Жақсы сөз – жарым ырыс

2919

0

Фото: ашық дереккөз

Бұрын мен осы сөзді ілгергіден қалған мәйекті мақалдың бірі шығар деуші едім. Кейінірек бұл «Жақсы сөз, жақсы лебіз бірін-бірі көтеріп, Алланың құзырына жетеді» деген Құранның Фатыр сүресі 5-аятының негізінде қалыптасқан, ұрпақ тәрбиесін ұйыстыру үшін қазағымның қажетіне әбден жарайтын қанатты қағидаларының бірегейі екеніне көзім жетті.

Шындығында, бала кезімізде үлкендеріміз аузымыздан оқыс сөз шыға қалса, «жақсы сөз айт, періштелер әумин дейді, Алла қабыл етеді» деп бекерден-бекер ескертпейді екен. Өз атам Қияс ақсақал намаз оқитын, ораза тұтатын діндар кісі болды. Сол кісі: «Егер пенденің аузынан жақсы сөз шықса, періштелер соны қаумалап, көтермелеп көкке, Алланың құзырына жеткізіп: «Жаратушым, мына кісі сондай бір жақсы сөз айтты, өзіңнің құрметің үшін қабыл етші» деп жалынатын көрінеді. Ал егер пенде жаман сөз айтса, ниетіне қарай оны да қабыл етеді» деп отыратын.

Құранда аттары аталатын 25 пайғамбардың бірі Сүлеймен ғ.с-ның баласы болмапты дейді. Содан ол Құдайға: «Жаратқан ием, тілегімді жерге тастамап едің, ұрпақсыз өтем бе, маған да бірдеңе берсейші» деп жалбарынады. Тілегі қабыл болып, әйелі айы-күні жетіп босаныпты. Бірақ бір өкініштісі, ұл да емес, қыз да емес, аузы буылып байланған мес табады. Бұған айран-асыр қалған Сүлеймен ғ.с. «Жаратушым-ау, өзіңнен үміт етіп перзент сұрағандағы бергенің осы ма, ел-жұртқа күлкі болдым ғой» деп налиды. Сонда Жаратушы аян арқылы: «Менің 99 есімімнің бірі – Халық, сол халықтың арасында «жақсы сөз – жарым ырыс» деген сөз бар, өзің «бірдеңе берсейші» дегесін тілегіңе сәйкес қабыл еткенмін. Енді қырық күн ораза тұтып, бұл істің ақырының қайырын тіле» депті. Арада айтылған күн өтіп, Сүлеймен ғ.с. оразасын тәмамдағанда, местің аузы шешіліп, ішінен қырық нәресте көкке көтеріліп бара жатып: «Біз – Жаратушының өзіңізге бұйыртқан перзенттеріміз, есіміміз – Ғайып ерен қырық Шілтен, қияметке дейін қысылған жанның қолдаушысымыз» деп көзден ғайып болыпты, делінеді көнеден жеткен аңызда.

Бала күнімізде ауылда жасы біразға келген ата мен әженің ақыл-есі кем, ержеткен жалғыз ұлы, сол ұлдың дәл өзі сияқты кемтар келіншегі болды. Үлкендердің басы қосылған жерде әңгіме қылып айтып отыратын. Қарт пен кейуана жастай қосылғанымен көпке дейін балалы болмапты. Ол кезде денсаулық жағдайына байланысты ізденуге қазіргідей мүмкіндік жоқ. Екі мұңлық бір перзентке зар болып, әулиеден әулие қалдырмай біраз жерді шарлайды. Жасы ұлғая бастағасын үйде отырып Құдайдан тілек тілеуге көшіпті. Сондағы сұрайтындары «ақыл-есі кем болса да, көз алдында қалбаңдап жүретін бір ер бала» болыпты. Жасы жер ортасына жақындағанда, кемпірі айы-күнін жеткізіп ер баланы дүниеге әкеледі. Әдепкіде жүрек жарылардай қуанғанымен, жалғыз ұл ес білер жасқа келгенде өздерінің Жаратушыдан сұраған тілегінің аумай-төкпей қабыл болғанын, ұлының ақыл-есі кемдігін көріп, қос қарияның қалған өмірінде көз жасы тыйылмапты.

Отызға жақындаған ұлын аяқтандырса дұрысталып кетер деген оймен әлгі келіншекті алып берген ғой. Қайдағы, екеуі қосылып кемпір-шалдың арылмаған азабын екі еселепті, ессіз келінді үйден кетіре алмапты. Біз ес білгенде, мұнша азапқа шыдамы жетпеді ме, кемпірі дүние салды. Арада бір жылдан аса уақыт өткенде, шал, кемтар бала мен келін үшеуі бірдей бір түнде иіс тиіп қаза болды. Үлкендер: «Не деген аузы дуалы адам, тілегі қабыл болды-ау, «мен өлсем мына екеуі қор болады-ау, менің артымда қалмаса екен» деп ылғи тілеп отыратын» дейтін. Құдайдан тілеген жақсылы-жаманды тілек қабыл болып жататын осындай жайттардан кейін «жақсы сөз – жарым ырыс» дегенге қалай сенбессің?!

Әлімжан ҚИЯС,

Қазалы ауданы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<