Жанымды емдеген сөз

1023

0

Менің өмірім 12 жасымда аяқ астынан өзгеріп сала берді.

Әкем екеуміз анамды ақтық сапарға шығарып салу үшін жерлеу рәсіміне дайындалып жатқан едік. Мен үйдің есігін ашқан кезде есік ілмектері бұрынғысынша сықырлап тұрды. Анам ең соңғы рет аурухана табалдырығын аттамай тұрып, маған осы бір есік ілмектерін майлап қоюды тапсырды. Өйткені бұдан шығатын жағымсыз дыбыс оның ашуына тиетін. Бірақ ол уақытта менің мұндай шаруаларды істеуге мүлдем құлқым болмады. Ал қазір мұны істеудің еш маңызы жоқтай.

– Кішкене аялдайық, – деді әкем сыбырлап. – Кел, отыра тұрайық.

Біз  дәліздегі  баспалдақтың жанына жайғастық. Осы кезде әкемнің аяқ-қолы  дірілдей  бастады. Бәлкім, анаммен бірге өткен бақытты кезеңдердің естеліктері есіне түскен болар. Мұны көріп, менің де ішім алай-дүлей. Жүрегім езіліп, жылауға шақ қалдым. Дәл осы мезетте әкемнің бойын кернеген қайғының жан шыдатпас ыстығы маған да сезіліп тұрды. Ал маған анамның жоқтығын сезінбеу үшін тағдыр салған тауқыметті ойламай алға қарай жылжу керек болатын.

Кеше есінен алжасқан адамдай күн ұзаққа мең-зең болып жүрдім де қойдым. Ешкім жемеген тамақ дайындап, онсыз да таза тұрған үйді жинадым. Мен анамның өлімін ойламау үшін өзімді осылай жұмыспен алаңдатқым келді. Анамның жерлеу рәсіміне кигізілетін көйлек таңдағанда ғана әкеммен бірнеше минут тілдесе алдым.

Әкемнің қасында болу мен үшін ауыр. Өйткені оның сұрғылт көздері, еңкіш тартқан иығы ойлағым келмейтін шындықты еске түсіретін. Ал мен өзімдегі сезімді сыртқа білдіртпеуге тырыстым. Әкемнің солғын тартқан жүзінен қайғы-қасірет пен сүйіктісінен айырылған шарасыз жанның бейнесін көріп, ол тұңғиыққа өзімді қоса батырғым келмеді. Сол үшін ішімнен «болаттай берік болуым керек» деген сөзді қайталаумен болдым.

Үйде жүрсем өзімді қараңғы қапаста қалғандай сезінемін. Сондықтан үйдің есігінен көшеге мүмкіндігінше тезірек шығып кеткім келетін. Бірақ бұл үйден қанша алыста өмір сүргім келсе де мұның іштей мүмкін еместігін түсінетінмін.

Менің әкем – әскери адам. Өте рухты кісі. Алайда қаншама жыл жанына желеу болған жақынының жоқтығы есеңгіреткен ауыр кезеңде ол өз перзентінің демеуін қажетсінгендей. Әрине, мұндай көрініс пен ой мен үшін біртүрлі әрі таңсық. Себебі анамның денсаулығы нашарлағалы біз бірге отырып, әңгімелесуден де қалған едік. Әркім өз шаруасымен айналысатын. Мен қарындасыма қарасам, әкем үй тірліктерін атқаратын. Екеуміз де анамызға көмектесу үшін қолдан келгеннің бәрін жасадық. Ал қазір шыбынның ызыңы да естілмейтін тыныштық пен үнсіздіктің апанында қалғандаймыз.

Осылай ойға батып отырғанда, кенеттен кіреберістегі есік желмен ашылып кетті. Ал көшеде соққан лептен өзгеше салқындық пен бақшада гүлдеген итмұрынның иісі сезілді. Осы кезде тіпті таңертеңгі ауа да қимасыңды жер қойнына тапсырар уақыттың келгенін жеткізгендей.

Әкем алақанына қолымды қойды. Сол сәтте ол менің жүрегімнің қаншалықты қатты соғып тұрғанын сезіп тұр ма екен деп ойладым.

Әкем:

– Мен сені жақсы көретінімді білесің бе? – деді ақырын әрі қырылдаған дауыспен.

Жүрегімнің қатты соққаны сонша, оның сөздерін әрең естідім. Тамағыма құдды бір кесек тұрып қалғандай, дыбыс шығаруға әлім келмеді. Ал жүрегім қатты соғып, алқымыма тірелді.

Әкем қолымнан қатты қысып ұстап, қайта босатты да тұрып кетті. Ал менің алақандарымда әкемнің қолының жылуы, бар мейірімі қалғандай сезілді. Мен оған «Күте тұр! Ешқайда кетпе!» дегім келгенімен көмейімнен тек түсініксіз ыңырсу ғана шықты. Соңғы бірнеше айда мен өз әлеміме ешкімді енгізбейтіндей томаға тұйық болып алдым. Бірақ әлгіндегі сөз бен көрініс менің осы күнге дейін бар күшімді салып келген қараңғылығымды сейілтті. Бойымды да бұған дейін кешпеген тәтті бір сезім биледі.

Әкем мені қатты құшақтаған сәтте, екеуміз де көз жасымызға ерік беріп, жылап жібердік.

– Әке, сен маған бұрын бұл сөздерді айтқан жоқсың, – дедім.

Ол алақандарын дымқыл бетіме басып, маңдайымнан сүйді. Оның мені жанынан артық жақсы көретінін білсем де:

– Сен маған бұрын ештеңе айтпадың, – дедім сөзімді қайталап. Осы сәтте көз жасымды қанша сүртсем де күздегі нөсердей тоқтамады.

Анамнан айырылғаным және оның қатерлі ісіктен көз жұмғаны жаныма қатты батты. Бірақ әкемнің маған деген махаббаты, қиын сәтте қолтығымнан демегені алда өмірдің жалғасатынын, өмір үшін әлі де күресуге болатынын көрсеткендей.

Мен өмір бойы естігім келген сөзді естігенде іштей ризашылығымды білдіріп, әкемді қатты құшақтадым. Шынымды айтсам, дәл осы мезетте оның жанымда болғанына қатты қуандым. Содан соң:

– Мен де сені жақсы көремін, – дедім сәл жымиып.

Ойланып отырсам, осы уақытқа дейін әкемнің «сені жақсы көремін» деген сөзіне «мен де» деп мүлде жауап бермеппін. Білем, біздің өмір айдың-күннің аманында астаң-кестең болды. Бірақ бүгін бұл қайғылы оқиғаны уақыттың еншісіне қалдырып, көз жасымды тыйып, келешекке үмітпен қарауды жөн көрдім. Мен шындыққа тура қараған осы күні көңілім тыныш тапты.

Білемін. Әкем мені жақсы көрді. Әрине, алдағы біздің өміріміз бұрынғыдай болмасы анық. Алайда айлар сырғып, жылдар жылжып, өмір жалғасары даусыз. Рас. Өмірімнің осынау ең қиын сәттерінде ең жақын адамымның махаббатына бөлендім және сол сәттен бастап менің әлемімде бәрі өз орнына келді.

Анамды еске алу кешіне келгендердің барлығы біздің өмірімізді жеңілдететін, жанымызды емдейтін сөздің жоқ екенін айтты. Алайда бұл адамдар қателесті. Әкемнің бірауыз жылы сөзі менің жанымды сөзсіз емдеді.

Шерил ХАРТ

Chiсken Soup for the Soul («Жан дертіне арналған тауық сорпасы» ) кітабынан аударған

Ақтілек БІТІМБАЙ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<