Жас ұрпақтың ақынды тануына жол ашады

808

0

Қазақтың бас ақыны, ойшыл-кемеңгері Абай Құнанбайұлының 175 жылдығы тағылымы зор мазмұнды шаралармен айшықтала түсуде. Әсіресе, мектеп бағдарламасына «Абайтану» оқулығы мен хрестоматиясының енгізілетінін естіп, жас ұрпақтың хакіммен қауышатынына қуанып қалдық.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Абай – рухани реформатор» атты мақаласында аталған еңбекті әзірлеу туралы тапсырма берді. «Алдағы уақытта гуманитарлық пәндердің бөлінбес бөл­шегі ретінде «Абайтану» курсын оқыту мәселесін қолға алу керек. Жаңа фило­софиялық және саяси ұстаным тұрғысынан «Абайтану» оқулығы мен хрестоматиясын әзірлеу қажет. Сондай-ақ Абайдың «толық адам» ілімі жан-жақты әрі терең зерттелуге тиіс», – деп жазды Президент.

ХІХ ғасырда өмір сүрген Абайды ХХІ ғасырдың сөзін сөйлеген данышпан ретінде әлемге таныту аса маңызды. Өйткені Абай ғұмырының соңына дейін қазақ балаларын оқуға, білім-ғылыммен айналысуға, рухани дамуға және әлемдік мәдениеттің құндылықтарын бойға жинауға шақырды. Келер ұрпақты «жүрегімнің қуаты, перзенттерім» деп бағалады ол. Айтылған сөз, жазылған жауһар ойлар бірінші кезекте соларға бағытталады.

Жас буынның Абайды тануына жол ашып, оның мазмұны терең танымдық дүниесін болашақ ұрпақ бойына сіңіру – бүгінгі күннің өзекті мәселесі. Осы орайда қазақ әдебиеті пәні ақын шығармаларын насихаттауға ықпал етіп келгені рас. Ендігі жерде Абай мұраларын бөлек оқытып, ұлы тұлғаның ой-толғамдарын кеңінен дәріптеуге мүмкіндік туғаны көңіл қуантады.

«Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» мақаласында Мемлекет басшысы: «Абайды білу – өзіңді тану. Өзін-өзі тану және адамның тұрақты дамуы, ғылым мен білімнің басымдығы – жетілудің көрінісі», – деді. Жаңа оқулық арқылы әрбір жас Абай шығармашылығын терең зерттеп, өзі үшін өмірлік маңызды бағыт-бағдар табады деп сенеміз.

Асылзат ҚАЙНАЗАРОВА,

Ғ.Мұратбаев атындағы №17 қазақ орта мектебінің мұғалімі,

Қазалы ауданы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<