Қай кезеңде де ел ертеңі үшін аянбай қызмет жасаған тұлғаларды ел болып еске алу – өткеннің өнегесін өшірмеудің жарқын белгісі екені айқын. Осындай асыл азаматтарымыздың қатарында есімі мен еңбегі ерекше аталатын досымыз Қамбарбек Амангелдіұлы Мүбараковтің ғибратты ғұмыры туралы естелік айту ауыр болғанымен ол туралы жылы сөзімізді жеткізу өткенімізді бүгінге, бүгінімізді ертеңге жалғастырар тарихи сабақтастық үшін қажет екені де белгілі. Өкінішке қарай, енді досымыздың осы жақсы қасиеттерінің бәрін өткен шақта ғана айтып, еске алатынымыз жанымызды қинайды.
Лүпілдеген тамырындай
шекенің,
Жеке сағат, жеке тәулік,
жеке күн
Үлгермейміз түсініп те,
байқап та,
Кейбір сәттің нағыз бақыт
екенін,.. –
деп қазақтың ұлы ақыны Қадыр Мырзалы толғағандай адам баласының ғұмыры сан үміттен тұратыны да өмір шындығы.
Өзім Қамбарбек Амангелдіұлын сыртынан тани бастаған 2000-шы жылдардың бас кезеңінде ол облыстық салық департаменті бастығының орынбасары қызметін атқарып жүрген еді. Сол себепті де болар, облыс әкімдігінде, облыстық мәслихатта өтетін алқалы жиындарда облыс бюджетінің кірістерін қалыптастыру бағытында көтерілген сан сұрақтарға жас та болса білікті маман ретінде Қамбарбек Мүбараков жиі жауап беріп жататынын көріп жүретінбіз. Сол сәттер оның кәсіби маман ретінде енді ғана танылып келе жатқан шақтары екен.
Өзім кейін қызмет бабымен Шиелі ауданы әкімінің орынбасары лауазымына ауысқан 2008 жылдан бастап Қамбарбек Амангелдіұлымен жақынырақ таныса бастадым. Сол уақытта Шиелі аудандық салық басқармасының бастығы қызметін атқарып жүрген жігерлі жас басшымен тілдескен сайын оның қоғамшыл тұлға, байсалды азамат екенін байыптай түстім. 2009 жылы Қамбарбек досымыздың еңбек жолы Шиелі ауданы әкімінің орынбасары қызметінде жалғаса бастады. Аталған лауазымда аудан бюджеті қаражатының тиімді жұмсалуын бақылау, өңірлік бағдарламалардың іске асырылуын қамтамасыз ету бағытында маңызды бастамаларды іске асырды. Сол кезеңде Шиелі ауданының әкімі қызметін атқарған Нұрлыбек Машбекұлының орынбасарлары ретінде біз Қамбарбек Амангелдіұлымен, кент әкімі болған марқұм Марсбек Молдабаевпен жұмыс барысында жиі кездесетін болдық. Осылайша біздің өзара таныстығымыз жолдастыққа, жолдастығымыз кейін достыққа ұласты.
Бүгінде Президентіміздің сенімін лайықты ақтап жүрген, халықшыл бастамаларымен елдің ықыласына бөленген Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Машбекұлы Нәлібаев Шиелі ауданының әкімі қызметін атқарған 2008-2013 жылдары Шиелінің әлеуметтік-экономикалық әлеуеті артып, ауданның абырой-даңқы асқақтады. Аудан бюджетінің өз кірістері еселеп артып, инфрақұрылымдық жобалар сәтті жүзеге асты. Сондай-ақ аудан әкімінің бастамашылдығымен Елорда төрінде Нартай Бекежановтың шығармашылығын насихаттауға арналған республикалық деңгейдегі шаралар ұйымдастырылды, ауданның 80 жылдық мерейтойы республикалық ауқымда өткізілді. Киелі Шиелі кезеңі біз үшін үлкен өмір мектебі болды десек артық айтқандық болмас. Бұрын облыстық атқарушы органдарда қатар қызмет атқарған Қамбарбек Амангелдіұлы мен біздер үшін елмен етене араласып, жұртшылықпен жақын болудың өмірлік тәжірибесін меңгеру де осы өңірдің өнегесімен беки түсті десек қателеспегеніміз.
Әрине ардақты досымыз Қамбарбек жөнінде ойға алар естелік те, айтылар жақсы пікір де жеткілікті. Достыққа адал, адами қасиетті бойға жинап, жан-жағына шуақ шашып жүретін, жан баласына жамандық ойламайтын, ешбір адамға қылдай қиянаты жоқ, көпшіл жанның бірі де әрі бірегейі еді. Үлгілі отбасын құрып, төрт перзенттің ата-анасы атанған Қамбарбек пен аяулы жары Айнұр біз білгенде өмірде тек ерлі-зайыпты жандар ғана емес, сезімдерін өзара сенім мен достыққа құрған, бір-бірінің жақсылығын асырған азаматтар. Олардың жарасымды, тату тірліктеріне, дастарқаншыл қасиеттеріне талай куә болдық. Қамбарбек достарын үйіне жиі шақыратын. Айнұрдың дастарқаны жиылмайтын. Құдайға шүкір, жұбайы мен ұлдарының арқасында сол жақсы дәстүр үзілмей келеді. Жұбайы Айнұр перзентханада кіші ұлдары Қуанышты босанған сәтте уақыттың түн жарымынан ауғанына қарамастан Қамбарбек досымыз ең алғашқылардың қатарында Марсбек Рүстемұлы екеумізге телефон шалып, сүйінші жаңалығын бізбен бөліскенін қалай ұмытарсың?!
Мемлекеттік қызметтің әр тармағы мен әрбір баспалдағы азамат үшін тәжірибе мен тағылым жолы десек, 2015 жылы маған Жаңақорған ауданының әкімі қызметін атқару міндеті жүктелді. Өзім үшін бұрын қызмет бабымен барып келіп жүрген аудан ретінде білсем, енді осы ауданды басқару, дамыту, халықпен тығыз байланыс орнату және мәселелерді шешу сынды кезек күттірмес маңызды жұмыстарға кірісу міндеті тапсырылды. Міне, осындай жауапты кезеңде оң-солымды танып, жаңа жердегі қызметке тез төселуіме жаңақорғандық Қамбарбек досым жөн сілтеп, бағыт-бағдар көрсете білді. Тағдыр менің жолымды кейін Жаңақорған ауданына екінші мәрте әкім қызметіне бұрған сәтте Қамбарбек Амангелдіұлы Шиелі ауданының әкімі еді. Біздер көрші аудандардың әкімдері әрі жақын достар ретінде жұмыс барысында ортақ мәселелер бойынша жиі пікір бөлісетінбіз. Бір өкініштісі, әлемді бір тарының қауызына сыйдырғандай болған пандемия кезеңінде жүзбе-жүз жиі араласуға мүмкіндігіміз тапшы болды.
Уақыт адамды жүйріктігімен мойындатады екен. Биыл Сыр елінің аяулы да ардақты азаматы Қамбарбек Амангелдіұлы Мүбараков бауырымыздан көз жазып қалғанымызға жыл толып отыр. Халықта: «Кімнің қанша жасағанын емес, қалай өмір сүргенін айт» демейді ме?! Қай жерде, қандай қызметте жүрсе де, өзіне тән парасатты болмысы, көркем мінезі, салиқалы ой-пікірімен танылған, туған елдің мәртебесі мен мерейі үшін қарымды қызмет жасаудың тәлімін танытқан Қамбарбек Амангелдіұлының ұлағатты өмір жолы осы сұраққа жауаптың көрінісі іспетті дер едім.
Қамбарбек досымыз сырқаты меңдей бастағанда жанын шүберекке түйе жүріп, дертіне дауа іздеді. Өмір мен өлім арасында арпалысты. Өмір атты алып мұхитта желкенін жықпай, жағалауға жеткенше жанталасты, бірақ толқыны қатты қатал тағдыр өз дегенін жасады.
Жаның жұмақтан жайланғай, қимас досым Қамбарбек Амангелдіұлы!
Руслан РҮСТЕМОВ,
ҚР Парламенті Сенатының депутаты





