғой. Жырау 1944 жылы 75 жасында дүниеден өтті. Өмірінің ақырғы күніне дейін нағашысы әрі ұстазы Нұртуған шайырдың мазарына атпен барып Құран бағыштап, зияраттап тұрған деседі. Ұмытылмас ұстазға құрметі ғой. Есіл ердің тағдыр жолы қысқаша осылай өтіпті.

Жәмет атамыздың мұрасын жиыстырып, ата өнерін қадірлеп отырған ұрпақ жоқ емес. Баласы Абай ағам бар білгенін хатқа түсіріп, ата мүлкін қызғыштай қорып отыр. Ал, жыраудың немересі Ағнұр Жәметова ата жолында. Домбырасы қолында, шәкірті соңында. Қасиетті өнер бұл әулеттен алыс кеткен жоқ. Ел амандығын берсін, алдымыздағы 2025 жылы Жәмет жырау Сайымұлының туғанына 130 жыл толғалы отыр. Меніңше, Сыр сүлейінің мерейтойы облыстық, республикалық деңгейде атап өтілуі керек. Жыраулық өнерде із қалдырған Жәмет жырау зерттеп, зерделген сайын өшпес өнер иесі екені айшықтала бермек.

Марат СҮГІРБАЙ,

Қорқыт ата университетінің «Дәстүрлі музыка өнері және хореография»

кафедрасының оқытушысы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<