Жақсының жан шуағы

1017

0

Сөз арқауы – ардақты азамат, жол саласының ардагері Ботабай Рыстығұлұлы. Оның өмір жолы, ел игілігіне атқарған қызметі, жақсылық пен ізгілікке, адамгершілік пен адалдыққа, әділдік пен тазалыққа толы тұлғалық ұстанымдары – тек өзінің ғана абырой, беделі емес, әсіресе өскелең жас ұрпаққа өнеге.

Әкесі Рыстығұлды Арал, Қазалыдағы ағайын-туыс құр­мет­теп «Бапа» деп атайтын. Осындай тектіден тәрбие ал­ған жан жағымпаздыққа жа­ны қас, қарапайым, шын­шыл да еңбекқор болып ер жет­ті. 1965 жылы Ташкент қа­ла­сындағы теміржол инже­нерлерін дайындайтын инс­титутты бітіріп шықты. 1967 жылдан бастап Қазалы локо­мотив депосында машинист көмекшісі, шебер, диспетчер болып жұмыс істеді. 1971-1977 жылдары Қазалы аудан­дық партия комитетінің бөлім нұсқаушысы, локомотив депо­сының партия комитеті хат­шысы қызметтерін атқарды.

1986 жылға дейін аудан­дық атқару комитеті төр­аға­­сының орынбасары, Жаңа­қа­залы поселкелік кеңесі атқару комитеті төрағасы, локомотив депосының бастығы, Қазалы қалалық атқару комитетінің төрағасы қызметтерін ат­қар­ды. 1986-2001 жылдары ау­дан­дық жол жөндеу басқар­масының бастығы, «Қазалы жолдары» ЖШС директоры болды.

Айтқан сөзін екі етпей орын­дайтын, уәдеге берік бол­мысымен танылған Бота­бай Рыстығұлұлымен бірлесіп жұмыс істеуді, қызметтес бо­­луды әріптестері мәртебе са­нады. Салада еңбек жолын енді бастаған жастарға ба­ғыт-бағдар берді. 2001 жыл­дан 2010 жылы зейнетке шыққанға дейін «Қазавтожол» РМК облыстық филиалының Қазалы аудандық бөлімінің бастығы болды.

Ағамыз жол құрылысында жүріп, тек Қазалы ауданына ғана емес, аймаққа, жалпы ел­ге еңбегі сіңді. Шәкірт тәр­биелеп, үнемі ағалық ақылын айтып жүретін. Ол кісінің жүріп өткен өнегелі жолы еш­қашан ұмытылмайды.

«Жігітке жеті өнер де аз» дейді халқымыз. Ботабай Рыс­тығұлұлы қолы бос уақытта саятшылықпен айналысты. Домбыра, мандалин аспапта­рында ойнайтын, әуелетіп ән де шырқайтын. Отырған жері ойын-сауыққа толы жанның ең керемет қыры әңгімешілдігі еді. Көнекөз қариялардан ес­тігендері, әкесінің басынан өткен оқиғалар, ашаршылық, соғыс жылдары, одан кейінгі қиын-қыстау кезеңдер туралы әңгімелері де ел аузында. Бұ­рынғының адамдарының ауыз­біршілігі, адалдығы, бір-бірі­не деген қамқорлығын жас­тарға үлгі етуден жалық­пайтын.

– Әкеміздің еңбек жолы, өмір белестері білетін жұрт­тың көз алдында. Ең бас­ты­сы, оның барлық істе өзі­не жүктелген міндетті атқа­руда абырой биігінен көрі­нуге құл­шынып, дербес жауапкер­ші­лі­гін жоғары сезінуі дер едік. Ол күш-жігерін, санаға сі­ңірген білімін, өзі қала­ған ма­мандықтың қыр-сырын терең игеруге жұмсады. Жастайынан табанды­лығымен танылды, өжеттігінен өзгермеді. Қиын сәттерде тапқырлық танытып жүрген жас маманды аудан басшылары да назардан тыс қалдырмады, – деп еске алады әке тұлғасын жол саласында жемісті еңбек етіп жүрген ұлы Нұркен Ботабайұлы.

Ғибратты ғұмыр кешкен аяулы жанның еңбегі елеу­сіз қалған жоқ. Ботабай Рыс­­тығұлұлы бірнеше рет ау­дандық, ауылдық, қала­лық кеңестерге депутат бо­лып сайланды. 1970 жылы «Ең­бек даңқы», 1975 жылы «Үздік еңбегі үшін» медаль­дарымен, «Қазақ КСР-на 60 жыл» арнайы белгісімен, «Қа­зақстан Республикасының 10 жылдығы» мерекелік ме­далімен, 2004 жылы «ҚР Құрметті жолшы» белгісімен марапатталды. 2012 жылы Қа­залы ауданының «Құрметті азаматы» атанды.

Жол саласының майтал­ма­ны салада қандай қызмет атқарса да, ауданның саяси-әлеуметтік, қоғамдық жұмыс­тарынан шет қалған емес. 1992 жылы Жанқожа Нұрмұха­мед­ұлының кесенесін салу, халық батырына арналған өзге де іс-шаралардың жоғары деңгейде өтуіне халықпен бірге атсалысты. Сыр сүлейі Қарасақал Ерімбет, Мүсірәлі әулие, Әйтеке би секілді тарихи тұлғалар тағылымын насихаттау ісінде үлкен бас­тамаларды қолға алды.

Мәңгілік өмір жоқ. Әуле­тіне қорған, үлгілі әке бол­ған Ботабай ағамыз жары Орын­күл анамыз екеуі алты бала тәрбиелеп өсіріп, 17 немере, 2 шөбересін көріп кетті. Бү­гінде ұрпақтары ардақты аға­ның өзі, көзі десек те болады. Жауапты қызметтерді абы­рой­мен атқаруда. Әке абыро­йын асқақтатып, қай талап­та, қай тарапта жүрсе де, биіктен көрінуде.

Мәңгілік өлмеудің жалғыз жолы халыққа қызмет ету екенін дәлелдеген қайраткер тұлғаның ғибратты ғұмыры ұрпаққа үлгі бола бермек.

Малика ТҰРҒАНТАЙ.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<