Жақсының аты жаңғырып естіледі

1334

0

Кешегі өткен кеңес дәуірінде аттың жалы, түйенің қомында жүріп, мал шаруашылығын өркендеткен небір еңбек адамдары болды. Таңның атысы, күннің батысы малдың жайынан басқаға мойын бұрмаған сол бір жаны сірі кісілердің ішінде көзге көрінбей, еңбегі еленбегендері де қаншама.

Солардың бірі Сырдария ауданы Киров совхозының шопаны болған Шешенқара Найзақараев әкейдің аты күні бүгінге дейін көзкөргендердің аузында аңыз болып айтылады.  

Шешенқара әкей 1893 жылы сол заманда дәулеті асып тұрған атақты әулие Құланбайдың немересі Найзақара байдың отбасында өмірге келген. 

Нұрадан бері Сарысу бойын жайлап, Сырға құлағанда Телікөлге қыстаған Найзақараның бес ұл баласы болған. Үлкені Шешенқараның азан шақырып қойған есімі Есен екен. Байлар әрі-бері мал жайымен қоныс ауыстырғанда сән-салтанат құрып, көштің алдына түсіп жүрген. Күншілік жердегі ауыл-ауылға тоқтап, ел ішіндегі дау-дамайды шешіп, жұрттың бірлік ынтымағына қызмет қылған. Кішкентайынан әкесінің жанына ерген Есен сөзге ұста, зерек ойлы бала болып ержетеді. Сондай бір кездерде тауып айтқан уәжіне үлкендер тоқтап, тоғыз жасар Есен бала Шешенқара атанып кетіпті. Өзінің аты ұмытылып, кейін кеңестік кеңселер де осы атын құжаттапты.  

Жаңа өкіметтің алғашқы жылдары жас Шешенқара артельде жұмыс істеген. Жиырмасыншы жылдардан соң байларды қуғындау басталады. Қазақтар ол кезде тек малмен күн көрген заман. Найзақара малды кісі. Қызыл өкіметтің қысымына шыдай алмаған байлар Қытайға, өзбек, қырғыз жеріне қарай ауа көше бастайды. Сол кезде балалардың естияры Шешенқара әкесіне: «Мал – бастың садағасы, бір жұттық, соған бола елден кетіп қайда барамыз? Жасың болса да жер ортасына келді, басың қайда қалады? Малымызды ағайын-туғанға бөліп берейік, кедей-кепшікке үлестірейік. Өзімізге жететінін  Қаратау жаққа айдап, өзім бағып беремін» дейді.

Сол кезде малын Қаратауға асырып, жасырын бағып жүргендер көп болыпты. Бірсыпыра малын колхозға өткізгесін, жергілікті өкімет олардың соңына түсе қоймаған секілді. Қаратау қойнауы құтты. Бірақ, адам бірыңғай ет жей алмайды екен. Ұн жоқ, нан жоқ. Ет пен ағарған ағыл-тегіл болса да нансыз жүрмейді. «Ас атасы – нан» деген қазақ қандай көреген.

Сөйтіп, тау паналағандар да малын алдына салып, ақыры ауылға келіпті. Тағы да кәмпескеге түсіпті. Сол малдардың есебімен «Жасқайрат», «Жаңатұрмыс» деген артельдер іріленіп, колхоз болады.

Осы әңгімелерді Шешенқара ақсақал айтқанда бүкіл өткен өмірді көз алдымызға көшіріп әкелетін еді дейді бүгінгі ауыл үлкендері.

Сөйтіп, қара су ішкенге шүкіршілік етіп өмір сүріп жатқанда 1941 жылы  соғыс өрті бұрқ ете қалады. Елдің еңсесін жимаған кезі. Оның үстіне ауылдағы түйенің өркешіндей азаматтар бірінен соң бірі майданға аттанып кете барады. Шешенқара өзінің төрт бірдей бауырын, екі немере інісін соғысқа шығарып салады. Солардың алды болып інісі Әбіш бір аяқтан айырылып келеді. Одан кіші інісі Адыран қан майданнан қайтпайды. Тағы бір бауыры Баржан соғыстың қорғасын зардабын көтере алмай, елге келіп қайтыс болады. Әбдікерімге ел дидарын көру бұйырғанмен, көп өмір сүру жазбапты. Артына төрт баласын тастаған Тоқбайдың да сүйегі жат жерде қалады. Аман-сау оралған Байтұрған бауыры болыпты.

Шешенқараға осының бәрін көру ауыр соққы еді. Бірақ, ешқашан ер мінезінен айнымады, еңбекке келгенде ел алдында жүрді. Соғысқа барса, сөз жоқ, бауырлары секілді бораған оқтан бұқпайтын батыр атанар еді.

Бұлай деуімізге бейбіт күндегі мына бір оқиға дәлел.

Бүгінде Маханбетов ауылында тұратын Бекенов Дүйсенбай ақсақал сол оқиғаны былай еске алады: «1963 жылы Шаған поселкесі салынды. Осыған байланысты құрылыс жүктерін тиеп қаладан шыққан отыз шақты жүк көлігі Шіркейлідегі қалқыма көпір арқылы жүреді. Екі шеті топырақпен көмілген ортасына үлкен дөңгелек резеңке қойылған осы жалғыз көпір арғы-бергі беттің жалғыз өткелі. Сол жылы Шешенқара әкей көпірге жақын жердегі Ерман ақсақалдың тамына қоныстанды. Жылда қысқа қарай «Қызыл» мал қыстауына көшетін-ді. Желтоқсан айының аяқ шені, түн ортасында көпірге тіке салған көлік колоннасы мен арғы беттен көпірге түскен бір отар қарсы кездесіп, машинадан үріккен мал обығып мұзға құлайды. Тез шешім қабылдаған Шешенқара әкей киімімен мұз ойығына секіріп, қойларды жүнінен тартып, көпір үстіне лақтыра бастайды. Сырттан қарап тұрған адамға қорқынышты жағдай. Адамды да, қойды да мұз астындағы ағыс алып кетуі әбден мүмкін. Осы кезде көлік жүргізушілері жәрдем береді. Қой деген жануардың біреуі отқа түссе де, суға түссе де қалғаны соның артынан өз-өзін лақтыра береді. Осы ағынды тоқтатып, оқиға бар болғаны алты қой шығынымен аяқталады».

 Сол түні Шешенқара әкейді жақын жердегі қыстауға апарып, киімін кептіріп, үстін сылап, пеш түбіне жатқызады. Қыстың суығында киімімен мұздың астына түсіп шыққан адамның жай-күйі қалай болсын, жүрегінің қабы кеңіп, екі бүйрегіне суық тиген шопан ауруханаға түседі.

Қазіргі уақыт өлшеміне салсақ, мұндай ерлік бағаланбай қалмас еді. Алайда, сол оқиғаны кезінде біреу біліп, біреу білмеген. Жарықтық еңбек адамдары мұндай жанкештілікті өзімнің қоғам алдындағы парызым деп түсінген және ешкімнен алғыс күтпеген.

«Мен сол кезде алтыншы класс оқитын едім, – дейді бүгінде жетпістің үстіндегі Сара Шешенқарақызы, – әкем ауруханаға түскесін, қыстауға барып, түйеге мініп қой бақтым. Сес болсын деп шешем иығыма аңшы мылтығын асып жіберетін. Ол мылтықты ата алмаймын, салмағы еңсемді басып, салақтап жүреді. Содан кешке дейін қойдың соңына еремін. Ферма бастықтары жәрдемші жібермеді. Күн суықта екі бетім үсіп, қарайып кетті. Үлбіреп жараға айналды, неше жыл жазылмады. Сегізіншіні бітірген жылы бетімдегі қара дақтардан ұялып, кластастарыммен бірге суретке де түскен жоқпын».

Апайдың естелігін тыңдаудың өзі ауыр. Малдың соңында жүргенде ауырған інімді қаратуға да мүмкіндік болмай, бес жасар бауырым қайтыс болды дейді апай.

«Әкемнің отары ылғи құйрығын көтере алмай жүретін қойлар болады. Ол кісі малдың тілін түсінеді, қалай бағу керек, қашан өріс ауыстыру керек, жұмысынан жаңылмайды. Совхоз семіз қойды етке өткізіп, сосын әкем тағы да арық-тұрық тұсақ алып бағатын…», – деген Сара апайдың естеліктері естіген адамға қызық.

Бүгінде Маханбетов ауылы жұртшылығының күллі өмірін колхоз жұмысы мен совхоздың қой шаруашылығына арнаған Шешенқара әкейдің аты ол айтты деген шешендік сөздермен ғана емес, жаңа дәуір жастарына өнеге етерлік дәрежеде қолға алынса, туған ауылынан көше аты берілсе деген тілегі бар. Біз сол тілекті жеткіздік.

Дүйсенбек АЯШҰЛЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<