Ауылда тұрып-ақ қасиетті өлең өлкесінің табалдырығынан аттап, төріне шыққан талапкер, талантты ақындар аз емес. Соның бірі – Арал ауданы Бекбауыл бекетінде тұратын Әбіләзім Тұрғанбаев.
Әке жолын қуып, болат жолдың бойында еңбек еткен Әбіләзім ақындық әлемінен әсте шет қалмаған. Сонау 1997 жылдары «Толқын» газеті баспасы жанынан алғаш «Теңіз дауысы» атты алақандай, шағын жыр жинағын шығарғанымыз есте. Оған айтулы ақын Зейнолладан бастап, Мешітбай, Әбілхан, Серік, Сағындық, Жетес, Толыбай, Оңталап және тағы басқа ақындарымыздың Арал тақырыбындағы өлеңдерін топтастырғанбыз.
Осы жинаққа енген Әбіләзімнің аяқ алысын сонда танығанмын. Содан бері оның өлеңдері облыстық, республикалық баспасөз бетінде жарияланып келеді. Ал 2009 жылы «Бекбауыл белестері», 2010 жылы «Байқоңыр жырлайды», келесі жылы «Бекбауылым – текті ауылым» атты жыр жинақтары жарық көріп, оқырман қолына тиді. Енді міне, ақынның талай жылғы еңбегінің жемісіндей «Сыр» атты өлең кітабы өмірге келді.
«Сыр» негізінен ақынның жан сыры. Кітап 5 бөлімнен тұрады. Туған жер тақырыбын толғап, атамекенін асқақтатқан бірінші бөлімнің беташарындағы:
Кең болса да жазира, далам қандай,
Шағын менің ауылым алақандай.
Бекбауылым, өзіңе ұшып келем,
Өз ұясын сағынған балапандай, – деген жұп-жұмыр шумақ, жаныңа жылы леп соқтырып, алдағы жыр жолдарына оқырманын еріксіз жетелейді. Бөлімдегі «Туған жер», «Бекбауылым», «Батыр баба – Бекбауыл», «Ақирек», «Жанарымда барады дария ағып», «Көкарал» тақырыбындағы өлеңдері де өмірдің өзінен ойып алғандай, туған жер келбетін керім суреттейді. Ал осындағы «Қайықшы» поэмасы да жастарды елдікке, ерлікке үндейтін ұтырлы туған кесек дүние.
Сонымен бірге аңыз желісінде жазылған «Жылан шаққан қыз» поэмасы да оқырманын бей-жай қалдырмайтын, торғай балапанына төнген жыланды қамшымен ұрып, арашалаған жігіттің мәрттігін, сол жаралы жыланды жазып өмірге қайта әкелген қыздың жақсылығын, түптің-түбінде әлгі жыланның қызды шағып өлтірген жауыздығын, яғни өмірде жақсылық пен жамандықтың қатар жүретін мысалын әдемі суреттеген сәтті туынды дер едім.
«Тәуелсіздік – көзімнің қарашығы», «Арнау» деп аталатын бөлімдері де азаматтық әуенге, елдікке, ерлікке жетелейтін отаншыл сезімге арналған, тәлім-тәрбиелік толғанысы, жан жылуы мол жырларға толы.
Сайып келгенде, ақындық болмысымен жан сырын жайып салған жерлесіміздің жаңа кітабын оқырманға ой салар құнды дүние деуге болады.
Жұмабай ЖАҚЫП,
аудандық З.Шүкіров атындағы шығармашылық бірлестік
төрағасыАрал қаласы
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<