Жауынгер және жарқын із

605

0

Шиелілік  Арыс Айсалыұлы Мизамбаев майданға 1942 жылы алынады. Үш ай әскери дайындықтан өткен соң, Орталық майдан құрамында Смоленск қаласын азат етуге аттандырады. Орталық майдан құрамаларының жауынгерлері  10 -гвардиялық армия қатарында, басқа құрамалармен бірге Смоленскіні неміс фашистерінен азат етті. Арыстың ротасы да бұл іске өз үлестерін қосты. Мұнан соң Украина майданына жіберіледі.

Украина жерін азат етуде 57 мың украиндық ерлікпен қаза тапты. Ерлік көрсеткен 169 қазақстандық Кеңестер Одағының батыры атағына ие болды. Он мыңдай жауынгер ордендермен, медалдармен марапатталды. Cолардың қатарында қазақстандық – шиелілік жауынгер Арыс Айсалыұлы Мизамбаев та бар еді.

Біздің жерлесіміз Арыс Мизамбаевпен  қан майданда бірге болған Қазақстанның  халық жазушысы Әзілхан Нұршайықов өзі көзімен көрген оның ерлігін  газетке жазған екен. Мақала – «Cоңғы  ұрыстарда» деп аталады. Шиелі аудандық «Стахановшы» (қазіргі «Өскен өңір») газетінде 1942 жылы жарияланыпты.  Мақаланы сол қалпында жариялауды жөн көрдім.

«CОҢҒЫ  ҰРЫСТАРДА

Сан рет топты жарып жауға шаптым,

Найзамды сегіз қырлы жарқылдаттым.

Ішінде биік ордың қарсы келіп,

Немістің офицерін көздеп аттым.

Арыстың бұл өлеңін ротадағы қазақ жауынгерлері тегіс біледі. Бұл өлеңді арыс осы соңғы ұрыстардың бірінде шығарған болатын. Неміс офицерін де ол осы соңғы ұрыста Д. қаласының ішінде атып өлтірді.

Д. қаласында немістер қатты қарсылық жасады. Жау әрбір үйде бекініс жасап, біздің әскерлерді жібермеуге тырысты.

Арыстың ротасына қойылған сол күнгі тапсырма – қаланың бас көшесіне кіріп, көшені немістерден тазарту болатын.

Рота атакаға көтерілгенде жауынгер Мизамбаев Арыс шабуылшылардың ең алдыңғы қатарында кетіп бара жатты. Оң жақтағы шеткері тұрған көк үйдің шатырынан оқ шабуылшылардың жолын бөгеп тастады. Бұл кезде Мизамбаев үйдің жанына 10 метр ғана қалған болатын. Ол істің қиынға айналып бара жатқанын тез түсінді де, беліндегі үлкен гранатын шешіп алып үйдің шатырына лақтырды. Шатыр ағаш тақтай аспанға көтеріліп барып, жерге түсті. Пулеметтің үні өшті.

Рота жауынгерлері тағы да ілгері ұмтылды. Кеудесін ыза кернеп, ашуға әбден мініп алған Арыс қарғып, үйдің алдындағы орға бірінші болып түсті. Арыстың болат найзасы орды бойлап қашып бара жатқан фрицтердің соңғысына қалай қадалғанын ол өзі де сезбей қалды. Фрицтің саудасын бітіріп, Арыс тағы ілгері ұмтылды. Ордың бұрмасынан неміс офицері одыраңдап жүгіріп келеді екен.

Найзалауға құлаш жетер жер болмағандықтан Арыс офицерді нысанаға алып, мылтықтың шаппасын (шүріппесін. Нақтылаған С.Б.) тартып қалды. Бұл оқиға көз ілескенше жылдам өткендігі сондай, офицер қолына ұстап келе жатқан парабелін (атыс  қаруы- пистолеттің бір түрі.Анықтаған С.Б.) көздеуге де шамасы келмеді. Офицер өкіре барып құлады.

Кешегі теміржолшы, Қызылорда облысы, Шиелі ауданында туып өскен Мизамбаев Арыс – бүгінгі жеңіс жауынгері, неміс жерінде дұшпанды осылай жайратты.

Әзілхан Нұршайхов. 

Майдандағы армия». 

Мұнан соң ол Неваль, Даугава, Шауляй, Войнеда, Городок қалаларын, Румыния жерін азат етуге қатысты. Жеңісті Румынияда қарсы алды. Бас қолбасшының 7 мәрте алғыс хат иеленген Арыс Мизамбаев І және ІІ дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» орденін, 8 әскери медальді төсіне тағып, Шиеліге жеңіспен оралады. Келгесін бұрынғы қызметін қайта жалғастырып, ұзақ жыл кооперативтік сауда саласында жемісті еңбек етеді. 2 ұл, 4 қыз өсіріп, тәрбиеледі. Үлкен ұлы Шәмшідин аудан шаруашылықтарында зоотехник, аудандық астық тарату базасында технолог қызметін атқарды. Кенже ұлы Бақытжан Мизамбаев Қызылорда пединститутын бітіріп мұғалім, кейін  «Гигант» (Шиелі ауданы) орта мектебінде директор болды.

Майдангер Мизамбаевтың  40-қа тарта  немере мен шөбересі ержүрек аталарының ерлігін мақтан тұтып, жыл сайын аруағына дұға бағыштап, ас беріп келеді.

 

Сәрсенбек  БЕКМҰРАТҰЛЫ,

Қазақстанның Құрметті 

журналисі.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<