Жас келсе, іске!

2002

0

«Тұлға» айдарының бүгінгі кейіпкері – Қармақшы аудандық «Жастар ресурстық орталығының» директоры Әділ Ибрахим.

Ол – «Болашақ» университетінің түлегі, «Мемлекеттік және жергілікті басқару» мамандығын тәмамдаған.


Студент кезінен қоғамдық жұмыс­тарға белсене араласып, өзінің көшбасшылық қасиетімен көпшілікке танылды.

Алғашқы еңбек жолын облыс­тық каратэ-до және күрес өнерлері федерациясының жаттықтырушы-нұсқау­шысы болып бастады. Мұнан соң «Қызыл­орда жастары одақтары» ҚБ төрағасының орынбасары болды. Талапты жанның талпынысы мен алға қойған мақсаты үлкен жетістіктерге жетеледі. Соның бірден-бір дәлелі Әділдің Шие­лі аудандық ішкі саясат бөлімі Жастар ресурстық орталығының директоры болып тағайындалуы. Бұл жас көшбасшыға артылған жауапкершілік болатын. Өзіндей белсенді жастарды бір арнаға ұйыстыра білген Әділ көптің сенімін ақтады.

Облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша жауапты маман болды. Мұнда да белсенділігімен көзге түскен ол көп ұзамай Қармақшы аудандық жастар ресурстық орталығына директор болып тағайындалып, осы күнге дейін аудан жастарымен жұмыс жасап келеді.


Жауапты қызметтен бөлек, қоғамдық жұмыстардан да тыс қалмаған ол 2008 жылдан бері Қызылорда қалалық мәслихаты және облыстық балалардың құқықтарын қорғау департаментінің (сол кездегі атауы) жанынан құрылған Қызылорда қалалық балалар мәслихатының хатшысы, 2017 жылдан бастап «Волонтер Амбассадордың» облыс бойынша өкілі, облыстық Жастар ресурстық орталығы жанынан құрылған облыстық жастар парламенті депутаттарының төрағасы, жоба ұйымдастырушысы, «Жақаев ізбасарлары» еңбек лагері жобасының идея авторы, «Жас проджект» жастар корпусының ментор тренері, сондай-ақ, Ұлттық жастар мамандары қауымдас­тығының мүшесі.


– Өзім көпбалалы отбасынанмын. Үйде 11 баланың үлкенімін. Үлкендер жоқта оларға бас-көз болу міндетім болатын. Қалыптасқан жауапкершілік белсенді, сенімді болуға баулыды. Бас­ты ұстанымым – Отан мен отбасыға адал болу, соған қызмет жасау. Бүгінде осы мақсатта жасаған әрекетім өз берекетін беруде, – дейді жас маман.


Америкалық жазушы және оратор Джон Максвелл «Көшбасшының 21 міндетті қасиеті» атты кітабында «көшбасшылар артынан ергендерді жігерлендіріп, оларға мотиватор болады. Әрі проблемаларды көре алады, шындықты қабылдай отырып, оны ретімен шешеді. Құлайын деп тұрса да, басты мақсатынан кері шегінбейді» дейді.

Сол секілді Әділ Мұратұлы да қоғамдағы мәселені көріп, байыпты қадам арқылы шешуге тырысатын, өзіндік ойы мен көзқарасы қалыптасқан маман. Оның арманы – ауыл жастарына нақты бағыт-бағдар беру арқылы оларды кәсіпке баулу, азаматтық қоғамның белсенді өкілдерін қалыптастыру.


– Жастар заман талабына сай кәсіп үйлестіруді қолға алу қажет. Сондай-ақ, бір реттік емес, кешенді жоспарлар жолға қойылса. Бұл дегеніңіз, мемлекеттік тапсырыстарды 1 жылға емес, 3 жылға дейін ұзартып, ауыл жастарының геосаяси жағда­йына сәйкес кәсіптік бағдар беру. Нарықта қажеттілігін анықтап жұмыссыз жастарға нақты бағыт көрсету. Масылдық көзқарастан құтылу үшін жастардың экономикалық және саяси сауаттылығын арттыру. Сонда ғана жастар айлыққа тәуелді болмайды. Ең бастысы, азаматтық қоғамның белсенді өкілдері пайда болады, – дейді ­Ә.Ибрахим.


Қазіргі таңда Қармақшы аудандық Жастар ресурстық орталығында «Бизнес-Періште» жобасы жүзеге асуда. Оған қатысқан жасқа арнайы жер телімі беріліп, оның егін егуіне мүмкіндіктер жасалады. Өткен жылы аталған жобаға 3 жұмыссыз жас қатысса, биыл олардың қатары 8 адамға артты. Меже бойынша 2025 жылға дейін жұмыссыз 50 жас осылай еңбекке тартылмақ. Сол арқылы агроаймақ қалыптастыру жоспарлануда. Осындай игі істің басында Ә.Ибрахим тұр.

Оның еселі еңбегі ескерусіз қалған емес. Мәселен, 2011 жылы ҚР БҒМ балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрайымы Р. Шердің құттықтау хатын иеленсе, 2016 жыл «Сыр үміті» жастар сыйлығын алды. Тұңғыш Президент қорының «Ел үміті» марафоны және Ғ.Мұратбаев атындағы респуб­ликалық сыйлықтың иегері, респуб­ликалық «Үздік жастар ресурстық орталығы» байқауының жеңімпазы атанды.

Алдағы уақытта да Әділ талай белестерді бағындырары сөзсіз. Осындай болашағы жарқын жастар барда қазақ елінің келешегі кемел, іргесі берік болары хақ.

Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<