Жалалы жорық

1397

0

Ауыл жүдеу. Екі үйдің бірінен түндігінен ащы түтінмен араласып жоқтау көтеріліп жатады. Қалыштың үш баласы бірдей соғысқа аттанып еді. Пазылхан ауылға келгенде ағалары әлі оралмапты. Ауылға қайтқандардың бірі ақсақ, бірі шолақ. Қос бауыры Әмірхан мен Батырханды көрдім дегені жоқ.

– Ағаларың қайда, ерке бала-ау?! – деп Айнакүл аңырап отырды. Жазмыштан озмыш жоқ, көндікті бәріне. Кеудесін кере бір тыныстап, тіршілікке кірісті.

Пазылхан маңдайыма жазылғанды көрейін деді. Себебі ел ішінде «Власовтың армиясында болыпты, тұтқынға түсіпті» деген сөздер де естіліп қалды. Соғыстан шайлықпаған жүрек қаңқу сөзден қаймықпады. Аршаш атты Көзей қызына үйленді. Ол той жасап, кәде қылатын кез бе? Ағайындарға бір ешкіні сойып, батасын алды. Болды.

Бір күні үйге «Вилс» мінген, әскери гимнастерка киген бір кісі келді.

– Сіз Қалышевсыз ғой.

– Қалышевпын.

– Мен Құрақбаевпын, ерекше бөлімнің өкілімін. Ертең ертелеп ауданға келіңіз.

Ертеңіне ауданға барды.  Сұраққа ала бастады.

– Сіз неміс тұтқынында болдыңыз ғой.

– Болдым.

– Жуантөбеде болдым дегендей жайбарақат айтасыз ғой.

– Сен тұтқында болсаң, осы сөзді айтуға тілің келмес еді, Құрақбаев!

– Сіз халық ішкі істер комитеті өкіліне бұлай сөйлемеңіз. Мен тұтқынға түспес едім!

– Ешкім де мені тұтқында деп неміске сұранып бармайды.

– Тұтқында болған екенсіз, Қалышев, тағы да болыңыз. Сізді тұтқындаймыз. Отанынан бас тартушылар есебінде. Сосын неміспен қалай байланысқаныңызды тексереміз.

Сол күні сот болды. Сотта төрт-ақ адам отырды. Құрақбаев сотта сауатты сұрақтар қоя алмады, бар білгені тағы қандай тыңшылар бар дегені. Үкімді де оның өзі емес, хатшысы оқыды. Сөйтіп Отан үшін от кешіп келген Пазылхан Қалышев «неміс тыңшысы» деген жаламен 25 жылға сотты болды.

Тағы да соғысқа бара жатқандай эшелонға тиеді, баратын жағы белгісіз. Бір кезде Сібірден бір-ақ шықты. Мына тағдырды қараңызшы, дәл Сібірде соғысқа бірге аттанып, тұтқында бірге болған тартоғайлық Бектұрған ағасымен кездесті. Оны да айдап әкелген екен. Тағы да тікенек сымды қораға тоғытты. Бұл немістің емес, советтің тікенегі.  Мылтықпен дүмбілеп апарып, ағаш кестірді, оны сүйреп тасытты. Итпен күзетті.

…Бірер айдан соң оңтайлы сәтте сым қоршаудың алдын ала діттеп жүрген осал тұсын қиып, түн жамылып бес адам тысқа шықты. Ешкім сезбеген сияқты. Содан өкпелерін қолдарына ұстап жүгіре, жүгіре орманға келіп жетті. Орман – пана, орман – ана болды. 

Бұл азапты жолда Пазылхан мен Бектұрған қандай оқиғаларға кезікпеді. Кейбір сатып кеткісі, ұстап бергісі келгендер де табылды. Жолда оларға топтасып жүрудің қауіпті екені сезіле бастады. Сөйтіп бұлар Бектұрған екеуі топтан бөлінді. Алла жар болсын, содан кейін сол қандыкөйлек жолдастардың Пазылхан мен Бектұрғаннан басқасы бір-бірімен бұл жалғанда жолығыспады. Ал, екеуі тағы Сыр бойына табандарын тигізіп, екі айрылды. Пазылхан бір жыл сегіз ай уақыттан соң отбасына келіп кірді.

Мәрия апасы жетті жылап. Әмірханнан айрылыпты бұл әулет. Батырхан бауыры аман оралыпты. Өзін ұстап кетерде еңбектеп жүрген Дүйсенкүл сөйлеп қалыпты. Айнакүл әжесінің қолына берген екен. Сол үйдің қызы. «Аға келді» десе, жымияды да қояды. Әке деп ұмсынбайды.

«Жалғыз құдайға не жаздым», – деп жылап отырған Айнакүлдің етегіне тығылады. Әрі жат, әрі жақын адамына қайта-қайта қарағыштайды.

Осы тұста оқиғаны үзе тұрып, осы бір ғазиз жан туралы айта кетейін. Бұл әулеттің барлық баласы Айнакүл әженің баласы болып өсті. Өзінің құрсағынан шыққан жалғыз бала Үкіметханды үкілеп бағып еді, ол да шетінеп кетті. Қалышқызы Мариядан туған Шәрі бүгінде сексен жастан асты.

Бірақ, солардың бәрі Айнакүл әженің мейірімімен бой түзеп, өмірге енді. Ол кісінің өзі бір кезде бастауыш комсомол ұйымының хатшысы, аудандық партия комитетінің бюро мүшесі болған кісі. Ферма меңгерушісі де болды. Осының бәрі әйел кісіге аз жүк емес, Айнакүл әже әйтсе де ешқандай жұмысты ауырсынбаған. Ең ауыр салмақ ол кісінің жүрегінде еді, ер азаматы Әмірханның соғыстан оралмауы болды. Өмір бойы ерін күту қандай азапты тағдыр?!

Алла әжемізге мықты рух сыйлапты. Пендешіліктен аулақ болып, жар сертіне адал кейпінде қалды.

Қазір Ақтоған ауылының сыртындағы қорымда Айнакүл әже жерлеген бейітте өзімен бірге Әмірхан әкенің де аты-жөні мен суреті қойылып, белгі орнатылған. Шын мәнінде бұл бейітте тұрған Әмірхан әкенің суреті ғана, ал, сүйегі жоқ. Бұл ұрпақтарының ендігі жерде ерлі-зайыптылардың рухы табыссын деген ізгі ойы болатын. Әр нәрсе Аллаға аян.

Келісті кісі еді, бір емес, бірнеше үйдің баласы анасындай сүйген аяулы жан 1992 жылы өмірден озды.

…Сонымен, қуғыншылар Пазылханның үйіне бірнеше мәрте келіпті. «Қашқынды тауып беріңдер» деп қазанды төңкеріп, отты шашып кетіпті. Бұл жұрттың жан-жағына қарап, алаңсыз тіршілік қамын күйттеген, соғыс деген сөзді санадан сырып, қара бас қамына кірісіп кеткен 1951 жыл еді.

Қойшы, әйтеуір, тағы да сот, тағы сол төрт адам. Тағы да түрмеге айдады. Сапар алыс болмады. Пойызға отырғызды да Қарағандыға әкеліп түсірді.

Осы жерде бір күтпеген оқиға болды. Екеуі осы сапарға келісіп алғандай Бектұрған ағасы жүр!

…Бұларды түрмеде қара жұмысқа салды. Жұмыстың негізгісі вагонға көмір тасу. Азаннан кешке дейін күрекпен көмір лақтырады. Үсті-бастары көрден шыққаннан әрі болып, тар қапасқа кіреді. Күріш ботқа, сылдыр сорпа, қара нан. Күнара Бектұрған екеуін сұрақтың астына алады. Сол баяғы сұрықсыз сұрақтар.

Бір күні Пазылхан түс көрді. Түсіне ақ сақалды шал енді. «Балам, бұл жерден құтыл», – деді де ғайып болды. Оянып кетті. Бектұрғанға айтты:

– Менің бұл жерден кетуім керек, аға.

– Қалай?

– Қалай болса да…

Екеуінің бірдей қашуы неғайбыл. Өйткені түрме қарауылы күшейтілген.

Сонымен, Пазылхан бір түнде тікенек сымнан шығып, «ал, қайдасың ауыл» деді. Соғыстың тозағынан, Сібірдің тұзағынан құтылып келген оған бұл әрекет аса қиынға түспеді. Сол кезде түрмеден қашып жатқандар да, қайта ұсталып келіп жатқандар да жетерлік. Кеше Пазылхан осы Отанның тыныштығы үшін басын бәйгеге тігіп еді, енді өз тыныштығын іздеп бас сауғалады. Бұл жердегі адал жазықсыз жандарға көренеу қорлық, көзден шыққан нақақ жас болды.

Тағы да үй-жайымен қауышты ер Пазылхан. Бірақ араға көп уақыт салмай Құрақбаев қайта тұтқындады.

Соғыстан қашқан жоқ, елге қарар бет жоқ дейтін кінәсі не? Қисынсыз жаланың қыл шылбырынан қашты. Бірақ Қалышевқа бұл жолы бұрынғы айыптарының үстіне «диверциялық әрекеттерге қатысы бар» деген жала жапсырылды, ату жазасына кесті. Оны тексеріп жатқан әділ үкімет қайда? Сот солай деді ме, болды.

Тағы да Қарағандыға әкеліп түсірді. Ағасы жалғызсырап, азып кетіпті. Пазылхан ауылдың амандығын біліп қайтуға барып-келіп жүргендей екеуі армансыз сырласты. Бір-бірін құшақтап ауыр күрсініп, арқаларынан қағысты. «Мені ату жазасына кесті» дегенде Бектұрған қатты шошынды.

– Қорықпа, аға, мен көрер жарығым бар екеніне сенем. Осы жалақорлар Алла-аруақтардан күшті емес. Бір Құдай біледі, түсімдегі аян анық келеді. Аталарым аян арқылы менің сегіз перзентім болатынын айтқан.

Осы сөзді естігенде Бектұрғанның көңілі жай тапты.

Бір күні түрмеден у-шу шықты. «Түрмедегілер түгел көтеріліп, қарауылдардың қаруын тартып алып, офицерлерді ұрып-соғып жатыр», – деді дәрігер алқынып. Пазылхан іле орнынан қарғып тұрды да, төбелес легіне қосылды. Мылтық ұстаған қарауылдар соғыс көрген соқталдай азаматтардың қасында түйелі қойшыдай-ақ қауқарсыздығын көрсетіп, бет-бетімен қашты. Түрмедегілердің аузындағы сөздер мынадай: «Әділдік жасасын!», «Сталин өлді!», «Коммунистік партия жасасын!» «Қуғын-сүргін тоқтатылсын!».

Осы күні барлық КСРО түрмелерінде жаппай тәртіпсіздіктер орын алды. Жаламен отырған көптеген соғыс жауынгерлері түрмеден қашып кетті. Бұл репрессиялық саясат жүргізіп, кеңес одағын қан қақсатқан Сталиннің өлген күні, 1953 жылдың 5 наурызы еді.

Сонымен, Қарағанды түрмесіндегілер де түгел болмаса да, бытырай қашты. Пазылхан мен Бектұрған тағы да бостандыққа шықты. Олар көбіне түнделетіп жүрді. Жүре келе айдалада бір қойшының үйіне кезікті. Тамақ ішіп әлденді.  Қойшы екеуіне астындағы атын берді. «Елдеріңе жақындаған соң босатып жіберіңдер, өзі келеді», –  деді.

Сонымен, екеуі атқа мінгесіп жолға түсті, жолға жетерлік азық алды. Бір апта жүріп Қаратаудың етегіне келіп жетті. Осы жерде атты босатып жіберді. Жануар әудем жер барып, артына қарап бір кісінеді де, басын қиғаштап шаба жөнелді.

Жылқы екеш жылқы да бұлардың тағдырына алаңдағандай еді. Осы тұстан ағасы екеуі екіге бөлінді. «Маңдайымызда тағы қандай тағдыр тұр, енді қайтып көрісеміз бе, жоқ па?» деп бір-бірін кеудесіне басып, көздеріне жас алды…

Дүйсенбек АЯШҰЛЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<