Жақсылығын айтпаған, бергенін сұрамаған

1671

1

Сыр елінің бет-бейнесі соңғы оншақты жыл ішінде өмірге қайта келгендей, көңілге жаңа енгендей ерекше күй тапты. Елбасы Н.Назарбаевтың: «Тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктерді бір ғана Қызылорда облысынан көруге болады», – деген сөзі аймақта атқарылған қыруар жұмыстардың нақты бір дәлеліндей.

Осынау жетістіктерге ең көп үлес қосқан құрылыс саласының майталмандары десек, бұл деректі ешкім де жоққа шығармайды. Құрылысшылар әсіресе Қызылорда қаласының келбетін көркейтіп, керегесін кеңейтті. Біз айтып отырған игіліктердің әрдайым басы-қасынан табылып, өзінің ерен еңбегімен танылған құрылыс компанияларының бірі Ибрагим Әбубәкіров басқаратын «Абу-Сер» ЖШС болатын.  

Жамбыл гидромелио­ра­тив­тік құрылыс институтын біті­ріп, еңбек жолын 1989 жылы облыстық су басқармасының қарамағындағы ПМК-33 меке­месінде өндіріс шебері, прораб болып бастаған Ибрагим осы салада тәжірибе жинап, 1998 жылдан жеке кәсіппен айналыс­ты.

2001 жылы құрылған се­ріктестік айналасымен ықпал­ды қарым-қатынас орната біл­­ген Ибрагимнің ұйымдас­ты­ру­шылық қабілетінің арқа­сында аз уақытта әлеуетін арт­­­тырып, «Дәнекер», «Инте­гро­строй», «Пром­строй» секілді ірі құрылыс компанияларының қатарынан табылды. Алғаш­қы кезде ол «сақалды құры­лыс­тарды» сапқа қосты. Ешкім жа­­уапкершілігіне алғысы кел­мейтін осы жұмыстардың сынынан өтіп, сенім иеленді.

Қызылорда қаласында жа­ңа­дан ашылған «Сырдария» тұр­ғын ауданындағы 5 қабатты 40 пәтерлі тұрғын үй құры­лысын сапалы салып, уақытылы пайдалануға берді. Қала және аудандарда мектептер, ауылдық клубтар, балабақшалар, дәрі­герлік-фельдшерлік амбулаториялар, басқа да әлеуметтік нысандар құрылысын жүргізді.

«Абу-Сер» ЖШС тарихын­дағы елеулі оқиға сметалық құ­ны сол уақытта өте көлемді қаржыны құрайтын «Облыстық мекемелер үйі» ғимаратының құрылысын қолға алуы ерлік іспен тең еді. Көптеген сыни пікірлерге қарамастан, барлық сот процедураларынан ұтып шығып, облысымыздағы ең еңселі, күрделі, әсем ғимаратты серіктестік мерзімінен бұрын пайдалануға тапсырды. Сырдария өзенінің сол жағалауын игеру басталғанда да ең бірінші болып жер ашып, жең түрген осы «Абу-Сер» болатын. Сөйтіп, өз есебінен №18 бесқабатты тұр­ғын үй құрылысын және 320 орындық «Ханшайым» бала­бақшасын салып, тапсырды.

Сол жағалаудың құрылысын бастарда бір тосын жағдай орын алды. Дарияның арғы бетінде бұрыннан тұрып келе жатқан он бес шақты жеке үй болатын. Әкімдік оларға қаладан алыс маңнан, Талсуат аумағынан жер учаскесін беріп, құрылыс ком­панияларына үй салып бе­руді тапсырды. Солардың бірі берілген жерге бармады, өзі «Арай» шағын ауданынан жер учаскесін тауып, үйді сол жерден салып беруді сұрады. Осы іске ойланбай кіріскен Ибрагим қаланың сырты емес, іші ғой деп әлгі кісінің айтуымен келісті үй салып, оның жылуын, газын қосып, тап-тұйнақтай етіп тапсырды. Енді осымен болды демей, сол үйге қайта айналып соғып, жағ­дайын сұрап тұрды. Үйдің коммуналдық қызметінен ақау жоқ па, жылы ма деп олардың мәселесіне өзінің кез келген уақытта көңіл бөлетінін біл­діргендегі үй иелерінің риза­шылығын жеткізе айту қиын.

«Абу-Сер» республикада баламасы жоқ «Жастар орталығы» ғимаратын және №№20, 32, 42 көпқабатты тұрғын үйлерді тұ­ғырынан көтерді.

Серіктестік басшысы көңіл­ді жүргенді ұнататын азамат, спортты жақсы көретін. 2015 жылы «Арай-1» шағын ау­да­нындағы 900 орынды мек­теп-лицейді пайдалануға бер­ді. Оның спорт алаңы көк тө­селген, айналасы қоршалған көзтартарлық әдемі болып шықты. Сол спорт алаңында барлық құрылыс бригадасын жинап, футболдан, волейболдан жарыс ұйымдастырды. Со­­нан соң жеңгенге де, жеңіл­генге де – бәріне ақшалай, заттай сыйлықтар таратты. Ибекең құрылысшылардың сыйақысын осылайша әсерлі қылып беруді ұнататын. Ынталандыру, жұ­мысшыны бағалау, олардың мұқтаждығына көмек қолын созу секілді мәселелерге ерекше мән беретін. Сонымен бірге ол мұқтаж жандарға көмектесуді өзінің басты парызы санаған жан. 2004 жылы қаланың «Шан­хай» ауданында тұратын бір жалғызбасты әйелдің үйінің іргесіне ыза теуіп, құлау қаупіне жеткенін кез­дейсоқ көріп қалып, жаңа үй салып берді. Алты аласыз, бес бересіз кісінің өзіне осынша жақ­сылық жасағанына көпке дейін сене алмаған тұрғын ке­зінде облыстық телеарна арқылы қам­қоршысына алғыс та біл­ді­ріпті. «Ол кезде компа­нияның әлеуеті көтеріле қоймаған, бі­реу­ге үй салып беретін жағ­дайда емес­піз. Шынымызды айтсақ, бас­шымыздың сол кісі­нің үйін салып жатқанын бірге қызмет жасайтын өзіміз де білген жоқ­пыз. Ибрагим – жұртқа жақ­сылық жасау арқылы Жаратушы Иенің ризалығына бөленген жан. Ол ешқашан бергенін ай­тып, риялыққа бармайтын, не істесе елеусіз ғана жасайтын», – дейді мекеменің бүгінгі қыз­меткерлері.

«Абу-Сердің» салған нысан­дарын айта берсек, салақұлаш тізім шығады.  Арал және Жала­ғаш аудандық ауруханалары­ның ­да құрылысын жүргізген осы се­ріктестік болды. Бұл серіктес­тіктің жоғарыда аталған күр­делі құрылыстар салудағы іс-тә­жірибелерін ескере отырып, 2018 жылы облыс басшылары елорданың 20 жылдығына Қызылорда облысының тартуы – «Зымыран-ғарыш техникасы музейінің ашық экспозициясы» құрылысын салуды сеніп тапсырды. Серіктестік бұл жолы да сенім үдесінен шығып, әлемде баламасы жоқ ғарыш кемелері үлгісіндегі музейді салып, уа­қы­тында бітірді. Бұл музей бүгінде елорда тұрғындарының, қала қонақтарының, шетелдік турис­тердің сүйікті демалыс орнына айналып отыр.

Жанында болғандардың ай­туынша, Ибрагим Астанада (елорданың сол кездегі атауы) ашық экспозиция құры­лысын сал­ып жатып та, қан­шама мұқтаж жандарға қайырым­ды­лық жасапты. Қызметтестері өз­деріне де, басқа да талай адамға дәл өзінің туысындай қылып жәр­демдескенін аузынан тастамайды. Жақсылығын айтпайтын, бер­генін сұрамайтын қасиетіне көбірек тоқталады.

«Қазақта «өлер бала өзгеше» дейтін сөз бар. Өмірінің соң­ғы күндері аңдаған адамға Ибрагимнің бойынан көп нәр­селерді байқауға болады екен. Бірақ, ондай ой үш ұйықтасақ түсімізге кіріп пе? Сонда Ибра­гимнің жүзінде ауырып жүрген жандай солғындық, жү­деушілік болған жоқ. Оның өн бойында біз аңғара қоймаған бір нұрлы кейіп болды. Алла оның ішкі жан жарығын сыртына шығарып қойғандай сол сәттерге көз тоқтатпаппыз.

Маханбетов ауылының тұр­ғындары Ибрагимді өз ауыл­ы­ның баласындай жақсы көрді. Сол ауылдағы «Қара­қожа» қо­рымын жөндеп, айналасын қор­шаймын деген ойы, мешіт салсам деген ниеті болды. Оларды жасай алмады, өмірі жетпеді. Өзі қайтыс болған соң сол істі баласы, Рүстем ініміз қолға алды. Қорымды қоршап, айналасын тегістеп, жол төседі…», – деп еске алады апасы Роза Серікбайқызы.

Адамдық қасиет иесі айтып өткенімдей, Қызылорданың да­­муына үлкен үлес қосты, құ­рылыс саласында табысты еңбек етті. Аймақта абыройлы мекеменің көшін бастап, қала­мыздың жаңаша сипатқа ие болып, архитектуралық кел­бе­тінің заманауи түрленуіне айрықша атсалысты. Оның осын­дай еңбегі Үкімет тарапы­нан да лайықты бағасын алды. «Қазақстан Конституция­сына 20 жыл», «Ерен еңбегі үшін» медальдарын, «Құры­лыста сі­ңірген еңбегі үшін» ор­денін омырауға тақты.ҚР Ұлттық бизнес рейтингі ұйым­­дастыру комитетінің номинациясы бойынша «Үздік құрылысшы», «2014 жылдың Басшысы» аталымдарын алды. Қазақстанның құрметті құ­ры­лысшысы, Қы­зылорда қала­сы­ның құрметті азаматы атанды.

Ибрагим зайыбы Бақыт  екеуі отбасында екі қыз, үш ұл тәрбиелеп, олардан немере сүйді. Ұлдың үлкені Рүстем Иб­ра­гимұлы қазіргі кезде әкесі негізін қалаған «Абу-Сер» се­рік­­тестігіне жетекшілік жасап отыр.

Асыл азамат Ибрагим Се­рік­­байұлы Әбубәкіров 2020 жыл­дың 3 шілдесінде өмірден өтті. Алайда, оның ізгілік шашқан ісі мен ізі кейінгілер үшін айқын жол көрсетіп, ұрпақ үлгісіне айналады деп сенеміз.

Дүйсенбек АЯШҰЛЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<