Жақсылығы мол Жақаң еді

4245

0

Менің ҚазГУ-дің журналистика факультетіне сырттай оқу бөліміне түсіп, Қазалы аудандық «Ленин туы» газетінде алғашқы еңбек жолымды бастап жүрген кезім. Редакторымыз белгілі ақын Сейіл Боранбаев, орынбасары Әлмембет Әлі­шов, жауапты хатшы Киікбай Изетов, бөлім­дерде басқа да жігіттер бар. Оңаша сәтте бас қосып журналистердің жұмысы, мақаласы жайлы айтқанымызда алдымен ауызға түсетіні облыстық «Ленин жолы» газетінің меншікті тілшісі Шәкірат Дәрмағанбетов. Шәкеңнің ма­қаласы, оның жазу тәсілі. «Шәкең мәлімет ал­ғанда ешкімге білдірмей шырпының қорабына да жазып отырады» деген аңыз әңгімедей ай­тылатын.

Редакцияның газет тігінділері жи­нақ­­талған ауызғы бөлмеге жалғас тағы бір бөлме бар. Ол облыстық газеттің Арал-Қазалы аудандары бойынша меншікті тілшісі Шәкірат Дәрмағанбетовтің жұмыс орны екен. Бір күні редакцияға Шәкеңнің өзі келді. Гитлердің мұр­тындай бір елі мұрты бар, атжақты, алып денелі адам екен. Қолында былғары папкісі бар. Іштегі жігіттермен ақжарқын амандасып, бір бет қа­ғазды екіге ме, әлде үшке бөлген алақандай қа­ғазға жазылған мақаласын хатшы қызға ұсы­нып жатты. Облыстық газеттің тігіндісін қа­раймын. Нөмір сайын десем артық болар, ап­тасына екі-үштен «Ленин жолының» бетінде Ш.Дәрмағанбетов немесе Ш.Теңізұлы тұрады.

Шәкірат Дәрмағанбетов екі ауданның мен­шікті тілшісі, мақаласы мірдің оғындай, сын жазса, кімді де болса сындырып түсіреді, аты­нан адам қорқады, ал мақтаса алдыңа мақпал тө­сеп жер бастырмайды. «Мен де Аралдың пер­зентімін, мен де Қазалыны жақсы білемін, келешек неге мен Шәкеңдей меншікті тілші бо­лып облыстық газетте жұмыс істемеймін» деген ой санама осы бастан қалыптаса бастады.

1980 жылдардың басы. Облыстық телерадио комитетінде жерлес досым Ыбырай Әлжанов редактор болып жұмыс істейтін. Бір келген сапарында «Мен қалай облыстық газетке «Ле­нин жолына» бара аламын?» деп өз сырымды ақтардым. Ол ойланбастан «Шын барғың кел­се, алдымен қаланың түбіндегі аудандық «Сыр­дария» газетіне кел, сосын «Ленин жолы» қол созым жерде ғой» деді. Мен «қалай барамын?» десем, «Сардария» газетінің редакторы Жақ­сы­лық Рахматулла менің жақсы жақын досым. Айтып көрейін» деді.

Сонымен күндер өтіп жатты. Бір күні Ыбырай: «Жұмабай келемін десең тез жет, бір орын босап тұр, айтып қойдым» деді. Содан құстай ұшып Тасбөгетке жетіп, «Сырдария» газетінің редакциясына келдім. Газет редакторы Жақсылық Рахматулланың алдындамын. Бұ­рын­нан таныс адамдай жылы қабылдады. Ша­руамды айтып, танысып-білістік. 1945 жылы туылған, екеуміз құрдас болып шықтық. Менің Қазалыдағы журналист жан досым Молдабай Қаржаубаевпен партшколада бірге оқыпты. Осылай таныстық-білістігіміздің соңында:

– Бізде радио хабарын ұйымдастырушы қыз­мет­керінің орны бос тұр. Ыбырай айтқан, қа­ласаң соған барасың, арғы жағын көрерміз, – деді.

Мен бірден келістім.

– Олай болса аудандық партия комитетінің үгіт-насихат жөніндегі хатшысы бар, соның ал­дынан өтіп келісімін алуымыз керек, – деп мені нартайлақтай жетелеп хатшы Адыранова ха­ным­ның алдына әкеліп таныстырды. Хатшы ханым қатқылдау екен.

– Бұл қызметке сонау Аралдан әкелмей-ақ осыннан, мына қаладан да табылмады ма? Бұлар келеді де үй сұрайды. Тағы-тағыларды айтып, міндет қылады ғой, – деді қатқылдау үнмен.

– Бұл орынның босағанына біраз уақыт бол­ды, адам табылмады. Бұл жігіт тәжірибелі жур­налист. Сіздерден ешқандай үй де, басқа да сұрамайды. Тек келіссеңіз болды, – деп ре­дактор Жақсылық Рахматулла әңгіменің жігін жат­қызып, тегістеп тастады.

Сонымен хатшы ханымның әрең дегенде келісімін алып, редакцияға келдік. Жақсылық іш­тегі қызметкерлерін кабинетіне шақырып, ме­ні таныстырды. Мұнан соң тиесілі орныма отырып, жұмысымды бастап кеттім. Радио хаба­рын редакцияда дайындап, орталық алаңдағы аудандық байланыс торабындағы арнайы жаб­дықталған студияда эфирге шығарамыз. Жұ­мыс пәлендей ауыр емес. Бірақ редакцияда қан­ша жүрсем де, осы бөлімде болмаған едім. Кейін мұның да маған пайдасы тиді. Келе-келе редакциядағы жігіттермен де танысып-бі­лісіп, бауырласып кеттік. Ауылшаруашылығы бөліміндегі Сарбұлақ Ібрашев, мәдениет бө­ліміндегі Мұхамеджан Нұрханов редакцияның қаламы жүйрік белді журналистері екен. Ал редактордың орынбасары Әзімхан Байзақов өз алдына бір төбе. Мұнда менен де бұрын келген баспахана меңгерушісі Құлжан Исмайылов, жауапты хатшы Жұматәлі Әбдіраманов арал­дықтар екен. Бұлар да мені бауырына тарта түсті.

Жақсылық пен Сарбұлақ қаладан қатынайды екен. Сондықтан екі-үш күннің бірінде түскі тамақ біздің үйден болады. Өйткені Тасбөгеттен жақын адамдарымыздың екі бөлмелік пәтерін алып, сонда тұрып жатқанбыз. Ал Сарбұлақ біздің үйдің бір адамындай болып кетті.

Бір күні редакцияға етжеңді, ірі денелі бір әйел келді. Беті түтігіп кеткен. Келді де:

– Мен Сарбұлақтың жетісін жасап жатырмын, соған сендерді шақыра келдім, редакторларың бар ма? – деді. Жақаң бар болатын, белден ба­сып кабинетіне кіріп кетті. Сөйтсем, Сарбұлақ шаруашылыққа іссапармен кетіп, он күндей үйіне соқпапты ғой. Жақаң Сарбұлақты қорғаш­тап, мән-жайды түсіндіріп, арқасынан қағып, жайлы мінезімен жылы шығарып салды. Ер­теңіне Сарбұлақ келді. Болған іске бәріміз күліп жатырмыз. Жақсылық жігіттерге қай уақытта да қамқоршы екенін сонда білдім.

Мұнда жазған мақалаларымның бір данасын «Ленин жолына» жолдаймын. Шамалы байланыс та бар. Екі жылдай уақыт өтті. Бір күні облыстық газеттің редакторына өзім бардым. Редактор Н.Уәлиев қатаңдау кісі екен. Қабылдауында өзімді таныстырып болған соң:

– Жігітім, бізде әзірге бос орын болмай тұр. Жақын жердесің ғой, хабарласып тұр, – деп шы­ғарып салды. Содан баяғы Ыбыраймен ха­бар­ластым.

– Олай болса, сен мына облыстық радиоға кел. «Ленин жолындағы» Оразбек те, Қази да осы радиодан барғандар, – деді.

Мен оған да келістім. Күндер өтіп жатты. Сөйтіп жүргенде Ыбырай «Тез маған келіп кетші» деді. Бардым.

– Біздегі соңғы хабар редакциясындағы аға редактор Жанұзақ Қожабергенов басқа жұмысқа ауысып кетті. Бастығымыз Бекқожаев сені сыртыңнан жақсы біледі. Шетжағасын айтып та қойдым. Осы тұрғанда кіріп шық, – деді.

Кірдім. Бұрыннан да таныс-білістігіміз бар еді. Әңгімеміз ә дегеннен жарасып, сәлемнің де сәті түсіп кетті.

– Бізге келетін болсаң, қолдаймыз. «Сыр­дарияның» радиосының жұмысының жақсы екенін білемін. Бізде қазір бір орын босады, келгенің жақсы болды, үйреніп кетесің, – деп бірден облыстық радионың соңғы хабарлар ре­дакциясының аға редакторы қызметіне қабылдап жіберді. Сөйтіп Жақсылық Рахматулладан Жақ­сылық Бекқожаевқа ауыстым. Бір Жақсылық жан досымдай болса, бір Жақсылық туған ағам­дай көрінді.

Күндер, айлар өтіп жатты. «Ленин жолында» еш өзгеріс жоқ. Болмаған соң ол жақтан күдер үзейін дедім. 1989 жылдың соңында облыста Арал, Қазалы, Тереңөзек аудандарында дербес аудандық радио редакциялары ашылып, ақыры Аралыма қайтып келдім. Сөйтіп жүргенде қоғам өзгерді, ел тәуелсіздігін алып, нарықтық қатынастың қиын кезеңдерін бастан кештік. Ау­дандық радио редакциясы жабылып, аудандық «Толқын» газетіне, одан аудан әкімінің баспасөз хатшысы қызметіне ауысып жүрген кездерім. Облыстық газетке баяғы досым Жақсылық Рахматулла бас редактор болып келді. «Ленин жолы» газеті ел тәуелсіздігіне орай «Сыр бойы» болып алғашқы атауын еншіледі. Жақаңмен хабарласып тұрдым. Ол болса «Жаңа штат ашу түгілі, редакцияны ұстап тұрудың өзі қиын бо­лып тұр» деп мұңын шағады. Келе-келе тәуел­сіздігіміздің тамырына қан жүгіре бастады.

Мен аудан әкімінің баспасөз хатшысымын. Облыстық газетке аудан жаңалықтарын жеткізіп тұру менің міндетім. «Сыр бойымен» күнделікті хабарласамын, әсіресе Оразбекпен. Сол Оразбек бір күні телефон соғып:

– Саған жақсы жаңалығым бар, редакцияның қазір жағдайы жақсарып, бұрынғы қысқарып кеткен меншікті тілші штатын қайтадан ашқалы жатырмыз. Соған Арал-Қазалы аудандары бо­йынша Шәкеңнің ізімен сені ыңғайлап отырмыз. Қазалы ауданында да жұмыс жасадың. Екі ау­данды жақсы білесің. Келіссең, Жақаңмен осы тұрғанда хабарлас, – деді.

Қалай келіспейін, бұл менің отыз жыл күткен арманым ғой. Қуанғаннан жүрегім лүпілдеп кеудеме сияр емес. Оразбекке «рахмет, рахмет» дей беріппін. Артынша Жақанмен хабарласып едім: «Келіссең, ертең Қызылордаға кел» деді. Алдымен редактордың орынбасары Оразбекке соқтым. Оның қасында Нұрмахан Елтай деген редакция қызметкері отыр екен. Амандасып бол­ған соң, үшеуміз Жақаңа кірдік.

– Әзірге меншікті тілшіні облыстың шет­кі аудандары Арал-Қазалы мен Шиелі-Жаңа­қорған аудандарынан ашқалы отырмыз, – де­ді Жақсылық мән-жайды түсіндіріп. – Арал-Қазалыға сені белгілесек, Шиелі-Жа­ңа­­қорған аудандары бойынша өзіміздің қыз­мет­­керіміз Нұрмахан Елтайды тағайындап отыр­­мыз. Бүгін бұй­рықтарыңды және меншікті тіл­шілік  куәліктеріңді алып, ауылдарыңа қай­тыңдар. Бару бойына екеуің де бір-бір кө­лем­ді материал дайындап жіберіңдер. Сендерді оқыр­мандарымызға таныстырып, материал­дары­ңыз­ды келесі нөмірде жариялаймыз, – деді. Осы­лайша Жақсылық Рахматулладан алғашқы тап­сырмамызды алып, ауылға қайттық.

Менің ойымда әлемнің назарында тұрған Арал мәселесі. Келу бойына қолдағы мәліметтермен кідіртпей мақаламды жазып жібердім. «Сыр бойы» газетінің 1999 жылғы 15 мамырдағы са­нында «Арал: ахуал айығып келеді» деген тақырыпта менің мақалам беріліпті. Бас жағына «Жұмабай Жақып – бұған дейін Арал ауданы әкімінің баспасөз хатшысы болып істеген. Жо­ғары білімді, ақын, Қазақстан Журналистер ода­ғының мүшесі. Жақында ол газеттің Арал-Қазалы аудандарындағы меншікті тілшісі болып тағайындалды» деп таныстырылым беріліпті. Ал Нұрмахан Елтай «Диқанның қазынасы – жер» деген тақырыптағы көлемді мақаласымен шығыпты. Екеуіміздің материалдарымыз тұтас­тай үшінші беттен орын алыпты. Осыдан бастап мақаламыз облыстық газет бетінде бірінен соң бірі шығып жатты. Бұрын аудандық «Сырдария» газетінде қауышқан Жақаңмен енді облыстық «Сыр бойы» газетінде қайта табысып, бірге жұмыс істеп кеттік.

Редакцияға мақала жіберу оңай емес. Қа­зіргідей электрондық пошта жоқ. Оның бер жағында менің жазу мәнерім де оңған емес. Бір барған сапарымда редакцияның қоймасынан Германиядан шыққан жазу машинкасын алып, сонымен жазуды үйрендім. Редакцияның тап­сырмасы шұғыл. Содан жазғанымды конвертке салып жұбайым Мәрия екеуіміз көшедегі ит­терді улатып-шулатып, түнгі сағат 12 не 2-дегі пойызға шығып, таныс іздейміз. Қызметкер жігіттердің бәрі Қызылордаға ертерек бару үшін осы түнгі пойыздарға мінеді. Таныс тапсақ, қолына такси пұлын беріп: «Мынаны «Сыр бо­йына» тапсырарсың» деп өтінеміз. Ал асығыс емес материалымды поштамен жіберемін. Осы­лай жұмыс істедік.

Жақаң кейде тәжірибе алсын деп меншікті тілшілерді редакцияға шақырып, он-он бес күн  жұмыс істетеді. Бөлімдегілермен бірге өзі де тапсырма береді. Мұндайда бірде Оразбектің, бірде Жолдасбектің үйінде қонып-түстеніп жү­ретінмін. Соны байқап қалған Жақаң:

– Жұмеке, неге үйге соқпайсың? Әр үйге қонғанша біздің үйде бол, – деп үйінен шығар­майтын. Өйткені ана жігіттердің үйінде болсам, қыдырыстап кететініміз белгілі. Ал мұнда тәртіп. Келіншегі Айжамал да қабақ шытпайды. Екеуіміз егіз қозыдай жұмысқа бірге барып, бірге қайтамыз. Демалыста ауылға барып қай­тайын десем, «Ауылға қайтатын уақытың да жа­қындады ғой, бұл ретте қайтпай-ақ қой. Одан да аңға шығып, демалып қайтайықшы» деп жібермейтін. Сөйтсем, оның қырғауыл ата­тын аңшылық өнері бар екен. Қаладан 50-60 шақырым жерде тұратын шопан досы бар. Соған келдік. Сөйтіп даланың қырғауылын атып, шо­пан досы дайындаған даланың тамағын ішіп, бір сергіп қайтатынбыз.

Тәжірибе алып жүрген кезде редакцияның ертеңгі лездемесіне қатысамыз. Онда осы газетте көзмайларын тауысқан, талай қаламды мүжіген, талай қағазды мыжыған, сөзінің сөлін төгіп, ойының өрнегін салып, талай жылын сарп еткен мүйізі қарағайдай қалам иелері Қайырбек Мырзахметов, Әскербек Рахымбеков, Айжарық Сәдібеков, Ақберген Ержанов, тағы тағылар отыратын. Ашық пікір айтылып, ойлар ортаға салынады.

Мұндайда Жақаң өзінің салқынқандылығын бұзбай, әр пікірге өз пайымын нық айтып, қызбалыққа бой бермей, туралық пен тәртіпті тең ұстап отыратын. Жақсылық Рахматулла ре­дактор болып тұрған кезең редакцияның ма­териалдық жағдайы да, ішкі тәртібі де тұрақты болды дей аламын. Журналистердің жұмыс іс­теуіне де барынша қалыпты жағдайлар жа­сал­ды. Соның нәтижесінде «Сыр бойы» газеті рес­публикада ең жоғары марапаттар иеленіп, шы­ғар­машылықтың шыңына көтерілді десем болар.

Сол ортада жүріп мен де қарап қалғаным жоқ. Бар қабілетіммен жұмыс істеп, Сыр хал­қына танылдым. Осы ортада жүріп көп нәр­сені үйрендім, көп нәрсеге көз жеткіздім. Қа­ламдас дос, жолдас, іні-қарындас таптым, шы­ғар­машылығымды шыңдадым. Облыстың үздік журналисі атанып, облыстың Құрмет гра­мо­тасымен марапатталдым. Қазақстан Жур­на­листер одағы сыйлығының иегері болып та­нылдым. Осының бәрінде де Жақаңның жақ­сылығы болды десем, артық айтқаным емес. Ол бірде: «Жұмеке, мен тұрғанда Қазақстан Жа­зушылар одағының мүшелігіне өтіп алсайшы» деп әрдайым достық ниетін білдіретін. Бірақ пендеміз ғой. «Кейін, кейін» деп жүріп, кейіндеп қалып, жасымыз сексенге жеткенде сол одаққа әзер өттік қой.

Жақаңның тек маған емес, жанында жүрген жандардың бәріне де жақсылық-шарапаты мол болатын. Ол бүгінде біздің ортамызда болғанда менімен бірдей 80 жылдығын жарқырата тойлар еді. Өкінгеннен не пайда, енді біздерге жаны жайсаң Жақаң жайлы, жазушы-журналист, ре­дактор Жақсылық Рахматулла жайлы естелік жазу бұйырыпты. Өмір дегенің осы.

Жұмабай ЖАҚЫП,

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі,

Арал ауданының Құрметті азаматы